27-28 наурыз күндері Түркістан қаласында Білім мазмұнын дамыту институтының ұйымдастыруымен «Жүсіпбек Аймауытұлының әдістемелік мұраларын жаңғыртудағы Н.А. Оразахынованың авторлығындағы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының рөлі» тақырыбында халықаралық саммит өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Алаш зиялысы, педагог Жүсіпбек Аймауытұлының білім саласындағы құнды мұраларын қазіргі білім беру жүйесімен үйлестіре отырып, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының функционалдық сауаттылықты арттырудағы тиімді жолдарын айқындау болды. Саммитке Алматы, Астана қалалары, Павлодар, Атырау, Түркістан облыстары, сондай-ақ Қырғызстан мен Моңғолиядан 100-ге жуық адам қатысты.
Саммитке педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова қатысып, іс-шараны ашып берді. Ол өз сөзінде Жүсіпбек Аймауытұлының педагогика, психология және әдістеме саласындағы еңбектерінің бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай отырғанын атап өтіп, бұл еңбектердің білім саласындағы маңызы мен орны зор екенін және заманауи білім беру жүйесімен үйлесімділігін арттыру қажеттілігін айтты.
Саммит аясында Жүсіпбек Аймауытұлының педагогикалық және психологиялық еңбектерінің өзара үйлесім тапқан тәжірибелері ұсынылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқушыларды функционалдық сауаттылыққа бейімдеу, сондай-ақ білім сапасын арттыру жолдары жан-жақты талқыланды. Бұл технологияның білім беру жүйесіндегі ықпалы, соның ішінде оқушының жан-жақты дамуына тигізер пайдасы туралы пікір алмасу болды.
Білім мазмұнын дамыту институтының құрылтайшысы, директоры Рақымберді Жетібай өз сөзінде: «Жүсіпбек Аймауытұлының мұрасы – бүгінгі білім беру жүйесімен үйлесімді түрде қолданысқа енгізілгенде, оқу үдерісінің сапасын арттыруға ықпал ететін құнды ресурс болатыны анық. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы біз заманауи білім беруде үлкен жетістіктерге жете аламыз. Бүгінгі саммит – осындай маңызды идеялар мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, саммит аясында 28 наурызда «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында ауызша командалық олимпиада өтеді. Олимпиадаға жалпы саны 106 оқушы мен 57 жетекші қатысады деп жоспарлануда. Бұл шара оқушылардың қазақ тіліне деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл саммит педагогикалық мұраларды қазіргі білім беру стандарттарына тиімді түрде интеграциялаудың жарқын үлгісін көрсетіп, маңызды қадам болды.