Қазақстан лаңкестіктен азат аймақ па?

0
504

Әлемде мемлекеттер терроризм және экстремизммен күресу үшін түрлі шаралар қабылдағанына қарамастан террорлық әрекет көбейіп кетті. Дегенмен, экономика және әлем институты дайындаған 2025 жылғы Терроризмнің жаһандық индексіне (GTI) сәйкес біздің республика лаңкестік қатер деңгейі нөлге тең елдер қатарына кіреді. Қазақстан сол индексте 10 баллдан 0 балл алды, бұл елімізде соңғы бес жылда бірдебір террористік оқиға болмағанын көрсетеді. Еліміз бұл көрсеткішті терроризмнен толықтай азат өзге 63 мемлекетпен бірге сақтап отыр және GTI бойынша қола аймаққа жатады.

Кейбір елдерде жағдай жақсарғанына қарамастан жалпы Еуразия аймағында террористік қатер өсті. Мәселен, Ресейде бұл жағдай ушықты, бұл елде 2023 жылы 5 шабуыл мен 2 өлім болса, 2024 жылы 13 шабуыл жасалып, 197 адам қаза тапқан.

Иран мен Ресей он жылда терроризмнен адам ең көп өлген елдер ретінде тіркелді, бұл «Хорасан провинциясы – Ислам мемлекеті» (ISK) жасаған көптеген шабуылдардың кесірінен болды. Бұл шабуылдар Ауғанстандағы дәстүрлі тірек пункттерінен тыс ISK операцияларын ұлғайтудың анағұрлым кең үрдісінің бөлігі саналады және ол стратегиялық тұрғыда аталған топтардың әлеуетті қадамын көрсетеді. Ресейде терроризм көбіне Мәскеудегі Crocus City Hall ғимаратында болған атыспен байланысты, соның салдарында 144 адам көз жұмды. ISK шабуыл үшін өзіне жауапкершілік алып, оны 2024 жылдағы ең өлім көп болған және сол жағынан әлемде төртінші орын алған шабуылға айналдырды. 

Украинада да террористік белсенділік артқаны белгілі болды және ол бұл антирейтингте 12 орынға көтерілді. Еуразияда терроризмнен зардап шегу көлемі бойынша Украина екінші орынға жоғарылады, мұнда екі рет шабуыл жасалып, соның салдарында екі адам қаза тапты. Украинадағы террористік белсенділік 2015 жылдан соң біртіндеп азая бастады, ал оның шарықтау шегі сол жылы 56 шабуыл жасалып, нәтижесінде 9 адам қаза тапқанда болған еді.

Жалпы алғанда Еуразия елдерінде 2024 жылы 18 террористік шабуыл жасалып, содан 199 адам ажал құшты. Бұл 2010 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды және ол зорлық-зомбылықтың өсу үрдісін байқатты.

Осы ретте Қазақстан қалай қауіпсіз ел болып қалып отыр? GTI сарапшылары Қазақстандағы террористік қауіптің нөлдік деңгейіне әсер ететін үш негізгі факторды атап көрсетеді. Біріншіден, бұған қатаң антитеррористік саясат пен арнайы қызметтер жұмысы себеп. Екіншіден, халықаралық ынтымақтастық септік етеді, Қазақстан БҰҰ, ЕҚӘҰ, ШЫҰ және ТМЖ контртеррористік орталықтарымен белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді. Бұл елімізге бірлескен операцияларға қатысуға, терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізуде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, елдегі саяси тұрақтылық және ішкі шиеленістің жоқтығы да ықпал етеді. 

Ал ең қауіпті жер қайда? 2025 жылы Терроризмнің әлемдік индексінде жалпы жағдай нашарлап кеткенін көрсетеді. 2024 жылы 50 ірі террорлық шабуыл болып, онда мыңдаған адам көз жұмды. Ең қауіпті елдердің үштігіне Буркина-Фасо кірді (10 баллдан 8,5 балл), себебі мұнда экстремистердің жаппай шабуылдары мен ауылдардағы шабуылдардың ұдайы болуы себеп. Бұл құрамға Пәкістан да кіреді (8,3 балл), мұнда әсіресе шекара маңындағы аудандарда террористер тобының белсенділігі жоғары. Үшіншісі – Сирия (8 балл), мұнда әскери қақтығыстар үзілмей жалғаса береді. Осы үш мемлекет қауіптілік бойынша күңгірт-қою қызыл аймаққа жатады.

Басқа елдердің көрсеткішіне келсек, Ресей Мозамбик пен Колумбия арасында қала отырып антирейтингте 16-орында тұр (10 баллдан 6,2 балл). Барлық үш ел де террорлық қауіптің қызыл деңгейінде тұйықталып қалып тұр.

Германия (27-орын), Түркия (32-орын), АҚШ (34-орын), Ұлыбритания (41-орын), Украина (45-орын) – террорлық қауіп деңгейі орташа елдер (қызғылт сары аймақ). Тәжікстан (71-орын), Өзбекстан (90-орын), Беларусь (90-орын) – террорлық белсенділігі төмен болғанмен, нөлдік деңгейдегі елдер емес (ақшыл сары аймақ).

Ең қауіпсіз 64 елдің қола аймағына Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Түркіменстан, Грузия, Венгрия, Сингапур, Румыния, Молдова, Албания, Куба, Вьетнам, Катар және Солтүстік Корея да кірді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев былтыр жылдың соңында Мемлекет басшысына арнайы қызметтің терроризмге қарсы қызметі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы өзге де шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы мәліметтер келтірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Ермек Алдабергенұлының айтуынша, ұлттық қауіпсіздік органдары 4 терактінің жолын кескен. ҰҚК материалдары бойынша терроризмге және экстремизмге қатысы болғаны үшін 84 адам сотталып, 44 адам ұсталған. Сирия мен Түркиядан террористік сипаттағы қылмыстарды жасауға қатысы бар деп күдікке ілініп, іздеуде жүрген 6 қазақстандық елге қайтарылды, олардың екеуі сотталды. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеген.

Қазақстан осы нәтижеге тоқмейілсімей, терроризмге қарсы шарт тетіктерін одан әрі жетілдіре беруі керек. Халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы жалпы конвенцияға сәйкес әлемдегі лаңкестік қаупі төмен елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, террорлық қауіп-қатерге қарсы күрестің ең маңызды шарты – бұл қауіпке ымырасыз, шешуші және қатаң жауап беру қажет.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде елімізде террористік ұйымдардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін шаралар жүйесі әзірленді, сол жүйе кезең-кезеңімен жетілдірілуі тиіс. Бұл елімізде терроризм мен экстремизмнің алғышарттарын анықтау мен жолын кесудің заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздерін жасау және жетілдіру бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізуге септік етеді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here