«Баланың табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін халықтың ұрпағымыз. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асып жығылады. Әйтсе де, бізде дені сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды бірлесіп оқытады. Оларды ешкім бөліп-жармайды. Яғни, инклюзивті білім беру – балалардың денсаулық жағдайына қарамастан, білім берудің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтиды.
Көкше төріндегі құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар әрбір балаға толыққанды білім алу үшін тең мүмкіндіктер беру маңызды екенін атап өтті. Бұл жай ғана құқық емес, әр баланың табысты және бақытты болашағының негізі. Осыған байланысты ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды қамтамасыз ететін жаңа Заң әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл заң қолжетімді білім беру ортасын құруға, оқыту сапасын жақсартуға және барлық балаларды әлеуметтендіруге бағытталады.
«Бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар. Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және инклюзивті, арнайы білім беруді жүйелі дамыту мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған құжат арнайы білім берудің шарттарына, сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптарды айқындайды, сондай-ақ осындай қолдау көрсетуге жауапты ұйымдар мен мамандардың қызметін реттейді. Мемлекеттік деңгейде алғаш рет білім берудің барлық сатыларында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге жүйелі тәсіл бекітіледі.
Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Лаура Бутабаеваның айтуынша, бұйрық жобасы балалардың барлық санаттары үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болады. Қазір «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленуде, ол балалар мен отбасыларын ведомствоаралық сүйемелдеудің институционалдық және құқықтық тетіктерін қамтиды.
Өткен жылы министрлік инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы нормативтік базаға кешенді талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 15 Нормативтік-құқықтық акт бекітіліп, нәтижесінде, балаларға туғаннан бастап мамандық алғанға дейінгі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі енгізілді. Қолдау кабинеттеріне жаңа талаптар белгіленді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жеке бағдарламалары әзірленді, педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар енгізілді.
Әр баланың мектепте оқуға толық құқығы бар. Демек, инклюзивті білім беру жүйесін енгізудегі мақсат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамға бейімделіп, оның толыққанды мүшесіне айналуына жағдай жасау. Бүгінде қызу талқыланып жатқан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» Заңы осы мақсатқа жетуді көздейді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ