Жасанды интеллект: мүдде мен міндет

0
784

Қазақстан Үкіметі жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы, логистика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына енгізуді көздеп отыр. Қазір Мәжілісте жасанды интеллектіге қатысты заң жобасын талқылау басталып кетті. Бұл еліміз үшін бұрын-соңды тәжірибеде болмаған соны дүние. Тіпті, дамыған мемлекеттердің өзі енді-енді бейімделіп келеді. Өзектілігінен бұрын тың тақырып. Сондықтан да, оған қатысты сұрақтар да аз емес. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті жаңа заңның төңірегіндегі түйіні шешілмеген мәселелердің мәнісіне бойлайды.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Таяуда Мәжілісте «Жасанды интеллект (ЖИ) туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат таныстырылды. Мемлекет басшысы аталған заң жобаларын іске асырудың маңыздылығын 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және ағымдағы жылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева әріптестерін жаңа құжаттың тармақтарымен таныстырды. 43 жастағы халықтың қалаулысы заң жобасының мақсаты – жасанды интеллектінің қызметін экономикалық жүйеге енгізбес бұрын, ашық әрі тиімді құқықтық негізін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Әлбетте, бір қарағанда бәрі қарапайым көрінетіні рас. Жасанды интеллектінің суық ақылын экономикаға енгізу, жай ғана кәсіби һәм нарықтық шешім тәрізді. Алайда, шешуші факторды технологияның кілтін ұстаған адамның ындыны атқаратынын ұмытпаған абзал.

«Екі-үш жыл бұрын ғана әлемнің ешбір елі ЖИ-ді заңның қалыбына сыйдыруды ойлаған жоқ. Тіпті, бұл мәселеден бойларын алшақ ұстап, одан айналып өтуге тырысты. Ал, қазіргі таңда технологиялық бәсеке қыза түсті. Әр мемлекет осы салада көш бастауға барын салуда. Әйткенмен, технологиялардың қарыштап дамуы күтпеген қиындықтар туғызды. Сәйкесінше, авторлық құқық, қауіпсіздік, саланы ұзақ мерзімде қаржыландыру сынды мәселелер күн тәртібіне шықты», – деді Екатерина Смышляева.

Депутаттың сөзінше, бүгінде жасанды интеллектіні бақылауға арналған ең ауқымды әрі жан-жақты қамтылған құжат – Еуропалық акт. Әзірге, бұл әлем бойынша ЖИ саласын қадағалауға арналған алғашқы толыққанды құқықтық құжат саналады. Егер Мәжіліс өз заң жобасын едел-жедел ұтымды әзірлесе, Қазақстан жасанды интеллектіге қатысты жеке заң қабылдаған жаһандағы екінші ел атануы кәдік.

Талқыға ұсынылған заң жобасы 7 тараудан, 27 баптан тұрады. Тұжырымдама ЖИ саласындағы жеке тұлғалар мен ұйымдардың іскерлік этикасын, еңбек кодексін, құқықтық жауапкершіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ, халық қалаулысы атап өткеніндей, заң әзірлеушілер технологияның қандай да бір түрімен шектелмеуге тырысты. Яғни, нормалар нақты бір нейрожелілерге, бағдарламаларға арналмаған. Осылайша, кең ауқымды саралаудың нәтижесінде, заңның икемділігін арттырмақ.

«Жаңа технология ерекше болғандықтан, қоғамның өзіне деген айрықша қарым-қатынасын тудырады. Сол себептен біз дәл осы коммуникативті байланыстарды реттеуді жоспарлап отырмыз», – деді Екатерина Смышляева.

Заң жобасын әзірлеушілердің бірінші талабы – ашықтық пен айқындық. ЖИ-дің функциясы, алгоритмдері және қазіргі уақытта оқытылатын деректері тайға таңба басқандай анық болуы шарт. Екінші қағида – адам хақысын шектеудің алдын алу. Яғни, қандай да бір жасанды интеллект тұлғаның жеке басын мансұқтап, қауіп төндірген жағдайда технологияны шектеу шаралары жасалынбақ.

«Бүгінде Қазақстан Үкіметі ЖИ саласындағы заң тұжырымдамасын мемлекеттік саясаттың шеңберінде жасауда. Үкімет деректерді басқаруда өз саясатын іске асырады. Жасанды интеллектіге кей елдер өзін-өзі реттеу механизмдерін енгізсе, біз мемлекеттік бақылау орнатуды көздеп отырмыз», – деп түсіндірді комитет хатшысы.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, нарықтық және жеке шешімдер аясында өзіндік реттеу міндетті түрде сақталады. Бұл нарықты басқарудан бастап, сан алуан этикалық нормалар мен өзге де аспектілерді қамтиды.

«Екінші маңызды жайт – корпоративтік стандарттар. Қазіргі таңда алпауыт корпорациялар мұны өздері әзірлейді. Тіпті, кей тұста біздің заңдардан әлдеқайда қатаң ережелер жасайды. Себебі, әрбір өндіруші мен жасанды интеллектіге жауапты маман технологияның зиян тигізбеуіне алаңдап, өнімді жұмыс істегенін қалайды. Әлбетте, бұл мәселеде негізгі рөлді құқық қорғау және бақылау органдары атқарады. Олар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, деректер мен ақпараттық қауіпсіздікке, адам құқығын қорғауға жауапты», – деді халық қалаулысы.

Заң жобасында қандай мәселелер қарастырылғанына тоқталайық. Алдымен, ЖИ жүйелерін қауіп-қатер деңгейі бойынша классификациялау көзделген. Екатерина Смышляеваның сөзінше, нейро желілердің қауіпін жоғары, орта, төмен деп бөлмек. Қатері төмен саналатын жүйелерді тиісті органдар мазаламайды. Ал, орта және жоғары санатқа жататын технологиялар міндетті түрде заңмен реттелуі тиіс. «Қауіпі жоғары жүйелер» деп әдетте адамның өмірі мен денсаулығына, мемлекеттік басқаруға және шешім қабылдауға тікелей әсер ететін жүйелерді айтады.

Екінші классификация – ЖИ жүйесінің автономиясына қатысты. Қазіргі таңда оларды технологиялық тұрғыда үш топқа жіктеуге болады. Атап айтсақ, толық автономды жүйелер, жартылай автономды және басқаруға тәуелді жүйелер. Әзірше толық автономды жүйелер жоқтың қасы. Әйткенмен, болашақта бұл топтағы өнімдер түрлі салаларда маңызға ие болмақ. Сондықтан, мұндай жүйелердің қауіпсіздігін күн ілгері заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету артықшылық береді.

«Заң жобасы жасанды интеллектінің иелері мен әзірлеушілеріне өнімнің жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтінін тұтынушыларға ескертуді талап етеді. Мысалы, ботпен сөйлесу барысында, ЖИ арқылы жасалған ақпаратты қолданғанда немесе бір шешімге келгенде пайдаланушы бұл технологиямен жұмыс істеп жатқанын білуі тиіс. Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан, жұмыс топтарында конструктивті талқылау жүргізу қажет. Өйткені, өнімдердің бәрін белгілеу мүмкін емес», – деп нақтылады депутат.

БАЯНДАМАДАН ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ЗАҢ ЖОБАСЫ

Екатерина Смышляеваның баяндамасынан соң, әріптестері ойларын іркіп қалмады. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллектінің алаяқтардың сойылына айналғанына алаңдаушылық білдірді. Заң жобасында жыланның аяғын көрген қуларды ауыздықтаудың амалы ескерілуі тиістігін сөз етті.

«Тіпті, менің осы айтқаным да бұрмалануы мүмкін. Дауысым арқылы кез келген тезисті маған таңа алады. Мұны заңнамалық тұрғыдан ескеріп, нақты шекараларды анықтау қажет болады. Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік желілерде көптеген контенттер кең таралуда. Кейбір бейне материалдарды адам жасады ма, ЖИ жасады ма – айыру қиын. Мысалы, біршама әндер жарыққа шықты. Көпшілік оларды сазгерлердің туындысы деп есептейді. Шын мәнінде, әндерді ЖИ шығарған. Мұндай жағдайларда авторлық құқықты қалай анықтайтынымызды талқылау өзекті болып тұр», – дейді Елнұр Сабыржанұлы.

Екатерина Смышляева әріптесінің уайымы аңыз да, футуристік болжам да емес, ақиқат екенін мойындады.

«Заң жобасында жауапкершілік мәселесі көрсетілген. Бірақ, менің ойымша, салалық ерекшеліктерді ескеріп барып, егжей-тегжейлі қарастыру керек. Себебі, бұл ауқымды мәселе. Авторлық құқық та заң жобасында қарастырылған. Алайда, әзірге тек сілтеме түрінде берілген. Сондықтан, бұл тақырыпты міндетті түрде талқылаймыз. Жалпы алғанда, жасанды интеллект туралы заң нормаларымыз нақты тәжірибеге сүйенеді», – дейді Екатерина Смышляева.

Жасанды интеллектінің дамуынан туындаған тағы бір мәселе – кейбір мамандардың жұмыстан қысқару ықтималдығы. Өйткені, цифрлы сана белгілі бір тапсырмаларды орындауға дағдыланып үлгерді. Өз кезегінде сол саладағы қызметкерлерді алмастыруға қауқарлы.

«Халықаралық экономикалық форумда жарияланған мәліметтерге сәйкес, жасанды интеллект дүние жүзіндегі 90 млн жұмыс орнын алмастырады. Әлбетте, бұл еңбек нарығына көлеңке түсіреді. Мұны қалай реттейміз? Осы мәселе бойынша бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдадым. Себебі, Қазақстандағы жұмыспен қамту мәселесі Үкімет тарапынан түбегейлі шешілмеген. Бәріміз де жұмыссыздықтың нақты деңгейі 12-13 пайызды құрайтынын білеміз. Яғни, шамамен 1 млн адам. Егер жасанды интеллекті кейбір салаларды алмастырса, жағдай одан әрі қиындай түсуі бек мүмкін», – деп 38 жастағы Елнұр Бейсенбаев тағы бір мәселе көтерді.

Күзде 65 жасқа толатын депутат Мұқаш Ескендіровтің пікірі алабөтен.

– Әлемдік тәжірибе ЖИ-ді тым қатаң реттеу технологияның дамуын тежейтінін көрсетті, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы әңгіменің ауанын өзге бағытқа бұрып. – Мәселен, Еуропалық Одақта ЖИ-ге қатысты заң қабылданды. Онда технологияны әзірлеу мен енгізуге қатысты талаптар жазылды. Нәтижесінде, ірі компаниялар зерттеулерін ЕО аумағынан тыс жерлерге көшіруді қарастыруда. Егер Қазақстанда да реттеу тым қатал болса, әрине, компаниялар ЖИ-ді шекара сыртында, шектеулер аз жерде дамытуды құп көреді. Елімізге ЖИ саласында мемлекеттік реттеу енгізу қаншалықты орынды?! – деп сұрақты төтесінен қойды.

Екатерина Смышляева әріптесінің сұрағына көңіл көншітерліктей жауап бере алмады. Бірақ, 2023 жылғы Еуропалық актінің тым қатаң болғанын мойындады. Сондай-ақ, аталмыш құжаттың екі жылдан соң өзектілігін жоғалтқанын да айтты. Түптеп келгенде, отандық заң шығарушы органдардың нені басшылыққа алатыны бұлыңғыр.

«Тұрақтылық болу керек деу қисынсыз. Шынымды айтсам, цифрлық жүйеде тұрақтылық болмайды. Өйткені, технологиялардың тез дамып жатқаны сонша, заң шығарушы орган соғұрлым икемді болуы қажет. Бүгінгі таңда ІТ нарығы белгілі бір өндіріс ошағына, кен орнына тәуелді емес. Ол ноутбукқа, рюкзакқа және жүйрік ақылға, яғни, әзірлеушіге байланған. Бизнесті бір елден екінші елге көшіру қиын емес. Ұзамай компаниялардың қатаң шектеулердің құрсауынан сытылып, талаптары жұмсақ елдерге қоныс аударғанын көреміз. Әр мемлекет компаниялар мен нарықты өзіне тарту үшін заңмен реттеуде ынталандыратын баптар ұсынғысы келеді. Дегенмен, осы тұста барлығын теңгерімде ұстау маңызды», – деп сөзін аяқтады Мұқаш Зұлқарнайұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Цифрлық технология салтанат құрған заманда Үкімет мүшелерінің жасанды интеллектіге назар аударуы дер шағында қабылданған шешім. Десе де, ғаламтор мен әлеуметтік желілердің дамуын бюрократиялық шектеулермен тоқтата алмаймыз. Заң шығарушы органдар жасанды интеллектінің пайдасынан гөрі зиянын көбірек қауіптенетін тәрізді. Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллектінің әлеуетін экономикада және ғылымда қолдану пилоттық жоба түрінде сынақтан өтуде. Қазақстанның креативті экономикаға көшуіне цифрлық сана өлшеусіз үлес қосар еді. Шығын мен кірісті, пайда мен зиянды қатар екшеп, тәуекел ете білгеніміз жөн. Илон Масктің сөзін қаперімізден шығармайық: «ЖИ – болашағымызды айқындайтын технология. Оның қуаты шексіз. Бірақ, оны дұрыс қолдану үлкен жауапкершілікті талап етеді».

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here