

8 сәуірден бастап декреттік төлем тәртібі өзгереді. Енді жалақысы жоғары әйелдердің бала босанғаны үшін алатын әлеуметтік төлеміне шектеу қойылады. Бұл өзгерістің басты себебін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова түсіндірді. Гүлбағила Қоңырбайқызының айтуынша, соңғы бір-екі жылдың ішінде көптеген жеке тұлға декреттік төлемнің көлемін көбейту үшін түрлі әрекетке барып жүр. Олар жалған жұмыс орындарын, еңбек шарттарын көрсетіп, жалған кәсіпкерлік ашқан. Онда әлеуметтік аударымдар төлеп, бірнеше жұмыс орнын көрсеткен. Нәтижесінде, декреттік төлемді де көп мөлшерде алады. Бұл мәселені шешу үшін осындай өзгерістер енгізілді.

ДЕКРЕТТІК ТӨЛЕМДЕРГЕ ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛДІ
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова енді декреттік төлемдер қалай есептелетінін түсіндірді.
– Қазіргі таңда енгізілген ең басты өзгеріс – шектеу қою. Ең алдымен, ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерін есептейміз. Қазіргі таңда бұл – 595 мың теңге. Еңбек кодексіне сәйкес, жүктіліктің 30-аптасынан бастап бала туғанға дейін 70 күн, туғаннан кейін 56 күнге әйелге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Дәл осы 126 күнді 30 күнге бөлсек, 4,2 коэффициент шығады. Енді 595 мыңды 4,2 коэффициентке көбейтсек, 2,5 млн теңге болады. Бұл – ең жоғарғы әлеуметтік төлемнің мөлшері, – дейді Гүлбағила Болатбекова.
Демек, декреттік төлем алатын әйелдің орташа жалақысы 595 мың теңгеден көп болса да, оған берілетін әлеуметтік төлем 2,5 млн теңгеден аспайды. Ал, орташа жалақысы 595 мың теңгеден аз шығатын әйелдердің декреттік төлемі басқаша есептеледі.
– Үш жерде жұмыс істейтін және әр жұмыс орнынан 100 мың теңгеден жалақы алатын әйелдер болса, ол үш жердегі жалақысын қосады. Егер оның 12 айдағы орташа жалақысы 300 мың теңге шықса, оны 4,2-ге көбейтеді. Нәтижесінде миллионнан артық сома көлемінде әлеуметтік төлем алады, яғни мұндай азаматтарға ешқандай өзгеріс жоқ. Өзгеріс тек қана жоғары жалақы алатын әйелдерге берілетін декреттік төлемге енгізілді, – деді Гүлбағила Қоңырбайқызы.
Егер әйел баланы ауыр босанса немесе екі және одан да көп сәби туса, оған тағы 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Демек, мұндай жағдайда тағы екі аптаға әлеуметтік төлем алуға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Гүлбағила Болатбекова жалған кәсіпкерлік ашып, декреттік төлемін ұлғайтқысы келгендерге тексеріс әлі де жалғасып жатқанын айтты.
– Біз кәсіпкерлік пен еңбек шарттарын анықтайтын құжаттарды аламыз. Оның жалған не растығын құқық қорғау органдары анықтайды. Кәсіпкерлігі бар азаматтар әдетте ең төменгі жалақыны көрсетеді. Ал, жүктілік бастала сала жоғары жалақыны көрсетеді. Мұндай азаматтар да күдікке ілігеді. Еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан соң кәсіпкер ретінде тіркеліп, еңбек шартын жасаса, оның әлеуметтік аударымдары есепке алынбайды, – деп түсіндірді Гүлбағила Қоңырбайқызы.
Демек, енді әйелдер «декретке миллионмен» шыға алмайды. Өйткені, 8 сәуірден бастап декреттік төлем тәртібі өзгергенін жоғарыда жаздық.
«ДЕКРЕТКЕ МИЛЛИОНМЕН» ШЫҚҚЫСЫ КЕЛГЕН 113 ӘЙЕЛ ІСТІ БОЛДЫ
Келіншектерді декретке миллионмен шығартқан танымал блогердің бірі – Дәулет Мұқаев екені белгілі. Бұрынғы блогер, қазіргі Мәжіліс депутаты Парламентке келгенге дейін түрлі курстар сатумен белсенді айналысты. Экс-блогер өз сабақтарында келіншектерді қитұрқы әрекеттерге үйретпегенін, тек заңды жолмен декреттік төлем алу тетіктерін көрсеткенін мәлімдеді.
«Сабаққа қатыспаған адамға «заңсыз әрекетке барыңдар» деп үгіттегендей көрінуі мүмкін. Бірақ, сабақта «жалған Жеке кәсіпкерлік ашпаңдар, оның барлығының сұрауы бар» деген нәрселер сан мәрте айтылған. Заңды айналып өткісі келетін адамдар бар. Олар көп ЖК ашып, қомақты қаражат алғысы келді ме екен?! Менің сабақтарымда теріс әрекеттерге үгіттейтін дүниелер айтылған жоқ. Ашық egov сынды ресми порталда миллион емес, 2,5 миллионмен декретке шығудың схемасы тұр», – дейді Дәулет Төлеутайұлы.
33 жастағы халық қалаулысы декреттік төлем алатын адамның кәсібі адал, табысы заңды болса, ешқандай қиындық туындамайтынын айтады. Дегенмен, ақпан айында жүктілік және босануға қатысты асыра төлем алған 113 келіншекке қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Светлана Жақыпова айтты. Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдістерін үйрететін консультациялық қызметтердің де үстінен шағым түсіргені анықталды.
– 2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 958 млрд теңге сомасына 1,4 млн азаматқа төлемдер жүргізілді. 15 өңірде жүйеге қатысушыларға төленетін төлемдер көлемі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік аударымдар түсімінен асып түсті. Тек бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеулер жоқ – бұл жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан, жекелеген азаматтар жасанды түрде ұлғайтылған төлем мөлшерін алу үшін заңнамадағы олқылықтарды іздестіруде. Бұл осы жүйеге адал қатысушылардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соғады, – деді 57 жастағы министр.
Светлана Қабыкенқызының дерегінше, қазіргі уақытта 113 алушыға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Олардың келтірген залал сомасы 158,4 млн теңгені құрады. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мыңға жуық алушы өз еркімен табысының жасанды өсірілгенін растады. Осылайша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтері 3,4 млрд теңге сомасында сақталды.
– Министрлік заңнамалық бастамалар топтамасын әзірледі. Оларды іске асыру алдағы 10 жылға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Иә, халықтың бір бөлігі асыра ақша алғысы келгендерді сынаса, екінші бөлігі баласының қамы үшін барған әйелдерді түсінуге де тырысты. Мәселен, халық арасында «Дәулет Мұқаевтың сабағын алған байғұс әйелдер-ай, депутат ақшалы, әйелдер қылмыскер атанды» деген де әңгіме айтылды. Әйтсе де, «қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас» (Абай) екенін естен шығаруға болмайды. Президент айтқандай, «мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан, заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал, заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ».
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ