Қазақстан бітімгерлерінің екінші құрамы Голан жоталарына аттанды

0
86

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына екінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Оған ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орнының курсанттары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бітімгерлерге ақжол тіледі. Ол Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.

– Бітімгерлік контингентті Голан жоталарына өз бетінше өрістету – Қазақстан Республикасының және оның Қарулы күштерінің әлемдік аренадағы беделінің дәлелі. Халықаралық стандарттар бойынша дайындалған және жарақтандырылған біздің контингент БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын, – деп атап өтті ол.

Бұдан соң екінші бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жәнібек Нұрланов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. Осы сәттен Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі алғашқы контингентті ауыстыру үшін Дамаскіге жол тартып кетті.

– Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшілері ерікті негізде қабылданды. Олардың арасында екі әйел бар. Іріктеу жан-жақты дайындық нәтижелері бойынша жүргізілді. Кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттері ескерілді. Біздің контингент БҰҰ мандаты шеңберінде қойылған барлық міндеттерді орындауға дайын екеніне сенімдіміз, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы подполковник Уәлихан Бәйкенов.

Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады. Голан жоталарында қызмет еткен кезде контингенттің алғашқы құрамы қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here