16 сәуірден бастап пилоттық режимде жолақы төлеудің жаңа тәсілі енгізіледі. Алматы метрополитенінің мәліметінше, бұл баламалы төлем тәсілі жолаушыларға интернет желісіне қосылмай-ақ QR-код арқылы жолақы төлеуге мүмкіндік береді.
Аталған шешім жерасты инфрақұрылымының ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген және метроны пайдалану ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.
QR-код арқылы төлем жасау үшін Onay қосымшасын қолдану қажет.
– Алматы метросы көлік саласының ажырамас бөлігі, күн сайын метро 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды, оның 65%-дан астамы Onay бірыңғай көліктік картасымен жол ақысын төлейді. Барлық төлем әдістері әдеттегідей қолжетімді болады және QR-мен бірге жұмыс істейді, – деп хабарлады метрополитен.