Ерлік даңқы өшпейді немесе батыр рухына тағзым

0
845

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен өз тағдырын ел тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары аз болмаған. Сондай батырлардың бірі – Қармақшы ауданының топырағынан шыққан Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев.

Ұлы Отан соғысына қазақстандықтармен бірге қармақшылық жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындай отырып, шайқастардың бел ортасында жүрді. Ел басына түскен сын сағатта өз борышын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Біздің ауданнан 5 мыңға жуық жауынгер соғысқа аттанып, олардың 2 507-сі хабарсыз кетсе, 1 205-і соғыстан оралмаған боздақтар қатарына енді. Майданнан 563 адам аман-есен елге оралып, бейбіт заманның еңбек ерлеріне айналды.

Өлкемізден шыққан есімі елге белгілі азаматтар қатарынан Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев есімін ерекше құрметпен айтамыз. Ол 1896 жылы Қармақшы ауданындағы №10 ауылда (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) туған. 1941 жылы қазан айында Отан қорғаушылар қатарына шақырылып, соғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарды. Бұрынғы жылқышы қиядағыны қалт жібермейтін қырағы болған екен. Ол бастаған барлаушылар тобы Познань қаласының түбінде жаудың нығайтылған бекінісіне батыл шабуыл жасайды. Кеңес жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын қатты састырып, немістің 37 солдаты мен 2 офицері ұрыссыз беріледі. Оның ұрыстағы ерлігі майдандастарының жеңіске деген жігерін жанып, жауынгерлер алдындағы тұрпаты нақтыланып, тастүйін толағай тартып, беделі асқақтай түскен-ді.

Сондай-ақ, Т.Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде де ерлік көрсетіп, бірінші болып Глейвиц қаласына кіріп, жаудың 30 ұясын талқандайды. Осы жылдың 6 ақпанында Одерден алғаш өткендердің бірі болып, өз бөлімшесімен Эйхиринд елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрды. Түнде ержүрек жауынгер Бриг қаласының кіреберісіндегі жаудың станокты пулеметін жойып, қала үшін болған соғыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды тұтқынға алды. Ванни қаласы үшін болған ұрыста ол бастаған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс берді. Ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен «Кеңес одағының батыры» атағы берілді. Сонымен қатар, «Ленин» орденімен марапатталды. Осындай ерлігі лайықты бағаланып, бірнеше жауынгерлік орден, медальдармен марапатталып, Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев І Украина майданы өкілдері құрамында Мәскеуде болған Жеңіс парадына қатысты.

Тәйімбет Көмекбаевтың есімін мәңгі есте қалдыруда ауданда біраз іс-шара атқарылды, әлі де жұмыс жетерлік. Бұрынғы Жаңақала кеңшары Көмекбаевтың атымен аталады. Жосалы кентіндегі орталық көшелердің біріне, аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейге де есімі берілді. Бұл мектепте қаншама дарынды шәкірт білім мен өнер додаларында батыр атын республикаға танытуда. Білім беру мекемелерінде батырдың ерлігіне арнап тәрбие сағаттары, ұрпақтарымен кездесу кештері, шығармалар мен мүшәйра, ән-жыр кештері, ақындар айтысы, тағы басқа тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

1996 жылы Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың 100 жылдығын аудан жұртшылығы ерекше салтанатпен атап өтті. Республикалық деңгейде күрестен жастар арасында жарыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл жарысты жыл сайын Жеңіс мерекесі күні өткізу дәстүрге айналып, ол қазір халықаралық дәрежеге көтеріліп, самбодан халықаралық мемориал өтіп тұрады. Дәстүрлі түрде өтетін турнир биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың ұйымдастыруымен 17-20 сәуір күндері Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде өтті.

Сонымен қатар, өзі туып-өскен Тұрмағамбеттегі мектеп алдындағы алаңда ескерткіш мүсіні қойылды. Жосалы кентінде, Қызылорда қаласында Т.Көмекбаев атында көшелер бар. 1999 жылы даңқты батырға «Ғасыр жауынгері» деген атақ берілді. Осының бәрі – елдің сүйіспеншілігі, құрметі. Бұл – батыр есімінің ұмытылмайтынының, керісінше жаңғыра түсетінінің көрінісі.

Тәйімбет атамыз бен жұбайы Нәби Жаңаева анамыздан өрбіген ұл-қыздары Қарсыгүл, Ұлболған, Телеубек, Жаңагүл, Данагүл, Гүл, Бақтай, Бағбаннан тараған немере-шөберелері бір қауым ел болып, өсіп-өніп келеді. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, батырдың баласы Бағбан Тәйімбетов Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Әділет аға кеңесшісі, ІІІ санатты әділет мемлекеттік кеңесшісі, II дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының прокуроры қызметтерін абыройлы атқарған. Әділеттің ақ туын жықпаған, саналы ғұмырын әділет органына арнаған құрметті азамат. Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақындық, жыраулық дәстүрдің насихатталуына, спорттың дамуына, білімге, ғылымға құмар жастардың өсіп-өнуіне қолдау көрсетіп отырады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысында қан майданда ерлік көрсетіп, Отан қорғауда шейіт болған жауынгерлерімізді еске алып, ерлігін дәріптей отырып, басымызды иеміз. Рухтарына Құран бағыштаймыз! Халқымыз үшін қан кешкен қас батыр Т.Көмекбаевтың өр, тау тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек.

Қ. ҚЫПШАҚБАЕВ,
«Болашақ» университеті жоғары колледжінің тарих пәні оқытушысы,
педагог-зерттеуші

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here