Семей – Астана – Семей бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

0
59

27 сәуірден бастап Семей – Астана – Семей бағытында сыйымдылығы 48 орындық «Ан-24» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды. Рейсті «Южное небо» әуе компаниясы орындайды. Семейден Астанаға ұшу уақыты – 18:15, Астанадан Семейге рейс уақыты – 21:15. Бұл туралы Абай облысы әкімдігі хабарлады.

– Жолаушылардың өтінішін ескере отырып, Көлік министрлігі, әуе компаниясы және облыс әкімдігінің үш жақты келісімі нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткіздік. 10 мамырға дейін аптасына үш рейс орындалады. Ал, мамырдың ортасынан бастап ұшу жиілігі аптасына 5 ретке дейін ұлғаяды. Әуе компаниясының құрылтайшылары болашақта жаз мезгілінде қатынайтын жаңа ұшақтарды желіге шығаратынын айтып отыр. Алдағы уақытта Қарағанды бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта Көлік министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатыр, – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.

Биылғы 1 мамырдан бастап Алматы – Семей – Алматы (аптасына үш рет), Астана – Семей – Астана (аптасына бір рет) бағыттарында қосымша рейс енгізіледі.

Бұдан бөлек, 1 маусымнан бастап «FlyArystan» әуе компаниясы Шымкент – Семей – Шымкент бағыты бойынша жаңа рейсті іске қоспақ. Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Сондай–ақ, осы күннен «Скат» әуе компаниясы Алматы – Үржар – Алматы, Астана – Үржар – Астана рейстерін әрқайсысын аптасына 6 реттен орындай бастайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here