Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындалып жатқан әскери қызметшілердің далалық лагерінде болды.
Оқушылар әскери қызметшілердің далалық жағдайдағы тұрмысын көрді. Олар байланысшылар шатырында, медициналық пунктте болды. Балаларға әскери техника мен қару-жарақ, Қарулы күштер түрлерінің және әскер тектерінің киім үлгілері көрсетілді.
Бейресми жағдайда әскери қызметшілер бүлдіршіндерге өздерінің қызметі мен парадқа дайындығы жайлы әңгімелеп берді. Оқу алаңында олар шараның іс жүзіндегі бөлігін де көрді.
– Маған экскурсия өте ұнады. Біз заманауи әскери техниканы және соғыс жылдарындағы техниканы, яғни Т-34 танктерін, «Катюшаларды» және зеңбіректерді көрдік. Әсіресе, әскери қызметшілердің қалай жаттығатынын көру қызықты болды. Олар сапта өте сымбатты және нық қадамдар жасайды екен, – деді 4 сынып оқушысы Нұрлыбек Әділханов.
Мұндай саяхат балалардың қызығушылығын арттырып, елдің тірегі мен мақтанышы боп жүрген Отан қорғаушыларға құрметпен қарау сезімін оятты.