Бопай ханым – 1693 жылы Елек өзенінің бойында дүниеге келіп, 1780 жылы қайтыс болған, Елек өзеніне құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымға жерленген.
Қазақ елі, Кіші жүзді 38 жыл басқарған баһадүр Әбілқайыр ханның, кейін Бопай (Бәтима Сүйіндікқызы) ханымның қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты жарияланған мәліметтер, мақалалар, ақпаратты белді тарихшы ғалымдардың ізденістерімен толықтыра жалғастыруы, оған ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді де қоса беруі тарих сүйер қауымды жаңа ізденістерге бағыттайды.
Бәтиманы әкесі еркелетіп, борпылдақтау жүрісіне қарап Ботай деп атаған. Алла тағала Бопайға артық бір дарын берген, ол емшілік қасиет. Бопай бала күнінен ойыншықтарын байлап ойнайтын болған, 7-8 жасында аяғы сынған қозы-лақтарды емдеумен айналысқан, өсе келе адамдарды емдеген. Қазақ елі ежелден ұл-қыздарын ержүрек батыр қылып тәрбиелеген. Көкірегіне Отан сезімін ұялатуды бесіктен бастаған. Бесіктен Отан ұғымы құлағына сіңген Бопай ханым ең алдымен ерен отаншылдығымен көрінеді.
Бір күні Кiшi жүздің əйгiлi батыры Жəнiбек пен Әбiлқайыр сұлтан жолда келе жатып кеш түсе бiр ауылға кез болады. Ауыл иесi аса бай, жасы үлкен кiсi, бiр батырдың ауылы екен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлқайыр бірден ғашық болады. Жəнiбек батыр жас төренің бұл мінезіне таңғалады.
Келесi күнi жолға аттанар алдында Әбiлқайыр күтпеген өнер шығарып, сол ауылда қалатынын айтады, Жəнiбек батырға ары қарай өз жөнiмен жалғыз кетеді. Қызға ессіз ғашық болан Әбілқайыр «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» деп оған ермей қалып қойған.
Қыз ауылына қайтып келген Әбiлқайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып, Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт iшiнде ауыл адамдары арасында сенімге ие бола бастайды.
Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да ұнатып қалады, осылай екі жастың арасындағы сезім ұлғая түсіп, Әбілқайыр Бопай сұлудың əкесiнен рұқсат сұрауға бел буады.
Мұндай жағдайды күтпеген қыздың әкесi қызының бағасын білгендіктен, өзіне жылқышы кедей жігітті тең көрмейді де ол қызын Әбілқайырға берместің амалын іздестіріп, «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 боз ат әкелесiң, әйтпесе қызымды бермеймiн», – деп шарт қояды.
Аталған шарт жас батырға ауыр тиеді. Дегенмен, көзсіз ғашық болған Әбілқайыр қыз әкесінің шартын орындауға жолға аттанады. Ал, Бопай сұлудың әкесі «Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас», – деп үмiттенеді. «Тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын», – деп серт берген Әбiлқайыр әлгi айтқан жылқыны ағайындарынан, ел-жұрттан сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды.
Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген Жәнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, әрi келешегiне сенген Жәнiбек батыр Әбiлқайырға керектi 150 жылқыны өз үлесінен шығарып, санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың әкесiне қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бойынша құда түседі. Сөйтiп, əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек екi ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасаған екен. Қалай болғанда да, Әбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай секілді әйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мəнiнде өмiрдегi ең үлкен бақыты едi.
Көп ұзамай Әбiлқайырды Кіші жүздің билері, игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады. Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйелiне тән кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол секілді қасиеттерiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, әрi жақсы жұбайы атанды.
Бопай ханым Әбілқайыр ханның ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Құрылтайларда Бопай өзі құқық білгірлері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан. Бопай ханым өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен әсер еткен. Бопай ханым хан зайыбы бола тұра дүниеге беріліп, нәпсінің жетегінде кетпей, қазақ халқының бақыты үшін өмір сүрген ел анасы.
Ханмен кеңесе отырып, саяси мәселеге белсене араласып, келешек ұрпақтың сауатты болуына қатты көңіл бөлген жан. Бопай ханымның көрегендігінде сөз жоқ, «Ата-ананың балаға қалдыратын ең үлкен мұрасы –дұрыс тәрбие» дегенді санасына терең сіңірген, сондықтан да ұрпағының бақыты үшін, қазақ халқының болашағы үшін өмір сүрген ана. Бопай ханым артына өшпес із қалдырған, жақсы ұрпақ тәрбиелеу үшін аналық мейірімін төккен жан.
Қазақтың қызы Бопай ханым – Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан ару, өте парасатты, ержүрек қайраткер, сөзі дуалы мәмілегер, алғыр, сауатты, сұлулығы мен ақылдылығы ерекше саясаткер болған. Бопай ханымда Қазақ анасында болатын ізет, иба, кішіліктің бәрі бар, қайтсе де ерінің атын оздыруға деген құлшынысты, талапты бойына жинаған.
Заманында Ресей басшылары Анна Иоанновна, Елизавета Петровналармен, сондай-ақ орыс қоғамының Уфа, Орынбор тәріздес шекаралық аймақтары жергілікті билік басшыларымен ресми келіссөздер жүргізіп, өзара хат алысқан Бопай ханым Сүйіндікқызының қазақ қоғамында атқарған қызметі шын мәнінде ұшан теңіз. Әбілқайыр ханның ордасына келген Ресей патшасының өкілдері мен елшілері келгенде Әбілқайыр ханның қасында әр кез Бопай ханым да болғанын көреміз. Бопай ханым өзінің көрегендігімен, шешендігімен екі жақтың да есінде қалған. Әбілқайыр ханмен бірге би ру басылармен келіссөз жүргізіп, олардың ойына қозғау салып, көздерін жеткізіп, айналып келгенде олардың хан жағынан табылуында Бопай ханым зор еңбек сіңірген.
Жұбайының елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде ақылшы ғана емес, дарынды көмекшісі де бола алатындығына әбден көзі жеткен Әбілқайыр хан да, реті келсе, жұбайын өзімен бірге алып жүруге тырысқан. Бопай ханым Әбілқайыр ханның ұстанған саясатын әрі қарай жалғастыра білген, мемлекетаралық дәрежеде өзінің мәмілегерлік тамаша талантымен тарихта есімі мәңгілік қалған, көзі тірісінде «Хан Ана» атанып, қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген бірегей тұлға. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін де артында қалған Қазақ елінің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, халықты өз айналасына топтастыра білді.
Бопай ханымды ел есіндегі ескірмес мәңгілік бейнесін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа лайықты түрде табыстау – бүгінгі біздердің қасиетті міндетіміз болып қала береді. Бопай ханым арнайы басқосуда, ресми келіссөздер кезінде киінетін салтанатты ұлттық киімдері және өз отбасының жанында, бала-шағасымен бірге, үйішілік киімдерінің өзі қазақ ұлттық киім үлгісінің ерекше туындысынан тұрған. Бопай ханымның суретіне қарап тік отырған отырысының өзінен бір келісті кербездік, тектілік пен өр мінезділік, ханымдарда ұшыраса бермейтін қайсарлық пен қаттылық тәріздес қасиеттерді байқауға болады. Айқастыра алдына қойған қолдары бір-бірін қысып ұстамаған, сүйріктей саусақтары еркін де әдемі қалыпта айқасып, мынау тіршілік-жаратылысқа әбден риза ішкі көңіл күйінен сыр ақтарғандай әсер қалдырады.
Бопай ханымның байыпты да ойлы жанары бірауық сізге назар тоқтатып, бар сырыңызды біліп отырғандай әсер қалдырады. Тұңғиық та таза жанарларда терең ақылдылық та, жарасымды тәкәппарлық та үйлесім тауып, ханымның бүткіл болмысын көз алдыңызда биіктетіп, алдыңыздағы Қазақ елінің Ел анасының ерекше жаратылысын сіздің санаңызға сәулендіріп әкелгендей болады. Сіз соны бар санаңызбен, ынта-ықыласыңызбен қабылдайсыз, өйткені ол Бопай ханымның халқымен қайта қауышқан ұлы тұлғасы, ұрпақ санасында мәңгілікке орын алар жарқын бейнесі. Сондықтан да, Бопай ханым бейнесі қай заманда да жастар сүйіспеншілігіне бөленіп, жүректерін жылытып қазақ ұлттық құндылықтары мен бабалар өсиетіне бет бұра беретіндігіне сенімдіміз.
Ақтөбе облыстық әкімшілік ғимаратының алдына Әбілқайыр хан ескерткішін орнатып, ең үлкен даңғыл атын берген Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Асылан Есболайұлы Мұса мырзаға және Баишев жоғары медициналық колледжінің атын Бопай ханымға берген Сақтаған Бәйішев білім корпорациясының президенті, философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ақанұлына алғыс айтамыз.
Бопай ханым жоғары медициналық колледжі – тек білім беру мекемесі ғана емес, болашақ медицина қызметкерлерін тәрбиелейтін рухани орда.
Бопай ханым жоғары медициналық колледжі – денсаулық сақтау саласына сенімді қадам.
2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің беделі артып келеді. Соның жарқын үлгісі – Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжі. Бұл оқу орны Ақтөбе өңіріндегі білікті орта медициналық мамандарды даярлайтын алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналады. Колледж өз тарихын тереңнен бастайды.
Қазіргі уақытта колледж келесі мамандықтар бойынша білім беру қызметін жүзеге асырады:
- 09130100 «Мейіргер ісі» (біліктілік: 4S09130103 Жалпы тәжірибедегі мейіргер);
- 09160100 «Фармация» (біліктілік: 4S09160101 Фармацевт);
- 09120100 «Емдеу ісі» (біліктілік: 4S09120101 Фельдшер);
- 09130200 «Акушерлік ісі» (біліктілік: 4S09130201 Акушер);
- 5В09130101 «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры».
Білім алушылар тек теориялық біліммен шектелмей, заманауи симуляциялық кабинеттер мен клиникалық базаларда практикалық дағдыларын жетілдіреді. Колледжде медициналық бағыт бойынша кадрлар даярлау үшін 2022 жылдың қараша айында профессор Ж.К.Ордабаев атындағы №1 Симуляциялық орталық жұмысын бастады (8 симуляциялық кабинет). Сондай-ақ, №2 Симуляциялық орталық және жедел жәрдем симуляциялық кабинеттері жұмыс істейді.
Екі спорт залы мен бассейні бар бір спорт кешені бар. 250 орындық асхана да бар. Жатақхана Ақтөбе қаласы, Маресьев көшесі, 76А мекенжайында орналасқан. Онда білім алушылардың тұруына барлық жағдай жасалған, бөлмелер толық жиһаздалған, сабаққа дайындалатын бөлмелер, демалыс бөлмелері, кинотеатр, интернет желісі бар. Әр қабатта тұрмыстық, үтіктеу және кептіру бөлмелері, душ, ас үй бар. Аумағы абаттандырылған. Жобалық сыйымдылығы мен керует саны – 210 төсек.
Оқу ордасының мақтанышы – білімді де білікті ұстаздар құрамы мен халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтылған зертханалары. Колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізілген, бұл студенттерге оқу барысында жұмыс істеу мүмкіндігін береді.
Сонымен қатар, студенттердің патриоттық тәрбиесі мен мәдени-рухани дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Әртүрлі пәндер бойынша ғылыми үйірмелер мен волонтерлік жобалар арқылы жастар қоғам өміріне белсенді араласады.
Сәуір айының 25 жұлдызында болашақ медицина қызметкерлеріне арналған «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында маңызды шара – Ашық есік күні өтті. Бопай ханым жоғары медициналық колледжінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Ашық есік күні – талапкерлер мен ата-аналарға колледждің білім беру үдерісімен, мамандықтарымен және оқу мүмкіндіктерімен жақын танысудың тамаша мүмкіндігі болды. Бұл іс-шара медицина саласына қызығатын Ақтөбе қаласы мектептерінің 9-11 сынып білім алушылары үшін таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда колледжімізде 2044 білім алушы оқиды. Бопай ханым жоғары медициналық колледжі оқу бағдарламалары мен мамандықтары туралы оқушыларға толық ақпарат беріп, оларды өздерінің болашақ мамандықтарын таңдауына бағыттауға көмектеседі.
Ашық есік күніне келгендер:
- Колледждің мамандықтарымен және оқу үрдісімен танысты;
- Заманауи зертханалар мен тәжірибелік сабақтар өтетін кабинеттерді көре алды;
- Тәжірибелі оқытушылармен және студенттермен тікелей сұхбаттасып, олардың тәжірибелерімен танысты;
- Қабылдау шарттары, гранттар және медициналық білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ала алды;
- Ғылыми үйірмелердің еңбектерімен танысты;
- Негізгі медициналық пәндерден шеберлік сабақтар тамашалады;
- Колледждің тәрбие орталығының ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» жобасы бойынша шараға куә бола алды.
Болашақ студенттер колледждегі студенттік өмірімен, ғылыми және тәжірибелік жұмыстармен танысып, оқытушылармен ашық сұхбат құру мүмкіндігіне ие болды.
Бұл күн – колледждің ашықтығын, заманауи білім беру деңгейін және медициналық саладағы сапалы даярлық әлеуетін көрсеткен маңызды шара болды.
Талапкерлер үшін бұл іс-шара кәсіби бағдар алуға, дұрыс таңдау жасауға үлкен серпін берді.
Бұл күн – кәсіби жолды таңдауда үлкен көмек болды.
Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Бопай ханым жоғарғы медициналық колледжінің
Хирургия, анестезиология және реанимация пәнінің оқытушысы,
Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«Абзал жандар» отаншыл жастары клубының жетекшісі.
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ