Ерлік ешқашан ұмытылмайды…

0
410

9-мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Биыл Екінші дүниежүзілік соғысқа 80 жыл толып отыр. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін тарихта мәңгі қалатын күн.

Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш, әрине, бірлік. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды. Солардың қатарында қазақ халқы да бар еді. Олардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ерлігімен атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, жеңістің таңбасын басқан күн еді. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да, бұл күнді ұлы мерекеге теңейміз. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін біз ұмытсақ та, тарих ешқашан ұмытпайды. Ол – өмір заңы.

Иә, содан бері 80 жыл өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ. Біздердің қазіргі бейбіт күлкіміз үшін, барлық халықтың бақытты өмірі үшін отқа түсіп, жанын қиған батыр аталарымыз бен апаларымызды біздер ешқашан естен шығармаймыз. Бірақ, осы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Қаншама ер-азаматтар Отанын жаудан қорғау үшін майданға аттанды. Сол күндердің ауыртпашылығын менің жолдасымның әкесі, яғни балаларымның атасы да көрген. Соғыс оларды жастық шағынан ерте есейтті. 

Қарабөгет ауылының тұрғыны Құдаш Иманжанов 1922 жылы 9 қыркүйекте Ақсу ауданының Басқан ауылында дүниеге келген. Он сыныптық мектепті үздік бітірген. Құдаш Әзімханұлы соғыс басталып, майданға аттанғанда небәрі 19 жаста еді. 1941-1943 жылдар арасында 100-ші атқыштар бригадасында жаумен шайқасып, 1942 жылы мамырдың 1-ші жұлдызында аталған бригадада Ант қабылдаған. 1943-1944 жылдары 125-ші атқыштар полкінде болса, 1944-1945 жылдары 40-шы кавалерия дивизиясында бөлім командирі болып, кейінгі ұрпақтың болашағы үшін шайқасқан. Сол аяғынан жеңіл жарақат алған. Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» медалімен марапатталған. Ол соғыстан кейінгі жылдары өз ауылына оралып, ауылдық кеңестің төрағасы қызметін абыроймен атқарған. 1969 жылы ұзақ науқастан небәрі 47 жасында көз жұмды.

Бүгінде ол кісінің балалары, немерелері мен шөберелері атасының арқасында бейбіт өмір кешуде. «Орнында бар оңалар» демекші, Құдаш атаның шаңырағының түтінін ұлы Мұрат, келіні Роза түтетуде. Атасының шаңырағында отырған Мұраттың балалары да елін, жерін қорғайтын Қазақстанның белді азаматтары болып, кезінде аталары ауылдық кеңестің төрағасы болғаны сияқты олар да аталарына ұқсап, Отанымызға қызмет етсек дейді. Ардагер атаның шаңырағында отырған келіні, Әл-Фараби атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Роза Қасымқызы атасын көрмесе де, ардагер атасының рухына бағыштап, «Ардагер атаның ұрпағы», «Ұлы Жеңіске тағзым» атымен аудандық «Сарқан» газетіне, облыстық «Білім шапағаты» газетіне мақала жазған. Аталарының аруағы әрдайым қолдап, аталарының шаңырағында бақытты ғұмыр кешуде. Бақытты ғұмыр сыйлаған олардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге мәңгі шуағын шашпақ.

Жарқын болашақ үшін жанын құрбан еткен азаматтарды еске алу бізге үлкен парыз саналады. Сол айтқандай, әлі күнге дейін ата-бабаларымыздың ерліктерін мәңгі есте сақтап келеміз.

Роза ҚАСЫМҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз,
Иманжанов Құдаш әулетінің келіні.

Қарабөгет ауылы,
Сарқан ауданы, Жетісу облысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here