Қазақтың театр мен кинодағы тарлан таланттары Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Серке Қожамқұлов, Сейфолла Телғараев, атақты биші Шара Жиенқұлова сияқты танымал тұлғалар түскен «Амангелді» киносы – алғашқы ұлттық фильмдердің бірі де бірегейі. Әр қайталап көрген сайын ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, сардар Амангелдінің батырлық бейнесімен ғана емес, халқымыздың Қазан төңкерісі алдындағы сана бекінісін, сезім серпілісін де сезінеміз. Бұл кино әр көрген сайын жаңа қырын ашады. Сол кезде алыс Торғай өңірінде фильм түсіру қиын болатын. Алатаудың баурайында түсірілген кинодағы тамаша табиғатты көріп сүйсінгенбіз. Қазіргі Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Қастек маңайында түсірілген фильм Жетісу жерінің шұрайлы, әдемі көрінісін көз алдымызға әкеледі.
Кинода бір көрініс бар. «Амангелді» кезекті жеңістен кейін ел тірлігімен айналысуға сарбаздарын ауылдарына таратады. Қажет кезде қалайда шақырып алатынын, қаруларын сайлап даяр тұруларын аманаттайды. Тебіреністі, әсерлі әуен ойналып тұрғанда, батыр жасағы жан-жаққа аттана бастайды. Биік төбе басында Амангелді сүйіктісі Балыммен және сенімді серіктерімен қалады. Дәл осы сәтті бұрын қалай байқамағанбыз. Бір таныс бейне көзге шалынады. Амангелді – Елубай Өмірзақовтың жанында бөрігін киіп, жеңіл шапанын желбегей жамылып Жамбыл атамыз отыр. Кейін сол эпизодты қайталап қарасам, дәл ақынның аумаған өзі екен. Япыр-ау, фильмге қалай түсті екен? Бәлкім, ел аралап жүретін әдетімен кездейсоқ тап болған шығар, әлде режиссерлер әдейі шақырды ма?
Мұның шындығын кейіннен Жамбыл бабамыз туралы Елубай Өмірзақовтың естелігінен таптым. Енді автордың жазғандарына зер салайық:
«Жәкеңнің бір көрінісі әлі есімнен шықпайды. Біз Қастекте «Амангелді» фильмін түсіріп жүрсек, жал-құйрығы төгілген, күрең төбел жорғаны ағызып арындатып, тәтті өлеңді төгілте шырқап Жәкең келе жатыр екен. Оның сол минуттағы көрінісі ертегідегідей. Қыз Жібектің күймесінің коңырау үнін естіп, көк жорғамен салдырып келе жатқан Төлегеннің бейнесіндей көрінді бізге. Оны қарсы алуға бірнеше жігіт алдынан шықтық.
Жәкең Қастектің өзеніне жақындай бергенде нақ 25-тегі бозбаладай күрең төбелді төгілтіп келе жатқан бетінде оның ауыздығын ат үстінен еңкейіп алып суғарды да, өте бере жас жігіттей секіріп түсті. Сөйтті де, күрең төбел жорғаның шылбырын шұбатып кейін қоя салып, судыраған қызыл қоңыр жібек шапанды шешіп жерге жайып тастап, сусары бөрікті сілкіп-сілкіп жіберіп, оның үстіне қойды да, мөлдір, таза суға беті-қолын жуып отырып:
– Уа, су!
Сенде сірә, мін бар ма?
Жәндікте сенсіз күн бар ма?
Сылдыр суға жуынбай
Өте шығу не жайда? – деді бізге қарап насихат айтқандай. Әбден жуынып болған соң қайта киініп жатып:
– Тарт бері күреңді, – деді біз атын әкеліп, қолтықтап мінгізейік дегенімізде.
– Жоқ, жігіттер, мен баяғы кәрі Жамбыл емеспін, жасарған Жамбылмын, атқа өзім мінемін, – деді күлімдеп. Сөйтті де, Жәкең атқа ырғып мінді. Ол бізбен бірге Амангелдінің тобына қосылды. Сондағы оның топқа келіп тұрып айтқан бір ауыз сөзі әлі есімде.
– Уа, сүйеймін десе, сүйеген,
Сүйемен десе түйреген.
Қастасқан қас дұшпанын,
Ақ қайыстай илеген батыр Амангелдінің жау жүрек отрядтары, амансыздар ма? – деді бәрімізге сүйсіне қарап. Азырақ әңгімелескеннен кейін киноның жайын сұрады.
Бәлкім, осы сөздері себеп болды ма, әйтеуір түсірушілер қолқа салыпты.
– Киноның бір жеріне енгізу үшін сіздің суретіңізді алсақ, – деді режиссер.
– Жарайды, – деді Жәкең. Сонан соң кенет кеудесін керіп:
– Уа, әлгі серке тартатын жері қайда? – деді.
– Өтіп кетті, – деді режиссер.
– Қап, серке тартамын деп келіп едім, ендеше жүремін. Кешке Алматыда болуым керек, – деді.
– Бүгін жете аласыз ба, Жәке-ау? – дедік.
– Бәлі, шіркіндер, көп болса, 70-80 шақырым шығар. Ол күрең төбел мен маған үш-ақ сағаттық жол емес пе?!
Жәкең күрең төбел жорғаны ағызып жөнелгенде, Қобыланды батырдың Тайбурылға міне шапқандағы бейнесін еске түсіреді. Бұл – Жәкеңнің жасаруының фактісі» [158-159 б.].
Осы бір естелік үзіндісінен жыр алыбының қартайғанына қарамастан өзін ширақ сезінетінін, нағыз ақындық бабында екенін аңғарамыз. Жамбылға тән көргенді, байқағанды жай сөзбен айтпай, тақпақтата жөнелетін өлеңге жүйріктігін сезінеміз. Ағынды суға жырымен сәлем беруімен киноға түсіп жатқан Амангелдінің сарбаздары рөліндегі топқа амандасып, сардарға арнап бір ауыз жыр жолдауы да батырлықты, ерлікті құрметтеу өнегеcі деп түсінеміз. Режиссер киноның бір жеріне суретін енгізуді өтінгенде, суреттен гөрі көпшілікпен бірге фильмнің бір эпизодына, анау-мынау емес көкпар көрінісіне түскісі келетіні де ақсақалдың жігіттей желпінген көңілін аңғартады. Сонан соң, қарттығына қарамастан күрең төбел атымен ел-ішін аралаудан тайынбайтынын Алматыға баратынын білдіруі де күйлі-қуатты, ширақ та жігерлі, шабыты шалқыған жыр жүйрігінің шау тартқан шағындағы емендей мықтылығын дәлелдейді. Естелік авторы «алғашында күреңтөбел жорғаны ағызып, арындатып, тәтті өлеңді төгілте шырқаған» ақынды әңгімелейді. Қыз Жібектің күймесінің қоңырау үнін естігендей, көк жорғамен келе жатқан сәтін өлеңге теңесе, жігіттермен қоштасып Алматыға қарай ағыза жөнелген мезетін «Қобыланды батырдың Тайбурылына теңеуі де» даңқты жыраудың сергек тұлғасына деген іштей ақындық болмысының мықтылығына сүйсіністі білдіреді.
Біз Жамбыл ақынның «Амангелді» фильміне қалай түскенін одан әрі қызықтап, қазақ кино және театр өнерінің тарландары С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Байсейітовтардың өмірбаяндық кітаптарын оқығанымызбен, ақынның есімін де, эпизодқа түсу сәтін де кездестіре алмадық. Қайта Жамбыл жайлы жаңа деректерге қанықтық. Олардың Жамбылдың киноға түсуін тәптіштеп жазбау себебі ақын белгілі бір рөл орындаған жоқ. Атымен ел аралап қыдырып келген сәтте режиссерлер бұл сәтті құр жібермеуге тырысқан. Атақты ақын бейнесін сәтімен түсіре қойған. Ертеңгі тарих үшін де қажеттілігін сезінген-ау, сірә.
Жамбылдың «Амангелді» фильміне түсуі туралы басқа да деректер іздестіріп, сол киноға түскен қазақ өнерінің майталмандарының естеліктерінен басқа әртістердің мақалаларына зер салғанбыз.
Е.Өмірзақов 1942 жылы Калинин қаласына майданға барғанда қазақ жауынгерлері танып қалып: «Сіз «Амангелді» фильмінде ойнадыңыз ғой, фамилияңыз Өмірзақов емес пе?!» – деп киноның әртістер келгеннен сәл бұрын көрсетілгенін айтқан.
«Аруағыңнан айналайын, Амангелді-ай» деп келем қуанғаннан. Көп ұлтты әскер бөлімдерінде концерт қойғанымызда мені Аманкелді деумен болды», – деп ризашылықпен еске алған [112 б.].
«Амангелді» фильмі Қаракестекте басталып, Алматы төңірегінде жалғасып, қысқы Ленинградта аяқталған. Кино туралы лебізінде: «Осы фильм мен үшін, бәлкім бүкіл қазақ халқы үшін де аса қадірлі бір жағдайы бар, ол – қазақ өнерінің таңдаулы таланттарының жас кезіндегі бейнелерін экранға түсіріп, олардың түр-түсін сақтап қалуы», – деп Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов бағалайды [150 б.].
Шындығында, «Амангелді» фильмі – қазақ кино өнерінің алғашқы табысы. Ең бастысы, онда аты аңызға айналған қазақ театр тарландары Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Қ.Байсейітов, Ш.Жиенқұлова т.б. жас шағындағы сүйікті бейнелері түсірілуімен де қымбат. Бір ерекшелігі, режиссерлердің ақылды шешім жасап, атымен ел аралап жүрген Жамбыл ақынды эпизодқа түсіруі. «Амангелді» фильмінің қалай түсірілгендігі жайлы Е.Өмірзақов сүйсіне еске алады. Ұлттық өнердің абыройы үшін сол кездегі таланттар оның қалыптасып қанаттануына жан-тәнімен атсалысқан. Осынау естелік жазбасына тоқталу себебіміз қазақ кино өнерінің қалыптасуындағы ұлт жанашырларының қандай жанқиярлық еңбек жасағанын ұрпаққа үлгілеу еді. «Бұл біздің міндет емес. Режиссердікі. Өз рөлімізді ойнасақ та жетеді» деп қазіргі күннің әртістері сияқты олар бұлданбаған, міндетсінбеген. Елдің, қазақ өнерінің ертеңгі абыройын, мәртебесін ойлаған. Сол үшін жанын салған. Бұл бір сүйсінтер, тағылым аларлық үлгі.
Қазақстан экономикасы, білімі мен ғылымы, мәдениетіне үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері Сергей Миронович Кировтың есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс. Егерде Киров тірі болып, Сталин орнында тұрғанда оның төңірегіне қазақ зиялылары топтасары анық еді. Оның қазақ кино өнері жайында қамқорлығы ерен.
«Қазақстанды Кировтың өзі шефке алған ел екенін Мирзоян Ленинград обкомының секретары Ждановқа соғып айтқан екен, «Амангелді» фильмін түсіруге көмек жасауын өтініп. Үкімет тарапынан қолдауға ие болған «Амангелді» 1937 жылы түсірілген «Чапаевты» түсірген Васильев пен Л.З. Трауберг фильмді керемет жақсы екен деп бағалаған. Трауберг Амангелдіні екінші Чапаев деп атапты. Міне, осыдан-ақ үлкен әзірлікпен, зор құлшыныспен түсірілген фильм бірден түсірушілер тобына да, ел өнерінде де үлкен мақтанышқа, мәртебеге айналған. Ал, осындай ұлттық кино өнерінің алғашқы жетістігі саналған «Амангелді» фильмінде халық мақтанышы Жамбылдың экранға түсірілуі де таланттардың өзара сыйластығын, құрметін білдіреді. Жамбыл ақынның кино түсіретін жерге келу себебі бар. Бір жағы Амангелді рухына құрмет болса, екінші жағы жаңа өнерді қызықтауы болса керек.
«Амангелді» фильмі Қаракәстекте түсірілді. Сол кезде Қалыбек екеуміз жан аямай жұмыс істедік. Рөлде ойнау өзінше. Ол да оңай жұмыс емес, бірақ бәрінен қиыны қыруар жұртты массовкаға жинау, Амангелдіге лайық ат табу, ат болғанда да нағыз жүйрік, нағыз ұшқыр, нағыз мықты, батырға лайық ат табу болды. Қалыбек екеуміз бір амал қолдандық. Қазақтың сауыққой екені белгілі. «Ертең бәйге, көкпар, күрес болады. Халық көп жиналсын және маңайға ең жақсы аттарына мініп келсін!» деп жар салып, бәйгенің, күрестің ақшасын Қалыбек екеуміз жанымыздан төледік. Көкпар сатып алатын ақшаны кино берді. 1937-38 жылдары халықты осылай жинап жүрдік. Бір қызығы, осы екі жылда екі ат бәйгені атақты күрең дөнен, ал палуан бәйгені Қасым Тоғұзақов бермеді, «Бәлекеттің кіп-кішкентай болып алып шымырын!» деп Қаллеки мырс-мырс күлетін. 1937 жылдың қыркүйегінде «Амангелді» фильмінің жұмысымен Ленинградқа бардық».
«Амангелді» фильмі қазақ кино өнерінің алғашқы жетістіктерінің бірі. Киноға Жамбылдың түсірілуі әйгілі ақынның талантына деген ыстық ықыласты, құрметті білдіреді.
Әнуар Тарақов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері
факультетінің профессоры, ф.ғ.д.