Балаға ата-ананы құрметтеуді заңмен міндеттеу керек – полиция офицерінің ұсынысы

0
1897

Астаналық полиция офицері, подполковник Ермахан Серікбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында балаға ата-ананы құрметтеуді заңмен міндеттеуді, олардың құқықтарын жеке баппен қорғауды ұсынды.

«Көптен көкейде жүрген халық пен ел басшыларына жеткізер ұсынысымды айтып, сіздермен бөлісіп, ақылдасуды жөн көрдім! Қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафин өз сөзінде «Ата-ана қадірін білмеген – халық қадірін біле алмас» деген. Мен көтеріп отырған ойымды Халық жазушысының сөзімен бастап, бүгінгі қоғамдағы ата-анаға көрсетілетін құрмет пен дәреженің қандай екендігі туралы тілге тиек еткім келеді», – деп жазды полиция офицері.

Ермахан Қапбарұлының пікірінше, қазақ қашанда ата-анасын құрметтеп, бірінші орынға қойған, олардың келісімінсіз әулетте ешқандай шешім қабылданбаған.

«Әкенің қамқорлығы таудан биік, ананың махаббаты теңізден терең ғой. Дегенмен, өмірде ата-анасын құрметтемейтіндер, сыйламайтындар, ренжітетіндер, керек десеңіз, оларға қол көтеріп, қорлық көрсететін кісілер өмірде табылып жатыр. Қарттар үйіне апарып тастайтындар да бар. Жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген қазағымда қашан мұндай сұмдық болып еді?! Қазақтың кең даласында қатаң орындалып, сақталған Тәуке Ханның Жеті Жарғысында «Әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған, ата-анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен» деп келеді. Ал, біздің, ҚР-ның қазіргі заңдарында ата-ананың құқығы қалай қорғалады? Олардың дәрежелері қандай? Қай заңда шегелеп тұрып, ата-анамыздың дәрежесін арнайы биік етіп бекіттік? ҚР «Неке және жанұя» туралы заңында ата-ананың бала алдындағы құқықтары мен міндеттерін көрсетіп бекіткен. Яғни, «ата-ана баласын бағып-қағып асырауға, тәрбиелеуге, қорғауға міндетті» деп жазылған. Ал, ата-ананың өзінің құқықтары ше? Олар қартайған шақта, балалары ержетіп, бойжеткен шақта оларды кім қорғайды, қалай қорғайды? Қауқарсыз, жұмысқа жарамсыз халде болғанда оларды кім асырайды? Осының бәрі неге біздің заңмен бекітіліп, көрсетілмеген? Кәмелет жасқа толған баласы ата-анасын бағуға, асырауға, қорғауға, қамқорлығына алуға міндетті емес пе? Сол заңға өз балаларыңнан бөлек қартайған ата-анаңа қамқор болу міндетің деп көрсетсе, ешбір заңға қайшы болмас еді», – деп ой қозғайды Ермахан Қапбарұлы.

Өз жазбасында полиция офицері қолданыстағы заңдарда ата-ананың құқықтары мүлдем қорғалмайды деген ойдан аулақ екенін де жеткізеді.

«Ата-ананың құқықтары жалпылама, яғни барлық адам және азаматтардың құқықтарымен бірге қорғалады. Мысалыға ұлы ішіп келіп, әйелін ұрсын, баласын ұрсын немесе ата-анасына қол көтерсін (өмірде болып жатқан жағдай), бәрі бір заңмен қаралады. Яғни, жәй ғана дене жарақатын келтірсе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабымен жауапкершілікке тартылады. Ал, кез келген адам баласына (оның ішінде ата-анасы, әйелі, баласы, көршісі немесе көшедегі кез келген адамға) дене жарақатын келтіріп, соның салдарынан орта дәрежедегі дене жарақатын алса, ҚР ҚК-нің 107-бабымен, ал егерде ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірсе, аталған кодекстің 106-бабымен қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Неге ата-анамыздың құқықтарын арнайы жеке баппен қорғамаймыз?» деп сауал тастайды астаналық полиция офицері.

Ермахан Қапбарұлының ойынша, арнайы заңмен ата-ананың абыройы мен дәрежесін көтеріп, балаларының алдында мәртебелі ету – басты мақсат болуға тиісті.

«Атам қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп бекер айтпаған. Балаға ата-ананы құрметтеуді заңмен міндеттеу ол артықшылық емес. Және әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды, өз қолыңда болмаса әкең де жат, он бала бір әкеге жүк болмайды, бір әке он балаға жүк болады деп даналарымыз нақ айтып кеткен. Менің айтайын дегенім, әке-шешеміздің дәрежесі ел алдында заңмен биік етіп бекітілсе, оның несі айып? Абырой емес пе? Оны қалай жасаймыз? Ел алдында және ел басшыларының алдындағы менің ұсынысым: Баласы ата-анасын балағаттап ренжіткені үшін әкімшілік жауапкершілікке арнайы бөлек баппен, ал күш қолданып, дене жарақатын немесе жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген жағдайда, ҚР Қылмыстық кодексінің арнайы бөлек бабымен жауапкершілікке тарту қажет. Әрине, ата-ана әр қашанда бауыр еті баласын жамандыққа қимайды емес пе?! Дегенмен, оларға татуласу жағдайын да қарастыру қажет. Ал, ата-анаға қол көтеріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам өмірде көп шектеулерге душар болады. Яғни, мемлекеттік қызметтерге жұмысқа тұра алмайды. Кейбір жұмыс берушілер сотталмағандығы туралы анықтаманы сұратқанда көретін болады және сол сияқты тағы басқа», – деп өз ұсынысын жазды Ермахан Қапбарұлы.

Полиция офицерінің жазуынша, Тәуке ханның Жеті жарғысында ерекше еленіп, бекітілген ата-ананың дәрежесі қазіргі күні де арнайы заңда көрініс табуы керек.

«Ата заңымыз – Конституцияға «Ата-ананың қадірі-дәрежесі баланың алдында әр қашанда биік» немесе «Қарт ата-анасын бағып-қағу, қорғау және асырау – әрбір адамның парызы әрі қарызы» деп алтын әріппен жазып қойсақ, басқа мемлекеттердің алдында үлкен абырой болмақ! Болашақ ұрпақ осыдан тамырланып, ата-анасының сый-сияпатына бөленіп, батасымен көгерері анық», – деп ойын түйіндеді полиция офицері.

Расында, Ермахан Қапбарұлының бұл ұсыныс-ойымен келіспеске болмайды. «Әкесін ұрғанды көріп едім, әкесін арбаға байлап қойып ұрғанды көрмеппін» депті бір пақыр. Сол айтқандай, ата-анасына қол көтерген, қартайған шағында оларды қараусыз қалдырған балаларды көптеп мысалға келтіруге болады. Демек, бұл пікір алысатын, ойласатын тақырып!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here