«Қазақ» газеті – ұлттық болмыстың көшбасшысы

0
6846

«Мойындағы борышты білу – білімнің ісі,
борышты төлеу – адамдық ісі»
Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

ХХ-ғасыр басындағы әлеуметтік ортада ресми іс жүргізу тілінде қазақ ұлтының атадан балаға мирас болған өз атауы қасақана аталмай, «қырғыз» аталып келгендігі қазақ оқығандарының жанын жаралауы заңды да еді. Сол себепті де туған халқының төл атын қайта жаңғырту мақсатында, олар ұлт баспасөзін «Қазақ» деп атады. Бұл жөніндегі толғақты ойын Ахмет отандастарына: «…Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық…» дейді үнпарақтың беташарына берген үндеу-мақаласында [1]. Газеттің қоғам өмірінде атқарар айрықша қызметі мен зор мәнін атап көрсетті.

Ол әлеуметке газеттің ең зәру межелі мақсаттарына тоқталып, қалың бұқараға басылымның қаншалықты қажетті екендігін саралап талдап береді: «…Әуелі, газета халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бастайды арнау сөзін күрескер көсемсөзші [1]. Онан әрі бұқаралық ақпарат құралының әлеуметтік маңызын шегелей түседі: «…Бүтін дүниа жүзіндегі халықтар… газета арқылы …дүниада болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге зарарлы екендігін күні-бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, зарарлы болса сақтанып тұрады. Екінші, газета жұрттың ылақбасына қызмет ететін нәрсе. …жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, …газета арқылы жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газета …білім таратушы. Газетадан жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газета халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады» деп, толып жатқан ел үшін атқарылатын негізгі міндеттерді айқындап көрсетеді [1]. Міне, «соқырға шам ұстатқандай», сауаты бар жанның ешкімге соқтықпай, қоғамнан өз орнын, тиісті үлесін алатынын айтады. Әлбетте, газет енді отырықшылыққа бет бұрған қазақ жұрты үшін ауадай қажет аса маңызды басылым еді.

«Қазақ» газеті өмірге келгенге дейін де қазақ жұртшылығының қажетін өтеген бірлі-жарым ескі жазумен шығатын мерзімді басылымдар болды. Атап айтсақ, «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1882), «Дала уалаятының газеті» (1888-1902), «Айқап» жорналы (1911-1915), «Қазақстан» (1911-1913) және т.б. Бұл басылымдардың кейбірі орыс патшалығы үкіметінің тарапынан арнайы шығарылғандықтан, үнпарақтың мақсаты билеушілердің ел басқарудағы түрлі заңдарын, әкімшілік ережелерін бұқараға жеткізумен шектелді. Дегенмен, әкімшілік басылым беттерінде аракідік халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, әлеуметтік мәні бар мақалалар жарияланып отырған. Бірақ, бұл газеттер орыс билігі боданындағы қазақ елінің «қарапайым бұқара жұртшылығының жоқшысы, іздеушісі» дәрежесіне көтеріле алмайды. Сондықтан да, қазақ елінің қарапайым жұртшылығы өзін қолдайтын әрі қорғайтын, керек кезінде ақылшы боларлық газетке сусаулы еді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, басылым дер кезінде дөп түсіп, елдің көзайымына айналды. Тіпті, сусаған елдің шөлбасары «Қазақ» басылымы болды. Бір ғажабы, сол тұста ақпарат құралдарының таратылу жылдамдығы қазіргідей пошталық құралдармен жабдықталмаған болса-дағы, газет қолдан-қолға, елден-елге тізбектеліп, ұшқан құстай тез тарап отырды.

Осылайша, дала мен қала арасында өзінше байланыс орнап, қарым-қатынаста болды. Қала өмірі арқылы отырықшылықтың не екенін түсіне бастаған дала адамдары, енді қаланың басында болып жатқан қандай да жаңалықтарға құлақтарын түріп, елеңдеуді әдеттеріне айналдыра бастады. Ал, қыр даласына сағындырып жеткен «Қазақты» ауылдағы бірлі-жарым сауаты бар қазақ шұқшия, бар өнерін салып мәнерлеп оқыса, қалғандары «құлаққа ұрған танадай» тапжылмастан, тыңдайтын еді. Онан соң естігендерін бірімен-бірі жарыса ауылдан-ауылға бетті өпкен самал желдей тарататын.   

Қырғыз атанған ұлтының төл атауы «қазақ» қайта жаңғырып, қырдағы елдің ішін кезген «Қазақ» газетінің бетінде көтерілген өзекті мәселелерге ыразы болған данышпан ақын Абай Құнанбайұлының немере інісі әрі рухани қаламдас шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы басылымға жетекшілік еткен Ахметке ағалық қамқорлығын білдіріп, ақ батасын өлең арқылы жолдайды:

«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,
Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,
А, Құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл!
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.
Күтіп ем, туа ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп.
Хабарын «Уақыт»-тан білгеннен соң,
Тірілді өлген үміт қаным қызып.
Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай.
Жақындап жан шығарға шөлдегенде,
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.
Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
5-6 подписшикті тауып алдым.
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып,
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым.
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы,
Ағайын, қырғыз-қазақ, түгел қолдас!
Ойлама, газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп!
Көл болар көп түкірсе деген пәни,
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?..» [1, 27-б.].

Міне, осылайша қазақ елінің шығысы мен батысына, солтүстігі мен оңтүстігіне тараған газеттің жанашырлары мен жанкүйерлері табылды. Ел ішіндегі ағайын-туғандар, жегжат-жұражаттар қуана қолпаштап, жаңа ұшқан «Қазақтың» қолтығынан демеп, бойына күш-қуат берді. «Қолына жарық сәуле ала туған» Ахмет, Әлихан, Міржақыптар ел ағаларының үмітін ақтады.

Өткен тарихты білу – ұрпақтың міндеті. «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ» деген бабадан қалған қағиданы адамзат тіршілігіндегі шартты ұстанымдардың бірі деп қарау қажет. Жұртымыздың ұлт болып қалыптасқан күнінен бастап, «қазақ» деген атаудың қайдан шыққаны ғасырлар бойы зерттелуде… Бұл туралы түрлі пікірлер мен қилы тұжырымдар айтылып келеді. Ұлттың атын айшықтайтын, әлқиссадан келе жатқан осы «қазақ» атты атауымыздың ғасыр басында қасақана бұрмаланып, «қырғыз» атанғанын, ал қырғыз ұлтының «қара қырғыз» аталғанын мұрағаттардағы деректерден біліп, «қысастықтардың» қыртыс-қатпарына ұрпақтардың қай-қайсысы да үңілген…

Міне, сондай кезеңде Ресей патшалығының, нақтырақ, орыс шовинистерінің бұратана халыққа жасаған саясатынан тайсалмаған ерен ұлдары: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды ақиық перзенттері тірліктің тарих атты күрделі сахнасына қасқайып қарсы шығып, ұлт мүддесі үшін күресуде үлкен табандылық танытты.

Күрескер-ағартушы: «…сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих. Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының, йаки бүтін бір жұрттың, иә бір таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту», – дейді. Осы қағиданы ұстанғандықтан олар «Қазақ» газетін жеке бастарына түскен қандай қиын-қыстау заман болса да «жоқтан бар жасап» шығарды. Бұл олардың әу бастағы шыққан тегі, түп қазығы – бабалар жолын ұлықтаған ұрпағының тарихи төл атын қайтарудағы тұңғыш жемісті қадамдары еді! Осындай жанкештіліктің нәтижесінде «ұлы жұрттың» өңешіне жұтылмай, сол уақыттан-ақ, қазақ өз алдына ұлт екендігін көрсетіп, төңірегіне таныла бастады. Қазақ ұлтының тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы үшін ұлттың керегін жоқтаған қазақтың зиялылары «жер, тіл, діл, дін» үшін қарақан басының қамын ұмытып, қасық қанын да сол ұлт мүддесі үшін пида етті. Бірде «Алаш» атанған, бірде «Қазақ» атанған ұлтымыздың төл атауының ұрпақтан-ұрпаққа ұласуы үшін қаншама күш жегіліп, қаншама қан төгілгеніне тарих бетіндегі «қаралы күндер» куә…

«Қазақ» басылымын шығару үшін басын бәйгеге тіккендердің бірі – Міржақып Дулатұлы. Міржақыптың да Ахметтің «Қырық мысал» жинағымен қатар шыққан «Ойан, қазақ!» атты кітабының ел ішіне тез таралып, марғау жатқан қыр қазағын қозғағаны ел билеушілеріне ұнамайды. Ахметті абақтыдан босатқанымен, қазақ оқығандарының басын біріктірмес үшін Әлихан мен Міржақыпты да сан түрлі сылтаумен Семей түрмесіне қамайды. Бірақ, патша үкіметі шабармандарының оларды тұншықтырғысы келген қитұрқы саясаты іске аспай, қапастағы қос тұтқын бостандыққа шығады. Түрменің тар қапасы Міржақыптай жалынды жасты жасыта алмайды, керісінше оның ұлт жұмысына деген құштарлығын арттыра түседі.

Азаттыққа шыққан Міржақып өзінің рухани ұстазы әрі жерлес ағасы Ахметпен «ел жайы, оның келешегі үшін не істемек керек» деген маңызды мәселенің басын ашып алмақ ниетпен шұғыл жолға шығады. Қазақ ортасына даңқы «Ойан, қазақ!» өлеңдер жинағымен жайылған рухты ұлды ат басын тіреген әр ауылдың атқамінерлері табанын жерге тигізбей, құшақ жая қарсы алады. Абақтыдағы азапты күндердің «сызын» ұмыттыру мақсатымен «қазақ жоғын іздеген жолаушыға» сәт-сапар тілеп, құрмет көрсетеді. Қазақ деген әз-ұлтына сөз арнаған «қайсар ұлдың орта жолда аптығып, сағы сынбасын» деген ел шонжарлары, оның қанжығасына қомақты қаржы жинап береді. «Көп түкірсе – көл» демекші, аз уақытта қыруар қаржы жинаған Міржақыптың бұл ақшаны қалай жұмсаса да, қайда жұмсаса да еркі өзінде еді. Тіпті, қарақан басының қамына жаратса да, оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа болған» жоқ. Бірақ, «жалғыз жортқан жолаушының жолдасы – қыдыр» дегендейін, Міржақыптың да жалғыз мұңы – «Ұлттың бұлыңғыр келешегі не болады?». Бұл ой-жегі мәселенің Қыдыр атадай қыр соңынан қалмағанына талай айдың жүзі болғандықтан, бұл ақшаны қайда жұмсауды білетін-ді. «Ұлт басылымын шығарудың сәті осы» деген Міржақып алып-ұшып, Ахметтің жанына жетеді. «Қазақ» газетінің «бірі – идеологы, бірі – ар-ожданы, бірі – моторына» айналған Үш арыс тапқандарын ортаға салып, ұлт үнпарағын үнемі шығарып тұрды.         

«Жақсы хабар қашанда жан-жағына жарыса, жайыла тарайды» демекші, Арқаның түу Торғайының сардаласына жеткен «Қазақ» газетін көргенде, Ахметтің әрбір ісін алыстан қадағалап, сыртынан сүйсінетін. Осылайша, тілекші болып отыратын ауылдың тума талант, дарынды ақыны Сейдахмет Бейсенұлы да ертеректе Ахметке арнаған өлеңін есіне алып, бір марқайып қалады. Бұл өлең – Торғай жұртшылығына кең жайылып, ел жадында мәңгіге жатталып қалса керек. Кеңес үкіметінің әміршіл жүйесі қазақ жерін билеген тұста «Торғай топырағынан ұшқан Ұлар құстай ұланын» ұлықтай алмаған жұрттың жады да бірте-бірте көмескілене береді. Кезінде бұл өлеңді жатқа соғатын қарттардың қатары да сиреді. Десе де, «ел іші – шежіре» демекші, Ахметке деген сол бір арнауды ұмытпаған екен артында қалған ұрпақ. Ел жадында жатталған Сейдахмет Бейсенұлының өлеңінен бұл күнге жеткен нұсқасы мынадай:       

«…Зейінді, зердесінің ұясы бар,
Құдайдың өзі әкеліп құя салар.
Ғылымның жан білмейтін құпиясы,
Басына баянды етіп ұя салар.
Өлеңі бұғалыққа бағынбаған,
Толқындай бұйраланып ағындаған.
Ақыннан Жұмабайдай фатиха алды,
Құранның шындығындай дарынды адам.
Бақ қонды оннан жаңа асқанында,
Асарсың өнердің сан асқарында.
Жарқырап әлі бір күн тұрарсың сен,
Жұлдыз боп қазағымның аспанында…»

Ахметтің бойындағы ерек екпін мен тұма қасиетті байқаған Сейдахмет ақынның көрегендігіне қалай таңданбассыз?! «Құранның шындығындай дарынды адам», «Жарқырап әлі бір күн тұрарсың сен, Жұлдыз боп қазағымның аспанында» деп қалай дөп басып айтқан десеңізші! Өмір жолы ауыр тауқыметке толы болса да, қиындыққа мойымаған Ахмет қылшылдаған қырық жасында ұлтының қажетін өтеп, мұқым қазақ жұртына керекті істің басынан табылып, қашанда ұлтымен бірге болды. 

Жалпы, адамның болмыс-бітімі, оның бойындағы ерекше қадір-қасиеті Алланың құдіретімен жаратылатыны хақ! Десек те, адамның кіндік қаны тамған туған топырақтың да киесі баршылық-ау. Торғайдан шыққан тектілердің ХХ-ғасырдағы заманынан оза шапқан дарабозы – Ахмет! Оның уызынан жаратылысы ерек болғаны соншалық, ел ішіндегі болмысы бөлек көнекөз қариялардың көзайымына айналды. Ахметті ақындыққа баулыған, қазақтың қара домбырасына үйреткен, ертегі, қиссаларды зейініне құйған, сөз баққан қазақтың өсиет-нақылдарына, мақал-мәтелдеріне, әдет-ғұрыптарына тәнті еткен данагөй ақсақалдар екені даусыз. Торғайдың «топырағынан қуат алған, аузы дұғалы әнші-композиторы Есенжол Жанұзақұлы өзінің жан жолдасына айналған, қадір тұтар домбырасын өкше басар інішегі Ахметке ырым етіп, сыйға тартқан» дейді. Бұл туралы елден жеткен мынадай өлең де бар:

«…Беремін саған сеніп домбырамды,
Төгілтіп тербеу үшін қоңыр әнді.
Қамшылап тор шолағын жүре бермей,
Ағаң да әлі бір күн болдырады.

Сонда сен айтқанымды жалғарсың да,
Шығарсың Ұлытаудай талғар шыңға.
Домбыра қағысың мен аққу үннен,
Тыңдаушы Есенжолды аңғарсын да…»

Мінекей, ылқым заманнан «халық айтса, қалт айтпайды» дейтін тәмсіл сөз, қара халықтың аузынан шыққан бабалар даналығы осындайды ишара етсе керек. Есенжолдай шежіре-қарттың сөзін Алла Тағала «әумин» деді ме, кейін Ахмет әуез саласынан алған кәсіби оқуы болмаса да, домбырада шебер ойнайтын дәрежеге жетеді.

Ахметтің күмбірлеген домбырасынан төгілген өлең-жырлар кейінірек Александр Затаевичтей заңғарға жолығудың сәтін салады. Жаңалыққа жаны үйір Ахмет қазақ ұғымына мүлдем жат, бірақ ауадай қажет өзінің әдебиеттанымында айтатын бес өнердің бірі – әуез (еуропаша – музыка) өнерінің тылсым иірімдерін де игеріп алады. Ахмет қазақтың киелі қара домбырасымен қатар, еуропалық музыка аспаптары: күйсандық, скрипкада да шебер ойнағандығы туралы деректер жеткілікті.

«Қазақ» газетінің ұлт тағдыр-талайының толғақты тұсында шығуы – бұқараның күпті болған көңіліне демеу болып, жүректеріне қозғау салған. Буыны бекімеген басылымға бақ қонуын тілеушілердің бірі – Ғабдылрахман Ғабдолланың «Орынборда шығатын «Қазақ» туралы» деген өлеңі «Айқап» жорналында жарияланады:

«…Табылмас пайда, қазақ, надандықтан,
Үйренбей өнер-ғылым бізге жоқ таң.
Үйретер жөн-жолбасшы көрінбей тұр,
Тоқтады шыға беріп «Қазақстан».
Бұлбұлға қарға дауысы ұнамас біл,
Қазаққа көрінбейді-ау «Қазақсыз» таң.
Таршылық басыңызға көп келген жоқ,
Тап еркін болмасаң да қолың бостан.
Тырысып қайыр іске тату болып,
Құдайдың жаңылмалық жолын қосқан.
Анықтап қазақ қалін «Қазақ» білер,
Бұл сөзге құлағыңды сал көп туысқан.
Адаспай жарық күнде жол табайық,
Біз бүйтіп болмайық ел береке ұшқан.
Майданға көп талапкер шыға алмай тұр,
Жарлылық әр тараптан бізді қысқан.
Тілегім шықсаң «Қазақ» ғұмырлы бол,
Аман бол қауіп-қатер, қорқыныштан» [2, 3, Б.169-170].

Ғабдолла Ғабдылрахманұлы қаламының қарымын батыра отырып, қазақ бауырларына: «Енді өмірге қадам басқан «Қазақ» газетінің қолтығынан демейтін күш, қамқор бол, қазақтың қалін тек қазақ ғана күйттейді. Жарлылық қысып тұрған таршылық заманда, бірауыздан ынтымақта болайық» дегенді ишара етеді. Өлең авторы «Қазақ» газетін жөн көрсететін жолбасшы болады» деп үлкен үміт артады, ертеректе шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры қысқа болғанын, қазақ ішіндегі бірлік-береке, ынтымақтың болмауынан деп, өкінішін білдіреді. Ендігі жерде «Қазаққа» тек «іштен кесепатты жау шықпаса екен» деп тілейді.

Шындығында, Ресейдің отаршылдық жүйесі дәуірінде өмірге келген «Қазақ» басылымының көтерген жүгі – өте жауапты һәм ауыр болды. Таралымы бірде күрт өсіп, енді бірде қаражаттың тапшылығына байланысты төмен құлдыраса да, газет бетінде ең өзекті мәселелерді көтеріп отырды. Мәселен, патшалық Ресейдің аграрлық саясаты мен олардың қазақтың жеріне қоныс аудару қозғалысындағы көздеген мақсаттары жөнінде, орыстың шетел мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы өз елінің әл-ауқатын көтеру үшін дамыған елдердің жаңалығын жатсынбай қабыл алуы туралы ақпараттық мәліметтер жариялайды. Қазақтың шұрайлы жерлеріне орыс мұжықтарының қасақана қоныстандырылып отырғанын аңқау елге аңдату мақсатында «Жер мәселесі» (№10, 12 сәуір, 1913 ж.), «Жер жалдау жайынан» (№34, 16 қазан, 1913 ж.), «Көшпелі һәм отырықшылық норма» (№20, 29 маусым, 1913 ж.), «Қазақ һәм жер мәселесі» (№54, 16 наурыз, 1914 ж.), «Жер сату» (№188, 8 шілде, 1916 ж.), «Жер турасындағы телеғырам» (№227, 26 сәуір, 1917 ж.), «Жерді қалай бөлу?» (№228, 3 мамыр, 1917 ж.), «Жер комитеттерін жасау керек» (№231, 27 мамыр, 1917 ж.) және тағы-тағы осы сынды өзекті мақалаларды елге жеткізуде «масаша» ызыңдап, қажымай еңбек етеді.

Ел тұрмысындағы әлеуметтік-экономиканың дамуына ықпал ету үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда саласындағы пайдалы әдістермен жұртшылықты таныстырып отырған. Сондай-ақ, қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы сәулет, сымбат, кескін, әуез өнерлері туралы танымдық мақалаларымен қоса, ел ішіндегі әдет-ғұрыптар мен ойын-сауықтар, дін мәселелерін де дүркін-дүркін көтеріп, ел назарына ұсынған. Ал, бұратана жұрттар санатындағы ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне ерекше ден қойған. Оқу-ағарту ісі, ұрпақ тәрбиесінде мектептің ең қажетті құралы оқулықтарды жазу мен газет-жорналдар шығару мәселелері жөнінде пайдалы кеңестерді жариялап, қажетті жерінде ел талқысына салып отырады.

Айналасы 5-6 жылдың ішінде ұзын саны – 266 нөмір жарық көрген «Қазақ» басылымы қыр даласының шет аймақтарынан бөлек, Ресейдің – Петерборына, Қытайдың – Шәуешегіне, сонымен бірге Түркияда тұрып жатқан қандастарымызға да тарап үлгереді. «Қазақ» газетінің ғұмыры бес жыл болғанымен, ұлт өміріне үлкен өзгеріс, ұлы серпіліс әкелді. Осы уақыт аралығында газет бетінде көтерілген кейбір саяси тақырыптағы мағлұматтар үшін басшысы Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше рет абақтыға қамалады. Әлбетте, қазақ тілінде шығатын газет бетіндегі материалдарды «орыстілді» адамдардың ұқпайтыны түсінікті. Бірақ, мұның да айла-шарғысын патша үкіметінің отаршыл саясаты сұрқиялық жолмен шешіп те алады.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, сол тұстағы Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың графы Сергей Сергеевич Татищев жан-жаққа құпия өкімдер мен бұйрықтар беріп, «Қазақ» газетінде жарияланған саяси ахуалға қатысты мақаланы мұқият тексеріп отыруды, өз «жансыздарына» жүктеп те үлгереді [4]. Граф Татищевке «тыңшылықты» тыңғылықты атқаруды қатаң тапсырған Орынбор Ішкі істер министрлігінің губернаторы, генерал-лейтенант А.Сухомлинов болатын [4]. Мұндай жымысқы жұмысты жүргізу Торғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Мұхамедияр Тұңғаншин мен Ғабдулрахман Машиев сынды өз ішімізден шыққан «қандас-көсеулерге» жүктеледі [5]. Йағни, орталықта отырып-ақ, айналасын отап, басуға әбден төселген билік, тіміскілеуді қиындықсыз «берген лауазымын пұлдап», ақша десе «арын сататындар» арқылы іске асырып отырған.

Газеттің 1914 жылы 75-80-ші нөмірінде жарияланған жалғасты материал «Закон жобасының баяндамасы» деген мақаланы орысшаға аударып, оның жанына түсініктемелік жазбасын қоса тоғытқан Тұңғаншин таудай істі тындырғандай «ас-суын ішкен құдығына түкіріп» орыс шенеуніктерінің «шапағатына» бөленеді [6]. Ал, «іштен шыққан жау жаман» демекші, араларында жүрген арамзаны аңдамаған ақкөңіл Ахметтерге осы бас мақала үшін «1 500 сом айыппұл немесе үш ай түрмеге жабуға» үкім кесіліп, «істі» болып шығады [7]. Жарық көргендеріне жыл асса да, буыны беки қоймаған басылымның ахуалы мұндай қаражатты өтеуге мүмкіншілігі болмайды. Айыппұлды төлемеген Ахметті қазанның 20-сы күні кешкі сағат он шамасында абақтыға отырғызады. Самарада жүріп суыт хабарды естіген Әлихан Бөкейхан орайын тауып, Ахметті абақтыдан шығарып алады. Бірақ, ел арасындағы «опасыз сатқындардың» салдарынан мұндай жағдайлар жиі қайталанып отырады. Ахметтей ел ағасының басына түскен абақтысының азабын ұмыттырып, қолдау көрсету мақсатында жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы мынадай өлең арнайды:

«…Бағаң жоқ көр соқырдың көз алдында,
Мұңыңды жылап шақшы өз алдыма:
Гауһар тұрсын, айырып алтыныңды,
Аузына керек тас деп бір алды ма?

Өткірсің наркескеннің алмасындай,
Жүйріксің «полный ходтың» арбасындай.
Сен сұңқар, көңілі соқыр, сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай.

Сен сонда сүйкімдісің қарқылдасаң,
Қарқылды қарғалықпен ар қылмасаң.
Оларға сенен жексұрын ешнәрсе жоқ,
Сұңқардай көктен шүйгіп жарқылдасаң.

Мақтасаң қарғалардың жеген боғын,
Кешегі өлексемен қарны тоғын.
Мінеки сөз мынау да ен мынау деп,
Тартып алар кезеніп тұрған оғын» [8, 14-б., Б. 88-89].

Сұлтанмахмұттың ел ағалары бастаған үнпараққа қуанышын білдіріп, құтты болсын айтқан өлеңі, сондай-ақ ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтерген мақалалары да осы ұлт басылымында жарияланады. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 4-санында оның «Міне, алақай!» дегені өлеңі басылады. Бұл үнпарақты шығарған үш арысқа деген құрметі мен елдің үміт артқанын білдіруі болатын:

«Қараңғы, тұман түн еді
Қара қазақ баласы.
Ай мен күн һәм жұлдыз жоқ,
Жым-жырт сахара даласы.
Дау мен жанжал, партиа
Болған еді арасы.
Жасытып еді бұларды
Қараңғы түннің қарасы.
Жиырмасыншы ғасыр басында,
Міне, Алланың панасы!
Бір жағынан «Ай» туып,
Бір жағынан «Күн» туып,
Жарық көрді Алашы.
«Шолпан»-нан үміт тағы да,
Біріксе елдің данасы.
Бұл үшеуі тізілсе,
Бейне қолдың саласы.
Көңіл менен көзді ашып,
Алға сүйреп барады.
Бұл жарықтар барында,
Кім адасып қалады?».

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы шығармалары ішінде Алаш зиялыларын мадақ тұтып жазған, мұнан бөлек 140 шумақтан тұратын «Таныстыру» поэмасының ұлттық әдебиеттану ғылымында алатын мәні зор. Қара қазақ пен оқығанды бірі-біріне сауал қойдыру арқылы өрбітетін бұл туындының тағылымы мол.

Мәселен, халықты соңынан ерткен ел адамдарын қара қазақтың танымымен сипаттап, таныстыруы, бұқараның көш бастаған ерлеріне деген құрметі мен сүйіспеншілігінің шынайылығын паш еткендей. «Туғанда Құдай иіп мұндай заман» деп басталатын жыр жолдарында Алаш арыстарының игі істерінен хабар беретін мынадай иірімдер бар:

«…Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тек ұзақ өмір берсін бір Құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын». 

Сұлтанмахмұттың мұқым жұртқа тұлғаларды таныстыруды осы үш ЕРден бастауының өзіндік сыры, тарихи негізі бар еді. Бұл өлең 1917 жылы Абай елінде Әлихан бастаған Ахмет, Міржақыптар Семейге «Алаш-Орда» сиезіне барғанда қазақ оқығандарына арналып жазылып, 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланады [9].

Өкініштісі, сырқатынан ғұмыры ерте үзілген Сұлтанмахмұтты, оның отты жырларын жоқтаған жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы: «…ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін» – деп, 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар» деген ашық хат жазады. Кейін ақынның 1933 жылы Қызылорданың баспасынан «Шығармалар жинағы» шығады. Ахметтің «Масасына», Алаш арыстарына арнаған поэмасы осы кітапқа енген.

«Қазақ» газетін нақақтан қаралаған негізсіз жалалар Ахметтердің ыза-ашуын тудырады. Ол шұғыл түрде Орынбор губернаторына, Ішкі істер министріне, Сенатқа газетке жасалған қысастықтың жалған екенін айтып сауал хат жолдайды [10]. «Үмітсіз – шайтан» демекші, сауалы еленіп, ол айыппұл төлеуден босатылады. Ал, кейбір тұстарда мұндай келеңсіздіктерден құлағдар оқырмандар газетке салынған айыппұлдарды «ел ішінен жабыла сауын жинап», әйтеуір басылымның орта жолдан үзілмеуіне бар жағдайды жасайды. Мәселен, газеттің 91-санындағы «Бұ қалай?» деген өзекті мақала үшін «А.Байтұрсынұлын екі ай түрмеге отыруға немесе 50 сом айыппұл төлеуге» үкімет тағы өкімін шығарса, 1916 жылғы ақпан айының 9-ы күнгі 168-санында газетте басылған «Жер мәселесі» туралы Ахмет Байтұрсынұлына 1 500 сом айыппұл төлету өкімі, бұған наразылығын білдірген редактордың Сенатқа арыз беруі туралы «Қазақ» ісі сенатта» деген мақала жарияланады. Кезекті нөмірдің бірінде М.Дулатұлы «Сенатта бұзылған үкім» мақаласын ішкі хабарлар айдарымен жариялайды. Онда А.Байтұрсынұлына 50 сом айыппұл төлеу бұйрығын сенатта қайта қарап, бұзғаны жазылған [11].

Басылым бетінде жарияланған мақалалардың басым көпшілігі сол тұстағы қазақ зиялыларының көшбасшылары – Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған: Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгірұлы, М.Оразаев, С.Дөнентаев, С.Торайғырұлы, А.Баржақсин, Қ.Болғанбаев, С.Шорманов, Қ.Қоңыратбаев, Б.Серкебаев, М.Тынышбаев, М.Сералин, Ж.Сейдалин, М.Шоқаев, Ғ.Қарашев, Р.Мәрсеков, Ә.Ермеков, Жаһанша мен Халел Досмұхаметовтар, О.Әлжанов, С.Кенжин, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар, Х.Ғаббасов, Қ.Жұбанов, И.Әлімбеков, М.Әуезов, Ж.Тілеулин, Н.Төреқұлов, Ж.Жәнібековтей таланттардың қарымды қаламдарының қарқыны болатын.

«Қазақ» газетінде Ахметтің қазақ балаларының сауатын ашу үшін жазылған оқулықтары жөнінде танымдық мақалалар жарияланып отырады. Онда сауат ашудағы жаңа тәсілдің тиімді жолдары сөз болады. 1913 жылғы ақпанның 2-сі күнгі тұңғыш санында «Оқу құралы» (1912) қақында, 1914 жылы 50-санында «Маса» жинағының екінші рет басылуы, сәуірдің 23-і күнгі 59-санында «Тіл – құралы» туралы (Авторы Міржақып Дулатұлы) ақпараттық, танымдық мәліметтер береді.

«Қазақ» газетінің 1914 жылы мамырдың 17-сі күнгі 62-ші санында осы нөмірден бастап басылымның уақытша редакторы Міржақып Дулатұлы болатынын хабарлаған… Әлбетте, баспа жұмысында ғана емес, ұлт игілігі үшін жасалатын барлық жұмыстарда араларындағы жас айырмашылығының алшақтығына қарамастан, көзқарастары бір жерден түйіскен ағалы-інілі жандардың бір-біріне деген сенімі риясыз болатын. Бірі – аға болып ақыл-кеңесін аямаса, екіншісі – іні болып тыңдай білді. Әрі олар айналасына ұлттың келешегі үшін жұмыс жасайтындарды жинады. Өз алдына дербес ел болудың өздеріне оңайлықпен келмейтінін білсе де, келешек ұрпақ үшін тәуекелге бел буған олар ұлттығымызды ұйытатын мүмкіншіліктерді барынша пайдаланды. «Бұратана жұрттың ұрпағымыз» деп бүгежектемеді. Өйткені, ендігі жерде бүгежектеудің салдарынан жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупі тұрғандықтан, өмірлерін қатерге тіге жүріп, ұлы күресінге кіріп те кетті.

Қазақ оқығандарының арасында жеке бас қамын жегендер «жырылып» орыс патшасының шенеуніктерімен жанасса, ал ұлт мүддесін ойлағандар Ахмет пен Міржақыптардың жанынан табылды. Олар қала мен дала арасын үнемі байланыста ұстауға тырысты. Ауыл жағдайының ахуалы жақсармай, қаланың халінің түзелуі де мүмкін емес. Бір-біріне байланысқан шым-шытырық тіршіліктің үнемі үндестікте болуы үшін басқару жүйесінің тетігі (механизмі) кідіріссіз адал жұмыс жасауы шарт. Ал, бұл тұста ел басқару ісіне ілуде біреу болмаса, бұратана жұрт, тіпті есепке алынбады. Осының бәрі қазақ оқығандарына үлкен ой түсіріп, қозғау салды, ұлттың бұлыңғыр келешегі оларды күні-түні дамылсыз астыртын жұмыстар жүргізуге мәжбүр етті.

Жалпы, қоғамдағы әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюімен қатар, солтүстігіміздегі отарлаушы алпауыт көрші елдегі Бірінші дүниежүзілік соғыс тудырған қиыншылықтардың салдарынан бұқараның қайыршылануы, елде қымбатшылық пен аштықтың кең етек алуы қарапайым шаруалардың наразылығын туғызды. Патшалық басқару жүйесіндегі алауыздықтар мен менсінбеушілік халықтар арасында ұлттық езгіге қарсы күрестің тууына себеп болды. Көтерілістің басталуына Ресейлік патша үкіметінің 1916 жылғы маусымның 25-і күнгі Қазақ елі мен Орта Азияның жергілікті халқын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы жарлығы негізгі түрткі болды.

«Қазақ» газеті жариялаған мақалаларында осы майдан туралы жағымды-жағымсыз жайларды талқылай отырып, саяси мәселелердің күрделі тұстарына қазақ жұртшылығының көңілін аудару үшін арнайы пікірталастар ұйымдастырған. Мәселен, 1916 жылдың 19-шілдесінде Орынбор генерал-губернаторына Орал әкімшілігінен хабарлама хат келген. Мұнда Орал облысының молда-қазіреттері халық арасында жиындар ашып, қазақтарға соғыс жұмысына адам бермеуге және жұмысқа алынатындардың тізімін жасатпауға үгіт-насихаттар жүргізгенін, осы жиынға қатысушыларға «Қазақ» газеті басқармасы үнемі ақыл-кеңес беріп тұрғандығын хабарлаған.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, патша үкіметінің мекеме басшыларына қазақтарды қара жұмысқа емес, Отан қорғауда әскер қатарына алуды лайық екендігін айтып, өтініштер түскен. Осы тұста қазақ ұлттық демократиялық зиялы тобының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы «…қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз» деп ойын ашық айтқан. Алайда, патша үкіметі өзіне тәуелді халықтың мүддесімен есептескісі келмейді. Бұратана жұрттың ер адамдарын қалаған мерзімде қара жұмысқа шақырта бастайды. Мұндай басыну ұлт зиялыларын қатты толғандырады. Ел ішіндегі ушыққан жағдайдың жалғыз шешімі деп басылым тарапынан 1916  жылы 11-шілдеде газетке «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен халыққа үндеу жариялайды. Мұнда келелі шешімдер айта отырып, оны іске асырудың тиімді жолдарын да атап көрсетеді. Осындай қауырт істерді шешу мақсатында сол жылдың жазында Ахметтер Торғай даласына сапарға да шығады. Қазақ тарихындағы «он алтының ойранын» академик Манаш Қозыбаевтың сөзімен түйіндесек, «Ахаңдар бастаған алыптар тобы отаршылдыққа қарсы жалпы ұлттық құтқару майданын ашты… Бірақ, …Дала азаттығы көтерілісінде Ұлтты қансыратпай аман алып қалу жолын іздеген, қажет деген амал-тәсілдерді қолданған» [12].  

«Қазақ» басқармасы үнпарағында «Сиез жасау» атты мақала жариялап, барша жұртты құлағдар етіп әрі әрбір уездік сиезге лайықты өкілдерін жіберулерін сұрайды. Нәтижесінде, 1917 жылы сәуірдің 2-8-і аралығында Ахмет Байтұрсынұлының ұйымдастыруымен Орынборда «Торғай облыстық қазақ сиезі» өтеді. Жиналғандар сиезге Ахметті бірауыздан төраға етіп сайлайды әрі оның орынбасарлары мен хатшылары тағайындалады. Бұл жиынның маңызы зор еді, өйткені орыс билігіне қарайтындардың арғы-бергі жұрттардың басын қосып, ауыздасуына еркі бола бермейтін. Бұл жиынға елдің беделді адамдарынан бастап, Ақмола, Семей, Сырдария, Бөкей, Орынбор тағы басқа да қалалардан өкілдер және өзбек, татар, башқұрт халықтарының көрнекті қайраткерлері қатысады. Сиезді Торғай облысының комиссары Ә.Бөкейхан аңдату сөзбен ашады. Осы ұлы жиын туралы «Қазақ» газетінің тілшісі Әлімбеков Имам «Қазақ халқының тұңғыш сиезі» деген мақала жазады [13]. Жиында ұлт жұмысы үшін 13 мәселе қаралып, сиез кеңесіне түсіп, шешімін табады. А.Байтұрсынұлы халықты билікке келген бостандықпен құттықтап, қайырлы болуын тілейді. Ал, М.Дулатұлы езілген жұрттың «бостандығы» қайдан, қалай келгеніне баяндама жасайды.

Жиынға қатысушылар ішінде «қой терісін жамылған қорқаулардың» да отырғаны, олардың ұлт газетіне жасаған қастандықтарын айта келіп, бұл жиыннан М.Тұңғаншиннің аластатылуын сұрайды. Ел қолдап, оны сиезден қуып шығады. Ел-жұрт зарыға күткен бұл жиынның көтерген мәселелері кеңінен қолдау тауып, сиез қазақтың жер-жерлерінде жалғасуы қажеттілігі айтылып, шақырылған «сиездердің қорытындысы жалпы қазақ сиезінде қаралсын» деген қаулы қабылдайды [13]. 

Тарихшы-ғалым К.Нұрпейістің айтуынша, 1917 жылы өмірге келген ұлттық-демократиялық партияның қалыптасуына «Қазақ» газеті мен оның басшыларының ықпалы зор болған. Осы жылы шілденің 21-26-сы аралығында өткізілген «Жалпы қазақ сиезіне» Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының өкілдері шақырылып, онда күн тәртібіне 14 мәселе қойған. Сиезге Халел Досмұхамедов төраға болып сайланып, төрағалық серіктеріне: А.Байтұрсынұлы мен А.Көтібаров, хатшылығына: М.Дулатұлы мен А.Сейітов тағайындалады. Жиында Мемлекет билеу түрі, Қазақ облыстарына автономия, Жер мәселесі, Халық милициясы, Земство, Оқу, Сот, Дін, Әйел мәселелері, Учредительное собрание сайлауына даярлану һәм қазақ облыстарынан депутаттар сайлау, Бүкіл Ресей мұсылмандарының кеңесі (Шорай ислам), Қазақ саяси партиясы, Жетісу облысының уақиғасы, Киевте өтетін бүкіл Ресей федералистерінің сиезіне һәм Петерборда болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберудің міндеттері тұжырымдалып, осы мәселелер бойынша қаулы етеді. Бүкіл қазақ бас қосқан жиында 12-ші болып қаралған мәселе – Қазақ саяси партиясын құру болатын. Жиналған жұртшылық бұратаналықтың зары өткен уақыттың қайтарымы үшін бабалар ұранын жаңғыртып, «Алаш» деп ұрандап, ат қояды. Партия бағдарламасын жасау Ахмет, Міржақыптарға жүктеледі. Алаш партиясы атынан депутаттар да іріктеледі. Торғайдан Ахмет Байтұрсынұлы бастаған жиыны – 7 адам, Семей һәм Ақмоладан басы Әлихан Бөкейхан болып – 20 адам, Оралдан Халел Досмұхамедов бастаған – 7 адам сайланады.

«Қазақ» газеті Қазан төңкерісіне дейінгі ұлт баспасөзі тарихында ең шоқтығы биік басылым болды. Сонымен қатар, таралымы мен таралу ауқымының көп болуы газеттің құндылығын арттырды. Алаштың арыстары Әлихан-Ахмет-Міржақыптардың қазақ тілінде ұйымдастырып ашқан газеті ұлт баспасөзінің негізін қалады.

Ақиқатында, бұл басылым тұңғыш жалпыұлттық саяси-қоғамдық газетке айналды. Шын мәніндегі қазақ халқының жанашыры болып, үнпарақ арқылы ұлт тәуелсіздігінің саяси іргетасы қалыптасты. Газет оянған сананың іс-қимылын түзу жолға салып отыратын руханиятқа айналды. Бүгінгі күні ғалымдар «Қазақ» газеті ұлттық баспасөздің көшбасшысы болғандығын мақтанышпен айтады әрі мұны ғылыми тұрғыда дәлелдеп шыққан бірнеше зерттеу еңбектер қорғалды. Атап айтсақ, Ө.Әбдиманов «Қазақ газеті» [14], Б.Момынова «Қазақ газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» [15], Қ.Сақов «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси мәселелердің жазылуы» [16], Қ.Атабаев «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918)» [17], Ж.Байтелесова «Ахмет Байтұрсынұлының көсемсөзі», «Роль публицистики Ахмета Байтурсынова в формировании общественного сознания» [18], Ш.Ерназарова «Қазақ публицистика тілінің дамуындағы Байтұрсынұлы кезеңі» [19], Х.Айтжанов «Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері» [20] атты монографиялар жарық көрді.

Райхан ИМАХАНБЕТ,
А. Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті м.а.

Пайдаланылған дереккөздер:

  1. Құрметті оқушылар // Қазақ, №5, 9 наурыз, 1913.; «Қазақ» газеті (Құраст.: Субханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ). – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1998. – 560 б., 27 б.
  2. Ғабдылрахман Ғ. Орынборда шығатын «Қазақ» туралы // Айқап, №2, Б.41-43, 1913.
  3. «Айқап» энциклопедиясы. (Құраст.: Субханбердина Ү., Дәуітов С). – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 367., Б.169-170.
  4. Ішкі істер министрлігі Орал облыстық Баспа ісі басқармасы №13248. 26/09.1913.
  5. ІІМ Орынбор губернаторының кеңсесі №6102. 17.10.1913. Ленинград Орталық Мемлекеттік мұрағаты. (Бұдан әрі – ЛОММ). 776-21-16.
  6. ІІМ ОГК. 22.10.1913. ЛОММ. 776-21-16.
  7. ІІМ ОГК №6450. 03.10.1914. ЛОММ. 776-21-16.
  8. Торайғырұлы С. Шығармалар жинағы. – Қызылорда, 1933. – 344 б.,14-б., 163-182; Екі томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1993. – 280 б., Б.88-89, 146-164.
  9. Торайғырұлы С. Ғалиханның Семейге келуі // Сары арқа №18, 13 қараша, 1917.
  10. А.Байтұрсынұлының Үкімет Сенатына шағымы. 20/10.1914. ЛОММ. 776-21-1 6.
  11. Дулатұлы М. Сенатта бұзылған үкім // Қазақ №220, 1 наурыз, 1917.
  12. Қозыбаев М. Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар // Егемен Қазақстан, 12 тамыз, 1994.
  13. Әлімбеков И. Қазақ халқының тұңғыш сиезі // Қазақ, №225, 12 сәуір 1917; Басқармадан, Алаш партиясы // Қазақ, №237, 24 шілде, 1917.
  14. Әбдиманов Ө. Қазақ газеті. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 168 б.
  15. Момынова Б. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика. – Алматы: Арыс, 1998. – 110 б.
  16. Сақов Қ. «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси мәселелердің жазылуы. – Алматы,1998.
  17. Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918). – Алматы: Қазақ университеті, 2000. – 358 б.
  18. Байтелесова Ж. Публицистика Ахмета Байтурсынова. – Алматы: Санат, 1998.-74 с.; Роль публицистики Ахмета Байтурсынова в формировании общественного сознания. – Алматы, 2002. – 132 б.
  19. Ерназарова Ш. Қазақ публицистика тілінің дамуындағы Байтұрсынұлы кезеңі. 2004. – 120 б.
  20. Айтжанов Х. «Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері. – Алматы, 2008. – 128 б.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here