Әсілі, айналаңда жанары мұңлы, жүрегі сызды жандардың да өмір сүретінін ешқашан ұмытуға болмайды. Көңілі қаяу адамдар барын білсең, соны санада салмақтай жүрсең, мынау өмірдің мәні мен маңызын сондайлық түсінетін боласың. Қоршаған ортаңдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға аялы алақаныңның жылуын сездіре жүрсең, бір жеңілдей түсерің тағы анық.
Иә, адамдардың өмір сүрген қоғамы ортақ болғанымен тағдыр жолы әртүрлі. Бірі бай, бірі дімкәс, енді бірі бақытсыз дегендей… Өмір жолындағы сынақ пен кедергі-қиындықтарды жеңе білгендерді шүкірлігі мен қанағаты мол, нағыз ақыл иесі екен деп сүйсінетініміз де рас.
Біздің кейіпкеріміз де өмірдің сынағы мен сүрінуін бір кісідей көрген. Оның есімі еліне танымал болмаса да, өз ауылының қайсар қызы атанып отыр.
Ардақ Көлбаева – Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Долан ауылының тұрғыны. Ол маңдайына түскен ауыр сынақты мойымай көтеріп, кәсібінің нәсібін көріп, отауының түтінін түзу түтетіп, отағасымен бірге ұл мен қызын тәрбиелеп өсіріп отырған аяулы ана.
Ардақ 1991 жылы Жамбыл облысында туған. Балалық шағы бақытты күндермен өткен. Тағдырдың жазуымен 21 жасында ауыр сынаққа тап болады. Үшінші қабаттан құлап, омыртқасы зақымданады. Ауруханада жарты жыл төсек тартып жатып қалып, өмірімнің мәні кетті деген бойжеткенге ең алғаш анасы демеу болған. Қызының назарын басқа іске аудару үшін тоқыма тоқуды үйретеді. Ардақтың келе-келе тоқыма өнеріне деген қызығушылығы оянып, ғаламтор арқылы білімін, тәжірибесін толықтыра түседі. Әрмен қарай сауықтыру орталығында арнайы сабақ алады.
Уақыт өте бұл өнердің адам денсаулығына ерекше пайдасы барын түсінеді. Расында да, мамандардың айтуынша, тоқыма тоқу арқылы адамның зақымдалған дене мүшелері қалыпқа келе түседі екен. Ардақ осылайша тоқымасын қолынан тастамай, тоқи берді, тоқи берді… Арасында оңалту орталығындағы жаттығулар мен күнделікті ем-шараның нәтижесінде аяғын тіреп, балдақпен жүрді.
«Алғаш рет ауруханада жатып, балаларға арналған кеудеше тоқыдым. Алғашқы еңбегімді сол ауруханадағы қызметкер қызығып, сатып алды. Сол сәтте тоқыма арқылы табыс табуға болатынын бірден түсіндім. Бастапқыда балаларға арналған жилет, көйлек, шалбар тоқыдым. Кейде тапсырыс берушілердің қалауына қарай тоқимын. Мәселен, ойыншықтар деген сияқты… Білмегенімді интернеттен қарап, таныс шеберлерден сұрап үйрендім. Қазіргі күнде тоқылған аяқ киімнің сұранысы жоғары. Үйге киетін сүйретпеден бастап, сыртқа киетін жаздық аяқ киімдер сұраныста. Аяқ киімдерді базардағы дайын табанның өлшемдері бойынша тоқимын», – дейді кейіпкеріміз.
Жалғас Қойшыбаев есімді азаматпен отау құрып, отбасылық өмірінде сол азаматының қолдауымен тоқыма кәсібі дами түсті. Отағасы Ардаққа қажетті жіп, табан және басқа да заттарды түгендеп отырады. Дайын өнімдерді пошта қызметіне жеткізіп беру де Жалғастың қызметі.
«Ардақ өз еркімен алысқа шыға алмайды. Менің жұмыстан келгенімді немесе демалыс күнін күтеді. Сол кезде бірге базарға барамыз, тоқымаға қажетті заттарды түгендеп аламыз. Тоқыған заттарын тиісті мекен-жайға өзім жеткізіп беремін. Ардақтың қайсарлығын жоғары бағалаймын. Сол мінезінің арқасында бір отаудың түтінін түтетіп, көйлегіміздің жағасын кірлетпей, дастарқанымыздың берекесін кіргізіп, асымызды дайындап отыр», – дейді өмірлік қосағы.
Бүгінгі таңда Ардақ Көлбаева жекелеген тапсырыстарды азайтып, әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеуге бет бұрған. Сұраныс берсең таңдағаныңды, қалағаныңды, жаның сүйгенді тігіп, жасап, дайындап беретін ісмер. Ол әртүрлі тоқыма туралы бейнесабақтар түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп отырады. Тағдырындағы үлкен сынақты жеңуге себеп болған тоқыма өнерін қазақ қыздарына тегін үйретуде. Ісмердің қолынан шыққан бас киім, кеудеше, қолғап, сөмке, көйлек және аяқ киімнің дизайны да ерекше. Көздің жауын алатын табиғи, сапалы бұйымдар сәтті тоқылған сайын Ардақтың көңілі көтеріліп, өмірге деген сүйіспеншілігі арта түседі. Уақытпен үндесе еңбек етіп, іс-әрекет жасауды қалайтын шебер. Он саусағынан өнері моншақтай төгілген ісмер, ине мен жіптен өзге де бұйым тігудің шебері әрі дизайнер-модельер десек артық айтпағанымыз.
«Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген қағиданы ұлы Абай текке айтпаған. Қолөнер – ұлтымыздың сан ғасырдан алтын арқауын үзбей келе жатқан қастерлі кәсібіміз, болмыс-бітіміміз. Қазақ он саусағынан шыққан сан түрлі бұйымдары арқылы жандарын бақты, ырысын кіргізді, шаруасын шалқытты ғой. Тап бүгінгі күні де өнер атаулы сол мән-маңызын жойған жоқ. Тоқымашы мүмкіндігі шектеулі болғанымен, он екі мүшесі түгел жандардан қалыспай, еңбек етіп, тіпті оза шауып келеді.
Міне, Ардақ көпке үлгі болатын жігерлі жан. Ол ата-бабадан осы күнге алтын арқау, жібек жіптей үзілмей жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің, сары алтындай салтымыздың бүгінгі жалғастырушысы.
Шебер қолды Ардақ сынды қыздарымыз бар жерде ұлтымыздың қолөнері өркендеп, көшін көрікті ететіні анық.
Индира БІРЖАНСАЛ