Алаштың бірегей ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы желтоқсанда атылды. Көзі тірісінде бес рет сотталып, екі рет сүргінге айдалған егей тұлғаның еңбектері жарық ғұмырында да шектеуге жиі ұшырады.
1929 жылы төрт рет ауыр жазаға кесіліп, он жыл Архангелскіге айдауға жіберілді, жаза мерзімі сәл де болса қысқарып, 1934 жылы Алматыға денсаулығы сыр беріп, қалжырап оралды. Алматыда төрт жылға жуық күмән мен күдіктің арасында тыныш өмір сүре алмады…
Ғалым атылғаннан кейін 51 жыл бойы, атап айтқанда, 1988 жылы 4 қарашаға дейін еңбектерін ешбір баспасөзде жариялауға, тіпті ғазиз есімін атауға тыйым салынды. Дегенмен, кейбір еңбектерде Ахметтің ішінара шығармалары, аудармалары авторсыз жарияланып қалып жүрген. Бірақ, тым сирек. Сондай ілуде бір кезігетін жағдайды бүгін біз 1940 жылы шыққан оқулықтан ұшыраттық.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған «Оқу кітабын» Ә.Сәрсенбаев пен Ә.Әлғожин құрастырған. Бастауыш мектептің 3-класына арналған. Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариаты жағынан 3-реткі басылымын қарап отырмыз. Кітап Алматыда Қазақ мемлекеттік баспасында 1940 жылы басылған. Бет саны – 139. Мәтіні сол тұстағы латын қарпімен қазақ тілінде. 70 000 данамен таралған.
1940 жыл – ауыр жыл. Бұл жылдары Алаштың серкелері мен сорпа бетіне шығар көшбасшылары түгелге жуық атылып, шабылып, шейіт болған. Алаш арыстарының еңбектері түгелдей тарих сахнасынан шеттетілген жылдар еді. Солай бола тұрса да, Ахметтің Крыловтан тәржімалаған «Қырық мысалынан» бір өлең, осы аталып отырған оқулыққа енгені – көңіл аударарлық оқиға. Мұндай батылдық сол кезеңдердегі еңбектерде сирек, өте сирек ұшырайтын жағдай.
Ахметтің «Екі жирен», «Аққұм» әндері 1939 жылы және 1950 жылы басылған кітаптарда авторы жасырын түрде жарияланып келгені туралы өткенде де бірнеше мақала жарияладық.
Енді 1940 жылы шыққан «Оқу кітабына» оралайық: 140 беттен тұратын «Оқу кітабында» сол дәуірдің талабына сай саяси түс алатын өлеңдер, мысалдарға басымдылық берілгенімен, жас буынды кісілікке жетелейтін шығармалар да бар. Солардың қатарында А.Байтұрсынұлы 1901-1903 жылдары аударып, баспадан шығарған «Қырық мысалының» бірі «Айна мен маймыл» өлеңі енгізілген. Кітаптың 30-31-беттерінде Ахметтің Крыловтан аударған осы мысалы берілген.
Ахмет аудармасында сегіз шумақтан тұратын өлең ықшамдалып төрт шумаққа қысқартылып берілген. Ахмет Крылов өлеңін бес шумақ етіп аударып, өзінің осы мысал туралы үш шумақ ой қорытындысын береді.
Ал, 1940 жылғы оқулықта ықшамдалған себебі, оқулық жазу талабы мен оқушылардың түсінігіне жеңілдігі ескерілсе керек. Ахметтің төл қолтаңбасы іспетті соңғы шумақтарды қосудан құрастырушылар қорыққан болуы да бек мүмкін. Қалай дегенмен, Ұлт ұстазы атылғанына үш жыл толғанда күллі қазақ баспасөзінде Ахмет бастаған Алаш арыстары түгел ысырылғанда, ғалымның бір аудармасы болса да оқулыққа енгізілуі таң қаларлық іс. Бұл тұрғыдан Ә.Сәрсенбаев пен Ә.Әлғожиннің бұлай тәуекелге баруын ерлік деп бағалауға әбден татиды.
Енді аталған кітаптағы «Айна мен маймылды» оқырман назарына ұсынайық:
АЙНА МЕН МАЙМЫЛ
(мысал өлең)
Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз суретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара!
Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін, қайдан шыққан мұндай көрім?
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін.
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймыл жан, – деді аю, – етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел, өзіңе өзің!»
Крылов
Өлеңнің соңында оқушыларға сұрау қойылған:
Сұрау:
- Маймыл айнадан нені көрді? Айнаға қарап не деді?
- Маймылға аю не айтты?
Жаттығу: 1. Бұл өлеңді бірлесіп, оқып, біреуің аюдың, біреуің маймылдың сөзін айтыңдар.
А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы 1909, 1913 және 1922 жылы үш рет басылған.
Аталған басылымдардағы «Айна мен маймылдың» алдыңғы төрт шумағы жоғарыдағы (1940) «Оқу кітабындағы» шумақтармен негізінен ұқсас. Бірер сөз, бірер тіркес өзгергені болмаса, мағынаға нұсқан жетпеген.
Ал, Ахметтің өзінің «Қырық мысалдарында» аталған төрт шумақтан кейін төмендегі төрт шумақ өлең беріліп отырған:
Аюдың бір ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа,
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой,
Тыңдаусыз, құр далада қалды босқа.
* * *
Мысалы, адам – маймыл, өлең – айна,
Өлеңді түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?!
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып, тыңдағандар қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ со міндер өз басында,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?!
Мәселен, бидің жеген парасын айт,
Көрсетер көзін қысып ауылнайды.
Алаш арыстары еңбектері зерттеуден, пайдаланудан шеттетілген жылдардың өзінде Ахмет Байтұрсынұлының бірер шығармасы оқулықтан табылуы, Алаш мұрасын зерделеп жүрген азаматтар үшін тың жаңалық деуге болады. Осы жаңалықты оқырманға жеткізіп отырмыз.
Әділет АХМЕТҰЛЫ