Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Біздің елімізде экологиялық проблемасы қордаланбаған бірде бір өңір жоқ. Қалыптасқан аса күрделі ахуал – бізді түпкілікті әрі нақты шешімдер қабылдауға шақыратын дабыл белгісі деп есептеймін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін кең көлемді экологиялық ревизия жүргізілуі тиіс», – деген болатын.
Қазіргі таңда Алматы қаласында қалыптасқан аса күрделі экологиялық жағдайды және халық денсаулығын сақтаудың маңыздылығын басшылыққа ала отырып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастыру маңызды.
Ең әуелі екі жарым миллионнан аса халықкүнделікті тіршілік кешіп отырған осынау Алматыдай алып шаһардың ажарына көлеңке, абыройына нұқсан боп тұрған күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе – ол қала аспанында ластанған ауа бассейнінің тұман тәріздес түтінді қалың қабатқа айналған экологиялық мүшкіл хәлі.
Қалыптасқан бұл экологиялық төтенше ахуалдың пайда болу себептері БАҚ және әлеуметтік желі беттерінде осы сала мамандарының сараптамалық зерттеулері, экобелсенділердің ұсыныстар-пікірлері, қоғам өкілдерінің негізді сыны, проблеманы шешудің отандық ғалымдар ұсынып отырған тиімді жолдары мен инновациялық жобалары жайлы сан мыңдаған жарияланымдар жарық көруде.
Бұл үрдіс қала экологиясын жақсарту жолында нақты әрі түпкілікті шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр. Алайда, қаламыздың атмосфералық ауасының шамадан тыс ластануымен және бейберекет қоқыс алаңдарының көптеп пайда болуы, қаламыздың тағы басқа өзекті экологиялық проблемаларын шешуге бағытталғанжұмыстарқазіршеайтарлықтай нәтиже бермей отыр.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы мегаполистің төмен орналасқан аудандарында атмосфералық ауаның шамадан тыс ластану себептерін түсіндіру және негізгі зиянды шығарындылардың шығу көздерін анықтау талабы жиі жазатыны туралы баяндалған.
Ең алдымен атап өтерлік жайт, қаламыздың атмосфералық ауасының белгіленген шектен тыс деңгейде ластануы өкінішке қарай соңғы жылдары жиі байқалуда әрі бұл мәселе күннен күнге өзекті бола түсуде.
Департамент инспекторлары қаламыздың төменгі аудандарында (Алатау, Түрксіб, Медеу, Жетісу) кешенді шолу (мониторинг) шараларын жүргізіп, табиғи газбен қамтамасыз етілген жеке сектордағы көптеген үйлердің, әсіресе ауладағы моншаларға, жатақханаларға әлі де көмір отынын кеңінен пайдалатынына көз жеткізіп жүр.
Оған қоса, Экология департаменті тарапынан жылдың жылы мезгілдерінде қала көшелерінде автокөліктерден шығатын зиянды шығарындылардың деңгейін анықтауға бағытталған рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Оған қоса, қала аумағына кіре берістердегі стационарлық экологиялық бекеттердің қызметі де тиісті деңгейде емес. Алайда, мұндай біржолғы шаралар қала экологиясының жақсаруы жолында айтарлықтай нәтиже бермей отыр.
Осы орайда экобелсенділердің, қала берді қала тұрғындарының осы салаға жауапты мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас деңгейінің артуы мен қаламыздың өткір экомәселелерін тікелей күн тәртібіне шығаруда азаматтық белсенділігінің ұлғайып келе жатқандығын атап өту керек.
Өкінішке қарай, «Қазгидромет» ШЖҚ РМК Алматы қаласы бойынша филиалына қарасты ауа жағдайын стационарлық бақылау посттарының мәліметіне сәйкес мегаполистің төменгі бөлігінде, атап айтқанда Қарасу-2, Айнабұлақ-3, Көкқайнар, Ақан сері, Трудовик, Первомай, Әлмерек, Ұлжан, Өжет, Дархан, Алғабас, Шаңырақ, Көкмайса және т.б. елді-мекендерде ауаның ластану деңгейінің тым жоғарылылығы өте жиі анықталуда. Оның негізгі себептерінің бірі көптеген тұрғындардың көмір отынын күнделікті әлі де пайдаланатындығын айтуға болады. Бұл атқарушы органдардың аталған аудандар тұрғындарымен экологиялық таза отындарды пайдалануды жолға қою бағытында жүйелі жұмыс жасау қажеттілігін көрсетіп отыр.
Атап айтқанда, қала аумағындағы жеке сектордың көмір отынын(мейілінше қатты отындарды: ағаш, резеңке, автошиналар, ағаш жапырақтары және т.б.) пайдалануын барынша шектеу шараларын жедел түрде іске асыруқажет. Бұл қаламыздың атмосфералық ауа бассейнінің тазаруына елеулі деңгейде септігін тигізеді.
Жоғарыда баяндалған жайларды ескере отырып, Алматы қаласының аумағында табиғи газбен қамтамасыз етілген аудандарда көмір отынын пайдалануға заңды түрде тиым салу бойынша заңнамалық акті қабылдау аса маңызды.
Оған қоса, қаламызда қордаланған өзекті экологиялық проблемалардың бірі ретінде – қыс мезгілінде қала көшелерінде көктайғақпен күресу үшін тұз пайдаланудың алдағы уақытта орасан экологиялық апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін.
Атап айту керек, бұл экологиялық қауіпсіздік талаптарын бұзу болып табылады. Өйткені, ҚР Экологиялық кодексінің 238-бабы 9-тармақшасында: «Елді мекендер жерлерінде көктайғақпен күресу үшін ас тұзын пайдалануға тыйым салынады» деп анық көрсетілген. Елді мекендер аумағында ас тұзын қолдану оның топырақты-құнарлы қабатта жинақталуына және минералдану (тұздану) деңгейінің артуына әкеледі, бұл үрдіс жасыл-желек қорына кері әсер етіп, тұтастай алғанда қаланың экожүйесіне теріс әсер ететіндігін атап өткен жөн.
Оған қоса, күзгі-қысқы кезеңдерде қала көшелерін қардан тазалау кезінде аудан аумақтарында қар жинау пункттері (қар үйінділерін) ұйымдастырылады. Бұл тұз араласқан қар үйінділері топырақтың, жердің ластануына әкеледі.
Жоғарыда баяндалған жайларды және мәселенің аса күрделілігін ескере отырып, келесі бағыттарда жұмыс жүргізілгеніжөн:
1. Алматы қаласының ауа бассейнінің ластануына елеулі деңгейде әсер етуші фактор – автокөліктерден шығатын зиянды шығарындылардың қоршаған ортаға, халық денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында отандық өнім – Д.Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия» ғылыми зерттеу институты әзірлеген арнайы фильтр-катализатор құрылғысын автокөліктерге жаппай орнатуды жүзеге асыру;
2. Қала аумағындағы жеке сектордағы газдандырылмаған үйлерді, саяжайларды толық газдандыруды ұйымдастыру және Алматы облысы әкімінің аппаратымен бірлесе отырып, қала маңындағы газдандырылмаған елді-мекендерді, саяжайларды табиғи отынмен толық қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргізу;
3. Қала аумағында қозғалатын (қала маңынан қатынайтын қоғамдық көліктерді қоса алғанда) қоғамдық көліктерді жаппай газға ауыстыру және болашақта тек қана экологиялық талаптарға сәйкес келетін қоғамдық көліктер сатып алуды ұйымдастыру;
4. Республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңды және жеке тұлғалардың өз меншігіндегі автокөліктерді жаппай газға ауыстыруды заңды тұрғыда міндеттеуді ұйымдастыру және бұл бағытта азаматтарды ынталандыру шараларын (мысалы үшін, көлік салығынан жартылай босату, қала ішінде тұрақжайларға ақысыз тұру құқығын беру арқылы және т.б.) жүзеге асыру;
5. Жергілікті полиция қызметінің әкімшілік ресурсы арқылы қала аумағындағы жеке секторда (үйлерде, моншаға және т.б.) көмір, қоқыс, резеңке, автошиналарды жағушы тұрғындарды айсайын рейд шараларын тұрақты түрде жүргізу арқылы анықтап, жария түрде әкімшілік шаралар қолдануды ұйымдастыру, бұл бағытта Алматы облысының полиция департаментімен (қала маңындағы елді-мекендерде, саяжайларда) бірлесе жұмыс жүргізу;
6. Қала аумағына кіре берістердегі стационарлық экологиялық бекеттердің қызметі де тиісті деңгейде емес. Қала аумағына кіре берістерде орнатылған экопосттардың жұмысын жандыру, қалаға кіретін автокөліктердің барлығын тоқтатып, олардың экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеріп, сәйкес болмаған жағдайда әкімшілік шара қолдану арқылы қала аумағында кіргізбеу шараларын қабылдау;
7. Қаланың энергетика саласында таза баламалы электр көздерін, оның ішінде: газ, жел, күн, су қуатын пайдалануды қолға алу, көлемін ұлғайту, жандандыру арқылы «жасыл экономиканы» дамыту;
8. Экологиялық мәдениетті насихаттау, халықты экологиялық ағартушылық мақсатында ақпараттық өнімдерді (бейнероликтер, сериалдар, жарнамалық тақтайшалар және т.б.) көптеп әзірлеп, насихаттау;
9. ҚазақстанРеспубликасының 1998 жылғы 1 шiлдедегi «Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы» №258-1 Заңының 4-бабы 4-1) тармағын негізге ала отырып, қала аумағында халықтың экологиялық қауiпсiздігін және бұзылған табиғи экологиялық жүйелерін қалпына келтiрудi қамтамасыз ету мақсатында қалалық мәслихат қарауына енгізу жолымен Алматы қаласының аумағындағы табиғи газбен қамтамасыз етілген аудандарда қатты отын түрін (сондай-ақ ағаш, резеңке, автошиналар, ағаш жапырақтары және т.б.) пайдалануға тиым салу жөнінде қандай да бір құқықтық нормативтік акті қабылдау.
Алматы қаласы бойынша
Экология департаментінің мемлекеттік
экологиялық инспекторы Д.Лесбеков