Сұлтан Баймағамбетов – Ленинград майданында шайқасқан 47-ші атқыштар полкі пулемет бөлімінің командирі, Кеңес Одағының Батыры. 1920 жылы қазіргі Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Қояндыағаш ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған есімі – Сұлтанғали.
1943 жылы Синявино елді мекенінде болған шайқаста 23 жасар Сұлтан өз еркімен жау дзотын жаруға әрекет жасайды. Ол атыс орнына жер бауырлап барып, гранаталар лақтырады. Бірақ, фашистердің ату орны оқ жаудыруын тоқтатпайды. Сол кезде гранатасыз қалған ержүрек жауынгер пулемет амбразурасын кеудесімен жабады. Осылайша, пулеметтен шыққан қызыл ыстық отқа кеудесін тоса отырып, майдандас достарын аман алып қалған ержүрек батыр сол күнгі ұрыста ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен аға сержант Сұлтан Баймағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырдың туысы Дулат Балашов 2018 жылы бүгінгі Санкт-Петербургке, бұрынғы Ленинградқа сапар шегеді. Сол жолы Сұлтан Баймағамбетов қаза тапқан жерге барып, құран бағыштап, дұға жасайды.
«Туысы» деп отырғанымыз, Дулат Ғазезұлы – батырмен рулас. Шежіреге сүйенсек, Арғын руының бел баласының бірі Аманжолдан үш бала – Әлімбет, Бәйімбет, Шақшақ туады. Сұлтан Баймағамбетов Әлімбетке, есімі аталған Дулат Балашов Бәйімбетке жатады.
«Аталарымыз бірге туғандықтан, Сұлтан Біржанұлын туысым десем де артық болмас. Оның жау дзотын кеудесімен жауып, теңдессіз ерлік көрсеткенін ұлым Ислам мен қызым Данияға айтып отырамын, жалпы отбасымыз, туысқандарымыз Қостанайда жүргенде-ақ мақтаныш тұттық», – дейді Дулат.
Жігіттің әңгімесін ұйып тыңдадым. Себебі, мен 1987 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан 10 мың данамен «Батыр Сұлтан» деректі повесімді жариялаған едім.
Санкт-Петербургке жетісімен Дулат Қостанай ауыл шаруашылығы институтында бірге оқыған досы Валерий Опаринді іздеп тауып алады.
«Сұлтан Баймағамбетовтей жерлесіміз туралы мектепте оқып жүргенде естігенмін. Санкт-Петербург тұрғындары Қазақстаннан екенімізді білгенде Сұлтан Біржанұлының қаланы қорғаудағы ерлігін еске алады. Сол кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, бойымызды тәтті сезім билейді», – деп ағынан жарылыпты жерлесіміз.
Досының ілтипатына Дулат ризашылық білдірген.
Дулат жұбайы Динарамен, балаларымен Санкт-Петербургті аралап, қыдырып жүргенде мұсылмандар мешіті жұмыс істейтінін естіген. Содан мешітке барып, батырға құран бағыштаған. Жамбыл Жабаев ескерткішіне тағзым еткен. Валерий қонақтарды Киров қаласындағы Сұлтан Баймағамбетов атындағы гимназияға арнайы апарыпты. Сосын гүл шоғын сатып алып, Синявино шоқысына беттеген. Әйгілі Ленинград және Волхов майданының фашистерге соққы берген жер осы мекенде болған.
«Бауырластар қорымы көлемді екен. Мұнда 360 мың жауынгер жерленген. Сұлтан батырдың зираты қорымның нақ төрінде», – дейді Дулат Ғазезұлы.
Ермекбай ХАСЕНОВ,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері,
журналист, жазушы