Бәсі биік сирек металдар немесе еліміз «жаңа заманның мұнайынан» енші ала ма?

0
1616
Фото: rggold.kz

Таяуда өткен Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің кездесуінде Украинадағы сирек металдарға байланысты туындаған даудың дауылы әлі де саябырлаған жоқ. Екі ел басшыларының шартпа-шұрт қызыл айтысына қарамастан, Вашингтон мен Киев арасында қажетті келісім жасалуы ықтимал. Еліміздің жер қойнауы да аталмыш ресурстарға бай. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сирек жер металдарын «Жаңа заманның мұнайына» балап, Үкіметке оларды игерумен айналысуды тапсырды. Мұны қырағы АҚШ үкіметі де жақсы біледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті еліміздің шикізат нарығының түйіткілдеріне және болашағына көз жүгіртеді.

Күйректікөл учаскесінде 800 мың тоннадай сирек кездесетін жер металдары бар…

АҚШ УКРАИНАНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫНА КӨЗ ТІКТІ

Ақ үй басшысының Украинамен жасағысы келетін мәмілесі шынтуайтында сирек кездесетін металдарға ғана қатысты емес. Ол келісім тармақтарына «маңызды минералдар санаты» деп аталатын ауқымды ұғымды енгізген. Яғни, бұл санатқа көптеген металдар кіреді. Бірақ, мұның барлығы сирек кездесетін элементтер емес. Мысалы, литий, никель және уран сияқты элементтер де осы санатқа жатады. Нақтыны жалпымен бүркемелеп, бір оқпен қосақ арасында бірнеше қоян жусату көзделген.

Сирек кездесетін металдар қатарына скандий, иттрий және лантаноидтар тобы кіреді. Соңғысының ішіне 15 элемент бар: лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, эрбий, тулий, гольмий, тулий, иттербий, лютеций. Аталған элементтер өнеркәсіптің түрлі салаларында кеңінен қолданылады. Әсіресе, заманауи электрониканы жасауда маңызы зор. Смартфондар мен компьютерлерден бастап, электромобильдер мен әскери техникаларға дейінгі көптеген құрылғылар бұлардың көмегінсіз өндірілмейді. Мысалы, неодим ерекше қуатты магниттерді жасауда қолданылады. Мұндай магниттер жел генераторларының жұмыс істеуіне және дрон өндірісінде шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, маңызды минералдар санатына литий, мыс, никель, кобальт, графит, вольфрам, тантал, ниобий, сурьма, палладий, молибден және т.б. жатады. Осылардың арасында ауызға жиі ілігетіні – литий. Одан литий-ионды батареялар жасалады. Бұл қазіргі заманғы электроникада ең кең таралған аккумулятор түрі саналады. Литийге деген сұраныстың өсуін тек технологиялық прогресспен түсіндіру ағаттық. Өз кезегінде жасыл энергетикаға көшуге деген ұмтылыспен де тығыз байланысты. Қуатты аккумулятор электромобильдерден бөлек, жаңартылатын энергия көздеріне де қажет.

Ақ үй қазіргі таңда жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Креативті бағдарлама экономикалық және бюрократиялық шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді деп болжануда. Ал, жоғарыда аталған металдардың басым көпшілігі жасанды интеллект мәліметтерін өңдеп, сақтау орталықтарын құруға керек.

АҚШ маңызды минералдарды, әсіресе сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу бағытында Қытайға кіріптар. Аспан асты елі бұл салада абсолютті көшбасшы саналады. Әлем бойынша сирек металдар өндіретін өндіріс ошақтарының шамамен 60 пайызын және өңдеуші кәсіпорындардың 85 пайыздан астамын бақылауына алған. Сондықтан, Ақ үй шикізаттың балама көздерін іздеуге мәжбүр. Бейжіңнің айдауына оңайшылықпен көнбесі әмбеге аян. Сол үшін де шикізат тасымалын экономикасы мешеу, қабағынан қаймығатын елдерден тапқысы келеді. Әзірше, бар назарды Украинаға аударғанымен, Қазақстан да америкалық саясаткерлер мен инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.

Сирек металдарды өндіру Қазақстан үшін жаңа сала болғанымен, аяқ алысы жаман емес. Еліміз 2023 жылы мың тонна сирек металдарды шамамен 7 млн долларға экспорттады. 2020 жылмен салыстырғанда, экспорт көлемі төрт есеге ұлғайды. Былтырғы мамыр айындағы Сенат отырысында республикамызда жалпы құны 46 триллион долларды құрайтын әлеуетті бес мың кен орны болу мүмкін екендігі айтылды.

Есесіне, елімізде мыс өндірісі біршама жолға қойылған. Қазақстанның әлемдік нарықтағы үлесі – 4 пайыз. 2023 жылы мыс қоры бойынша әлемдік рейтингте 11-орынға табан тіредік. Өндірілу бойынша да 600 мың тоннаны кәдеге жаратып, тағы да 11-орын иелендік. Сол жылы мыс экспортынан шамамен 3 млрд доллар пайда түсті. Сонымен қатар, 2023 жылы да молибденді 121 млн долларға экспорттадық. Одан бөлек, ниобий, тантал, ванадий металдарын 40 млн долларға саудаладық.

Ел билігі бұл саланың болашағы жарқын екенін жақсы түсінеді. Сәйкесінше, шетелдік әріптестер де Қазақстанның әлеуетін бағамдап отыр. Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты әлі Ақ үйге шақырмаса да, қос тараптың өкілдері бірқатар маңызды келісімдерге қол қойып үлгерді.

СИРЕК МЕТАЛЛ ӨНДІРІСІНДЕГІ МҮМКІНДІГІМІЗ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда да бағалы қазбалардың қоры жетерлік. 2024 жылғы жағдай бойынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті елде 6 түрлі металдың базасы көп екенін жариялаған, олар – вольфрам (2,4 млн тонна), молибден (1,1 млн тонна), литий (75,6 мың тонна), тантал (4,6 мың тонна), ниобий (28,1 мың тонна) және бериллий (68,8 мың тонна). Алайда, бұл сандар республика аумағындағы сирек металдар қорының шегін білдірмейді. Әлі де зерттеліп, ашылып жатқан кен орындары өте көп. Мысалы, былтыр мамырда Геология комитеті ең негізгі 15 қор Түркістан, Маңғыстау, Қостанай облысында екенін жариялаған. Ал, көп ұзамай 2024 жылдың қазанында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металл, соның ішінде вольфрам, молибден және литий қоры бар 100-ден астам кен орны анықталғанын хабарлады. Алдағы уақытта литий мен басқа да сирек металдарға сұраныс екі есе артады деп болжануда. Яғни, бағасы да өседі. Әсіресе, кобальт металы 70 пайызға қымбаттауы мүмкін.

Өнеркәсіп министрлігі 2026 жылға дейін 2 млн шаршы шақырымнан астам аумаққа барлау жүргізбек. Әзірге Қазақстан әлемдік экономика үшін ең маңызды 34 металдың 19-ын өндіріп жатыр екен.  

2024 жылдың желтоқсанында аталған ведомство тағы 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, соның ішінде Күйректікөл учаскесінің қорында лантанидтерді қоса алғанда 800 мың тоннадай сирек кездесетін металдар барын жария етті. Осылайша, жалпы еліміздің минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазбалардың кен орны есепке алынды. Алдағы уақытта кен орындары мен анықталатын сирек металл қоры көбейе берері даусыз.  

Былтыр қарашада Парижде Қазақстан мен Франция арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған сындарлы ресурстар мен материалдар саласындағы стратегиялық әріптестіктің Жол картасына қол қойылды. Биыл Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогенің айтуынша, француз компаниялары қазақстандық геологиялық нарығына шықпақ. 

Иә, шапса – аттың тұяғы, ұшса – құстың қанаты талатын кең байтақ жерімізде Менделеев кестесіндегі 99 элементке малынып отырғанымыз мақтаныш. Ал, соны ұқсата алмау күйініш екені тағы рас. Жеті қат жердің астындағы байлықты жия алмай, кен орнын зерделеуде кенже қалған жайымыз бар. Бірақ, ештен кеш жақсы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында маңызды минералдарды өндіру саласын дамытуды тілге тиек етті.

«Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан, ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі. Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 млн шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 млн 200 мыңға жеткізу. «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында болашақ инвесторларды үш жылға салықтан босатуға кепілдік беретінін айтты. 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ол бойынша инвесторлар үш жылға салықтан босатылды. Маңызды құжат 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздейді. Осылайша, Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары дайындалды. Онда алдымен барлау және өндіріс жұмыстары жүргізілетін кен орындары көрсетілген. Сонымен қатар, өндірілетін металдар тізімі түзілді. Олардың қатарында ванадий, титан, цирконий, тантал, ниобий, литий, молибден, вольфрам, бериллий және де сирек металлдар бар. Аталған элементтердің кен орындары да анықталып үлгерді. Мәселен, ваннадий – Бала-Сауысқандық, Құрымсақ, титан мен цирконий – Қараөткел, Обуховская, Шоқаш, Шпаковка, Құмкөл, Сабындыкөл, Прогнозное, Горьковское, Березовское, Заячья, Дружба, Ақеспе кен орындарынан анықталды. Ал, тантал мен ниобий қоры – Жоғарғы Ырғыз, Кварцевое, Жоғарғы-Баймурзин, Қалай-Тапқан базаларынан табылды. Сондай-ақ, литийдің кені де осы қатардағы нысандарға тиесілі. Ақбұлақ, Құндыбай, Жоғары Еспе, Ақдала, Талайрық, Томақ, Тайбағар сынды шикізаттық базалардың қыртысы сирек кездесетін металдарға бай екендігі белгілі болды.

Қазақстанда сирек кездесетін металдардың перспективалы аумақтары табылды. Қазіргі уақытта сирек кездесетін металл өндірісін дамыту үшін 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Ал, барлау жұмыстарына екі бірдей шетелдік компания тартылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында сирек кездесетін жер металдары барлауды шетелдік «Cove Capital» және «HMS Bergbau» сияқты жеке компаниялар жүргізетінін мәлімдеді.

«Салаға инвестиция тарту мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін жер металдарының баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізуде», – деп толықтырды министр.

МАЙЛЫ ЖІЛІКТІҢ БАСЫ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Жоспар бойынша төрт жылдың ішінде салаға құйылатын инвестиция көлемі мен өндіріс мөлшері 40 пайызға артуы тиіс. Бұған қоса, билік кен орындары жайлы мәліметтердің құпиялығын алып тастауды көздеп отыр. Әлеуетті инвесторларды қажетті ақпаратпен қанықтырып, сенімдерін оятпақ ниетте. Сондай-ақ, мұның пилоттық жоба ретінде сынақтан өткенін де айтқан абзал. Үкімет 2021 жылы литий қорының мәліметтерін ашық жариялап, инвесторлардың назарына ұсынды. Нәтижесінде, екі кен орнына геологиялық барлау жүргізіп, литий өндіруге еуропалық компаниямен шарт жасалынды.

Нарықтың жаңа толқыны Қазақстанның желкенін керіп, тың мүмкіндікке жол ашты. Батыс елдері стратегиялық маңызды минералдардың болашақ қайнары ретінде Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдеріне ерекше қызығушылық таныта бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі жыл бұрынғы Жолдауынан кейін шамамен екі апта өткен соң, Орталық Азия – АҚШ саммиті болды. Оған алты мемлекеттің басшылары қатысты. Жиынның әлқиссасы әдеттегідей ынтымақтастықты арттыру жайында басталды. Алайда, бірлескен декларацияда жер қойнауындағы ресурстар аса өзекті тақырыпқа айналды. Маңызды минералдардың әртараптандырылған, тұрақты әрі сенімді тасымалдау тізбектерін құру, сондай-ақ шикізатты өндіру мен өңдеудің жаңа технологияларын дамыту қажеттілігі атап көрсетілді. Болжам бойынша, саммиттегі басты мақсаттардың бірі де осы тақырып болған. Ал, былтыр ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаменті С5+1 форматында арнайы жиын ұйымдастырып, маңызды минералдардың жай-жапсарын талқылауға арнады. Аталмыш бас қосу «Маңызды минералдар жөніндегі диалог» деп аталды. Қазіргі таңда америкалық «COVE Capital» компаниясы еліміздегі сирек металдар кен орындарына барлау жүргізуде.

Еуропа елдерінің де Қазақстанға аңсары ауа бастады. Өткен жылдың наурызында Қазақстан мен Ұлыбритания өкілдері маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды. Айтпақшы, 2023 жылы Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында аталмыш бағытты дамытуға арналған әріптестік форум өтті.

Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапарында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, шетелдік компанияларды осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Бүгінде біз Еуропалық Одаққа мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады», – деді Президент.

Күні кеше Қазақстанға және Орталық Азияның өзге де елдеріне Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикела келді. Сапарының мақсаты – маңызды минералдар жөніндегі келісімге қол қою. Келісімнің шарттары әзірге жарияланбады. Дейтұрғанмен, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың жоғары мәртебелі өкіліне ілтипат білдіре отырып, еліміз маңызды сыртқы экономикалық және инвестициялық серіктес ретінде ұйыммен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастыққа басымдық беретінін айтты.

– Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы негізгі әріптесі болып қала береді. Cеріктестікті кеңейту және ынтымақтастық туралы келісім біздің көпжоспарлы өзара ықпалдастығымызды тереңдетудің берік негізін қалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Йозеф Сикела кездесу үшін Президентке ризашылығын жеткізіп, Еуропалық Одаққа ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

– Халықаралық серіктестік жөніндегі комиссар ретінде алғашқы сапарыма баса мән беремін. Орталық Азияның бес еліне келу жөнінде шешім қабылдауым бекер емес. Бұл – Еуропалық Одақтың Қазақстанмен және аймақтың басқа мемлекеттерімен анағұрлым терең әрі орнықты байланыс орнатуға ниетті екенін айқын көрсетеді, – деді еурокомиссар.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Йозеф Сикела көлік дәліздерін, логистикалық инфрақұрылымды, орнықты энергетика мен цифрлық шешімдерді дамыту бойынша қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан және жаңа экономикалық жобаларға ден қоя отырып, екіжақты күн тәртібінің нақты мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық аренадағы, соның ішінде «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматы аясында әдіс-тәсілдерді одан әрі үйлестіруге дайын екендіктерін растады.

Әйтсе де, АҚШ пен Еуропалық Одақ елдері Қытайдан әлдеқайда артта келеді. Бейжің үкіметі ың-шыңсыз арбалап та, дорбалап та қамбасын молайтуда. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда өндірілген мыстың 91 пайызын, молибденнің 68 пайызын импорттап үлгерген.

Маңызды минералдардан күтілетін пайда туралы есептеулер кім-кімді болсын есінен айырып, қанын қыздырып, сілекейін шұбыртады. Шенеуніктеріміз бөріктерін аспанға атып, «алақайлап» әлемдік алпауыттармен келісімдер жүргізуде. Бірақ, бұдан қай тарап ұтады? Майлы жіліктің басы кімге бұйырмақ? Саудаға төселген, әккі монополистер ел байлығын оңай қолды етуі мүмкін. Күдігімізді растауға мұнай мен газ саласында болған жайттарды еске алу жеткілікті.

Тағы бір айта кетерлігі, кен өндіруші компаниялар экологияға бас қатырмайды. Жергілікті инфрақұрылымды дамытуға күш салмайды. Қысқасы, келісімшарт тең дәрежеде жасалғанның өзінде, ондағы талаптардың орындалуы екінші мәселеге айналмақ. Тағы да айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылмау үшін қырағылық қашан да қажет.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Дамыған елдер кен өндіретін кәсіпорындарын әлсіз әрі тәуелді мемлекеттерде ашуға мүдделі. Өйткені, үшінші әлем елдерінде (Қазақстан қазір «орта держава» елдер тізіміне енді) жұмыс күші арзан. Сондай-ақ, экологиялық және еңбек заңнамасына қоятын талаптары да жеңіл. Бұл – шығындарды азайтып, пайданы еселеудің ең төте жолы. Дональд Трамп Владимир Зеленскиймен өткен кездесуінде осы шындықты ашық мойындады. Ол АҚШ-тың да сирек металдардың мол қоры бар екенін атап өтті. Вашингтон шикізатын өз жерінде емес, Украинада өндіруді қалайды. Себебі, онда экологиялық шектеулер әлдеқайда әлсіз. Трамптың сөзінен аңғарғанымыз, қатаң экологиялық нормалар өндіріс қарқынын тежеп, шығынға батырады. Сондықтан, ірі державалар өз аумағын ластамай, экологиялық зардапты әлсіз елдерге артқанды жөн көреді. Бірақ, бұл сақтықты ұмытып, арқаны кеңге салу дегенді білдірмейді.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here