Жаңа жылда жаңа бюджетті игеру басталып та кетті. Биылғы жылы республикалық бюджеттің шығысы – 15,6 трлн теңге, кірісі – 12,8 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Яғни, мемлекеттің кірісінен шығысы көп болғандықтан, барыс жылында республикалық бюджеттің «тесігін» бітеуге қосымша 2,9 трлн теңге керек. Өкінішке қарай, бюджет тапшылығы жылда қайталанатын жағдай. Өйткені, еліміздегі 17 өңірдің 13-і өз-өзін «асырай» алмайды. Сөйтіп, республикалық бюджет дейтін «ортақ қазанға» қол салады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін еліміздегі жәрдем беретін және алатын өңірлерге тоқталады.
АЛҒАНЫНАН БЕРГЕНІ КӨП ДОНОР АЙМАҚТАР
Әлемдегі кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай артта қалған өңірлері болады. Бұл бір аймақтың тұрғындары пысық, екінші өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Оның үстіне экономикасы шикізатқа тәуелді әрі жері көп, халқы аз Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы да заңдылық та шығар.
Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм ҚР Бюджет кодексінде нақты жазылған.
Әдеттегідей, биылғы жылы да елдегі 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың ішінен тек төрт донор аймақ республикалық бюджетке алғанынан көбірек береді. Айталық, барыс жылы екі облыс пен республикалық маңызы бар екі қаланың бюджеттерінен республикалық бюджетке 490,4 млрд теңге көлемінде қаржы алу көзделіп отыр. Бұл донор аймақтар – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары. Елорда бұл қатарға 2016 жылы қосылды. Әйтсе де, бастапқыда бас қаланың бюджетке берері жоғарыда аталған үштікке қарағанда азырақ болды. Дегенмен, Нұр-Сұлтанның шығысынан кірісі көп өңірлердің қатарына енуі қуантады. Бүгінде Елорда Маңғыстау облысының алдына шықты.
Қазақстанның жағдайында барлық донор аймақтарды табыс принциптеріне қарай үш топқа бөлуге болады. Бұл:
– қазба байлығы көп Атырау мен Маңғыстау облыстары;
– экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған Алматы қаласы;
– ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы.
ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы Алматыдан ең көп ақша алынды. Оның көлемі 115,3 млрд теңгені құрады. Оңтүстік астана 2021 жылы республикалық бюджетке 190,1 млрд теңге құйды. Ал, биылғы жоспар бойынша ең ірі мегаполис «ортақ қазынаға» 211,5 млрд теңге салады. Дегенмен, бұл көрсеткіш бойынша Алматы 2020 жылы екінші орынға түсті. Былтыр да, биыл да солай. Өйткені, оңтүстік астананың алдына мұнай астанасы шықты. Атырау облысы 2022 жылы республикалық бюджетке 220,9 млрд теңге аударады. Бұл 2019 жылға қарағанда екі есе артық көрсеткіш. Оны мұнайдың көп өндірілуімен түсіндіруге болады.
Ел астанасы 2020 жылы Маңғыстау облысын артқа тастап, донор аймақтардың алғашқы үштігіне енді. Әйтсе де, бұл Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық көрсеткіштерінің өскенін білдірмейді, керісінше сол жылы Маңғыстау облысының табысы айтарлықтай кеміп кетті. Өйткені, Елорданың республикалық бюджетке жылда аударып жүрген қаржы көлемінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Былтыр ол көрсеткіш – 34,1 млрд теңге болса, биыл бас қаладан 38,4 млрд теңгені республикалық бюджетке алу көзделіп отыр. Ал, Маңғыстау облысы 2020 жылға қарағанда есін жиса керек. Республикалық бюджетке 2020 жылы – 8,2 млрд теңге, 2021 жылы – 13,4 млрд теңге құйған Маңғыстау облысы биыл бұл көрсеткішті 19,4 млрд теңгеге дейін жеткізбек.
Сөйтіп, былтыр донор аймақтар республикалық бюджетке 451,4 млрд теңге берді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы донор аймақтардан қаржыны алу көлемі 490,4 млрд теңгеге дейін жетеді. Бірақ, коронавирустың экономикалық салдарынан бұл жоспардың толықтай орындалмай қалу қаупі де бар. Әрине, республикалық бюджеттің қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Тәуелсіздіктің тал бесігі саналатын оңтүстік астана елдегі барлық салық түсімдерінің бесінші бөлігін береді. Демек, мемлекет шығындарын жабу үшін Үкімет мұнай өндірісінен басқа кірістерге де тәуелді. Егер салық түсімдерін тереңірек қарастыратын болсақ, онда Алматы қаласының барлық салық түсімдерінің жартысы сауда мен қызмет көрсетуден түседі. Демек, елдің өзге облыстары төрт донор аймаққа тәуелді болмауы үшін кәсіпкерлікті үйренулері керек. «Батыстағыдай (Атырау мен Маңғыстау облыстарын меңзеп отырмыз) мұнай-газымыз жоқ» деу орынсыз. Себебі, донор аймақтар көбейсе ғана ел экономикасы да еңсе тіктейді.
ДОТАЦИЯЛЫҚ ӨҢІРЛЕР |
||||||
№ | Өңір | 2018 | 2019 | 2020 | 2021 | 2022 |
01 | Түркістан облысы | 392,3 | 402,3 | 379,9 | 391,6 | 402,3 |
02 | Шығыс Қазақстан облысы | 163,1 | 163,9 | 215,0 | 217,4 | 217,0 |
03 | Жамбыл облысы | 158,0 | 161,9 | 194,6 | 193,9 | 194,4 |
04 | Қызылорда облысы | 137,1 | 137,1 | 174,4 | 176,4 | 184,2 |
05 | Алматы облысы | 156,0 | 153,7 | 200,7 | 190,9 | 180,3 |
06 | Ақмола облысы | 104,0 | 104,4 | 144,3 | 159,7 | 160,2 |
07 | Шымкент қаласы | – | – | 131,6 | 138,3 | 142,6 |
08 | Солтүстік Қазақстан облысы | 95,7 | 96,3 | 142,6 | 141,5 | 141,8 |
09 | Қостанай облысы | 108,9 | 110,1 | 140,0 | 135,6 | 133,5 |
10 | Қарағанды облысы | 103,9 | 100,7 | 142,5 | 134,3 | 128,5 |
11 | Ақтөбе облысы | 56,2 | 55,8 | 108,4 | 110,1 | 111,1 |
12 | Батыс Қазақстан облысы | 50,8 | 51,3 | 74,3 | 75,3 | 75,9 |
13 | Павлодар облысы | 46,8 | 46,1 | 55,4 | 54,9 | 52,3 |
ДОНОР АЙМАҚТАР |
||||||
01 | Атырау облысы | 98,0 | 105,1 | 207,3 | 213,7 | 220,9 |
02 | Алматы қаласы | 102,9 | 115,3 | 171,7 | 190,1 | 211,5 |
03 | Нұр-Сұлтан қаласы | 20,4 | 30,3 | 32,8 | 34,1 | 38,4 |
04 | Маңғыстау облысы | 31,3 | 35,3 | 8,2 | 13,4 | 19,4 |
Дереккөз ҚР Қаржы министрлігі Кесте Маржан Жамбай |
КІРІСІНЕН ШЫҒЫСЫ КӨП ӨҢІРЛЕР
Қаржылай көмек алатын аймақтар бір қарағанда тең. Биылғы жылы дотация кейбір өңірлер үшін 50 пайызға дейін өседі. Әрине, бұл қуанарлық жағдай емес, себебі ешбір аймақ дотациядан донорлыққа өтпейді. Ал, елдің барлық облысы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары сияқты өз-өзін «асырай» алса, тіпті пайдаға кенелетін болса, онда Қазақстан дамыған отыз елдің ауылына жақындай түсер еді. Бірақ, соңғы жылдардағы субвенция көлемін қарасақ, республикалық бюджет дегенде қалған 13 өңірдің құлқыны кеңіп, араны ашылып келе жатқанын байқауға болады. Биыл республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге субвенция бөлінеді. Мысалы, қосымша қаржыға мұқтаж 13 өңірдің үшеуі ғана (Алматы, Қостанай, Павлодар облыстары) биыл былтырға қарағанда республикалық бюджеттен сәл аздау қаржы алады.
Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын аймақтардың көшін әдеттегідей Түркістан облысы бастап тұр. Болжам бойынша биылғы жылы аталған облыс 402,3 млрд теңге субвенция алады. Былтыр екі млн халқы бар облыс республикалық бюджеттен 391,6 млрд теңге алған еді. Ал, республикалық маңызы бар үш қаланың бірі болған Шымкентке «ортақ қазынадан» биыл 142,6 млрд теңге тиесілі.
Бұл қаржылай көмекті көп алатын Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Жамбыл облыстарын қосқандағымен тең көрсеткіш. Бірақ, көмекті тұрғындар санына бөлетін болсақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мемлекет үшін аса қымбат аймақ болмай қалады. Өйткені, бұл көрсеткіш бойынша бәрінен жоғары қаржылай көмекті Қызылорда (184,2 млрд теңге), Солтүстік Қазақстан (141,8 млрд теңге) облыстары алады.
Дегенмен, ең көп субвенция алатын Түркістан облысынан кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан (217 млрд теңге) мен Жамбыл облыстары (194,4 млрд теңге) жайғасқан. Ал, ең аз көмек алатын аймақтарға Павлодар (52,3 млрд теңге) мен Батыс Қазақстан (75,9 млрд теңге) облыстары жатады.
Бюджет заңының көрсетуінше, дотация алатын облыстар қаржымен өздерін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысындағы салық түсімдері бар болғаны 59 млрд теңгені құраса, облыс сол жылы «ортақ қазынаның» 402,3 млрд теңгесіне ортақтасқан. Яғни, республикалық бюджеттен өз тапқан табысынан 343,3 млрд теңгеге артық алды. Жамбыл облысының да көмекке зәрулігі сондай. 2019 жылы тапқаны – 56 млрд теңге, алғаны – 161,9 млрд теңге. Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары да салық түсімінен артық дотация алады. Қалған аймақтар салықпен салыстырғанда дотацияны азырақ иеленеді.
Дүниежүзілік банктің экономикалық сарапшылары биылғы жылы да әлемде шикізат тауарларына сұраныс айтарлықтай азайып, олардың бағасы құлдырайтынына болжам жасады. Қазірдің өзінде мұнай бағасы тұрақсыз болып тұр. Мысалы, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет мұнай бағасының барреліне 60 доллар деңгейінде болжанды. Яғни, мұнай бағасы бұдан төмендейтін болса, онда бюджет тапшылығы арта түседі. Бұл – бюджетке кері әсер ететін бірінші фактор. Екіншіден, коронавирусқа байланысты әлем елдерінің тауар айналымы азайды. Карантинге байланысты 2020-2021 жылдары донор аймақтарда, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бюджетке салық төлейтін шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысы тоқтады. Демек, бұл факторлар экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан сияқты елдердің тұрмысына кері әсер еткені сөзсіз. Содан республикалық бюджетте қаржы жетіспеушілігі орын алып, кейбір жоспарлардың іске аспай қалғаны да рас.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекеттік бюджетті теңестіру әлем елдерінің көбінде бар. Сондықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Оның үстіне бұл тақырып қозғалғанда «Кім кімді «асырап» жүр?» дейтін сұраққа жауап іздеудің өзі артық. «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақ үшін бұл таңсық болмауға тиісті. Тек айтпағымыз, бүгінгідей нарық уақытында Қазақстанның кез келген аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Дотацияға күні қарап отырған барлық өңір өздерінің әлеуетін ұтымды пайдаланғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алады.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ