13 тамызда Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібекұлы Жәнібеков 101 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ғасыр жасаған қайраткермен қоштасу рәсімі майдангер тұрған үйдің маңында өтіп, ардагерді жерлеу рәсімі «Кеңсай» зиратында барлық әскери құрметпен өтті. Қаралы күнге «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин, Алматы гарнизонының, Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.
Шангерей Жәнібеков 1924 жылы 15 маусымда Қостанай облысының Денисов ауданына қарасты Қарпық ауылында дүниеге келген. Ерте жасында жетім қалып, туыстарының қолында өскен. Қостанай медициналық училищесінде білім алып, 1942 жылы әскери фельдшер ретінде Кеңес армиясының қатарына шақырылды. Жараланған сарбаздарға медициналық көмек көрсетіп, Брянск, Степный және Екінші Украин майдандары қимылдарына қатысты.
Ғасыр жасаған ардагер Белгород, Харьков, Полтава, Кременчугты азат етуге, сондай-ақ Корсун-Шевченков және Ясско-Кишинев операцияларына қатысты. Румыния, Венгрия, Чехословакия және Аустрия аумағындағы неміс-фашистік әскерлерге қарсы шайқастарға қатысты.
Шәңгерей Жәнібеков ІІ дәрежелі Отан соғысы, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Антифашистік күреске белсенді қатысқаны үшін» (Чехословакия) медальдарымен марапатталды. Алматы қаласының Құрметті азаматы болды.
Соғыстан кейін Шәңгерей Жәнібекұлы еңбек жолын жалғастырып, партия органдарында жауапты қызметтер атқарды. 1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды, зейнеткерлікке шыққаннан кейін шетелдегі қазақтармен мәдени байланыстар жөніндегі республикалық қоғамдық және Қазақ соғыс және еңбек ардагерлерінің республикалық кеңесін басқарды.
Адамның қоғамдағы орны еңбегімен айқындалады. Халқымыз «Еңбек оздырады, жалқаулық тоздырады» деп тегін айтпаса керек. Оған Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде мәдениет, білім, денсаулық, сыртқы істер саласы қызметтерін үйлестіріп, басшылық ету жұмыстары тапсырылды. Ол басшылық еткен саласында әр жұмысты соңына дейін жеткізуге оң ықпал етіп, шыдамдылық, төзімділік сияқты қасиеттерімен ерекше көзге түсті. Адамның ойлары, сезімдері, өмір құндылықтарын, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыратынын үнемі қадағалап отырды. Ұлтымыздың рухани мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа берілетін негізгі құндылықтары – адалдық мейірімділік, шыншылдық, жауапкершілік пен еркіндік секілді қасиеттерді көрсетумен тәрбиеге ықпалын тигізетінін үнемі назарында ұстады.
Халқымызда «Жақсыдан – шарапат» деген сөз бар. Шәңгерей Жәнібекұлы өзінің өмірімен, бойындағы бар табиғатымен халыққа қалай қызмет көрсету қажет екенін ісімен дәлелдеген байсалды қайраткер-тұлға.
Өткен айда қарт майдангер 100 жасқа толған еді. Алматы әкімі Ерболат Досаев ақсақалға арнайы барып (суретте), Мемлекет басшысының сәлемі мен құттықтауын, жылы лебізін жеткізген болатын. Арада бір ай өткенде ғасыр жасаған қайраткердің жүрегі тоқтады.
Шәңгерей Жәнібековтің өмір жолы – батылдықтың, жанқиярлықтың және Отанға адалдықтың үлгісі. Оның фашизмді жеңуге және Қазақстанның соғыстан кейінгі дамуына қосқан үлесі өз ісіне және Отанына деген өшпес адалдықтың жарқын символы ретінде халық жадында қалады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!
Қазаның арты қайырлы болғай!
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының төрағасы,
«Qazaq» газетінің құрылтайшысы,
«Марсель групп» компаниясының президенті