Ұстаз ұлағаты

0
3584

Ұрпағымызды парасатты, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар, елін, жерін сүйетін, ибалы да инабатты, қайырымды, ұлтжанды ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне бағыттауымыз керек. Өскелең ұрпақты биік мақсаттарға жетелеу, өз бойында бүкіл азаматтық құндылықтарды жинақтаған, өз өміріне өзі басшылық жасап, өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру – бүгінгі мектептің негізгі міндеті. Осы міндетті іске асыру тетігі ұстаздар қауымына байланысты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздар қауымы болашақ ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жауапты мамандар. Ұстаз – ол балаға білім  нәрін себетін, ақылын айтып, ілім үйрететін жан. Сондықтан да, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында деп бекер айтылмаса керек.

Кейбір адам белгілі бір мамандықты жүре меңгеріп, қыр-сырына үңіліп, өмірінің соңына дейін сол мамандыққа адалдығын танытады. Кей адамның сөйлеген сөзінен, жүрген жүрісінен, қылықтарынан қандай саланың маманы екенін жазбай танисың. Ондайда «Алланың өзі осындай мамандыққа жаратқан екен» деген ой түйесің. Әр нәрсенің хас шебері болатыны рас.

Иә, дәл солай, мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу – оңай мамандық емес, қиыны мен қызығы қатар жүретін қасиетті мамандық. Осынау мамандықтың иесі болған Амиренова Рауза Қасымқызы 1959 жылы 27 мамырда Алматы облысы, Андреев ауданы, Көлбай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң сол кездегі астанамыз болған Алматы қаласындағы Шет тілдер педагогикалық институтына (АПИИЯ) оқуға түседі. Яғни, 1976 жылы аталған институтқа қабылданып, оны 1981 жылы неміс, ағылшын тілдерінің мұғалімі мамандығы бойынша өте жақсы аяқтап, ең алғашқы ұстаздық жолын Андреев (Қабанбай) ауданындағы Надеждовка орта мектебінен бастады. Қызмет бабына байланысты келесі жылында Көлбай ауылындағы Комсомольск орта мектебіне ауысып, сол өзі оқыған мектебінде табандай 10 жыл ұстаздық өмірін өткізді.

«Жас келсе іске» демекші, институт қабырғасында алған білім нәрін бала бойына себе білді, шәкірт тәбиелеуде аянбай тер төгіп, тынымсыз еңбек етуінің арқасында қаншама шәкірттердің жүрегіне жол тауып, олардың алғысына бөленді. Алғаш сол мектепке келгенде 4-сынып жетекшілігін қабылдап алып, соларға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, енді ғана көктеп келе жатқан жас бұтақтың қисаймай өсуіне себепші болатын күтуші болды, әр шәкіртінің жүрегіне жол тауып, олардың бойына даналықтың, жақсылықтың, ізгіліктің дәнін себе білген ұстаз болды. Өзі сынып жетекшілік еткен шәкірттерін ұстаз 1992 жылы мектеп қабырғасынан ұшырып, ұзақ жолға қимастықпен шығарып салды. Сол шәкірттері мектеп қабырғасынан ұшқаннан бері 29 жыл өтсе де, апайларын ұмытпай 5, 10, 15, 20, 25 жылдық басқосуларында төріне отырғызып, құрметтей білді, әлі күнге дейін апайларымен хабарласып, амандығын, хал-жағдайын сұрап тұрады. Бұл дегеніңіз әрбір шәкіртінің ұстазына деген ізгі ниеті, ықыласы, сүйіспеншілігі мен құрметі болса керек.

1992 жылы Рауза апай отбасы құруына байланысты Сарқан ауданы Қарабөгет ауылына келіп, сол жылы ауылымыздағы Әл-Фараби атындағы орта мектебіне неміс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Аталған мектепте де өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, мамандығын шын жүректен сүйіп істейтін кішіпейіл де қарапайым ұстаз Рауза Қасымқызы 20 жылдай неміс тілінен дәріс берсе де, өмірдің ағымына қарай тез икемделіп, шәкірттерге ағылшын тілінен сабақ берді. Институт қабырғасында өте жақсы оқыған ұстаз өзінің екінші тілін оқытуда да еш қиналған емес. Бөгде тілді үйрету жаңа бір құрлыққа алып баратын кеме секілді, аталған тілдің қыр-сырын терең түсіну үшін көп оқыды, көп ізденді. Өзі ғана оқымай артынан ерген шәкірттерін де сол бағытқа итермеледі. Мұғалімнің білімі тереңдесе, шәкірті шыңдалады.

Әрбір баланың пәнге деген қызығушылығын ояту ол мұғалімнің қабілеттілігінде деп ойлаймын. Осы орайда, «Жай мұғалім хабарласа, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» демекші, Рауза апай ерінуді білмейтін, шаршағанын сезбейтін, уақытпен санаспайтын, өзінің бар білімін оқушыға үйретуден еш жалыққан емес, оқушылары да ұстаздың білгенінен де көп білсем екен деп армандайтын…

Енді осындай жауапкершілігі мол, қиын да қызықты жұмысты атқарған ұстаз  еңбегінің біраз нәтижесіне тоқталып өтсем деймін.

2005 жылы аудандық білім бөлімінің жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, 2006 жылы шет тілдер пәні мұғалімінің білім байқауында шығармашылық нәтижеге жеткені үшін Алғыс хатпен, 2007 жылы оқу-тәрбие саласында жеткен жетістіктері үшін Құрмет грамотасымен,  2010, 2013, 2014, 2015, 2016 жылдары аудандық білім бөлімінің, аудандық кәсіподақ ұйымының Мақтау грамоталарымен, 2006, 2007, 2008, 2009 жылдары Үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі болып Мақтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, ұстаз өзі еңбек еткен жылдары халықаралық «Инфоурок», «Мега Талант», «КИО» сияқты республикалық интернет олимпиадаларға өзі де, оқушылары да үзбей қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

«Жақсы мұраптың артынан су ереді, жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді» дегендей, беретін пәні күрделі болса да, ұстаздың қаншама оқушылары пән олимпиадасына қатысып, талай жүлделі орындарды иеленіп отырды, атап айтар болсам, 2007 жылы 11-сынып оқушысы Идрисова Динара 2-орын, 2008 жылы 8-сынып оқушысы Құдаш Еркебұлан 1-орын, 9-сынып оқушысы Қаскеленова Мадина 2-орын, 2009 жылы 11-сынып оқушысы Атеева Әсем 2-орын, 2010 жылы 10-сынып оқушысы Жумасилова Меруерт 2-орын, 11-сынып оқушысы Бижанова Гүлім 3-орын, 2011 жылы 11-сынып оқушысы Жумасилова Меруерт 2-орын, 2012 жылы 11-сынып оқушысы Бейсембай Ажар 2-орын, 10-сынып оқушысы Мұқият Ләззат 3-орын, 2013 жылы 10-сынып оқушысы Бейсембаева Мадина 2-орын, 2014 жылы 9-сынып оқушысы Қанатова Аружан 2-орын, 10-сынып оқушысы Сейдіғалиева Ажар 3-орын, 2015 жылы 8-сынып оқушысы Апсеит Маржан 2-орын, 9-сынып оқушысы Саятханқызы Айсана 2-орын, 10-сынып оқушысы Каналова Әсем 3-орын, 2016 жылы 9-сынып оқушыларына арналған «Best of the best» атты пән олимпиадасында оқушылары Апсеит Маржан, Нұрбосын Әділет Алғыс хат, 2018 жылы оқушылары Есжан Айзада, Даулетханова Арияна Алғыс хат, 2018 жылы пән олимпиадасында 10-сынып оқушысы Серікхан Ділдә 3-орын, 2019 жылы 11-сынып оқушысы Каналбекова Жанбота 2-орынды иеленді.

2019 жылы «Талаптылар» үздіксіз даму орталығымен ұйымдастырған жалпы Республикалық байқауға оқушылары Жұмабек Аманжол, Елтай Ерке, Жумасил Нұрсултан, Төлеуханқызы Ақерке қатысып, «My family» атты шығармашылық байқауда І-Дәрежелі дипломдар, осы байқаудың «Мәнерлеп оқу»  номинациясында Каналбекова Жанбота үздік деп танылып І-Дәрежелі дипломмен марапатталды, сондай-ақ «Жас өркен» білім дамыту орталығы ұйымдастырған республикалық байқауға «Өз ойым» атты номинацияға оқушысы Қалимолда Аружан қатысып, І-Дәрежелі диплом иегері атанды. Ағылшын тілі пәнінен Республикалық Виртуалды Олимпиадаға оқушысы Төлеуханқызы Ақерке мен Марат Ырыс қатысып, олар І, ІІ- Дәрежелі дипломдарға ие болды. Осындай жарыстарға оқушы дайындап қатыстырғаны үшін ұстаз Алғыс хаттармен марапатталды. 2019 жылы ұстаз Ziatker.KZ – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің порталында авторлық материал жариялағаны үшін Сертификат, Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, ұстаздың ғылыми-әдістемелік басылымдарда, атап айтқанда, «Ағылшын тілі мектепте», «Ағылшын тілін оқытудың әдістемесі» атты методикалық журналдарда, «Орта мектеп жаршысы», «Ел-назар» республикалық журналдарда, «Білім шапағаты» республикалық газетте қаншама сабақтары жарық көрді.

Адам баласының табиғатына әр қырлы қасиет жазылса керек. Рауза апайымызды тағы бір қырынан танитынымыз – ол кісінің қаламгерлік қасиеті. Оған куә әр жыл қорытындысы бойынша «Үздік мақала жіберуші» номинациясын жеңіп алып отырды. Әр жылда ол кісінің кемінде 4-5 мақаласы жарыққа шығып отырды.

Тағы бір айта кететінім, ол кісі кішіпейіл де қарапайым, өз еңбегін ешқашан  мақтан еткен емес, керісінше жанындағы ұстаздардың еңбегін бағалап, сол ұстаздардың еңбек жолдарын, еңбектерінің нәтижелерін дәріптеп, газет-журнал беттеріне мақалаларын жариялады. Атап айтар болсам, математика пәнінің мұғалімі Тоқмолдина Айкүміс апай туралы «Өз уақытын аямаған…», химия пәнінің мұғалімі Ақанова Шарбану апай туралы «Жаныңда жүр жақсы адам», еңбек және музыка пәнінің мұғалімі Ченемисова Шолпан апай туралы «Шәкірттері бас иетін, ұстазым көп қасиетің!», биология пәні мұғалімі Ахметова Қарлығаш апай туралы «Білікті әдіскер, қамқор ана», бастауыш сынып мұғалімі Оразбаева Шара апайға «Бастауышым – балбұлағым!», қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Омерзакова Шынар, Мерекебаева Сәуле апайларға «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты мақалаларын арнап жазды. Аталған мақалалары «Сарқан», «Білім шапағаты», «Қазақ» газеттері мен «Жер Жихан» журналының беттерінде жарыққа шыққан. Ол мақалаларын жинақтап, мектепке келген қонақтар, түлектер көрсін деген ниетпен мектеп мұражайына өткізді. Қиын да күрделі жұмыстың майталмандарының еңбегін елеп, ескеріп отыратын елгезек жан десем артық айтпағаным болар…

Мектебімізге келген жас маманға тәлімгер болудан еш жалықпаған адам. Келген жас маманға ұстаздық өмірдің қыр-сырын, сабақ беру методикасын, іс-құжаттар толтырудың реттілігін бүге-шүгесіне дейін анықтап, нақтылап түсіндіруден, қайталаудан еш шаршамайтын мазасыз жан болды деп айта аламын. Керек кезінде ұрсып та алатын. Біздер, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Айнаш, Маржан, Гаухар Рауза апайды тәлімгер ұстазымыз, анамыз дейміз, біз үшін ол кісінің еңбегі зор.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, ағылшын тілінің маманы болсам деген ізбасарлары да жоқ емес, олар ұстаз болып жүргендер: Қаскеленова Мадина, Қалимолданова Арай, Бижанова Гүлім, Нургалиева Шырайлым болса, оқып жатқандар Дәулетханова Ақмарал, Нұрмұратұлы Абылай. Былтырғы оқу жылында ұстаздың 2 оқушысы ҰБТ-да ағылшын тілін таңдап, өздерінің ұстаздан алған білімдерін дәлелдеп, жоғарғы оқу орындарына түсті. Атап айтқанда, оқушысы Серікхан Ділдә ағылшын тілін таңдап, Түркістан қаласындағы Халықаралық Туризм және меймандостық университетіне грантқа қабылданды. Сондай-ақ, Назарбек Дариға Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы университетінде оқып жатыр.

Өзі зейнет жасында болса да, өмірдің ағымынан қалыспай, өзінің табандылығының, шыдамдылығының арқасында, білмейтінді үйренсем деген қағиданы берік ұстайтын Рауза апайым Күнделік толтырудың хас шебері болды, өз білгенін өзгелерге де үйрете білді. Асығуды, шаршауды білмейтін биязы жан ата-аналар арасында, әріптестерінің ортасында да сыйлы.

Рауза апайым бүгінгі күнде жолдасы Мұрат аға екеуі 2 ұл тәрбиелеп, келінді болған бақытты отбасылардың бірі.

Ұлағатты ұстазға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз! Шаңырағыңыз немерелердің күлкісіне толсын, бейнетіңіздің зейнеті ұзағынан болсын!

А.Д. Мамбетбаева,

Әл-Фараби атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here