Олимпиада тұтқыны немесе Сергей Немцанов Алматыдан Атлантаға неге кетті?

0
2553

ХХI жазғы Монреаль Олимпиадасының ойындары қызған кезде жергiлiктi канадалық телеарнаның дикторы Баспасөз орталығынан тiкелей эфир арқылы «Бүгiн, 29 шiлде күнi кеңестiк спортшы, суға секiрушi, 17 жастағы алматылық Сергей Немцанов Олимпиадалық қалашықты тастап шығып, Канада үкiметiнен саяси баспана сұрады» деген хабар таратады. Бұл мәлiмдеме бiрнеше рет хабарланады.

Рас, бұл уақытта Сергей Немцанов  Олимпиадада 9-орынмен ғана шектелді. Дегенмен, жүлделi орыннан үмiттi едi. Оның суға секiрудегi түрлi комбинациядағы шеберлiгiне әлем бапкерлерi қызыға қарайтын. Немцановтың бiр күндiк дайындық кезiнде 10 метр биiктiктен 180 рет секiруiн байқаған әрiптестерi болашақта Олимпиада чемпионы болатынына сенiм бiлдiретін.

Монреаль Олимпиадасы 1976 жылы 1 тамызда өз мәресiне жетедi. Кеңестiк спортшылар командалық есепте 125 медаль, оның iшiнде 47 алтын, 43 күмiс, 35 қола медальмен бiрiншi орынды иемденедi. Алайда, КСРО командасы Сергей Немцановсыз Мәскеуге оралады. Себебi, Канада билiгi Немцановты жасырып ұстап қалады.

Жалпы, Монреаль Олимпиадасы атышулы оқиғаға толы болды. Олимпиада ойындарының өткенiне бiр апта толған күннiң ертеңiне 100 метрлiк жүгiруден болатын финалдық ойыннан бiр тәулiк бұрын белгiсiз бiреу кеңестiк желаяқ Валерий Борзовқа телефон шалып, егер ол ертең жарыс алаңына шықса, көзi жойылатынын айтып қорқытады. Бұл туралы сол мезетте кеңес делегациясы басшылары құлақтандырылып, Олимпиада ойынын ұйымдастырушылардың қауiпсiздiк қызметi толық құрамда iс-шаралар жоспарын жасайды. Қанша жерден үркiту болса да, Борзов ертеңiне қауiпсiздiк қызметiнiң қарулы күзетiмен жаттығу алаңына шығады. Бұған дейiнгi алған жарақатына қарамастан Борзов бұл жолы американдық әрiптесiне жол берiп, күмiс медальді иемденедi.

Борзовқа жасалған бұл тұңғыш шабуыл емес едi. Оқиға орын алған күннiң ертеңiне Канада радиосы сенсациялық жаңалық ретiнде Борзовтың Канада билiк орындарынан саяси баспана сұрағанын хабарлап жiбередi. Бұл жымысқы саясатты әлемдiк ақпарат құралдары бiр-бiрiнен iлiп әкетiп, кеңестiк өмiр салтын адам төзгiсiз етiп көрсетедi.

Не iстеу керек?

Кеңес делегациясы ертеңiнде-ақ баспасөз конференциясын өткiзiп, Борзовтың жүгiру алаңынан басқа ешқайда шықпағанын айтудан басқа амалы қалмайды. Бiрақ, шындығында солай едi. Шетелдiк ақпарат құралдарының қолдан ұйымдастырған «қақпанына» жауап ретiнде Борзов 400 метрлiк жарыста тағы да күмiс медальге ие болады.

Сөйтiп, Батыс әлемiнiң КСРО-ға деген жеккөрушiлiк туғызудағы қитұрқы саясаты екiншi рет өтпей қалады.

Иә, өмiрде көп нәрсе қайталанады. Бiреудiң жүрiп өткен жолын келесi бiреу қайталайды. Және бұл үшiншi бiреудiң өмiрiнде тағы да болады және дәл сондай жағдайда көрiнiс беруi мүмкiн. Кейде өмiрде қажет кезде қажеттi жерден табылу не қажет емес кезде қажет емес жерден табылу шешушi рөл атқарады. Бiрiншiсi – жақсылыққа бастаса, екiншiсi – жамандыққа итермелейдi. Ал, одан қашып құтылудың жолы өзiңдi азапқа айдап апарады.

Сергей Немцанов та жастай азапты жолды басынан өткередi. Ол – шикiлеу махаббаттың азабы болатын. Жалпы, өмiрде еркек қашанда әйелдiң алдын орап жүредi: кездесуге бiрiншi келедi, сүйетiнiн де бiрiншi болып айтады екен. Сергей де балалық махаббаттың уызына мас болып, ең алғашқы сүйгенiн мұхиттың ар жағы – Америкадан табады.

1976 жылы КСРО құрама командасының сапында Немцанов тұңғыш рет КСРО-АҚШ құрамалары арасында өткен халықаралық жарысқа қатысып, жеңiмпаз атанады. Сонда Сергей америкалық спортшы Кэрол Линднер атты сұлу бикешпен танысып, бос уақытын бiрге өткiзедi. Мультимиллионердің қызы Кэролге Сергейден өзге адамның да қажетi болмайды. Iшi жиһазға толы үй бар, енді соны орнынан қозғалтып берiп тұратын күйеу болса оған жетіп те жатыр. «Жұбайым осы бұйра бас орыс жiгiтiндей-ақ болсын» деген ару Сергейдiң басын шыр айналдырады. Мәселен, оған түрлi сый-сияпаттар жасап, қолға түсе бермейтiн 70 шақты күйтабақтарды тарту етедi. Сергей де оны мақтаныш көрiп, жанындағы достарына сыйлайды. Жарыс аяқталған соң Кеңес құрамасының төрт күндей осында қалуына тура келедi. Кэрол бүкiл құрамаға қамқорлық көрсетеді.

Арада бiрнеше ай өткен соң Немцановтың Алматыдағы үйiне Америкадағы бақытты күндерден естелiк ретiнде бiр бума суреттер келедi. Мiне, осыдан кейiн оның iзiн аңду басталады. Бiрақ, ұсталмаған ұры емес. Бұл – Монреаль Олимпиадасының алдында болған оқиға едi. Бапкерлер осыдан соң билiк пен қауiпсiздiк қызметiнiң ықпалымен Немцановқа сенiмсiздiк танытады.

Олимпиада аяқталғаннан кейін КСРО мен АҚШ құрамаларының арасында жолдастық кездесу өткiзуге екiжақты уағдаластыққа қолжеткiзiледi. Алайда, бұл кездесуге команда құрамына Немцанов алынбайды. Құрама мүшелерi арасында пiкiрталас болады. Әрiптестерi Сергейдi қорғап шығады.

Сол күнi ол қонақүйдегi бөлмесiнен кешкi 6-ға дейiн шықпайды. Бапкерлер тарапынан iздеушiлер болмаған соң, өз бетiнше қарекет жасап, көшеге шығады. Өзiнiң жалғыз қалғанын сезiп, екi көзiне ерiк бередi. Үйден қырық қадам ұзап шықпаған балаң жүрек, сөйтiп, ең алғаш рет елден жырақта жүрiп, таяқ жейдi. Қос жанары өксiкке толы Сергейдi канадалық әрiптестерi байқап қалып, көңiлiн аулағансып, Монреаль қаласының көрiктi жерлерiн аралатады. Оның канадалықтармен бiрге кеткенiн көрген шетелдiк журналистер сол күнi-ақ кешкiлiк радиодан берiп, телеарналардан көрсетедi. Канадалық бiр «жанашыр» ендi Олимпиада қалашығына қайтып оралудың мәнi жоқтығын түсiндiрiп, бiраз уақытқа дейiн өзiнiң вилласын босатып бередi. Телеарналар әрбiр 15 минут сайын кеңестiк спортшының Батыстан саяси баспана сұрағанын хабарлап отырады. Хабар барысында «Немцанов еркiндiк алды» деп өзге кеңестiк адамдарды халықтар түрмесiнде отырғандай етiп көрсетедi.

Оқиға орын алған күннiң ертеңiне виллаға орыс тiлiнде еркiн сөйлейтiн Джордж деген белгiсiз бiреу келiп: «Мәселе тығырыққа тiрелдi, егер сен елiңе оралсаң, комсомолдан шығарады, мансабыңа тұсау салынады. Егер мұнда қалғың келсе, кез келген қалада қалуыңа еркiндiк берiледi. Сенiң есебiңе адамдар қазiрдiң өзiнде 40 мың доллар салуға дайын. Егер қалауың болса, отандастарыңа бұл жөнiнде айтуға тиiссiң, бұл өте маңызды» деп оны емексiтiп қояды.

Мұндай кездесулер де ұйымдастырылады. Командалас достары Сергейге туған Отанына оралуды ұсынады. Ертеңiне адвокаттар келiп, эмигранттық билiк өзiне өмiр сүруге құқық беретiнiн, оқу үшiн өзiне лайықты университет таңдауға болатынын түсiндiредi. Алайда, Канаданың құқықтық мемлекет екенiн, сондықтан түпкiлiктi шешiм жасамас бұрын орыстардың тарапынан тапсырылған кассетаны тыңдау қажеттiгi айтылады. Бар мәселе осы тұста шешiледi. Онда: «Балам, сен менi кiмге қалдырып барасың? Менiң бар үмiтiм сен болатынсың. Менiң ендi ешкiмге керегiм жоқ. Өлер алдымда ендi маған ешкiм де бiр ұрттам су бермейдi», – деген Алматыдағы сүйiктi әжесiнiң дауысын есiтедi.

Сергей үшiн әжесi жалғыз едi. Анасы мен әкесi ажырасқаннан кейiн оны әжесi бауырына салып, жалғыз өзi асырап бақты. Ал, әкесi әскери ұшқыш болатын. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасы дауынан кейiн Венгрияда қызмет атқарып жүрген жазықсыз әкенi 24 сағат iшiнде қызметiнен босатып та жiбередi.

Рас, Сергейге бұ дүниеде әжесiнен басқа жақын жан болмайтын. Оның аянышты даусын естіген Сергей: «Басқа түскен iстi көрермiн, менi Кеңес елшiлiгiне апарыңдар», – деп талап етедi. Монреальға қайтып оралып, қонақүйге орналасады. Оған әдеттегiден екi есе артық ақша ұсынылады. Төртiншi күн дегенде оны қонақүйден шыға берiсте белгiсiз екi адам елшiлiктiң машинасына күшпен итерiп кiргiзiп, кеңес резиденциясына әкелiп, тұла-бойын әбден тексерiстен өткiзедi. Әуежайға алып шыққанда да артқы орындыққа жатқызып, ел көзiнен тасада ұстайды. Үстiне түрлi заттарды үйiп, күндiз-түнi аңдып жүрген репортерлерден жасырып бағады. Ұшаққа басқа жол арқылы отырғызылады. Онымен бiрге Мәскеуге тоғыз адам ұшып келедi.

Арада жиырма жыл өткен соң «Немцанов iсiмен» айналысушылар оның iшкi психологиялық сырын ашады. Сол кезде Канадада КСРО-ның Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi болып, кейiн СОКП Орталық Комитетiнiң хатшысы, Саяси бюро мүшесi болған Александр Яковлев қызмет атқарған едi.

Жалпы, Батыс әлемi кез келген iстiң болашағына үңiлiп, оның перспективалық мәнiне зерттеу жасайды. Немцанов Олимпиадаға барғанда небәрi 17 жаста болатын. Демек, оның жасында үш дүркiн Олимпиада ойындарына қатысуына мүмкiндiгi бар едi. Оны канадалықтар әрiден ойлап қойған болатын. Кеңес және Канада билiгi арасында бiрнеше рет кездесулер өткiзiлiп, оған жоғары шендi генералдар да қатысады. Шегiнерге жер қалмаған Канада билiгi Немцановты КСРО-ға қайтаруға уәде бере отырып, оған ешқандай жазалау шараларын қолданбауды өтiнедi.

Алматыда оны ешкiм құшақ жая қарсы алмайды. Тiптi, өзiнiң пәтерiнде тұрған досының өзi киiм-кешегiн жинастырып, кетiп бара жатып: «Мұндайлардың тұмсығын бұзу керек», – деп есiктi тарс жауып сырт тартады.

Спорт саласындағы функционерлер уәделерiнде тұрып, институттағы оқуын бiтiруге мүмкiндік бередi. Спорт жарыстарында үздiк нәтиже көрсетсе де, оған төменгi баға қойылады. Халықаралық байқауларға жиi жiберiледi. Кейде көпшiлiк орындарда оның ар-намысына тиюшiлер де болады. Мұндайда Сергей шыдамсыздық танытып, қолын ала жүгiретiндi шығарады. Уақытша оқшалау мекемесiне түнеп те шығады. Румыниядағы бiрiншiлiкте бiр өзi команда есебiне 50 ұпай салып, турнир жеңiмпазына айналады.

Грузияда өткен КСРО-АҚШ жолдастық кездесуiне Сергей тағы да көзге түседi. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында Немцанов 7-орынды иемденедi. Бұл оның спорттағы ең соңғы жарысы болады. Осыдан соң ол мiндеттi әскер қатарына шақырылып, Семейде 2 жылын өткiзедi. Отбасын құрып, сәби сүйедi.

Өмiрде бiр сүрiнсең, оны түзеу қашанда қиын. Сергей әскерден оралған бетте әрнәрсеге ұрынып, өз орнын таппай адасу басталады. Ащы судың арбауына түсiп, стаканның iшiне үңiледi. 1986 жылы 1 жылға емделу орнында жатуға тура келедi. Өмiрден шаршаған әйелi Питерге (Санкт-Петербург) туыстарына кетiп тынады. Сергей екiншi рет отбасын құрады, жеке көлiк жөндеу шеберханасын ашып, кәсiпкерлiкпен айналысады. Ол кезде қалада «Мерседес» көлiгiн жөндейтiн орындар тiптi болмайтын. Сергей бiрден осы көлiктi жөндеудi шебер меңгерiп алады.

Тарихтың қайталанатыны сияқты тағдырдың да қайталанатыны бар. Немцановтың жалғыз ұлы Денис мектеп бiтiрген соң Америкаға оқуға түседi. Жалғыз ұлдың соңынан Сергей екiншi әйелiмен iздеп барып, тұрақтап қалып қалады. Бұл күндерi Сергей Немцанов Алматыда бастаған сүйiктi кәсiбiн (көлiк жөндеу) Атлантада жалғастырып жүр. Сол баяғы сұлу бикеш Кэрол оны мұнда да iздеп тауыпты. Қайтесiң, тағдырдың жазуы осы болар!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here