Қарусыз әлем көшбасшысы: Қазақстан азаттықтың арқасында тағдыршешті шешім қабылдады

0
3770
2001 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуына 10 жыл толуына орай ашылған «Өлімнен де күшті» монументі

Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүниежүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды» деп жазған болатын. Расында, азаттықтың арқасында еліміз ешкімге жалтақтамай осындай тағдыршешті шешім қабылдады.   

БЕЙБІТ АСПАН АСТЫНДАҒЫ ТІРШІЛІК

Қазақстан бейбіт келісім мен тату тіршіліктің туын көтеріп, жаһандық жанжалдарды шешу жолында талай батыл қадамға барған. Солардың бірі – әлемді ядролық қауіп-қатерден арылтуға бағытталған бастамаларды қолдай отырып, антиядролық қозғалыс жетекшілерінің біріне айналуы. Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойған мемлекетіміз адамзатты зұлмат қасіретке ұрындыруға қауқарлы қарудан түбегейлі бас тартты.

1989 жылы «Невада-Семей» сынаққа қарсы қозғалысы дүниеге келіп, ол тұрғындардың ғана емес, дүниежүзінің бірқатар елінен қолдау тапқан. Қозғалыс көздегеніне жетіп, 1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, Қазақстанның антиядролық қозғалысқа жетекшілік жолы басталды. Ал, құнды құжат 1949 жылдан жалғасып келген қасіретке біржола нүкте қойған болатын.

2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 64⁄35 қарары қабылданғаннан бері 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланған. Мұндай атаулы дата құру туралы бастама көтерген де біздің ел болды.

30 жыл бұрын сарабдал саясаттың арқасында қабылданған шешім туралы сөз еткен Елбасы «Бұл – Қазақстанның бітімгершілік елі ретінде бет түзеген алғашқы қадамы» екендігіне баса тоқталды.

«1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан ғаламшардағы қуатты төртінші ядролық қару-жарақ арсеналынан ерікті түрде бас тартты. Тарих бұл қадамның дұрыстығын дәлелдеп, біз даму мен өркендеу жолын бейбіт еңсеруге болатынын көрсетіп келеміз» деді Тұңғыш Президентіміз 2020 жылдың 26 тамызында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының кезектен тыс сессиясындағы жолдауында.

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орайластырылған онлайн жиында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қоғамдастықты Қазақстаннан үлгі алып, ядролық қарусыздану саласында күш біріктіруге шақырды. Сонымен қатар, ол өз сөзінде түгел ғаламшар тағдырына, әсіресе, АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ сияқты алпауыттардың саяси көшбасшылары жауапты екеніне баса тоқталды.

«Егер осындай төртжақты форматта саммит өткізетін болсақ, ондағы өзекті мәселелердің бірі – ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы келісім әзірлеу болуы қажет. Қазақстан бұндай саммитті өткізуге дайын», – деді Елбасы.

 Аталған сессияда БҰҰ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін табыс етті. Ядролық қарусыз әлем құру жолындағы Қазақстанның көшбасшылық әрі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы марапатқа лайық екендігі туралы бастама көтерген – ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо болды.

Орайы келтіріле қабылданған оңтайлы шешімнің арқасында бүгінгі ұрпақ ядролық жарылыстар мен атом бомбаларын фантастикалық фильм мен компьютерлік ойындардан ғана көреді. Алайда, түгел елді қырып, әлемге заһарын шашуға қауқарлы қару жарылысын көзімен көріп, зардабын тартқан аға буын сол кездердің ауыр салмағын естен шығарған емес.

Әлемдік алпауыттармен ойлап табылған бірінен-бірі өтетін қауіпті қару түрлерін тексеру үшін сынақтан өткізу қажеттігі туындаған. Нәтижесінде, халық қоныстанбайтын аймақтарда ядролық сынақ алаңдары құрылған. «Жарылыс салдары адам өміріне қауіп төндірмейді» деген ғалымдар мен әскерилер, шындығында, үлкен қауіпке бас тігіп отырғанын ойламаса керек.

Алыптар «кім мықтыға» салып, қолынан келгенді қонышынан басып, қарсыластар алдында қақайып тұруды ғана көздеді. Ал, адам өмірі, одан төнетін қауіп екінші орында еді. Ядролық қару сынақтарының қай-қайсысын алып қарасақ та, астарында азап шеккендер тарихы анық көрініс береді.

Өткенге көз жүгіртсек, әлемде алғаш рет атом бомбасының сынақ жарылысы 1945 жылы болған. Содан бері 2000-нан астам ядролық сынақ өткізіліп, одан миллиондар зардап шеккен. Ең ақыры, жарылыстан кейінгі радиоактивті ластану сынақ жүргізген мемлекеттер шекарасынан тыс жерлерге де таралып, қоршаған орта мен адам денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігі мен басқа да салаларға зиянын тигізген.

ҒАСЫР ҚАСІРЕТІ

КСРО кезеңінде Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өткен. Ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі – Семей қаласы маңында болған. Ол үшін арнайы 18 миллион гектар аумақ бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылған. Полигон инфрақұрылымының құрылысы 1947 жылы басталып, сол жылдың 29 тамызында қуаттылығы 22 килотонна болатын алғашқы бомба жарылған.  Құжаттарда «Екінші мемлекеттік зерттеу орталығы» деп көрсетілген аумақта, кейінірек, 1953 жылдың 12 тамызында қуаты 400 килотонна болатын РДС-6с термоядролық заряды жерден 30 метр биіктікте жарылып, сыналған. Полигонның бір бөлігі радиоактивті заттармен қатты ластанғаны соншалық, 70 жылға жуық уақыт өтсе де, радиациялық фон әлі күнге сақталып келеді.

1991 жылы полигон жабылғанға дейінгі аралықта аймақта 500-ге жуық ядролық және термоядролық сынақ өткізіліп, осынша қондырғы жарылған. Кейінірек зерттеушілер көрсетіп бергендей, 1949-1963 жылдар аралығында Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе күшті болған. Ал, зияны Шығыс Қазақстан аумағын түгел шарпыған.

Полигондағы соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болған. Ресми деректерде осылай көрсетілгенімен, тіпті ондаған жылдар өткеннен кейін де аумақ тұрғындары жерасты дүмпуілдерін, тіпті аспанға атыла жарылған саңырауқұлақ бейнесін көз алдына елестетін отты жарқылды көргендерін айтқан.

Сол кездері Семей облысына қарасты аумақ тұрғындарының арасында түрлі аурулар, қатерлі дерттер көбейген. Балаларда жетіспеушілік, дамымай қалушылық сияқты генетикалық аурулармен туылған. Адамзат пен табиғат қатар зардап шегіп, жануарлар қырылып, өзгеше формадағы өсімдіктер пайда бола бастаған. Мұның бәрі радиациялық ластану салдары. Ресми статистикаға сүйенсек, азап шеккендер саны миллионнан асады. Бұл – тек тіркеуге «ілінгендер» ғана…

ТАҒДЫРШЕШТІ ШЕШІМ

Семей ядролық полигоны айналасындағы жағдайлар 1989 жылы шиеленістің шегіне жетті. Сол кезде белгілі қазақстандық жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» халықаралық қозғалысын бастады. Қоғамдық-саяси ұйым екі ірі ядролық сынақ полигонының атымен аталды. Оның бірі – АҚШ-тағы Невада штатына қарасты, екіншісі – Семей полигоны. Бұл қозғалыс бүкіл әлем халықтарынан қолдау тапты. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия сияқты елдерде ұйымның бөлімшелері құрылды.

Қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылығын білдіріп, әлемдік қауіпті жоюды мақсат етті. Кеңес үкіметі мәселеге бейжай қарағандықтан, енді халық наразылық акцияларына шыға бастады.

Қазақстан аумағындағы ядролық қарудың сынақтарын тоқтату туралы дауға Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев нүкте қойды. «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің 1991 жылдың 29 тамызындағы №409 «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы» деп аталатын құнды құжатқа қол қоюы – мәселенің мардымды шешімі болды.

«Қазақ КСР КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери паритетті қамтамасыз ететін ядролық әлеуетті құру жөніндегі міндетін орындағанын, сондай-ақ, республика жұртшылығының талаптарын ескере отырып, Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдаймын» делінген Жарлықта.

Елбасы осылайша үлкен ерлік жасады. Бұл ірі ядролық держава құрамына кіретін сол кездегі кеңестік республиканың басшысы үшін, бір жағынан, қауіпті шешім еді. Себебі, КСРО басшылығындағы көптеген ықпалды қайраткерлер елдің ең ірі ядролық полигонының жабылуына қарсы болған. Бірақ, Елбасы елімен бірге халық қамы үшін батыл қадам жасады. Көшбасшылық позициясынан, саяси мансабынан айрылу қаупіне қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастықтың үлкен құрметіне ие болған сынақ алаңын жабу туралы түбегейлі, айнымас шешім қабылдады.

«Қазақстан полигонды жауып, ядролық қарудан бас тарту арқылы күллі адамзаттың көкейіндегі күдікті сейілтті. Олай болмаған жағдайда мемлекетте қаншама қару-жарақ сақталады және ол кез келген адамның қолына түсуі мүмкін. Бүгін елді мен басқарып отырсам, кейін басқа біреу билік басына келеді. Сонда біздің елдің жағдайы не болады?! Сондықтан біз өз территориямыздан ядролық зымырандарды түбегейлі алып тастау туралы теңдестірілген шешім қабылдадық», – деді Елбасы Жапонияның «Киодо Цусин» агенттігіне 2016 жылдың қарашасында берген сұхбатында.

БІТІМГЕРШІЛІК ЖОЛЫНДА

Қазақстан – бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен түгел тіршіліктің тыныштығы, ел мен ұлттың қауіпсіз келешегі үшін ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы және жалғыз мемлекет. 1992 жылы КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту мен шектеу туралы шартқа (Лиссабон хаттамасы) қол қойылды. Аталған келісімге Қазақстан 1994 жылы қосылып, келесі жылы барлық бес ядролық держава – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франциядан қауіпсіздік кепілдігін алды. Сол жылы Семей полигонындағы соңғы ядролық заряд жойылып, 1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан алғашқылардың бірі болып сынақтарға тыйым салу туралы жаңа келісімшартты бекітті.

Бүкіл Еуразия құрлығы үшін тағы бір маңызды шешім – он жылдан кейін, 2006 жылы қабылданған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы шартқа қол қою болды. Құжат 2009 жылы күшіне еніп, 2014 жылы «ядролық бестік» жаңа хаттамаға сәйкес ядролық қарудан бас тартқан аймаққа қауіпсіздік кепілдігін берді.

2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев АТОМ жобасын бастайтынын жариялады. Бұл – әлем елдерін ядролық сынақтардан бір жола бас тартуға шақыратын онлайн петиция.

«Барлық мемлекеттерге бейбіт ядролық технологияларға қол жеткізу үшін тең құқықтар берілуі керек», – деп атап өтті Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2012 жылдың 27 наурызында Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзінде.

Жаппай қырып-жоятын қарудан түбегейлі бас тарту идеясын дәйекті түрде дәріптеген Тұңғыш Президентіміз келесі үндеуін әлемдік қоғамдастыққа БҰҰ мінберінен жолдады. 2015 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты мақсаты – ядролық қарусыз әлем құру екендігін баса айтты.

Сол жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларация қабылдады. Жарлықты дайындау жобасы ҚР Тұңғыш Президенті бастамасымен 2010 жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит кезінде басталған.

Бүкіл әлем назарын адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған зауалдарға аудару үшін Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифес жариялады. Мұнда Елбасы ядролық және жаппай қырып-жоюға арналған қару-жараққа «жоқ» деген бейбіт әлем құрудың маңыздылығына тағы тоқталды. Бір жылдан кейін Қазақстанда Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қолдауымен әлемде бірінші болып төмен байытылған уран банкінің ашылуы өтті. Бұл қадам біздің еліміздің ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан кезекті практикалық үлесі болды.

Қарудан бас тарту мен бейбіт келісім идеяларын дамытуға үлес қосқан саяси көшбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің еңбегін ескере отырып, Назарбаев сыйлығы тағайындалғанын да атап өткеніміз жөн. Жобаның алғашқы салтанатты жиыны 2019 жылдың 29 тамызында Елордада өтіп, Елбасының арнайы марапаты МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Юкия Амано (қайтыс болған) мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассин Зербоға табысталды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім жобасына белсене ат салысты. Еліміз әлемдегі төртінші ядролық арсеналдың иесінен ядролық қарудан бас тартқан көшбасшы елге дейінгі аралықты үлкен ықыласпен жүріп өтті.

Мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі сыртқы саясаттағы бойтұмарындай болған бейбітшілік пен әлемді ядролық қауіптен құтқаруға қатысты жұмыстарын жалғастыруда.

Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау саласындағы басымдықтардың бірі – «Стратегиялық тұрақтылықты нығайту, қандай мақсатта болмасын ядролық қаруды қолдану мен қолдану қаупіне қарсы тұру, ядролық және қауіпті қарусыз әлемге қол жеткізу идеясын жалғастыру, ядролық қарудан азат аймақ құруды қолдау» деп көрсетілді өткен жылы қабылданған 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының саяси тұжырымдамасында.

2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында тұңғыш рет Мемлекет басшысы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу біздің ел үшін басты басымдық болып қала беретіндігіне баса тоқталды. «Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы қатарында болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектілігінің ажырамас бөлігіне айналды», – деп мәлімдеді Президент.

 Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here