Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай мырзаның назарына!
Оғланды жеріндегі Бекет ата мешіті Ақтау қаласынан 290 шақырым қашықта орналасқан. Маңғыстау туралы айтқанда, осы жерасты мешітті тілге тиек етпеу мүмкін емес. Өйткені, ұрпағына ұран болған пір Бекеттің есімін жергілікті халық күні бүгінге дейін қуанышта да, қайғыда да ауызға алып, медет тілейді. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер де зиярат ету үшін ғана емес, ерекше сәулет өнерін көру үшін ағылып жатады. Әйтсе де, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Светқали Нұржанның (Айт-Ман) көтеріп отырған мәселесіне назар аудармаса болмайды.
АТАНЫҢ БАСЫ ТӘРТІПСІЗДІКТІҢ ОРНЫНА АЙНАЛҒАЛЫ КӨП БОЛДЫ
- Әлеуметтік желіде Бекет атаның Оғыландыдағы кешені мен тауасты мешітінің қазіргі жай-күйі туралы әңгіме көтеріліп жатыр екен. Ақыры бір күн бұл шиқан жарылуға тиіс еді. Енді осы жараны өзегімен сылып тастау ғана қалып тұр! Біз бұл мәселені кезінде талай көтергенбіз. «Үш қиян» газетінің бетінде сол кездегі елдің, біздің жанайқайларымыз хаттаулы тұр. Арнайы министрлікке Ашық хаттар да жазылған. Бірақ, сол кездегі өлкелік биліктің тоңмойын әрекетінің кесірінен мәселе түйіні дер кезінде шешілмей, сол күйі қордаланып қалды. Ал түйін уақытында шешілмесе, ол кеселге айналады. Демек, Абай атам айтқан: «Кеселді түйіннің шешілетін, кердең мойынның кесілетін» мерзімі жетті деп есептеймін.
- Атаның басы тәртіпсіздіктің, өресіздіктің, мәдениетсіздіктің орнына айналғалы көп болды. Қарапайым санитарлық талаптар сақталмайтынын барған жандардың бәрі біледі. Тазалық жоқ. Дәретханалары жазда мыңғырған шыбын, қыста ызғырған жел және былыққан ылас болғандықтан кіру мүмкін емес! Егер ол жерде Құдайдан қорқатын, әруақтан именетін, ел-жұрттан ұялатын жандар басшылық етсе, халықтан түсіп жатқан қисапсыз қаражатпен-ақ әлдеқашан заманауи дәретхана салып қоюға болар еді.
- Барған сайын ылғи ұрыс-керіс, айқай-ұйқайға тап болып, лаулап барған көңіліміз су сепкендей басылады. Соның кесірінен талай мәрте сырттан зиярат етіп кетуге мәжбүр болдық. Киелі жерге адамдар кім көрінгеннен ұрыс есту үшін бармайды, жүрегіне жылу, яки мейір-шапағат іздеп барады.
- Темекі қалдықтарын жинауға, тіпті, түсіндіріп айтып, киелі жерде шылым шеккізбеуге де көп ақыл, күш керек пе?! Айтпасаң – ділің, айтсаң тілің күйердей хәл бұл. Бұл жерді өзімбілемдік, өпіремдік жайлаған. Рухани-діни сауатсыздық көзге ұрып тұр. Шырақшылардың қарапайым қағидаларды білмейтіндіктеріне алыстан келген адамдар алдында өзің жер болып ұяласың. Көлеңкелі бизнес етек алғалы қашан! Өйткені, толассыз құйылып жатқан садақаның есебін ешкім білмейді. Мешіт күтімсіз. Қонақүй іші көктеп, азып кеткен. Тер, иіс-қоңыс. Мал садақа апарушыларға жағдай жасалмаған.
ШЫРАҚШЫ – ҚҰРАН АЯТТАРЫН ҚАТЕСІЗ ОҚИ АЛАТЫН САУАТТЫ АДАМ БОЛУЫ ТИІС
- Атаның өз басын гүлдендіріп, көркейтуге өз ризығы жетеді. Тек адал ниетпен үйлестіру ғана жетпей тұр. Ол үшін Үкімет барлығын өз қолына алу керек. Салынған қонақүй кешені елдің, азаматтардың, «Өзенмұнайгаздың» күшімен жасалды. Ол Кешеннің алғашқы сызбасы белгілі маман Тұрлан Есқуаттың қолымен менің шаңырағымда дүниеге келгеніне куәлік беретін жандардың көзі тірі. Демек, оны «ұрпағымын», «шырақшысы менмін» деп бет-бақтырмайтын, рухани ілімі, заманауи білімі жоқ надан біреулерге беріп қоюға еш негіз жоқ. Атаның іліміне, өнеге-өсиетіне кім барынша адал болса, Ол кісінің ұрпағы сол! Ал біз қашқан-пысқан әлдекімдердің, қойшы-қойманшы, әрі-беріден соң, шыққан тек, келген жақтары күмәнді кім көрінгеннің шырақшылық қылып жүргенін талай көрдік. Осы мәселелер шұғыл қолға алынуға тиіс.
- Шырақшы, бірінші, құран аяттарын қатесіз оқи алатын, асыл руханиятымыз бен төл тарихымыздан хабары мол, оларды байырғы мәдениетімізбен ұштастырып келгендерге жақсы әңгіме айта алатын адал, таза, сауатты, әдепті адам болуы тиіс.
Ата басына барған жандар рухани байып, жандары тазарып, ішкі-тысқы ауыртпалықтарынан арылып қайтуға тиіс. Ең бірінші жүзеге асуға тиісті бұл мәселе бұл жерде бұрын-соңды мүлде жолға қойылып көрмеген.
ҚОНАҚҮЙ КЕШЕНІН ҮКІМЕТТІҢ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРУ КЕРЕК
- Ендігі кезек күттірмес мәселе, Қонақүй кешенін үкіметтің меншігіне қайтару керек. Кезінде Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесінде де осындай қиындықтар болған. Үкімет араласып, қалыпқа келтірілді. Адал ниетпен түскен садақаны жеке біреулердің арам жолмен қаржы жасау кәсібіне айналдырған ұйымдасқан топтар болғанын білеміз. Сол кезде Әзірет Сұлтан қорық-мұражайына басшылыққа келген Альберт Сафуллин, Мәулен Садықбек сынды білікті, иманды азаматтардың мігірсіз күрестерінің арқасында дұрыс жолға қойылғанынан мол хабарым бар.
Мысалы сонау Баянауылдың Қоңырәулиесінде шырақшылық қылатын һәм қорықшы Алтынбек Жұбатұлы сияқты азаматтарды көргенде жаның рахаттанып, көңілің кенеледі. Бізге де сондай ескіден мағұлматы, жаңадан хабары мол шырақшыларды әкелмесе, ұрпақ қана ұтылады. Онсыз да ел-жерімізді қатерлі діни ағымдардың қара көлеңкелері торлап бастағалы талай болды. Олардың осындай қасиетті мекен, киелі жерлерге шабуылы үдеп барады. Ал оларға тосқауылды тек қана нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайратқа ие азаматтар қоя алады.
ЗИЯРАТ – ТУРИЗМНІҢ ӨРКЕНИЕТТІ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЗАЙЫРЛЫ ТҮРДЕ ДАМУЫ ТИІС
- Бекет атаның басы қасиет-киесін, өсиет жүйесін, тарихи-табиғи сипатын жоғалтпай, бүгінгі тілмен айтқанда, зиярат – туризмнің өркениетті талаптарына сай зайырлы түрде дамуы тиіс! Әр зияратшы мейманды тіліне, тегіне, әлеуметтік мүмкіндігіне қарап бөлмейтін, жан дүниесіне жылу іздеп келген әр пендеге жұбау болатындай ахуал қалыптасуы уақыттың, заманның талабы.
- Бекет атаның мәңгі тұрағы, яғни тауасты мешіті жоғарыдағы Кешеннің тұрақты бақылауында болуы шарт. Мемлекеттің миллиондаған қаражатымен қайта жаңғырған мешіт-қабірстанның күтімін арнайы маман ғалымдар ылғи зерттеп отырмағы шарт. Бұрынғыдай «мен тек үстіне ғана жауап берем, астында шаруам жоқ» деп отыратын тоңмойындыққа түбегейлі тосқауыл қойылуы қажет!
Осы мәселелерді облыс басшылығы шұғыл араласып, шешпегі ләзім!
Айт-Ман (Светқали НҰРЖАН)