Әбдіжәлел Бәкір: «Латын әліпбиін қолдануды біз жаңадан бастап жатқан жоқпыз»

0
3103

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бұрынғы патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған Кеңес империясының қыспағынан құтылған ұлттық республикалар егемендіктерін алып, тәуелсіздік туын көтеруді туған тілдерінен, оның тұғыры өзіндік әліпбилерінен бастаған болатын. Бұл заңды еді. Туған тіл әр кезде тәуелсіздіктің рухани бастауы, ұлттық құндылықтың негізі екені есте жоқ ескі заманнан аян. Қазақтың бұрын‑сонды тарихында теңдесі болмаған Алаш қозғалысының тұңғыш талабы да ұлттық тіліміз болды. Әлихан Бөкейханның, кейіннен Алаш қозғалысының көсемі болған айрықша тұлғаның, 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен Ресейдің  жергілікті және қалалық қайраткерлері съезінде 5 миллионға жуық қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қазақ тілі туралы, жергілікті тілдің құқығын шектеудің барлық түрін тез алып тастауды ұсынуының осындай қағидатты себебі бар болатын.

Алаш ардақтылары кезінде біздің кейін қалған халық екенімізге назар аударып, алға басып, жұрт қатарына кіруіміздің керектігі туралы тұрақты назар аударғаны белгілі. Бірақ, бұл өсиетті тыңдап жатқан кім бар?! Тіпті, кеше солтүстік көршімізге әбден бауыр басып қалғанымыздан, олар славяндар болып өзге кемеге мініп, асу асқаннан кейін ғана тәуелсіздіктің ойымызға келгені жұртқа мәлім. Тәуелсіздіктің ғажап құдіретін отыз жыл өткенде, қоғамымызда жаңа саясаттың жанға жайлы лебі есе бастағанында ғана сезініп, енді мойнымызды алға, биікке бұрғымыз келеді. Бұған да шүкір!

Бұлардың бәрін айтып отырғанда, әрине, ойымда тіліміздің тұғыры латын әліпбиі тұр. Дәл қазір қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір Мәжілістің депутаты кезім. Түркиядан келген бетімде «Хабар» агенттігінің тілшісі маған осы латын әліпбиіне көшуімізге байланысты көзқарасымды сұрады. Мен, әрине, қолдадым. Бірақ, үлкен дайындықтың керегін де қостым. Бұдан кейін латын әліпбиі туралы мәселелер бізде көтеріле қойған жоқ. Түсінікті. Сөйтіп бірсыпыра түрік тілдес ұлттық республикалар өзіндік ерекшеліктермен осы әліпбиге көше бастағанда, біз солтүстік көршімізге жалтақтап, үндемей, ештеңені көрмегендей, білмегендей болып отыра бердік.  Рас, ол кездегі жағдай әлі де күрделі болатын. Содан арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде бұл мәселе елімізде мемлекеттік деңгейде көтерілді.

Мұның мәнін түсіну үшін тағы да заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «оқыған қазақтардың көсемі» санаған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиге арнаған сөзіне жүгіне кетейік: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалар жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы». Бұдан артық айту қиын шығар.

 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы шықты. Рас, жаңа әліпбиді енгізуге қарсылар да болмай қалмады. Алайда халықтың тағдырын ойлаған көпшілік мұны ел өміріндегі үлкен оқиғалардың бірі ретінде қабылдады. Оның бірнеше себептері бар еді. Біріншіден, мұндай әліпбиді  қазір дүниенің  көптеген жетекші мемлекеттері пайдаланады. Тіпті, күнделікті өмірде мұның қажеттігі айқын байқалып отыр. Екінші, осы әліпбиді ендіре отырып, тәуелсіздіктің арқасында әлемдік қауымдастықтан ойып алған орнымызды нығайта түсеміз. Үшіншіден, бұл латын әліпбиін қолдануды біз жаңадан бастап жатқан жоқпыз. Өткен ғасырдан тәжірибеміз бар. 1929-1940 жылдар арасында біздің әкелеріміз бен аталарымыз осы жазуды  қолданған болатын. Ертерек бір өткен астанадағы осы әліпбиді талқылаған жиналысқа шақырылып, мен өзімнің сөйлеген сөзімде екі мәселе айтып едім. Біріншісі, бұл әліпбиді өткен әліпбиге негіздеуді қолдадым. Бұлай деуіме мынандай уәж айттым. 1966‑1967 жылдары Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінде оқып жүргенімде метродағы жергілікті халықтың жасы келген әйелдер қауымының өкілдері біздердің сөздерімізді байқап: «Сіздердің ұлттарыңыз кім болады?» деп сұрайтын. Қазақ екенімізді айтқаннан соң: «Қалай орысша таза сөйлейсіңдер?» деп таң қалатын. Бұл шындық еді. Орыс кириллицасы біздің дауыстауымызды да өзгертіп жіберген болатын. Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде жұмыс істеп жүргенде Қытайдан бір Нұргүлан деген қыз оқыды. Оның қазақшасы мен біздің қыздарымыздың қазақшасының айырмасы бірден дауыстауларынан байқалатын. Мен жас кезімде анамнан үйреніп, үйдегі латын әліпбиімен жазылған бірен‑сараң қалған қиссаларды оқығаным есімде. Екіншісі, көшелердің аттарын, кейбір көрнекі нәрселерді осы әліпбимен  өзгертіп тастағанда осы мәселені  біздер несіне талдап отырмыз дегенім. Біздің кейбір насихат маңында жүрген лауазымды кісілеріміздің асығыстығы. Кейін ол алғашқы ұсынылған жобаға бір топ академиктер хат жазып, бірсыпыра өзгерістер енгізді. Халық иесі болып отырған мәселелерде оның өкілдерінің ақыл‑кеңестерінен қашпаудан тек ұтамыз.

Осы сәтте қириллица туралы бір ауыз сөз айта кетсем деп отырмын. Біз бұл арқылы ежелден көрші болып келе жатқан елдің мәдениетіне қол создық, әдебиетінен сусындадық. Көбіміздің азамат, тұлға ретінде қалыптасуымызға орасан зор үлес қосты. Алаштың ардақтылары да алдымен Ресей, сонан соң сол арқылы Батыстың өркениетінен өнеге алып, ұлтымыздың көк аспанына  жұлдыздар болып көтерілгені белгілі. Алайда, Ресейдегі алдымен патшалық, сонан соң кеңестік билік жүйесі орыс тілін тым саясаттандырып, терең тықпалап жіберді. Осы арқылы халқымыздың өз мүмкіндігін көтере түсудің орнына, орыстандыру саясаты көп дүниені бүлдірді. Жерімізді алумен шектелмей, тілімізге, дінімізге, ділімізге қол салды. Мұстафа Шоқай «әлемде дәл Ресейдей отаршыл елді көргенім жоқ» деуі тегінен‑тегін емес еді. Дегенмен, біздің қазір дүниежүзілік тілдің бірі болып отырған орыс тіліне деген құрметімізді еш төмендетпеуіміз керек. Тілдің кінәсі жоқ. Ал, біздегі қиыншылықтар басқарудың сипатынан туындаған мәселелер. Тіпті, «коммунизм не за горами» деп дауыстаған Н.С. Хрущевтың өзі солтүстік бес облысымызды Ресейге қосамын деп шала бүлінгенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Осыларды айта отырып, бұл мәселе, яғни латын әліпбиін біздің өмірімізге ендіру аса күрделі дегім келеді. Біз ғасырлар бойы патшалық Ресейдің отары болып, сонан соң жетпіс жыл кеңестік қыспақта болып, өз ана тілімізден бірсыпыра алшақтаған ұлтпыз. Ал, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің тілі туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бірақ, бұл Заңнан бізге қалғаны тіліміздің мемлекеттік мәртебесі мен «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деген жолдар ғана.

Рас, тіліміздің мемлекеттік мәртебесі 1995 жылғы Ата заңда конституциялық шешім тапты. 7-бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылды. Бұл үлкен жетістік болатын. Кеңестік кезеңде қабылданған Республикамыздың екі конституциясында да ұлттық тіліміз туралы бір бап болған жоқ. Одақтық Конституцияны басшылыққа алдық та, орыс тілі біздің де мемлекеттік тіліміз болып кетті. Мұның қиыншылығын тәуелсіз ел болғанымызда көріп отырмыз. Алайда, Конституцияның жоғарыда айтылған 7-бабының екінші тармағына сол кездегі демографиялық, саяси, т.б. жағдайларды ескере отырып енгізілген: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма тиісті мекемелер тарапынан қатаң қадағаланбады да орыс тілі басқа сипат алып кетті. Содан мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің жағдайы күрт төмендеп, орыс тілінің үстемдігі қайтадан қалпына келді. Мұндай мемлекеттік тілге қайшы нормаларды мен ешбір елдің конституцияларынан таба алмадым. Содан  қазіргі тәуелсіз республикамыздың мемлекеттік органдарындағы ана тіліміздің жағдайы жұртқа мәлім. Кеше ғана сайланған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қаракөз депутаттарының тіпті Антты дұрыс оқи алмай жатқаны көп нәрсені аңғартса керек.   

Шүкір! Өз тілімізге жақындай түсудің сан жылдардан бері қиялдап келген қағидатты мәселесі де мәреге жақындады. Алғашқы Жарлық шыққанда ұсынылған әліпби сандық және сапалық жағынан да біраз өзгерістерге ұшырады. Сан талқылаулар болды. Ұсыныстар жасалды. Бұған тіл саласының ғалымдары бас болды. Хабары бар жұртшылық өкілдері де қатысты. Мен  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл‑қазына» ұлттық ғылыми‑практикалық орталығының айрықша белсенді қызметінен хабардармын. Жақында Үкімет латын графикасындағы  қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын мақұлдап, оған көшу  2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жүзеге асыру жоспарланып отыр.   Бұл – аса күрделі, тағдырлы мәселе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты қоғам алдында тұрған күрделі жобалар туралы айта келіп, қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Бұл үдерістегі латын графикасындағы қазақ әліпбиінің рөлі қазағымызға терең ой салғаны жөн. Меніңше, мұның қажеттігін, оның аса күрделілігін алдымен өз халқымыз терең түсініп, өз әліпбиіне өзі ие болуы керек.  Ол үшін қазіргі ұлттық рухымыздың деңгейін елеулі көтере түсуіміз қажет.

Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi» деген өсиетін жадымызда қатаң сақтасақ артық болмас еді. Келесі мәселе – ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін арттыра түсудің, оның қолданыс аясын кеңейтудің барлық саяси‑құқықтық жолдарын қарастырып, алдымен қоғамымыздың бетін тұтас мемлекеттік тілге бұру керек. Бұл бағытта Конституцияның 7-бабының жоғарыда жазылған екінші тармағынан құтылуымыз қажет. Бұл көптен жазылып жүр. Бұл тармақ алынбайынша мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере де, оның қолданыс аясын да кеңейте алмаймыз. Осы тармақтың алынуының өзі қоғамда қазақ тіліне деген бетбұрысты бастайтынына дау жоқ. Бұл мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымызға жол ашады. Күндердің күнінде бұл заң болмай, ана тіліміздің айдарынан жел еспейді. Осыдан кейін ғана ұлттық тіліміз шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Мұның барлығы менің өз пікірім. Оның дұрыс-бұрысын өмір көрсетеді.

Сөз соңында 80 жылдан кейін жаңарып, ортамызға қайта оралған, 2023 жылдан бастап енетін жаңа Әліпбиімізге сәтті сапар тілеп, қоғамымызға алып келер рухани жаңалығы мол бола берсін дегіміз келеді.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here