Жұмыртқа неге қымбаттап жатыр?

0
586

Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылы елімізде жұмыртқаның құны 20%-ға артты. 2021 жылдың алғашқы екі аптасында жұмыртқаның бағасы тағы 3,3%-ға қымбаттады. Сарапшылар бұл қымбатшылық кемінде үшінші тоқсанға дейін сақталатынын айтады. Яғни, осы жазға дейін жұмыртқаның бағасы қымбаттай береді. Ал, бағаның аспандап кетуіне не себеп? Сарапшылар не дейді? Енді соған тоқталайық.

БЫЛТЫР ҚҰС ТҰМАУЫНАН ҚАНША ҚҰС ҚЫРЫЛДЫ?

Жұмыртқа бағасының күн санап қымбаттауына бірнеше жағдай әсер еткен. Басты себеп – тауықтар мен балапандарды қынадай қырған құс тұмауы. Екіншіден, құс азығының қымбаттауы да жұмыртқа бағасына кері әсер етті. Құс фабрикаларына арналған шетелдік құрылғылардың бағасы да пандемия салдарынан аспандап кетті. Бұл – үшінші себеп.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың есебінше, 2020 жылы отандық құс фабрикалары құс тұмауының салдарынан тауықтарының бестен бірінен айырылып қалған. Яғни, былтыр барлығы 2,5 млн бас құс аталған тұмаудың құрбанына айналған. Бұл саланың өкілдері 3 млрд теңге шығынға батқан. Содан ұсақ құс фабрикаларының көбі жабылуға мәжбүр болған.

Максим Божконың мәліметінен Қазақстан құс өсірушілер одағының да есебі алшақ емес. Соңғысы былтырғы тұмаудан 2,3 млн бас құс қырылғанына сенімді. Ал, бес ірі құс фабрикасы ең көп жапа шеккен. Соның үшеуі Солтүстік Қазақстан, қалған екеуі Қостанай мен Алматы облыстарында орналасқан.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы мен Қазақстан құс өсірушілер одағына қарағанда ресми мәлімет басқа сандарды көрсетеді. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылғы құс тұмауынан 1,9 млн бас құстың қырылғанын мәлімдеді.

Дегенмен, мәліметтердің түрлі болуына кейбір құс фабрикалардың өзінің иелігіндегі тауық пен балапандарының нақты құс тұмауынан қырылғанын дәлелдей алмағандары себеп болса керек. Айталық, «Алекри» құс фабрикасында қырылған 521 мың бас құс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғарыдағы мәліметіне кірмеген. Аталған құс фабрикасының басшысы Александр Прядко уақытында тауықтардың осы тұмаудан қырылғанын заң жүзінде дәлелдей алмаған. Ал, Александр Прядко сияқты мемлекеттік өтемақыдан қағылған кәсіпкерлер аз емес.

Содан былтыр әбігерге салған құс тұмауы бір жылда жұмыртқа өндірісін 8,8%-ға төмендетті. Соның ішінде құс фабрикалары нарыққа 3,7 млрд жұмыртқа шығарып, 2019 жылмен салыстырғанда 11,3% төмен көрсеткіш көрсетті.

ҚЫМБАТТАП ЖАТҚАН ҚҰС АЗЫҒЫ

Жоғарыда жазғанымыздай, жұмыртқа бағасының аспандап кетуіне құс азығының қымбаттауы да себеп болып тұр. Өйткені, құс азығының қымбаттауы жығылғанға жұдырық болды.

Максим Божконың мәліметіне сенсек, қазір құстардың азығы орта есеппен 20%-ға қымбаттаған. Ал, жұмыртқа бағасының 70%-ы дәл осы құс азығының құнына тікелей байланысты екенін ескерсек, онда құс тұмауын есепке алмағанның өзінде жұмыртқаның нарықтағы бағасы кем дегенде 14%-ға артқаны заңды болып шығады.

«Қазір бидайдың бір тоннасы 90 мың теңге, былтырғыдай 55 мыңға бидай таппайсыз. Арпаның бір тоннасы 75 мың теңгеден сатылып жатыр, былтыр 40-42 мыңнан алғанбыз. Бұл – жұмыртқа бағасын 40%-ға дейін арттыратын фактор», – деп санайды Александр Прядко.

Қазақстан құс өсірушілер одағы да Александр Прядконың сөзін растайды. Құстардың азықтары соңғы жылдары күрт өскен. Мәселен, жоғарыдағы арпа пен бидайдан басқа құнарлығы мол құрғақ, құрама жемдер бағасы да екі-үш есе қымбаттаған.

Әрине, құстарға да күтім керек. Коронавирус пандемиясына байланысты шетелден келетін арнайы құрылғылар, ветпрепараттар, минералдық азықтар, витаминді қоспалар бағалары да шарықтап кеткен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыдағы факторлар жұмыртқа бағасының күн санап қымбаттауына алып келді. Қазір бірінші категориялы 10 дана жұмыртқаның өзіндік бағасы 317 теңгені құрайды. Олар бөлшек саудада Қарағандыда 320 теңгеден, Таразда 320 теңгеден, Петропавлда 334 теңгеден, Қостанайда 335 теңгеден, Ақтөбеде 336 теңгеден сатылып жатыр. Бұл – жұмыртқа бағасы ең арзан қалалар. Жұмыртқаның бөлшек саудадағы бағасы Нұр-Сұлтан (441 теңге), Атырау (441 теңге), Ақтау (440 теңге), Алматы (425 теңге) қалаларында аспандап тұр. Сөйтіп, жұмыртқалардың құны дүкен сөрелеріне жеткенше тағы қосылады. Ал, сарапшылар жазға қарсы жұмыртқа бағасының қалыпқа келетініне болжам жасап отыр.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here