«ҚызПУ-дың танымал ғалымдары»: Жарқынбике Сүлейменова

0
3561

«Qazaq» республикалық газеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлесуімен «ҚызПУ-дың танымал ғалымдары» танымдық жобасы әрмен қарай жалғасуда.

Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына және қарашаңырақ қабырғасында ұзақ жылдар бойы үздіксіз маман даярлауға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалымдар мен оқытушылардың еңбегін жан-жақты насихаттауға арналған жобаның авторы  – Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, белгілі журналист Жандар Асан.

Біз бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Жарқынбике Сүлейменованың ғылымдағы жолына тоқталамыз.

Жарқынбике Сүлейменова – филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ғалымның 200-ге жуық ғылыми жұмысы жарық көрген. Оның ішінде монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары, сөздіктер және ғылыми мақалалар бар.

Ғылымдағы еңбегі

Жарқынбике Сүлейменова 1993 жылы профессор С. Исаевтың жетекшілігімен «Оқу орыс тілінде жүретін мектепте қазақ тілінен етістікті оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 2005 жылы профессор Н. Оралбайқызының жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тілі морфологиясын жоғары мектепте оқытудың ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымға 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.

Ғалымның зерттеулері жоғары білім беру жүйесі мен орта мектептің өзекті мәселелеріне, қазақ тілінен білім беру мазмұнын анықтауға, жоғары мектепте қазақ тілі мамандарын сапалы даярлаудың әдіснамалық, әдістемелік мәселелерін талқылауға, қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы мен тәжірибесіне, оқытудың жаңа технологиялары мен жаңа әдістемелік тәжірибелерін жинақтауға арналған. Сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, оны оқытып-үйретудің теориялық-әдістемелік негіздерін айқындауға байланысты басқа ұлттарға қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелік қырларын зерттеп-зерделейді. Осы бағытта Ж. Нуайқызының  «Қазақ тілі морфологиясын жоғары мектепте оқыту», «Жоғары мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты монографиялары, «Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис», «12 жылдық мектептің негізгі орта буынының білім мазмұны»  ұжымдық монографиялары, «Іскерлік  қазақ тілі», «Қазіргі қазақ тілі морфологиясы» электронды оқулықтары, «Қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелері», «Қазіргі қазақ тілі морфологиясынан өздік жұмыс тапсырмалары», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту әдістемесі», «Әдебиет әлемінде» сынды оқу құралдары,  «Қазақ тілі» 1, 5, 6 сынып оқушыларына арналған оқулықтары мен оқу құралдары, «Kazakça-Türkçe», «Әскери терминдер түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілін оқыту әдістемесінен анықтағыш» сөздіктері және қазақ тіл білімі мен оқыту әдістемесінің дамуына арналған ғылыми мақалалары жарық көрді.

Жарқынбике Сүлейменова Ресей, Польша, Қытай, Түркия сынды мемлекеттерде өткен ғылыми конференция, симпозиумдар мен форумдарда жоғары білім беру жүйесі мен тіл білімі терминдері, түркілік ортақ терминологиялық қор мәселелері бойынша талқылауларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Ғалым 2012-2016 жылдары Түркия Республикасы Нийде Өмер Халисдемир университетінің шақыруымен Түркі тілдері мен әдебиеті бөлімінде профессор қызметін атқарып, дәріс оқыды және ғылыми жұмыстарға жетекшілік етті. Сондай-ақ ғалым бірнеше халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, түркі мәдениеті мен тілдерінің дамуына өз үлесін қосуда.

Ол Қазақстанның өркениетін дамытуда жас ғалымдарды даярлауда да жемісті еңбек етуде. 2018 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанынан ашылған «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтары бойынша PhD докторы академиялық дәрежесін алу, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрайымы қызметін атқарды. Жарқынбике Сүлейменованың жетекшілігімен бірнеше докторант пен магистр дайындалды.

Ж. Нуайқызы Алматы қалалық және облыстық біліктілікті жетілу институттарында авторлық курстар бойынша дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі. Ол Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комитетінде педагогика мамандығы бойынша сарапшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың РОӘК филология мамандығы бойынша комиссия құрамында және ҚР БҒМ Оқулықтарды сараптау кеңесінің құрамында қызмет атқарды.

Өмірбаяны

Жарқынбике Сүлейменова 1963 жылғы 26 желтоқсанда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 1979 жылы Қазалы ауданындағы сегізінші сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білім алады. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, оны 1987 жылы үздік бағамен бітіреді.

Еңбек жолын 1987 жылы Павлодар педагогикалық институтының аға оқытушысы қызметінен бастайды. 1989-1990 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ізденушісі, 1990-1993 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аспирантурасында оқып, білімін жетілдіреді. 1993 жылдан бері күні бүгінге дейін Қыздар университетінде аға оқытушы, доцент, ғалым хатшы, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін абыроймен атқарды.

Ғалым-ұстаздың ғылым, білім беру салаларындағы елеулі еңбектері ескеріліп, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атақтарымен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» медалімен және  Түркия Республикасының «Түркі әлеміне еңбегін сіңірген қайраткер» сыйлығымен марапатталды.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here