Өзбектер қазақ бидайынан жасалған ұнды сыртқа сата бастады ма?

0
6897
2012 жылы ұнның 47%-ын Қазақстаннан сатып алған Өзбекстан 2017 жылы 23% ғана қазақ ұнын импорттады

Қазақстан 2007 жылы ұн экспорты бойынша әлемде көш бастады. Дегенмен, көш басында ұзақ тұра алмады. 2011 жылы Түркия Қазақстанның алдын орап кетті. Оған үкіметтің өзі кінәлі. Себебі, осы салаға жауаптылардың ұн өндіру саласына, астық тасымалына селқос қарауы сыртқа сатылатын ұн көлеміне де кері әсер етті. Содан өзіміздің атқамінерлер сыртқа ұн жөнелтетін отандық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп тастағанда, өзге елдің шенділері сол сәтті ұтымды пайдаланды. Ұн өндіру саласын дамытуды мықтап қолға алған көрші елдер қазақ ұнына импорттық алым енгізді. Бұл отандық кәсіпкерлер үшін жығылғанға жұдырық болды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ұн өндіру саласының қазіргі жағдайына тоқталады.

БИДАЙ ШИКІЗАТ КҮЙІНДЕ АРЗАНҒА БАҒАЛАНАДЫ

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) таратқан мәліметке сенсек, 2020 жылы Қазақстан 1,1 млрд долларға 5,2 млн тонна бидай экспорттаған. Яғни, еліміз әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы мемлекеттер санатына жатады. Нақты айтқанда, жерінің үлкендігі бойынша әлемдегі тоғызыншы ел тоғызыншы орынға жайғасқан. Алдымызда Ресей (37,2 млн тонна), АҚШ (26,1 млн), Канада (26,1 млн), Франция (19,8 млн), Украина (18 млн), Аустралия (10,4 млн), Аргентина (10,2 млн), Германия (9,2 млн) тұр. Дегенмен, қамба толы қамырлы бидайды шикізат күйінде емес, өңдеп экспорттайтын болсақ, көл-көсір табыс әкеледі. Бұл – бір. Екіншіден, отандық ұн өндірісін дамытып, қаңырап қалған диірмендердің «тамырына қан жүгіртеді».

Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде жылына 9,5 млн тонна бидай өңдей алатын диірмендер барын мойындайды. Ал, Астық өңдеушілер одағының есебінше, елдің жылына 11 млн тонна бидай өңдеуге шамасы жетеді. Оның үстіне шикізат тапшылығы байқалмайды. Мысалы, былтыр 16,3 млн тонна бидай бастырылды. Өкінішке қарай, соның басым бөлігі сыртқа шикізат күйінде шығарылды. Өнім шикізат күйінде арзанға бағаланатыны айтпаса да түсінікті.

Сонда Қазақстан өзінің әлеуетін неге толық пайдалана алмай отыр? Астық өңдеушілер одағының бұрынғы басшысы Евгений Ганның бұл сұраққа берер өз жауабы бар.

«Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда Астық өнімдері министрлігі мен Тамақ өнеркәсібі министрлігі болды. Арнайы ведомство астықтың сақталуын да бақылап отырды. Азаттық алғаннан кейін бұл министрліктер алып империямен бірге келмеске кетті. Содан ұн тарту саласы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтті. Бірақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенділері бұрын Астық өнімдері министрлігінде болған тетіктен айырылды. Яғни, оларға белгілі бір жауапкершілік жүктелгенімен, аталған саладағы түйткілді мәселені шешетін нақты тетіктер қарастырылмады», – деп мәселенің мәнісіне тоқталды Евгений Альбертович.

Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласының майын ішіп, жілігін шаққан маманның пікірінше, 2006 жылы сол тұста Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген Төлеутай Рахымбеков аталған министрлік жанынан жеке қайта өңдеу департаментін құру бастамасын көтерген. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі қазірге дейін өзінің басты мақсаты – тек бидайды өсіру ғана деп біледі.

«2011 жылы министрлік тізгінін қолына ұстаған Асылжан Мамытбеков ұн тарту саласына бағытталған мемлекеттік қолдауды жойды. Оның шешіміне қарсы уәж айта алмайсыз. Себебі, Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауап береді. Ал, еліміз ұнмен ішкі нарықтың сұранысын толық қамтиды. Демек, аталған саланы субсидиялаудың мәні болмай қалады. Ауыл шаруашылығы министрлігімен жолымыз бөлек екенін түсінгеннен кейін біз экспортқа тікелей жауапты Индустрия министрлігіне шықтық. Бізде оларға қандай да бір экспорттық топ құру, сыртқы нарықтарға қайта өңдеу өнімдерімен шыққысы келетін салаларды біріктіру туралы ұсыныс болды. Бірақ, сол тұстағы жаңа министрлік бізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге ықылас білдірмеді», – деп қынжылды Евгений Альбертович.

Ең өкініштісі, өнімін сыртқа сатқысы келетін ұн тартушылардың жанайқайына атқамінерлердің құлақ асар түрі байқалмайды. Тіпті, екі жыл бұрын Астық өңдеушілер одағы әзірлеп, Үкіметке ұсынған ұн тарту саласын қолдауға арналған Жол картасы осы уақытқа дейін бюрократиялық кедергілердің салдарынан әлі бекітілген жоқ.

ҰН САТУДАН ТҮРКИЯ ЕЛІМІЗДІҢ АЛДЫНА ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Үкімет ұн тартушылардың жанайқайына құлақ аспағаннан кейін 2011 жылы ұнды сыртқа сату мәселесі күрделене түсті. Сол жылы ұнды экспорттау көрсеткіші бойынша Түркия Қазақстанның алдына шықты. Ал, Өзбекстан қазақ бидайынан жасалған ұнды сыртқа сата бастады. Енді осы тақырыпты тарқатып жазайық.

Жоғарыда жазғанымыздай, еліміз бидайды өңдеп, оны ұн күйінде экспортқа шығаруда өзінің әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Айталық, жылына 11 млн тоннаға дейін бидай өңдеуге шамасы жететін еліміз 2020 жылы 3,3 млн тонна ғана ұн шығарған. Соның 1,7 млн тоннасын сыртқа сатқан. Одан 489,4 млн доллар табыс тапқан. Бұл көрсетіш бойынша Қазақстан Түркиядан кейінгі екінші орында тұр. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Бірақ, 13 жыл бұрын ұн экспортынан әлемде бірінші орында тұрғанымызды ескерсек, бұл қуанарлық жағдай емес. Оның үстіне бізден жері 3,5 есе аз, халқы 4,5 есе көп Түркия тышқан жылы 951,1 млн долларға ұн сатты. Яғни, түріктер бізге қарағанда ұннан екі есе көп табыс тапты.

Иә, мемлекет қолдауынсыз қалған біздің ұн тартушылар өнімін сыртқа сатуда кедергіге тап болып жатқанда, Түркия бидайды өңдеу құнын (тоннасына – 35 доллар) субсидиялап, өзінің жағалауында диірмендерді көптеп салды. Содан жергілікті ұн тартушылар өнімдерін теңіз арқылы еш кедергісіз, алымсыз әрі минималды жол шығындарымен экспортқа шығарады. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркия ұн экспортында көш бастады. Қазір түріктердің ұнын әлемнің 110 мемлекеті сатып алып отыр.

Қазақ бидайының сапасы жоғары. Оны әлем баяғыда мойындаған. Сондықтан оған Орта Азия елдерінде сұраныс жоғары болды. Ұзақ уақыт бойы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан қазақстандық ұн тартушылар үшін тұрақты нарық саналды. Және бұл үлкен нарық. Осы үш елде 52 млн халық тұрады. Соның арқасында Қазақстан 2007 жылы ұн сатудан Түркия мен Еуропалық Одақты артқа тастап, әлемде көш бастады. Сол жылы еліміз сыртқа 1,4 млн тонна ұн сатты. Экспорт көлемі 2010 жылға дейін тұрақты артып, 2,3 млн тоннаға жетті. Елде жылына 12 млн тонна астық өңдеуге арналған қуаты бар бір мыңға жуық ұн тартатын компаниялар жұмыс істеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстанда жылына 2,5 млн тоннаға дейін жалпы өңдеу қуаты бар 80-ге жуық диірмен ғана болған. Яғни, 2010 жылы отандық ұн тарту саласы өзінің шарықтау жегіне жеткенін байқаймыз.

Шарықтаудан кейін салада құлдырау басталды. Оған бірнеше фактор әсер етті.

Біріншіден, қазақ бидайы бұған дейін Қара теңіз бен Балтық теңізі арқылы еуропалық нарыққа шығып келді. 2008 жылы аталған теңіздерге Ресейдің темір жолы арқылы бидайды жеткізу құны 65 доллардан 110 долларға дейін қымбаттады. Содан сол жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды Орталық Азия елдеріне бұрынғыдан да көп экспорттай бастады.

Екіншіден, Орталық Азия елдері өзінің ұн тарту өнеркәсібі өндірісін дамытуды мықтап қолға алды. Содан Қазақстаннан келетін ұн импортына кедергі жасады. Атап айтқанда, оңтүстіктегі көршілер біздің бидайға кедендік алымды алып тастады немесе төмендетті, ал ұнымызға керісінше алымды көбейтті. Ал, еліміз көршілердің мұндай әрекетіне қарсы жауап берген жоқ. Үнсіз келісті. Демек, бұған Қазақстанның өзі жол берді.

Осылайша, Орталық Азия елдеріне қазақ бидайы миллиондаған тоннамен ағылып, диірмендерін арзан шикізатпен толтырып жатты. Осы жағдайды өзбектер оңтайлы пайдаланды.

Бидайды ұнға айналдыруда Қазақстанға қарағанда Өзбекстанда артықшылық көп. Қазақстаннан арзан бидай еш кедергісіз келіп жатты. Бұл – бір. Екіншіден, салаға мемлекет қолдау көрсетті. Үшіншіден, электр энергиясының тарифі төмен. Төртіншіден, арзан еңбек күші бар. Кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Тіпті, кейбір қазақстандық ұн тартушылар да өндірісін көрші елге көшіргенін көз көріп, құлақ естіді.

Өзбектердің жолымен тәжіктер де жүріп өтті. Душанбе ұн импортына 18%, бидай импортына 10% қосымша құн салығын енгізді. Содан Тәжікстанға ұн сатқаннан гөрі бидай сатқан арзанға түседі.

Енді мынаған қараңыз: Соңғы 8 жылда Өзбекстанға бидай экспорты 4,5 есе артып, ұн экспорты 3,5 есе кеміген. 2012 жылы ұнның 47%-ын Қазақстаннан сатып алған Өзбекстан 2017 жылы 23% ғана қазақ ұнын импорттады. Тәжікстанда да жағдай тап солай. Соңғы 10 жылда Тәжікстанға Қазақстаннан ұн импорты азайып, бидай импорты керісінше 16 есе көбейген. Сонда біз не ұттық, неден ұтылдық?!

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰН ЭКСПОРТЫН АУҒАНСТАН ҚҰТҚАРДЫ МА?

Қазақстанның ұн экспортын Ауғанстан құтқарды. Негізі қазақ ұнын ауғандар бұрыннан сатып алатын. Өйткені, олар ұнның 60%-ын Пәкістаннан, 15-20%-ын Қазақстаннан тасымалдап жүрді. 2017 жылы жағдай күрт өзгерді. Ауғанстан нарығындағы ұнның 70%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Бұған Пәкістандағы жағдай әсер етті. Әлемдегі бидай бағасы құлдырағанда Пәкістан өзінің кәсіпкерлерін қолдау үшін бағаны түсірген жоқ. Айталық, бидай Пәкістанда 280 доллар болғанда, Қазақстанда баға 120 доллардың үстінде сақталды. Содан Пәкістанның ұны Ауғанстан үшін қолжетімсіз болып шықты. Осы фактор Ауғанстанның бетін Қазақстанға бұрғызды.

Осы арада өзбектер саудада достық болмайтынын тағы байқатты. Ауғанстанға ұн экспорттауда Өзбекстан Қазақстанға бәскелес болатын түрі бар. Әрине, ол үшін Ташкент қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланады. Ауғанстанға ұнды тасымалдауда Қазақстан Өзбекстанға кіріптар. Неге десеңіз, ауғандарға бидайды өзбек жері арқылы тасимыз. Астана Ташкентке транзит үшін ақы төлеуге міндетті. Өзбекстан темір жол тасымалына транзиттік тарифтерді көтере бастады. Бұл қазақстандық ұн тарту секторына кезекті соққы болды.

Қазірдің өзінде ала шапанды ағайындар қазақтың бидайынан ұн шығарып, оны сыртқа сата бастады. Былтыр Өзбекстан Ауғанстанға 1 млн тоннаға жуық ұн экспорттады. Жалпы, Ташкент сыртқа ұнды алғаш рет 2017 жылы сатты. Сол жылы ұн экспорты 46,4 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы – 70,1 млн долларға, 2019 жылы – 104,6 млн долларға, 2020 жылы – 218,6 млн долларға жетті. Мұндай қарқын сақталар болса, таяу жылдары Өзбекстан Қазақстанмен иық тірестірер бәсекелес болады.

Әрине, бұл фактор Қазақстанның оң жамбасына келмейді. Біріншіден, сыртқа сату көлемі төмендейді. 2021 жылы еліміз 1,4 млн тонна ұнды экспортқа шығарды. Ал, бұл көрсеткіш 2010 жылы 2,3 млн тоннаға дейін жеткенін естеріңізге сала кетейік. Екіншіден, елдегі ұн тартатын компаниялар саны кемиді. Қазір олардың саны 2010 жылмен салыстырғанда төрт есе аз. Отандық нарықта 250-дей компания ғана қалды. Үшіншіден, астық өңдеу көлемінің қысқаруы ұн өндірісінің азықтық қалдығынан құралатын кебек өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Бұл құс өсірушілер мен мал өсірушілер үшін арзан жем. Яғни, соның салдарынан жұмыртқа, сүт және ет өнімдері қымбаттайды.

Бір жылдары отандық ұн тартушылар Қытай нарығына да шығуға талпынды. Өйткені, бұл үлкен нарық. Ал, Қытай әлемдегі ең ірі бидай өндірушісі болғанына қарамастан, 1,4 млрд халқының ұнға сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Дегенмен, аспан асты елі де ұннан гөрі бидайды алғанды құп көреді. Мысалы, Қытай Қазақстаннан келетін ұнға 60% мөлшерінде кедендік алым салады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, қара аспанды төндіре беруге тағы болмас. Қазақ ұнына сұраныс бұрын да болды, қазір де бар, болашақта да бола береді. Астық өңдеушілер одағының басшысы Әлихан Талғатбектің болжамынша, биыл еліміз ұн экспортын 20%-ға арттырып, 2,4 млн тоннаға дейін жеткізе алады. Бірақ, Астананың бұл жоспарына Мәскеу кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені, Ресей өз бидайы мен ұнын Орта Азия елдерінің нарығына көптеп шығаруға мүдделі. Оған ресейлік ауыл шаруашылығы өнімдері үшін Қазақстан аумағы бойынша жоғары транзиттік теміржол тарифі тосқауыл болып тұр. Осыған байланысты Ауғанстан нарығындағы ресейлік ұн қазақстандық ұннан тоннасына 60 долларға қымбат болады. Қазірдің өзінде Мәскеу Астанаға транзиттік тарифті алып тастау туралы ұсыныс тастады. Әзірге еліміз ресейліктердің ұсынысына жылы қабақ танытқан жоқ. Себебі, бұл астық өңдеу саласының түбіне жететін қадам болмақ.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here