Халықтың мұқтаж санаттарына коммуналдық төлемдер бағасы басқаша белгіленуі мүмкін. Оларды бөлек топқа жатқызу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
«Тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және олардың инвестициялық бағдарламаларды іске асыруына бақылауды қамтамасыз ету жөнінде заңнамалық шаралар қабылданатын болады», – деді Үкімет басшысы.
Әлихан Асханұлының айтуынша, су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыру және объективті ақы белгілеу үшін 2023 жылдан бастап суды тұтыну көлемі бойынша сараланған тариф енгізілетін болады.