2,5 пайыздық несиені кімдер алады?

5
8969

Жамбыл облысында халықтың табысын арттыруға арналған пилоттық жоба оң нәтиже көрсетті. Соның арқасында біраз адам жағдайын жақсартып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ең бастысы, жәрдемақыға қарап отырғандардың саны азайды. Енді осы жобаны республика бойынша жүзеге асыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы «Sputnik Қазақстан» ақпарат агенттігі хабарлады.

Жамбыл облысында пилоттық жоба осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Негізгі бес бағыты бар. Олар:

  • өсімдік шаруашылығы үшін жеке учаскелерді пайдалану;
  • кооперативтер құру және жасақтау;
  • үй жанындағы аулаларды мал және құс шаруашылығына пайдалану;
  • ауылдағы шағын бизнесті қаржыландыру;
  • жер ресурстарын елді мекендерден тыс жерлерде пайдалану.

Пилоттық жобаға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Осы ақшаға 10 ауданда тұратын ауыл халқына 2 489 несие берілді.

Несие шарттары:

  • несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;
  • несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;
  • номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.

Бүгінде несиені төлеуден түсіп жатқан ақшаны қайтадан жобаға салып жатыр. Соның арқасында тағы үш ауылдың тұрғындары жобаға қосылып, жеке кәсібін ашуға ақша алды.

Жамбыл облысындағы пилоттық жоба кезінде барлық несие «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы берілді. Соның жанында шағын қаржы ұйымдары құрылған. Корпорацияның басқарушы директоры Ақтанәлі Ысмайылдың айтуынша, несиені делдалсыз тікелей халыққа берудің арқасында пайыздық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бар.

«Осы жоба барлық аймаққа таратылғаннан кейін қандай тәртіппен берілетінін айта алмаймын. Бірақ, біздегі механизм бойынша алдымен облыс әкімінің қаулысымен жобаға қатысатын ауылдар анықталды. Ал, несие алу үшін әкімдікке барып, құжат тапсыру қажет. Сол жерде адамдарға барлық ақпарат беріледі. Әкімдік құжат жинап, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға өткізеді. Корпорацияның өз ішінде тиісті құрылымдар бар. Олар құжатты тексереді, кем-кетігі болса, кері қайтарады. Әкімдік оны түзетіп, тағы тапсыра алады», – деп түсіндіреді Ақтанәлі Ысмайыл «Sputnik Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында.

Барлық құжат кредиттік комитеттің қарауына шығарылады. Оған «Атамекен» палатасы мен әкімдіктің өкілдері де кіреді. Ал, корпорация мамандары несие ақшасы мақсатты пайдалану жағын қадағалап отырады.

Айта кетейік, мамыр айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, пилоттық жобаның нәтижесімен танысты. Осы сапар барысында Ералы Лұқпанұлы бұл пилоттық жобаны «Ауыл аманаты» деп атап, басқа облыстарға таратуды ұсынды. Ал, шілде айында астанада арнайы жиналыс өткізді. Сол жерде жобаны республика бойынша тарату мәселесі қаралды. Жұмыс келесі жылы басталмақ.

5 Пікір

  1. Ассалаумагалейкум мен Токмагамбет Арман Есмагамабетулы 09.09.95ж осы жобага улес коскым келеди

Арман үшін пікір үстеу Жауапты белгілеу

Please enter your comment!
Please enter your name here