Әскерилер Республика сарайында мерекелік концерт қойды

0
358

Республика күніне орай Қарулы күштер Ұлттық әскерипатриоттық орталығының шығармашылық ұжымы алматылықтар мен қала қонақтарына концерт берді.

Салтанатты шараға көрермен ретінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, жоғары оқу орындарының басшылары, әскери қызметшілер мен күштік ведомстволардың қызметкерлері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және қоғам өкілдері қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мәдениеттің алатын орнын атап өтті.

– Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан идеясы тұрғысынан қойған міндеттерін ескере отырып, армия жеке тұлғаны қалыптастыруға, жастарды тәрбиелеуге, оның ішінде мәдениет пен өнер арқылы патриотизм сезімін оятуға атсалысуы тиіс. Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери ансамблі мен оркестрі осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов

Әншілер мен вокалдық топтар, би және фольклорлық-этнографиялық ұжымдар, әскери және эстрадалық-симфониялық оркестрлердің музыканттары көрермендерге Республика күніне орай арнайы дайындалған жаңа әскери-патриоттық бағдарлама көрсетті.

Концерт барысында қазақстандық композиторлардың танымал шығармалары мен әлемдік классика жауһарлары шырқалды. Құрманғазының «Адай» күйіне құрметті қарауыл ротасының дефилесі орындалды. Орталық әскери және эстрадалық-симфониялық оркестрлердің сүйемелдеуімен «Солистер шеруі» атты музыкалық шығарманы орындаған әртістер көрермендерді тәнті етті. 

Сондай-ақ дирижерлер Александр Беляков, Дархан Рахымғалиев, Ербол Мамырбаев, Әділет Азбаев және Ұлан Әбдірахмановтың жетекшілігімен оркестрлердің орындауындағы ерекше композициялары да көпшілікке  ұнады.  Астана және Алматы қалаларының «Жас сарбаз» балалар студияларының хоры «Алға, Қазақстан» туындысын ерекше рухпен шабыттандыра шырқады.

«Батырлар ізімен» біріккен би ұжымының орындаған нөмірі де дәстүрлік сипаттағы, топ құрамында үйлесім тапқан тамаша көрініс болды. Көрермендерге «Сарбаздар биі» классикалық әскери биін тарту еткен хореографиялық ансамбльдің орындауы да ерекше әсер қалдырды. Елге деген құрметпен, әнұрандай болып кеткен «Туған жер» әнін музыкалық сүйемелдеусіз ерлер хоры орындады.

Құлақтан кіріп бойды алған айрықша концерт  осылайша әскери қызметшілерге, алматылықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here