Мәжіліс қаңтар оқиғасының жай-жапсарын талдап-талқылауды жалғастырады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
«Бүгін Парламент Мәжілісінің осы жылдағы қорытынды жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Бір жыл ішіндегі оқиғалар мемлекеттің, қоғамның болмысы мен табиғатын түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес. Жыл басындағы Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін ауыр сынақ әрі сабақ болды. Сол сынақтарға жауап ретінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде кең көлемді әрі батыл саяси реформаларды қолға алды. Бұл оң өзгерістерді Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың қызу қолдағанына бәріміз куәміз. Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі уақытта ел азаматтарының ертеңгі күнге деген үміті оянып, сенімі артып келеді. Ең бастысы, біз осы сенімді жоғалтып алмауымыз керек», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, биыл Мәжіліс қарауында 154 заң жобасы болды. Соның 93-і талқыланып, Сенатқа жолданған. Бұл құжаттардың 75-іне Президент қол қойды.
«Алғаш рет Мәжілісте Қаңтар оқиғасын тергеу барысының алдын ала қорытындысын ашық түрде тыңдадық. Тәуелсіз Қазақстан тарихының ең бір қайғылы парағына айналған қанды оқиғаның жай-жапсарын талдап-талқылау жалғаса бермек. Бұл күрделі мәселе депутаттардың ұдайы назарында болады. Жаңа жыл басындағы алғашқы жиындардың бірінде оған тағы да арнайы ораламыз», – деді Мәжіліс Төрағасы.