Жәмилә Серкебаева: «Мәдениеттен мән, сахнадан сән кетті»

0
6240

Таланттар түлеп ұшқан әулетте дүниеге келіп, тал бесіктегі сәби кезінен атағы айға жеткен жарық жұлдыздардың арасында ғұмыр кешу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Тағдырдың мұндай ерекше тартуы Жәмилә Серкебаеваның маңдайына жазылса керек. Ол талантты тұлғалардың тәрбиесін көріп, Серкебаевтардың сүрлеуімен жүрсе де, музыка әлемінде өз қолтаңбасын қалдыра білген өнерпаз. Төккен тер мен өнерге деген құштарлығының арқасында сан түрлі шығармашылық эксперименттер жасады. Жаңашылдықты жаны сүйетін Жәмилә қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктерге де тың дүниелерді «тудырудан» қорықпайтын өнер иесі екенін дәлелдей білді. Ата-тегіне кір келтіргісі келмейтін музыкант әр туындысын байыппен таңдап, шарықтау шегіне жеткізе орындайды. «Qazaq» газеті бүгін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Нью-Йорктегі Джаз қауымдастығының мүшесі, танымал скрипкашы Жәмилә Серкебаеваның өнері мен өміріне тоқталады.

ҚОНАҚ БӨЛМЕДЕН БАСТАЛҒАН ҚАДАМ

Алатаудың баурайында әйгілі Серкебаевтар династиясында дүниеге келген Жәмилә скрипкашы, дирижер, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Мұрат Бекмұхамедұлының қызы. Әкесі үйдің кішісі болғандықтан, Жәмилә ата-әжесінің қолында, яғни қара шаңырақта өседі. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын бойына сіңірген Серкебаеваның балалық шағы өнер адамдарының ортасында өтеді.
«Біздің үйде әрдайым қонақ үзілмейтін, менің әр күнім көңілді өтті. Мұның бәрі ата-анамның арқасы. Кезінде ата-әжем әкем Мұрат пен Ермек Серкебаев ағамды күрделі де әдемі аспап скрипкаға беріп, олар өз өмірін толық музыкаға арнады. Екі күннің бірінде Ермек Серкебаев анасын көру үшін қара шаңыраққа келетін. Ол кісі пианинода отырып музыка шығаратын», – дейді бір естелігінде Жәмилә.
Бала Жәмиләның өнер жолындағы алғашқы қадамы да әлі күнге көз алдында. Ол туралы өнерпаз былай дейді: «Менің кішкентай ғана скрипкам болатын. Бір күні ата-анам мен қонақтар отырған төр бөлмеге мені Ермек аға (Серкебаев) шақырып: «Екінші сыныптың оқушысы Жәмилә Серкебаева мына әнді орындайды» деп хабарлады. Сол кезде тізелерім дірілдей бастады. Сонда да сол кісілердің алдына шығып, өзімнің шағын шығармамды орындап бердім. Қазір ойлап қарасам, сол менің үлкен сахна алдындағы шағын дайындығым екен ғой».
Бұл опера әншісі Ермек Серкебаевтың кішкентай Жәмиләның өнер жолына берген ақ батасы болса керек.
Скрипкада ойнауды басында қаламаған Жәмилә 8-сыныпқа келгенде Қазақстандағы скрипка мектебінің негізін салушылардың бірі – Вениамин Соломонович Хесстен сабақ алады. Мықты педагогтан 2 жыл білім алған ол скрипканың қыр-сырын меңгеріп шығады.

ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТЕКТІ ҰРПАҚТАРЫ

Опера әншісі Ермек, дирижер Мұрат, композитор Алмас сынды Серкебаевтар династиясының тегін алған кейінгі толқынға өнер жолын таңдау оңай іс емес. Бұл әулетте тектің атын жамылып, танымалдылыққа ұмтылуға жол жоқ. Бұл да Жәмилә Серке-баеваның өмірлік ұстанымы.
«Біз – Байғали («А-Студио» тобының негізін қалаған Ермек Серкебаевтың ұлы, – ред.) екеуіміз кейінгі толқынбыз. Біз бір-бірімізбен бәсекелеспейміз. Музыкант болсақ та, жұмыс жасап жатқан бағытымыз әртүрлі. Бір-бірімізге көмектеспейтініміз де рас. Бұл – бәсекелестік емес, қазақы отбасы ұстанатын еуропалық стиль. Әрине, бір-бірімізді жақсы көреміз, бір-бірімізге қонаққа барамыз, сыйлық береміз, жақсы араласамыз, жеткен жетістігімізге қуанамыз. Бірақ, әркім өз жолымен жүреді. Маған ағамның көмектескен кезі жоқ. Алайда, кезінде «Ағасының арқасында танымал болып жүр» деген қауесет сөздер де болды ел арасында. Мүмкін мен ол кісінің қолдауын қалаған болармын, бірақ оның маған көмектескен кезі болған емес», – деп ашығын айтты Жәмилә Серкебаева.
Бүгінде Жәмилә Серкебаева әкесі Мұрат Бекмұхамедұлына өнер жолына берген бағыт-бағдары үшін перзенттік алғысын білдіреді: «Әкеме мені музыкамен айналысуыма мүмкіндік беріп, консерваторияны аяқтағанша қолдау көрсеткені үшін алғысымды айтамын. Біздің бір-бірімізге деген көмегіміздің көрінісі осындай».
Скрипкашы өз сөзінде ағасы Ермек Серкебаевтың отбасындағы орны мен рөлінің ерекше болғанын айтады.
«Ағамыздың ортамызда қарайып отырғанының өзі бізге күш беретін. Мұның бәсекелестікке ешқандай қатысы жоқ. Мен отбасындағы рөлін айтып отырмын. Ол кісінің алдымызда жарқырап аман жүргендігі – бізге деген көмегі еді. Ол шаңырағымыздың қорғаны болатын. Ештеңе істемесе де өзінің бар болмысымен бізге арқау болды. Ол кісі өмірден өткенде маған ғана емес, бәрімізге ауыр тиді. Отбасымыздағы рухани көшбасшымыздың орны үңірейіп бос қалғаны қабырғамызды қайыстырып, жанымызға қатты батты», – дейді текті әулеттің текті қызы.

СКРИПКАШЫНЫҢ САРА ЖОЛЫ

Жәмилә Серкебаева консерваторияда оқып жүріп, әкесінің оркестрінде жұмыс істей бастайды. Алдымен концертмейстер болып, содан кейін скрипкада жеке ойнап жүреді. Серкебаева сахнаға тұңғыш рет Эдуард Богушевскийдің биг-бэндімен шығады.
«Сол кезде теле-радиоға қарасты әкемнің Камералы оркестрі мен Эдуард Богушевскийдің эстрадалық-симфониялық оркестрі болды. Біздің арамызда шығармашылық байланыс орнады. Бір күні маған «Биг-бэндпен классикалық туынды емес, джаз жанрында бір дүниені орындап көрсең» деген ұсыныс айтты. Мен қуана келістім. Бұл менің үлкен сахнаға алғаш шығуым. Сонда бәрі эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен скрипканың джазды да ойнайтынына таң қалысты. Сол жерден менің жолым басталды», – дейді өткен күніне көз жүгірткен скрипкашы.
Сол күннен бастап Жәмилә Серкебаева қазақ пьесаларын өңдеп, рок орындай бастайды.

СЕРКЕБАЕВА МЕН МЭЙДІ НЕГЕ САЛЫСТЫРАДЫ?

Кезінде Жәмилә Серкебаеваның британдық әнші, скрипкашы Ванесса Мэйге еліктейтіні туралы ел арасында әңгіме тарады. Шынтуайтында кім-кімге еліктеді? Танымал таланттардың арасындағы ұқсастық неде?
Бұл сұрақтарға Жәмилә Серкебаева былай деп жауап береді: «Идея бір уақытта бірнеше адамға берілетіні айтылады ғой. Екеумізге бір уақытта келген жаңашылдықты Ванесса тез қағып алды және оның өнері жаһанға жылдам таралып кетті. Ал мен артық қаржының жоқтығынан кенжелеп қалдым. Егер ондай мүмкіндік болғанда, мүмкін мен бірінші шығар ма едім?! Қазір енді салыстыруды қойды. Ертеректе осы сұрақтарды қойғанда не деп жауап берерімді білмей, арасында үйге келіп жылап та алатынмын. Расында мен ешкімді көшірген жоқпын. Кейіннен бұл сұрақтың жауабын таптым. Ванесса Мэй мен мендегі айырмашылық – менің қазақ музыкасын орындай алатындығымда екен. Ал ол орындай алмайды. Мен классиканы да ойнаймын. Бірақ, жаныма жақыны – казақтың халық әндері мен күйлерін джаз, рок немесе поп аранжировкасымен тыңдарманға ұсыну. Бұл – менің фишкам».

Эстрадалық пен той әндері белең алған бұл заманда классикалық өнерге ден қойып, музыка саласына терең мән берген жанды байқай бермейміз. Еліміздегі мәдениет пен классикалық өнер туралы Жәмилә Серкебаева былай деген екен: «Мәдениет тек музыка ғана емес, бұл – ғылым, білім, көркем сурет, сөйлеу өнері, әдеп, этика. Мәдениет жоғарыласа, басқалары да биіктей түседі. Өйткені, адамдар өсіп, жаңашылдыққа ұмтыла бастайды. Ал егер мәдениет төмендесе, онда өзгелері де құлдырайды. Мәдениет бала кезден қалыптасады. Мен «Жастар жаппай классика тыңдасын» деп тұрғаным жоқ. Дегенмен, мектептерде балаларды классикалық өнермен таныстыру қажет. Қазір бұл нәрсе жоқ. Мәдениетке баулымайды, көрерменді тәрбиелемейді».
Елімізде мәдениет пен әдебиет саласының айналасында жүрген жандар көбіне басқа елге қоныс аударуда. Солардың ішінде композитор Алмас Серкебаев та бар. Ағасының шетел асып жүрген сырын скрипкашы былай деп түсіндірді: «Бізде қазір мәдениет ең жоғарғы деңгейде емес. Басты мәселе осында. Сондай-ақ, мәдениет саласын қаржыландыру да мәз емес. Мен тек өзіме жақын музыка саласына тоқталсам, мәселен, жылдар бойы консерваторияда оқып, таңнан қара кешке дейін оркестрде жұмыс істейтін өнерпаздар 70 мың теңге айлық алады. Ал, ешқандай музыкалық білімі жоқ, тек караокеде жақсы ән салғаны үшін сахнаға шығуға бекінген «көшедегі көлденең көк аттылар» ақшаны күреп табады. Әрине, майталман музыка мамандарына обал».
Иә, Жәмилә Серкебаеваның бұл уәждері-мен келіспеске болмайды. Сахнадан сән, мәдениеттен мән кеткені де рас.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ мәдениетін әлемге танытып жүрген Жәмилә Серкебаева жыл өткен сайын өзінің өнерін шыңдап келеді. Өте ауыр скрипка аспабын еркін меңгерген музыкант ұлының өнер жолына түсуін қаламайды екен. Ал, қазақ күйлерін скрипкада сан түрлі жанрмен құбылта білген 48 жастағы скрипкашы классикалық музыка тыңдармандарын әлі талай тың туындыларымен қуантары анық…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here