«Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу – ең алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», – деп Елбасымыз айтқандай, «Қазақ» газетінің де ұстанымы сол Алаш арыстарын ардақтау, «Еркін ел болсам» деген асыл сөз бен абзал армандарына айналған бүгінгі тәуелсіздігіміздің солардың мол қатерлі жолдары арқылы келгенін тереңірек айту. Міне, сол ХХ ғасырдың тарихында таңбаланып қалған, елдің еркіндігін аңсаған ұлт перзенттерінің арасында Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) шоқтығы биік. Жалынды жазушы, ақиық ақын, дарынды драматург, мемлекет және қоғам қайраткерінің биыл 125 жылдық мерейтойы. Сан қырлы саңлақ тұлғаның шығармашылық қасиеттерін бір ғана мақаламен түйіндеп беру мүмкін емес, әрине. Мақсатымыз – тек ұлтын сүйген ұлы жүрек иесінің тәлкекті тағдырына куә болған бірден бір ұрпағы Рымжан Сейфуллинаның естелікке айналған сырына қанығу болатын…
«ҚЫЗЫ ЛАУРА ҚАЙТЫС БОЛҒАННАН КЕЙІН МЕНІ СӘКЕН АҒАМНЫҢ ҚОЛЫНА БЕРГЕН…»
– Рымжан апа, әкеңіз Мәжиттің өзіңізді ағасы Сәкеннің бауырына салуына не себеп болған? Яғни, Сіз қазақтың маңдайына біткен Сәкендей қаламгердің аз ғана уақыт болса да тәрбиесін көрдіңіз. Сол бала күндеріңіз жүректе қандай жылулықтарымен есте қалып еді?
– Сәкеннің өз кіндігінен бала болмады. Жалпы, Сәкен үш әйел алған. Өз кіндігінен, яғни үшінші әйелі Гүлбарамнан 1928 жылы туған қызы Лаура үш жасында, 1936 жылы туған ұлы Аян бір жарым жасында қайтыс боп кеткен. Мені Лаура қайтыс болғаннан кейін Сәкен ағамның қолына берген. Тағы бір себебі, ата-анамызда менен өзге үлкен ағам Орынбек, Есенкелді атты інім, яғни екі ұлы болғандықтан, мені Сәкеннің бауырына салған.
Бауырына салған күннен бастап Сәкенді «туған аға» деп атадым. Ал әкемді туған ағамның айтуымен «Мәнә» деп атап кеттім. Сәкен аға өзінен кейінгі інілерінің бәріне еркелетіп есім беріп, сол есіммен атаушы еді. Ата-апамыз әкем Мәнәнің қолында тұратын.
Туған ағам мен Гүлбарамның араларын алыстатқысы келді ме, кім білсін, бірде ағам іссапармен кеткенде біреулер Гүлбарамға: «Командировкаға үш еркек, үш әйел болып кетті», – деген сөзді жеткізеді. Сөйтіп, Гүлбарам ешкімге айтпай Лаураны алады да Мәскеуге кетіп қалады. Мәскеуде бара қоятын туыс жоқ. Сол уақытта Мәскеуде Сәбит Мұқанов Әдебиетшілер инс-титутында оқып жүрсе керек. Гүлбарам Сәбеңнің қолына келін болып түскендіктен жазушының отбасын жақсы таниды. Сол үйге барады. Жалғыз Сәбеңнің өзі ғана жұмыс істейді. Мәриям апа балаларымен үйде. Не қызметте жоқ, не оқуда жоқ болғандықтан істі жақсы тігетін Гүлбарам «Известия» газетіндегі тігін цехына жұмысқа орналасады. Осылай күнелтіп жүргенде жертөле үйде Лаураға суық тиіп қатты ауырады. Содан Лаураны алып Гүлбарам Қызылордадағы туыстарына келеді. Алайда, бала ауылына жеткен соң қайтыс болады. Гүлбарам болса Лаурадан айырылып қалғанын айтып Сәкенге хат жазады. Сәкен әйеліне тек «өзіңді күт» деген жауап жазады. «Кел, қайт» деген сөз айтпайды. Содан Гүлбарам қайтадан Мәскеудегі стенографистердің үш айлық курсына оқуға барады.
Бірде әкем Мәжит Жақия деген туысымызбен театрға барғанда Гүлбарамды көріп қалып: «Гүлбарам-ау, сен қайдан жүрсің?» – деп таңырқап, хал-жағдайын сұрайды. Гүлбарам Мәскеудегі үш айлық курсты бітіріп келгенін айтады. «Оқуыңды бітірсең, енді неғып жүрсің? Неге үйге келмейсің?» – деген әкемнен: «Сәкен әйел алып қойған жоқ па?» – деп сұрайды. «Жоқ, Сәкен ешқандай әйел алған жоқ. Бірақ өзің қайда жүріп жатырсың?» – деп сұраған әкем оның Сәкеннің досы Абдолла Асылбековтың үйінде жүргендігін біледі. Әкем үйге келген бойда Сәкенге Гүлбарамды көргенін, досы Абдолланың үйінде жүргенін айтады. Сәкен ағам досының үйіне барып, әйелімен жолығып: «Өзіңнің үйің, келем десең кел, үй ашық», – дейді. Осылайша, екеуі қайта қосылады.
Сәкен ағам маған қатты көңіл аударды. Қайда барса да мүмкіндігінше мені қасынан тастамайтын. Тіпті, ас-ауқатымды алдыма тосатын. Ет жегенді жақсы көрсем керек. Кейде менің ет жегенімді көріп таңданып: «Ойбай-ау, мына бала құсып тастамай ма? Қандай көп жейді? Елімізде Балсары деген апамыз бар еді… «Соған ұқсап кете ме?» деп қорқам», – деп әзілдейтіні есімде. Етті көп жеген күннің ертеңіне: «Құсқан жоқсың ба?» – деп сұрайтын. Мен: «Жоқ, құсқан жоқпын», – деймін. Ал күн сайын түнде ұйықтайтын кезде Сәкеннің қойнына кіріп кетемін. «Бар, Гүлбарамның қойнына жатсайшы», – деген ағама: «Жоқ, сенің қасыңа жатам», – деп кетпей ұйықтап қалатыным әліге дейін көз алдымда.
Біздің үйге сол кезде бүгінгі алыптардың қатарында есімдері аталатын жазушылардың бәрі келетін. Сәбит те, Ғабит те, Мұхаң да. Олар мені «Сәкеннің қызы» деп атайтын. Құдайға рахмет, сол жазушылардың бәрі де о дүниеге кеткенше мені сыйлап, тек «Сәкеннің қызы» деп атап өтті.
Туған ағам іссапарға барғанда сыйлықтар әкелуді ұмытпайтын. Неше түрлі әдемі көйлектер, испандық үлгідегі киімді пилоткасымен әкелген. 1936 жылы Мәскеуде Кеңестік Жазушылар одағының съезі болды. Сол сапарында ұлы Аянға кішкентай ғана сүйкімді аппақ кереует, маған көйлек әкелді. Аянға алып келген кереуетті қызғанған болуым керек, отырған бүкіл жазушылардың көзінше: «Мені жақсы көрем, жақсы көрем дейсіз. Қанша барғанда бір кереует әкелген жоқсыз, ал Аянға алып келдіңіз», – деппін ғой. Сөйтіппін де алып келген көйлекті туған ағамның алдына тастай салыппын. «Астапыралла, бір адам маған мынадай деп айтпап еді? Осыдан барсам енді ешкімге ештеңе алып келмей, тек осы қызыма алып келем», – деп күлімсірей жерден көтеріп алып, бауырына басқаны да есімде. Өкініштісі, одан кейін ағама Мәскеуге бару бұйырмады…
– Сәкен Сейфуллиннің көріктілігін көзін көргендер ғана емес, тіпті бүгінгі ұрпақ та суретінен көріп-ақ тамсанады. Ағаңыздың сол келбетін жеткізе аласыз ба?
– Туған ағамды көзі көрген адамдар оның сұлулығын сөзбен жеткізе алмаймыз деседі. Шынында да солай. Мен ол кезде баламын. Сол бала кезімнің өзінде көргенімде Сәкендей соншалықты сымбатты, келісті, көркем ер-азаматты әліге дейін көрген жоқпын. «Әйелдер көркемдігіне қатты ғашық болатын» дегенді үлкендердің аузынан жиі естідім. Тіпті, көшеде Сәкен достарымен кетіп бара жатқанда, ағамның көзіне түсу үшін кей қыз-келіншектер әдейілеп алдынан шығады екен. Сәкен сезсе де үндемей өте шығып, бірақ өтіп кеткен соң «мына бикеш кім?» деп достарынан сұрайтын көрінеді.
Жалпы, Сейфуллиндер отбасындағы ұл-қыздар сұлулықтан кенде болмаған. Әсіресе, Сәкеннің реңі өзгеше болған. Үйдің тұңғышы Сәкеннен соң Мәлік, Әбен, Мәжит атты інілері болады. Төрт ұлдан соң Рахима, Халима, Сәлима атты үш қыз болыпты. Бұл қыздардың сұлулықтарына көрген адам көз тоқтатып қарамай өте алмаса керек. Сәкен де қарындастарының әдемілігін өзіне мақтан тұтыпты. Өкініштісі, үлкендердің айтуы бойынша, үшеуі де 13-14 жасқа жеткен бойда көз тиіп қайтыс болып кете барады. Мен бұл үш қызды көре алмадым. Үш қыздан соң Әбен ағамыз дүние салған. Содан Сейфолла атамның үш ұлы ғана қалады. Үш ұлы да ержетіп, отбасын құрып, солардың тілеуін тілеп отырғанда апамыз Жамал дүниеден өтті.
Апам Сәкеннің де, шалының да «халық жауы» деген жаламен ұсталып, азапталып, атылғанын көрмеді. Көрмегеніне де разымыз. Кім біледі… ана ғой…
«КҮН САЙЫН ӘЙЕЛІ ГҮЛБАРАМ ТҮРМЕГЕ БАРЫП ЖҮРДІ»
– Көзі ашық қазақ зиялыларына қырғидай тиіп жатқан зобалаң кезең Сіздердің отбасыңызды да айналып өтпеді. Сол кезеңді ауыр болса да еске түсіріп көріңізші…
– Сәкен ағаммен бірге тұрған үйдің орны осы Алматы қаласындағы бүгінгі Қарасай батыр мен Қонаев көшелерінің бұрышында. Сол үйдің орны әлі жадымда. Талайдың тағдырына қаралы, жазылмас жаралы таңба түсірген 1937 жылды кім ұмытсын? Дәл осы жылдың 24 қыркүйек күні Сәкен ағамды осы үйден алып кетті. Сол алып кетерден аз ғана уақыт бұрын Сәкен ағам, мен және әкем Мәнә үшеуміз Талғар жаққа демалысқа кеткенбіз. Сәкен Талғардың алмалы бау-бақшасын қатты ұнататын. Алматының нағыз апорт алмасы сол өңірде өсірілетін.
Ағайынды Құрмановтар деген болатын. Солар қыркүйектің басында, алма піскен уақытта ағамды қонақ етіп ауылдарына шақыратын. Арнайы киіз үй тіккізіп, ағамды шақырғанда сол жолы мен де артынан қалмай ілесе бардым. Әкем Мәнәмен бірге тағы бір-екі кісілер ілесті. Аттары есімде жоқ. Кешкісін жатын орынды Сәкен ағам киіз үйдің ішіне емес, алма ағашының дәл түбіне салғызатын. Алманың аңқыған иісін иіскеп, ағам мен әкемнің ортасында риясыз ұйқыға кететінмін. Талғарда жиырма күндей болдық. Қыркүйектің ортасынан ауа үйге келсек, үйдегілер бірнеше күннен бері бөтен адамдардың үйдің сыртынан торуылдап жүргенін айтты. «Бұлары несі? Мен таза, адал адаммын. Олар кім екен?» – деді туған ағам. Одан бұрын да біреулер ағама қашуға кеңес бергенде «Менің жазығым жоқ, неге қашуым керек?» деп жауап берген екен.
Дәл сол күні демалыс болатын. Таңертең тұрып, бәріміз дастарқан басына жиылып, таңғы шәйімізді ішкенбіз. Үйіміз үш бөлмелі, бір бөлме Сәкеннің кабинеті, терезесіне күннің көзі түсіп тұратын, бұл бөлме бүгінгі Қарасай батыр көшесіне қараған. Жалпы, демалыс күндері туған ағама келушілер көп болатын. Көбінесе әдебиет тақырыбында сөйлесетін. Мен болсам ағамның қасына отырып алып, солардың әңгімелеріне құлақ түре қоятынмын.
Осы дағды бойынша демалыста адамдардың алды келіп, енді сөйлесе бергендерінде үйге баса көктеп екі орыс кіріп келді де Сәкенге қолдарындағы бір қағазды көрсетті. Туған ағам әлгі қағазға көзін жүгіртті де өңі бұзылып кетті. Бәріміз үрпиісіп қарап қалыппыз. Қысылыңқырап қалған ағам: «Маған су әкеліп беріңдерші», — дей беріп еді, әлгі келгеннің бірі: «Вам пить нельзя», – деді. Өз-өзіне қол жұмсау үшін бірдеңе ішіп қояды деп күдіктенген болу керек «одеваетесь» деп бұйыра сөйледі. Келгеннің біреуі ағам киініп жатқанда қасында бақылап тұрды да, екіншісі Сәкеннің жазу кабинетіне кіріп кетті. Жазу кабинетіндегі бүкіл заттарды тінте бастады.
Сәкен ағам галифе костюм-шалбары мен етігін, пальтосын киіп жатты. Осы сәтте үйге үшінші бір адам кірді де: «Неге кідіріп қалдыңдар?» – деп ағамның қасында тұрған серігіне тіл қатты. Ол: «Кідірген жоқпыз, киініп жатыр», – деді. Кірген кісі ағама қарап: «Вы че так одеваетесь, на улице жарко, тепло», – деді. Қыркүйек айы, жылы болатын, соны меңзеп сөйлеп тұрса керек. Сосын ағам: «Что такое тюрьма, я знаю», – деді. Мұның алдында да ағам Омбының түрмесінде, азап вагондарында болып, содан аяқ-қолы қақсап ауыратын. «Түрменің қандай екенін білем» деуінің себебі осы.
Әзірейілдей келген үш жаналғыш ағамды қап-қара түсті машинаға мінгізіп алып кетті. Бар көрген-баққанымыз сол болып, ештеңені түсінбестен біздер қала бердік. Сол сәт туған ағамды соңғы көруім екен ғой.
Күн сайын Гүлбарам түрмеге барады. Гүлбарам сияқты күйеулерінің соңынан сабылып жүрген әйелдер қаншама?! «Халық жауы» деп қамауға алынғандардың әйелдеріне «күйеулерін бір рет қана көруге рұқсат» деген «заң» болып, сол «заң» бойынша ақпан айының бас кезінде күйеуін көруге Гүлбарам да рұқсат алады. Оған дейін ағамның артынан ас-ауқаттарын апарып тұрды. Гүлбарам сияқты әйелдерінің апарған тамақтары күйеулерінің қолына тиді ме, тимеді ме, оны ешкім білмейді…
Кездесуге кіргенде Гүлбарам ағамды мүлдем танымай қалады. Сұмдығы сол, бұрынғы сұлулық өңінен табы да қалмаған. «Қалайсыңдар?» дегенді әрең жеткізіп: «Мәнәм қалай? Балалары қалай?» – деп інісі мен оның балаларының халін сұрайды. «Мәнәм қалай дей бересің, неге өз балаңды сұрамайсың?» – деген әйеліне: «Аян тірі ме?» – депті. «Ойбай тірі, жүгіріп жүр» – дейді. Ұлы туралы жайсыз түс көрді ме, кім білген? Мұны үйге келген соң Гүлбарам айтып жатыр ғой. Аян әкесін ұстап кетерден бір жыл бұрын, 1936 жылы туған.
Көп ұзамай Сәкеннің, Ілияс және басқалардың әйелдерін шақыртып алып: «Сіздерге Алматыға тұруға болмайды. Екі жылға дейін астанадан (Алматыдан) тыс 25 шақырым қашықтықта тұруға міндеттісіздер», – деген қатал талап қояды. Мұны естіген туыстар үйге жиналып, Гүлбарамның Ұзынағаш ауданына қарасты бір ауылда Жақия деген туысымыздың үйіне барып тұруын жөн деп ақылдасты. Алайда, Гүлбарам үлкендердің бұл шешіміне келіспей: «Жоқ, мен Ақмолаға барам, сонда туыстарым бар», – деп отырып алды. Райынан қайтарғысы келіп үлкендер: «Сені «халық жауының әйелісің» деп, туыстарың кіргізбеуі де мүмкін. Түбінде мына баланы да өлтіріп аласың», – деп батырыңқырап та айтты. Бірақ, Гүлбарам тыңдамады. Үлкендердің осы сөздері жетіге толмаған менің құлағымда әлі де сайрап тұр. Бәріміз де кішкентай Аянды қимадық.
Осы тұрғысында кезінде кей жазушылар «Гүлбарамды Алжир-ге жібергенде баланы алып қалатын ешкім болмаған. Содан бала жолда қайтыс болған» деген сияқты жалған, жалалы сөздер жазды да. Бұл – шылғи өтірік. Бұған үлкендердің сөзін естіген өзім куә бола аламын. Гүлбарамның айтқанынан қайтпасын біліп, үлкендер баяғы Лаураға ұқсап мұны да жолда суықтатып өлтіріп ала ма деп, туыстарының қолына аман-есен табыстап келу үшін қасына Сәкен ағамнан кейінгі інісі Мәліктің әйелі Ұмсынды қосып жіберді. Ұмсынның да қолында кішкентай қызы болатын. Үлкендер екі келінді балаларымен бірге пойызға отырғызып салды. Ол заманда пойыз қазіргі Шу арқылы жүрмейді. Семей, Омск, Новосібір арқылы айналып жүретін. Бір айдан соң «Туыстарына аман-есен табыстадым» деп Ұмсын келді.
Артынан құлақтандық, туыстары «халық жауының әйелісің» деп қабылдамаған ба, нақтысын білмейміз, бірақ Гүлбарам Көкшетау жақтағы біздің туысымыз Рүстемов Исаның үйіне барады. Иса туысымыз райкомда қызмет атқаратын. «Халық жауының әйелі» үйінде тұрып жатыр деген қаңқу сөзден қорқады ғой. Жас әйелді кішкентай нәрестесімен далаға тағы тастай алмайды. Сосын ауылдың шетіндегі жалғыз басты татар әйелге бүкіл жағдайын жасауға көмектесіп тұрамын деп, Гүлбарамды баласымен сонда апарады. Сол үйде тұрып жатқанда бір ай толар-толмас Аян іш ауруымен ауырып, қайтыс болады. Міне, Сәкен ағамның өз кіндігінен осылайша бала қалмаған. Сонда деймін-ау, туған ағамның ұлы Аян туралы алдын ала түс көргені рас та сияқты.
«ӘУЛЕТТЕ ӨЗ АЖАЛЫМЕН ҚАЙТЫС БОЛҒАН МЕНІҢ ӘКЕМ ҒАНА»
– Ұлының соңынан әкесін де, яғни атаңыз Сейфолланы да «Халық жауы» деп атылғаны айтылады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Атамның жағдайын айту үшін мына жайтты айтпай кетуге болмас. Туған ағам ата-анасын керемет сыйлайтын. Ал анасын ерекше жақсы көріп «Жамалеке» деп атайтын. Апам да Сәкенін ерекше көретін. Апам 1935 жылы осы Алматыда қайтыс болды. Қаскелеңнің жолындағы Райымбек батыр ескерткішінің маңайында қазақтардың зираты болатын. Апам сол зиратқа жерленген. Сол зираттың орнына кейіннен биік үйлер салынып кетті. Тек жалғыз Райымбек батырдың ғана ескерткіші қалған. Апамыздың зиратын осылайша жоғалтып алдық. Апам дүниеден өткенде атамның жасы әлі жетпіске келе қоймаған екен. Кемпірі кеткен соң атам: «Мен бұл жерде қалай тұрам, елге барайын», – деп Жаңаарқаға кетеді. Елге барғаннан кейін бір әйелге үйленеді. Солай өмір сүріп жүрген күндердің бірінде, кешкісін жайылымнан өзімен замандас, көрші ақсақалмен бірге мал қайтарып келе жатқанда екі адам келіп: «Сейфолла Оспан сіз боласыз ба? Сіздің балаңыз «халық жауы», сондықтан сіз де «халық жауысыз», – деп атамды ұстағанда, қасында тұрған көрші ақсақал: «Ойбай-ау, бұл шалдың не жазығы бар?» – десе, сол бір ауыз тіл қатқаны үшін ол шалды да қоса алып кеткен. Атамыздың кейінгі алған әйелінің аяғы ауыр болса керек. Атамды Қарағанды түрмесінде атқан.
Атам ұсталған соң Мәлікке ауыз сала бастады. Мәлік бір күнде ұшты-күйлі жоғалып кетті. Таба алмай қалдық. Не бір жерге барып сүйегін апарып тастады ма, болмаса басқа жағдай ма… Артында аңырап әйелі мен қызы қалды. Мәлік аға жоғалып кеткендіктен әйелі қорыққанынан Түркістан жаққа қарай қызын алып, бас сауғалап кетті. Арада көп ұзамай ол жақтан «Мәліктің әйелі қайтыс болды, артында қызы қалды» деген хат келді. Ол кезде телеграмма деген жоқ. Хат жолда біраз жүріп қалған.
Бар қайғыны арқалап, өзі әрең жүрген әкем Мәжит пойызға отырып, хаттағы көрсетілген мекенжай бойынша Түркістандағы үйді тауып алады. Барса, шағын ғана үйдің ауызғы бөлмесінде жыртық-жыртық киіз үйдің үстінде бір қыз жылап отыр екен. Әкем кірген бойда: «Мен келдім, Света қайда?» десе үйдегілер: «Ана отырған бала», – деп әлгі кішкентай қызды нұсқап көрсетеді. Света «папа» деп әкеме ұмтылады. Себебі, әкесі Мәлік мен менің әкем Мәжиттің дауыстары бірдей, өзіміз де солай ұқсататынбыз. Сонда үйдің иесі «халық жауының қызын үйіне кіргізіп алыпты» деген қаңқу сөзден сескеніп, нәресте қызды үйге кіргізбеген. Әкем Светаны құшақтай ап, ораған бойда пойызға кері қарай отырады. Үйге жеткенше жолай іші судай өтіп, шүберекті дамылсыз ауыстырумен әрең жеткізеді. Келген соң әке-шешем бар жандарын салып Светаға қарады.
Жарық күні таусылды ма, бір айдан соң Света қайтыс болды. Апамның қасына апарып қойды. Апарардың алдында үйде ештеме де қалмаған. Біреуден бір нәрсе сұрай да алмайсың. Жазу үстелінің кішкентай ғана тартпасына Светаның денесін салып, апарып жерледі. Сол сұмдық көріністе бүгінгідей көз алдымда қалып қойған. (Рымжан апа осы сәтте бейкүнә сіңлісінің денесі тартпаға салынып, солай жерленгеніне жүрегі езіле жылады).
Светаны жерлеп келген соң әкем орнынан тұра алмай қалды. Кеше ғана сүттей ұйып отырған шаңырақтағы тірегі әкесінен, бауырларынан тірідей айырылу әкеме ауыр тиді. Әкеме де «олар» бірнеше рет келді. Төсекте жатқанын көріп, «жазылған соң алып кетеміз» десті. Әкем бір жарым айдай есі ауысқан жандай төсекте таңылып жатты. Ептеп басын көтерген соң, «Бәрібір мені алып кетеді, қайда барам?» – деп КГБ-ның адамдарына өз аяғымен барып: «Мен келдім, кішкене тәуір болдым», – десе: «Біз әзірге жоспарды орындадық. Мәскеуден бұйрық келіп жатса… біз сізді шақырамыз, қайта беріңіз», – деп жауап береді. Міне, сұмдық, Мәскеуден келген бұйрықта «адам ұстаудың» жоспары осылайша орындалып отырыпты. Әкем сырқаттанамын деп, жаны аман қалды. Әйтпесе, Сейфолла әулетінен тұқым қалмас еді. Бұл әулетте өз ажалынан қайтыс болған жалғыз әкем Мәжит қана. Әкем қайтыс болғаннан кейін Кеңсайға қойдық.
«СЕЙФУЛЛИН ФАМИЛИЯСЫ АҒАМ АҚТАЛҒАНҒА ДЕЙІН АЛДЫМНАН ШЫҒЫП ОТЫРДЫ»
– Сәкен Сейфуллиннің есімімен қатар Бейімбет пен Ілиястің аттары қатар айтылады. Олардың ұрпақтарымен араласып тұрасыз ба?
– Бейімбет Майлиннің әйелі де қаладан шеттетілгенде, балаларын балалар үйіне өткізіп, тоғыз жыл бойына АЛЖИР-де (Акмолинский лагерь жён изменников родины) қой баққан. Бейімбеттің кіші қызы Гүлсімнің атын Сәкен ағам қойған. Гүлсім балалар үйіне өткізілгенде бір жарым жаста ғана екен. Тоғыз жылдан соң анасы келіп, балаларымен табысады. Жансүгіровтің де, Майлиннің де балаларымен жақын араластым. Дүниеден өткендерінің бәрін өз қолыммен арулап шығарып салыстым. Сондай қиындық көрген Гүлсім медициналық институтты қызыл дипломмен бітіріп, мықты дәрігер болды. Бүгінде Гүлсім ортамызда жоқ.
Сәкеннің көзін көрген жан бүгінде елде де қалмады. Екі адам едік. Бірі – Сәбит Мұқановтың әйелі болатын. Ол апамыз да жүзден асып өмірден өтті. Екіншісі – өзім. Ең қиыны осы. Бұрын Сәбең, Ғабең секілді жазушыларымыздың көздері тірі кезінде, мен олардың алдында бала сияқты алаңсыз жүретінмін. Қазір ғой, сол шақты айтатын да, еркелейтін де адам қалмады. Өкініштісі осы…
Сәкен ағамнан қалған заттардың бірі – өзі шәй ішкен күмістен жасалған крушкасы мен құттай ғана шарап ішетін екі бокал ыдысы бүгінде үйде сақтаулы тұр. Ешкімге де ұстатқан емеспін. Туған ағамның көзіндей болған бұл заттарды балаларыма қалдырамын.
– Сіз Сейфуллин тегін фамилия етіп, сақтап қалдыңыз. Мұның Өзіңізге қаншалықты салмағы түскенін көпшілікке аян…
– Астарлы сауалыңды түсіндім. Иә, Сейфуллин фамилиясы ағам ақталғанға дейін алдымнан шығып отырды. Әсіресе, оқуға түсетін жылдары бірде-бір жоғары оқу орны мені қабылдамады. Фамилиямды оқиды да құжатымды қолыма ұстатып қоя береді. Армандаған медициналық институтқа мүлде жолатпады. «Енді не болар екен» деп көшеде келе жатып маңдайына «зооветинститут» деген жазуы бар оқу орнына көзім түсті. «Бұл қандай оқу орны» деп ішке кірдім. Кірсем, орыстың екі әйелі отыр. Қайта орыстың отырғаны жақсы болды. Құжаттарымды қабылдады. Емтихандардан мүдірмей өтіп, оқуға қабылдандым. Оқуға түсіп, арада төрт айдан соң деканатқа аяқ астынан шақырды. Деканатқа «халық жауының қызын неге оқытасыңдар?» деген арыз түсіпті. Шақырушылардың қойған сауалдарына жауап бердім. «Халық жауы болып ағам соншалықты не істепті?» деп жылап жібердім ректорға. Үлкен кісі бәрін түсінді де «Әзірге сабаққа келме, қатарластарыңнан конспекті алып, солай оқи бер. Тек сессия кезінде баға қойылатын көрсеткіш қағазына бағаңның қойылуын қадағалап отырам» деді. Міне, мен сол кісінің арқасында оқуымды аман-есен бітіріп шықтым. Аяқтаған бойда ауыл шаруашылық институттың лаборатория бөліміне қызметке тұрдым. Сонда ассистент, аға мұғалім, 16 жыл кафедра меңгерушісі, доцент, профессор болып бір орында 52 жыл бойына қызмет атқардым. Шарапаты тиетін жақсы адамдардың бар екендігіне көзім жетті. Жолдасым екеуміз бір оқу орнын бітіріп, бірге қызмет атқардық.
– Деніңізге саулық тілейміз! Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Қызжібек БӘКІР, «Qazaq» газеті