Әлемдегі газдың бестен бірін өндіретін Ресейде неге халықтың үштен бірі әлі көмір жағады?

0
7974

Ресей Федерациясы – әлемдегі газды мол экспорттаушы елдің бірі. Бұл бүкіл әлемдік өндірістің бестен бір бөлігін құрайды. Ал, табиғи газдың қоры бойынша алдына ешқандай елді салмайды. Әлемдегі табиғи газ қорының 24,2 пайызы тиесілі. Өкінішке қарай, мол табиғи газ қорының үстінде отырған, газды ең көп өндіретін ел халқының үштен бірі әлі күнге дейін көмір жағады.

«Газпром» энергетикалық компаниясы Сахалинде бірнеше ірі мұнай-газ жобаларын іске асырып келеді. Транс-Сахалин құбыр жүйесі арқылы Пригородный ауылындағы зауытқа әлемдегі ең ірі сұйытылған табиғи газ тасымалданады. Онда жыл сайын шамамен 11 млн тонна газ өндіріліп, сыртқа экспортталады. Айталық, қазір Еуропа газдың 37 пайызын Ресей Федерациясынан сатып алады. Мәскеудің осы қарқыны алдағы уақытта да сақталса, 2040 жылдары еуропалықтардың 50 пайызы орыстың газын қолданатын болады. Ал, Беларусь, Грекия, Молдова, Болгария, Латвия, Финляндия, Польша, Германия, Австрия, Сербия сынды кәрі құрлықтың 28 елі қазірдің өзінде орыстың көгілдір отынына тәуелді. Ал, алып елді өзінің газымен газдандыру Мәскеу үшін күрделі мәселеге айналды.

2005 жылдан бастап Мәскеу өңірлерді толықтай газдандыру үшін  арнайы бағдарлама әзірледі. Бағдарлама бойынша Ресейдің басым бөлігін газдандыруды 10 жылда іске асыру жоспарланды. Дегенмен, 2011 жылдан 2018 жылға дейін өңірлерді газдандыру 5%-ды ғана құрады. Тіпті, толықтай газдандыру жоспары бірнеше рет кейінге қалдырылды.  «Газпром» энергетикалық компаниясы болса газды шет мемлекеттерге экспорттаумен ғана айналысты. Газдандыру бағдарламасының басталғанына 14 жыл өткен соң, 2019 жылы 12 наурызда «Газпром» басқармасының өкілі Алексей Миллер Ресей президенті Владимир Путинге берген баяндамасында алдағы он жыл ішінде, яғни 2030 жылға қарай газдандыруды аяқтауға уәде берді. Жаңа бағдарлама аталған мерзім ішінде ел аумағының 85%-ын газбен қамтуды көздейді.

Ресейлік биліктің айтуынша, газдандыру бағдарламасын іске асыруға үлкен кедергілер бар. Мысалы, Қиыр Шығыстың қақаған аязына шыдас беру үшін үш газ құбырына бір газ плитасын орнату керек. Сөйтіп қана газдың қатып қалмауының алдын алуға болады. Табиғи газға газ плитасын орнату үлкен жарылысқа апаратындықтан «Газпром» энергетикалық компаниясы шығынға ұшырамау жағын ойлайды. Соңғы бірнеше жылда Ресейдің шенеуніктері бұл қиындықты шешудің амалдарын қарастырып келеді. РФ Энергетика министрі Александр Новактың пікірінше, елді 100% газдандыру ешқашан іске аспайды. Себебі, кейбір аймақтарға газ тарту үшін қажетті инфрақұрылым жоқ. Ал, ондай аймақтарға газ тарту  экономикалық  тұрғыдан қашан да тиімсіз саналады.

Газдандыру бағдарламасының жиі сәтсіздікке ұшырауының барлығы географиялық жағдайларға байланысты емес. Мәселен, өткен жылғы орталық газбен қамтамасыз ету көрсеткіші бұрынғыға қарағанда 0,5%-ға ғана артқан. Бұл ел президентінің алдында серпіле сөйлеген Алексей Миллердің жіберген статистикалық қателігі болды. Сондай-ақ, «Газпром» энергетикалық компаниясының коммерциялық нәтижелері де мәз емес. Алексей Миллер газ монополисінде әлемдегі ең ірі акционерлік қоғам мәртебесін алу үшін 7-8 жыл ішінде компанияны 1 триллион долларға қаржыландыруға мәжбүр болды. Бірақ, 2018 жылы «Газпром» энергетикалық компаниясының табысы 7 есеге дейін, яғни 56 миллиард долларға құлдырады. Дағдарысқа ұшыраған «Газпром» Ресейдегі ең табысты компания атағынан айырылып қана қоймай (Сбербанк), ресейлік газ секторындағы көшбасшылығынан да айырылды (Новатэк).

Ресейлік билік өкілдері «Газпром» энергетикалық компаниясының ауқымды халықаралық жобалары мемлекеттің ішкі аймақтарын газдандыру үшін плацдарм екендігін мәлімдейді. Жоспар бойынша келесі экспорттау бағытын дайындау үшін газ кенінен Ресей шекарасына дейін жүздеген шақырымға созылатын құбыр тарту көзделген. Мұндай схема 1970 жылдары КСРО-ның Еуропаға үлкен көлемде газ сата бастағаннан бері жұмыс істеп келеді. Экспортталған газдан түскен қаржы елдегі газ инфрақұрылымын реттеу үшін шетелден қажетті жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Осының арқасында Ресейде бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған «Уренгой – Помары – Ужгород» магистральдық газ құбыры пайда болды.

Ресейдегі газ құбырларының жалпы ұзындығы 170 мың шақырымнан асады. Алайда, «Газпромның» газ экспорттаушы құбырларының жиегіндегі жүздеген қалалар мен ауылдар баяғыдай газсыз отыр. Ямало-Ненец және Ханты-Манси автономиялық округтері, Якутия мен Коми газ өндіруден көш бастаса да, газдандырудан сырт қалған аймақтардың қатарына жатады.

2013 жылдан бері Жигалово ауылының бес мың тұрғыны газ тартылуын асыға күтіп келеді. Себебі, ауыл «Ковиктин газ» кенішінен 80 шақырымда орналасқан. Аталмыш кеніш Ресейдегі  ең ірі Сібір газ кенішінің ресурстық қоры болып саналады. Ал, Сібір газ құбыры желтоқсан айында Қытайға жетеді деп күтілуде. Қытайға газ тартқан кеніштің сексен шақырымдағы Жигаловоға газ тартуға мұршалары келмегеніне жергілікті тұрғындар қапалы. Газдың пайдасын көрмеген тұрғындар ағаш өндіруші компаниялардан  қалған қалдық тақтайларды жағып жан сақтауға мәжбүр. Бірақ, оның да пайдасы шамалы болып тұр. Тез жанып, тез өшетін қалдық тақтайларды алу бұрын тегін болса, қазір ағаш өндіруші компаниядан сатып алуға тура келеді. Ол аздай, Жигалово ауданының әкімшілігі тұрғындарға үйлеріне жартылай кесілген тақтайшалар жинағандары үшін айыппұл сала бастады. Бұл аудан орталығының сәнін кетіреді-мыс. Сөйтіп, шалғайдағы елдімекендердің жанында газ кеніштері болса да, жергілікті тұрғындарға одан келер пайда болмай тұр.

Ірі көлемде газ өндіретін Ресейде аймақтарды газдандыру деңгейі 2018 жылдың басында 68%-ды құрады (кестені қараңыз). Бұл посткеңестік кеңістіктегі Әзербайжан, Армения, Украина және Өзбекстан көрсеткіштеріне де жетпей отыр. Ал, Омбы облысындағы жағдай Ресей Федерациясы үшін орта деңгейден де нашар.

Ресейдегі халықтың үштен бірі бұрынғыша газсыз отыр. Ресейдегі газдандыруды Еуропаның дамыған елдерімен салыстыру орынсыз болар. Бірақ, жоғарыда аталған посткеңестік кеңістіктегі елдермен салыстыруға әбден болады. Мысалы, бұл көрсеткіш Арменияда 93%-ды, Әзербайжанда 82%-ды, Өзбекстанда 77%-ды құрайды. Тіпті, бүгінгі ата жауы Ресейдің көгілдір отынына тәуелді Украинаның көрсеткіші де Ресейден асып түсті. Мұнда аймақтың 72%-ы газдандырылған.

2017 жылдың басында Ресейде бұл көрсеткіш 67,2%-ды, ал 2018 жылы жоғарыда айтқанымыздай 68%-ды құрады. Яғни, пайыздық көрсеткіштің өсуі жылына 1%-ға да жетпейді. Осылай жалғаса беретін болса, Ресейді толықтай газдандыру үшін ондаған жылдар қажет.

Қалалар мен ірі елдімекендердегі газдандыру үй шарушалығының 71%-ын қамтыса, ауылдардағы көрсеткіш шамамен 57%-ды құрайды. Газ державасы саналатын елде ауыл халқының  жартысына жуығы орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілмеген.

Ресей өңірлерді біркелкі газдандыруда. Оңтүстік Оралдағы газдандыру деңгейі ішкі Ресейдегі орта деңгейге жетіңкіремей артта қалып отыр. Челябі облысының құрылыс және инфрақұрылым министрі Виктор Тупикиннің айтуынша, облыстағы үйлердің 65%-ы газбен қамтамасыз етілген. Ал, аудандардағы көрсеткіш 60%-ға да жетпейді.

Иә, газдандыру бағытындағы жұмыстардың қарқыны бәсең. Мәселен, 2014-2016 жылдары Челябі облысының 20 мыңға жетер-жетпес үйлеріне көптен күткен газ тартылды. 2017 жылы аймақтарды газдандыруға 2014 жылғы дағдарысқа қарағанда үш  есе аз қаржы жұмсалды. Бұл ақшамен екі мыңға жуық үйді газдандыруға әбден болады. Бірақ, бұл қаржы Оңтүстік Орал тұрғындарының тек 0,3%-ын құрайтынын ескеруіміз қажет.

«Газпорм» экспорттық газ құбырларын салу үшін ірі қаржылай салымдардың басым бөлігін басқарады. 2018 жылы Еуропалық Одаққа газ экспорттау мақсатында бірқатар шаралар қабылдады және еуропалық нарықтағы үлесін 37%-ға дейін ұлғайтты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, солтүстіктегі көршіміздің ұшса сұңқардың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ жері бар. Оның үстіне халқының 55%-ы (78,8 млн) елдің еуропалық бөлігінде тұрады. Ал, жерінің 80%-дан астамы Азия құрлығына тиесілі. Яғни, елдің азиялық бөлігінде газ құбырын тарту ұзақ уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді. Дегенмен, Кеңес Одағының шаңырағы шайқалған 28 жылда бұл мәселені түпкілікті шешуге Мәскеудің уақыты мен қаржысы да болды. Әйтпесе, 700 млн халқы бар Еуропаны 37 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған елде халықтың үштен бірі әлі көмір жағып отырғаны ұят болса керек.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here