Әлемдегі 45 млн күрдтің неге тәуелсіз елі жоқ?

0
9394

Күрд – Таяу Шығысты ежелден мекендеп келе жатқан ұлт. Қазіргі таңда Түркия (19-25 млн), Иран (10-12 млн), Ирак (7,2 млн) пен Сирия (3 млн) елдері аумағында өмір сүреді. Бұл елдермен шектесетін Ауғанстан, Армения, Грузия мен Әзербайжанда да күрдтер көптеп кездеседі. Ал, әлемдегі күрдтердің саны 45 млн-ға жуықтайды. Осылайша, күрдтер өзінің жеке мемлекеті жоқ әлемдегі ең ірі ұлт саналады.

ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН КҮРДІСТАН НЕГЕ ҚҰРЫЛМАЙ ҚАЛДЫ?

Бірінші Дүниежүзілік соғыстың (1914-1918) жеңімпаздары Осман империясынан мұраға қалған жерлерді бөлісуді жедел іске асырды. Шекара сызықтары этникалық шеңберді ескерілмей сызылды. Оның салдары ұлтаралық қақтығыстарға апарды. Франция бақылауында тұрған Сирияның қарамағына Голан тауларының берілуі Израиль мен Сирия арасындағы соғыстың басталуына түрткі болды. Иордан өзенінің шығыс аймағы палестиналық арабтардың еншісіне тиді. Ал, күрдтердің саны палестиналық арабтардан көп болса да, оларға заңды жер берілмеді.

Рас, өткен ғасырдың басында елсіз қалған күрдтерге бір мүмкіндік берілгендей көрінді. Айталық, 1920 жылғы 10 тамызда Ресей, Ұлыбритания және Францияның біріккен саяси-әскери одағы саналатын Антанта британ мандатындағы Ирактың солтүстігінде тәуелсіз Күрд мемлекетінің құрылуын қамтамасыз ететін (62, 64 баптар) Севр шартына Түркияны қинап қол қойғызды. Дегенмен, Күрд мемлекетін құруды Италиядан басқа мемлекет қолдамағандықтан заң күшіне ене қоймады. Ал, 1923 жылы 24 шілдеде қол қойылған Лозан шартында Күрд мемлекетін немесе автономиясын құру қарастырылмады.

Құрылуы тиіс Күрдістан мемлекетінің жері бүгінде төрт мемлекетке, яғни Иран, Ирак, Түркия және Сирияға тиесілі. Аталған елдердің ешқайсысы тәуелсіз Күрд мемлекетінің пайда болуын қаламайды. Себебі айтпаса да түсінікті. Демек, бұл елдер күрдтердің бірігуіне де жол бермеуге тырысады. Төрт елде қоныстанған күрдтердің автономия, мәдени орталықтар құруға ешқандай хақысы жоқ. Оларға күрд-тердің өзара қырық пышақ болып жүруі тиімді.

Осындай мәселелерден жақсы хабардар Вашингтон жергілікті күрдтерді құтқару үшін АҚШ әскерлерін Сириядан шығару ісін кейінге қалдырды. Сөйтіп, АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп өзінің бұған дейін берген уәдесін орындамады. Өйткені, күрд әскери бөлімдері Сириядағы лаңкестермен күресуде маңызды рөл атқарады. Оның үстіне Анкара күрд әскерилерін талқандауға сөз бергендіктен, Вашингтон лаңкестермен күрестегі сенімді одағынан айырылмау үшін күрдтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, түріктер күрдтерді лаңкес санайды. Бұған кейін арнайы тоқталамыз.

Әлемде 40 миллионға жуық күрд барын жоғарыда тілімізге тиек еттік. Өткен ғасырда өздеріне тиесілі мемлекетінен айырылуы олардың кедей әрі панасыз халық болуына себеп болды. Ұзақ уақыттан бері күрдтердің басындағы ауыртпалыққа адам құқықтары мен гуманитарлық ұйымдардан басқа ешкім назарын аудармай келеді. Саяси күштерден күрдтердің ең алғашқы жақтасы ретінде 1981-1995 жылдардағы Франция президенті Франсуа Миттеранның әйелі Даниэль Миттеранды айтуға болады. Францияның сол кездегі бірінші ханымы күрдтер турасында: «Мен күрдтердің ахуалын мұқият қадағалаймын. Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың жағдайын өз көзіммен көрдім. Терроризммен күресуді желеу еткен түрік билігі күрдтерге лаңкестік әрекет жасауда. Бұл ретте менің жанайқайым құмға сіңген  судай қауқарсыз», – деп ашық мәлімдеген еді.

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ АРҚАСЫНДА 11 АЙ ӨМІР СҮРГЕН КҮРДТЕРДІҢ МЕХАБАД РЕСПУБЛИКАСЫ

Тарихи тұрғыдан алғанда, күрдтер орыстармен ертеден бері достық қарым-қатынаста болды. Өйткені, Ресей мен Түркия жиі дауласты, ал күрдтер «враг наших врагов – наш друг» сая-сатын ұстанды.

Рас, Кеңес Одағының тұсында күрдтер ұлт-азаттық қозғалыстың мүшесі ретінде Мәскеумен одақтас болды. Содан Әзербайжанда автономды Күрд ауданы құрылды. Ол тарихқа «Қызыл Күрдістан» деген атаумен енді. Автономды аумақта күрдтердің ұлттық театры мен мектептері ашылды. Бірақ, 1930 жылы автономды аймақ жойылып, күрдтер Кеңес шекарасынан күштеп көрші Иранға шығарылды.

1939-1945 жылдардағы Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсында Кеңес әскерлері Иранға басып кірді. Соғыс аяқталғаннан  кейін  елдің  батыс бөлігінде кеңестік сарбаздардың көмегімен тәуелсіз Күрд Халық Республикасы (Мехабад республикасы) жарияланды. Астанасы – Мехабад қаласы болды. Имам Мұстафа Барзанидің басшылығымен көрші Ирактан екі мыңдай жауынгер келді.

Жаңадан құрылған Баку әскери округінің командирі, армия генералы Иван Масленников және Әзербайжан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Мир Джафар Багиров 1945 жылы 21 қазанда Мәскеуге «Во исполнение решения ЦК ВКП(б) от 8 октября 1945 года по вопросу Иранского Азербайджана и Северного Курдистана нами проведено следующее: Выделено 21 опытных оперативных работников НКВД и НКГБ Азербайджанской ССР, способных организовать работу по ликвидации лиц и организаций, мешающих развитию автономистского движения в Иранском Азербайджане. Эти же товарищи должны организовать вооруженные партизанские отряды из местного населения» деп хабарлады.

Иран аумағында құрылған күрдтердің Мехабад республикасы 1946 жылдың аяғына дейін бар болғаны 11 ай  өмір сүрді. Сөйтіп, кеңестік әскер Ираннан шығарылғанда күрдтердің бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Парсылар жалған республиканың басшысын дарға асты, күрд белсенділерін жаппай қуғынға ұшыратты. Ал, республикалық әскердің бас қолбасшысы қызметін атқарған Мұстафа Барзани жақтастарымен Кеңес Одағын 12 жыл паналады.

1951 жылы 5 қазанда КОКП Орталық комитетінің саяси бюросы келесідей шешім шығарды: «1. Считать необходимым группу иракских курдов, проживающих в шести областях Узбекской ССР в количестве 483 человек, возглавляемую Мулла Мустафа Барзани, расселить на жительство в одном или двух  районах Ташкентской области. 2. Обязать секретаря ЦК КП(б) Узбекистана т. Ниязова обеспечить жилищем и работой иракских курдов на предприятиях Садсовхозтреста министерства пищевой промышленности; принять меры к улучшению материально-бытового положения и медицинского обслуживания иракских курдов, организовать среди них политико-воспитательную и культурно-просветительную работу, а также изучение ими сельскохозяйственной техники. 3. Возложить на Министерство государственной безопасности СССР (т. Игнатьева) наблюдение и контроль за выполнением настоящего постановления и проведение среди иракских курдов группы Мулла Мустафа Барзани соответствующей работы».

Кейіннен Мұстафа Барзанидің ұлы Масуд: «Әкем және Кеңес Одағындағы отандастарымыз ол жақта соғыс тұтқындары сияқты өмір сүрді. Сталин қайтыс болғаннан кейін олардың жағдайлары сәл жеңілдеді. Әкем Хрущевтің қабылдауында да болды», – деп айтқан-ды.

1959 жылы Мұстафа Барзани өз отаны Иракқа оралды. Неге десеңіз, Бағдат күрдтерге теңдей құқық беруге уәде етті. Бірақ, 1961 жылы соғыс оты қайта тұтанды. Барзани Ирак қарулы күштеріне қарсы шықты. 1966 жылы «Правда» газетінің меншікті тілшісі Евгений Примаков Ирактың солтүстігіне  баруға редакциялық тапсырма алды. Сонда Барзани Примаковты «Кеңес Одағы – менің әкем» деген сөздермен бауырына басты.

Ұзақ жылға созылған соғыстың арқасында Бағдат күрдтерге Иракта автономия құруға, өз билігін сайлауға және билікке араласуға құқық беруге, автономияның вице-президенті күрд ұлтынан болатынына уәде берді.

Уәде етілген автономияға қол жеткізетініне сенген Мұстафа Барзани 1970 жылы 10 нау-рызда Ирак үкіметімен шарт жасасты. Келесі күні, 11 наурызда Ирактың су жаңа президенті Хасан әл-Бәкір радио мен телеарна арқылы сол шарттың мәтінін оқыды. Шарт бойынша көрші Иранның шекарасында әдейі «араб белдеуі» құрылады. Сөйтіп, автономия құрылатын жерге арабтарды көптеп қоныстандыра бастады. Ол аздай, Бағдат Ирак Күрдістанындағы жергілікті халықтың мазасын қашырып, олардың бас сауғалап кетулеріне барын салды. Яғни, бұл саясат арқылы жергілікті халықты азшылыққа айналдыру басты мақсат болды.

Ирактың күрдтерді шекарадан аластау әрекеті күрд басшыларын 1974 жылы қарулы күресті қайта жалғастыруға мәжбүр етті. Ирак басшылары күрд мәселесін біржақты ету үшін қатыгез шешімдер қабылдады. Саддам Хусейн бүлікшіл күрдтерді жазалауға бұйрық берді. Жазалауды өзінің немере ағасы генерал Әли Хасан әл-Мәжитке тапсырды. Сөйтіп, оның басқаруымен Ирактағы Күрдістанда жүз мың-нан астам күрд өлтірілді. Жазалау тікұшақтар мен химиялық қарулардың көмегімен жүзеге асырылды. Халаджба ауылын әуеден бомбалап, бес мың адам опат болды.

Әлем қауымдастығы әскерлерінің 1991 жылы Саддам Хусейнге қарсы жүргізген «Шөлдегі дауыл» шарасы кезінде Ирактағы бес миллионнан астам күрд Күрдістанның 95 пайызын қамтитын ауқымды көтеріліс жасады. Дегенмен, Саддам Хусейн көтерілісшілерді жаншып тастап, тау қойнауына дейін әкелді. Ирак әскерлері қайтадан химиялық қару қолданған кезде АҚШ президенті Джордж Буш Ирактың ішкі саясатына араласуға бұйрық берді. 1991 жылы 7 сәуірде «Бітімгершілік» шарасы босқын күрдтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете бастады. Америкалықтар қауіпсіз аймақты анықтап, ол аймаққа Ирак әскерлерінің кіруіне тыйым салды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 688 қарары бойынша америкалық қарулы күштердің қамқорлығымен «еркін аймақ» құрылды. Онда солтүстік Ирактағы үш миллион күрд қоныстанды. Күрдтер өз парламентін сайлап, үкіметін құрды.

2017 жылдың қыркүйегінде өткен референдумда Ирактық Күрдістандағы үш миллионнан астам тұрғындар жаңа тәуелсіз мемлекеттің құрылуына жақтап дауыс берді. Бірақ, бұл референдумды Бағдат пен әлемдік қауымдастық мойындамады.

Иранда да этникалық күрдтер көптеп тұрады. Олардың саны 8 миллионға жуықтайды. Олар ел халқының 10 пайызын құрайды. Елдің солтүстік-батысында тұрады. Дегенмен, жергілікті ұлт парсылардың 60 пайызды, ал әзербайжандардың 25, күрдтердің 10 пайыздан асатынына қарамастан билік басындағылар Иранды моноұлттық мемлекет (бір ұлт қана тұратын ел) санайды. Сөйтіп, этникалық айырмашылықтан гөрі діни сенімді маңызды санайтын аятолла Хомейнидің ізбасарлары ел халқының 99 пайызы мұсылман, соның ішінде 90 пайызы шейіт екенін алға тартады. Демек, Иранды мекендеген 20 млн әзербайжанға да, 8 млн күрдке де ешқандай артықшылық берілмейді.

Тіпті, Тегеран тәуелсіз мемлекеті жоқ өзінің күрдтеріне де қырын қарайды. Белсенділерінің үнін шығартпайды. Ол аз десеңіз, Иранның тыңшылары шетелдегі белсенді күрдтерді де өз бақылауында ұстайды.

Мәселен, олар Еуропадан пана тапқан Иран Күрдістан демократиялық партиясының көшбасшысы Абдурахман Касемлуды да тұзаққа түсіріп, көзін жойды. Тегеранның өкілдері оны Венаға кездесуге шақырды. 1989 жылы 13 шілдеде екі көмекшісімен келіссөзге келген олар пулемет оғынан қаза тапты. Баскесерлер із суытып үлгерді.

Әлбетте, Абдурахман Касемлуды алдап соққан Тегеран оның өлімін өз мойындарына алған жоқ.

Иран «баскесерлері» Абдурахман Касемлудың ізбасарларын да жайына қалдырмады. 1992 жылы 18 қыркүйекте Берлинде түн ортасында екі қарулы адам «Миконос» грек мейрамханасының артқы бөлмесінен кіріп, қонақтарға оқ жаудырды. Үш адам өліп, төртеуі ауыр жарақаттанды. Бұлардың бәрі Иран режиміне қарсы күрд белсенділері еді. Бірі Иран Күрдістан демократиялық партиясының жаңа төрағасы Садек Шарафканди болса, қалғандары Еуропадағы партия өкілі мен аудармашы еді.  Жендеттер құрбандарға парсы тілінде «Жезөкшенің ұлдары!» деп айғайлағанын куәгерлер айтқан.

Неміс тергеушілері жемісті жұмыс атқарды. Олар ауыр қылмыстың Иранның Барлау және қауіпсіздік  министрлігі бастаған құзырлы орындарының тапсырысымен жасалғанын анықтады.

АНКАРА ҰСТАНЫМЫ: ТҮРКИЯДА КҮРД ҰЛТЫ ДА, КҮРД ТІЛІ ДЕ ЖОҚ…

Түркиядағы күрдтердің саны 18 миллионнан асады. Соның жартысы экономикасы нашар дамыған елдің оңтүстік-шығысын мекендейді. Ол аймақты партизандық әскер басып алғандықтан ондағы күрдтерді Анкара лаңкестерге теңейді.

Анкараның ұстанымына келсек, «Түркияда күрд ұлты да, күрд тілі де жоқ, ал өздерін күрдпіз деп жүргендер тау түріктері».

Содан Түркия күрдтерге тең құқық бермеген. Күрд тілінің мәртебесі де жоқ. Жарық дүниеге келген күрд сәбиінің есімін құжатқа түрік есімдерімен жаздыртады.

Түріктердің   күрдтерді  «лаңкес»  деп  айыптаулары да тегін емес. Айталық, түркиялық күрдтер 1978-1980 жылдары тәуелсіздікті көздейтін Күрдістан жұмысшы партиясын құрды. Партия басшысы Абдолла Оджалан ұйымдастырған терактіден кейін түріктердің күрдтерге деген өшпенділіктері арта түскен.

Қырық жыл бойы жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстарда күрдтер де, түріктер де бірдей қатыгездік көрсетіп келеді.

1980 жылы Түркиядағы әскери төңкерістен кейін Оджаланның басшылғымен шабуыл жасаған күрд әскерилері Сирияға қоныс аударып, базаларын құруға Сирия үкіметінен рұқсат алды. Сирия басшылығы Түркиядағы күрдтерді түріктерге қарсы соғыста әрдайым жасырын қолдап отырды.  Бұл туралы сол кезде Түркияның мемлекет қайраткері (елдің 7-ші президенті) Кенан Эврен: «Сирия күрд лаңкестерін қолдауды тоқтатпаса, біз Сирияға соғыс  ашуға мәжбүр боламыз», – деп мәлімдеді. Тек осыдан кейін Сирия күрдтерді қолдауды тоқтатып, Оджалан Мәскеуге қашып кетті.

Түркиядағы күрдтер мәселесі халықаралық қатынастарда бүгінге дейін дау туғызып келеді. Күрдтерге жүргізіліп жатқан саяси қысымдарды қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған да мойындамайды. Түркияда ешқандай күрд халқының жоқ екендігін, елдің ішкі саясатына сыртқы күштердің қол сұғуы әділетсіздік екендігін айтады.

Айта кетейік, Түркия, Иран, Ирак және Сирия өз елдерінде тұратын миллиондаған күрдтерді қуғынға ұшыратып, ал өзге елде тұратын күрдтерге жасырын қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, Бағдатпен ата жау болғанда Тегеран ирактық күрдтерге материалдық көмек көрсетіп, оларды қару-жарақпен қамтамасыз етті. Ал, Түркиямен қарым-қатынасы нашар Сирия түркиялық күрдтерге үнемі жылы қабақ танытса, өз еліндегі халықтың 20 пайызын құрайтын күрдтерді қырып отырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қырық миллион күрдтің ұлтарақтай жерге де қолдары жетпегені Бірінші Дүниежүзілік соғыста жеңіс туын тіккен елдердің «арқасы» екендігі жасырын емес. Кезінде өздері себепші болған жанжалға Иран, Ирак, Сирия мен Түркияны кінәлі ету көкке қарап түкірген жас баланың әрекетіне ұқсайды.

Болашақта миллиондаған күрдтер қоныстаған төрт елдің бірінде Күрдістан автономиясы құрылғанымен, олардың тәуелсіз мемлекет болу мүмкіндігі өте аз. Оған Тегеран да, Бағдат та, Дамаск пен Анкара да ешқашан жол бермейді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here