Тұрақты дамуға жетудің сөзсіз талаптарының бірі – кедейшілікті жою. Өйткені, кедейшілік пен қайыршылық әлемдегі кез келген елдің әлеуметтік–экономикалық дамуын тежейді. Мәселен, көрші Қытайда 1,4 млрд халық тұрса, соның 70 миллионнан астамы өлместің күнін көріп жүр, яғни олар тақыр кедей саналады. Ал, аспан асты елі осы кедейшілікпен қалай күреседі? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы тақырыпқа тоқталады.
Кедейлікпен күресуде өзге елдерге қарағанда шығыстағы көршіміз басқа жолды таңдады. Қытайдың коммунистік партиясы елдегі жүздеген ірі компанияларды өз табыстарымен бөлісуге міндеттеді. Айталық, бұл компаниялар елдегі кедейлікпен күресуге арналған қорға қыруар қаржы аударулары тиіс. Бұл шамамен 140 миллиард долларды құрайды. Және аспан асты елінің бюджетінен де 10 миллиард доллар бөлінеді. Ал, бөлінген бұл қаржының жұмсалуы өзге елдерден ерекшеленеді.
Біріншіден, кедейлікпен күресуге арналған қордағы 150 миллиард доллар күн көрісі төмен 14 аймаққа жұмсалады. Бұл аймақтарда 600 миллионға жуық халық тұрады. Халықтың басым бөлігі кедейшіліктің шегінде өлместің күнін көріп отыр.
Екіншіден, Қытай Халық Республикасының ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиясы ауқымды бағдарламаны жүзеге асырады.
Үшіншіден, бөлінген 150 миллиард доллардың діттеген мақсатқа жұмсалуын біздегідей аймақ басшылары емес, мемлекеттік органдар мен инвесторлар қатаң бақылайды. Өйткені, аспан асты елінде біздегідей жекелеген шенеуніктерге сенім жоқ. Алайда Қытайдың заңы қатал, кешіруді білмейді. Жемқорларды ұстаса біздегідей темір торға тоғытып әуре болмайды, бірден ату жазасына кеседі. Соның нәтижесінде, Қытайда мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы көп жағдайда Қазақ-стандағыдай «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпейді. Бұл өз кезегінде кедейлікпен күресудің тиімді жолы. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейтін даналық сөзі ойға оралады.
Енді кедейлікпен күресуге арналған қордағы 150 миллиард доллардың қалай және қайда жұмсалатынына тоқталсақ. Ең алдымен қор қаржысы қолжетімді баспана салуға, жол сынды маңызды инфрақұрылымдарды дамытуға, жаңартуға бағытталады.
Екіншіден, қаржының кейбір бөлігі кедейлердің сауатын ашуға, белгілі бір кәсіпке оқытуға жұмсалады. Ондағы мақсат – кедейлерге қолымен ғана емес, басымен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Содан кейін сол аймақтарда іске қосылған зауыт, фабрика басшыларына (инвесторларға) сауатын ашқан қытайды жұмыспен қамтуларына жағдай жасауды міндеттейді.
Үшіншіден, Үкімет ауыл шаруашылығындағы фермерлерге 50 мың юань (7 мың доллар) несие береді. Бұл кедей аймақтардағы халық үшін қыруар қаржы. Тіпті, несие алу үшін қытайлық фермерлер кепілдік зат қоймайды, қаптаған құжаттар жинамайды.
Сонымен қатар, несие алған фермерлер 10 жылға барлық салықтардан босатылады. Жері жоқтарға тегін жер беріледі. Олар егін, дәнді-дақылдар егіп, азық-түлікпен өзін, отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін саудаға шығарулары тиіс, яғни бұл кәсіптен табыс табулары керек.
Төртіншіден, әлемдегі екінші экономикалық елдің үкіметі барлық жұмыссыздарға тегін медициналық қызмет көрсетеді, орта білім береді.
2049 жылы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Соған дейін аспан асты елі экономикалық көрсеткіштермен АҚШ-ты басып озып, экономикасы дамыған әлемдегі жетекші ел болуды көздейді. Ал мұндай бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы ең алдымен Қытайдың сол арманына қол жеткізуіне жақындата түседі.
МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ