Жаңа Президентіміздің жарқын істері

0
2892

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлы Абайдың сөзі осы мақаланы жазу барысында еріксіз тіл ұшына оралды.

Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде түбегейлі түлетіп, барша әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі ел сеніміне ие болған Мемлекет басшымыздың ел тізгінін ұстағанына да алты айдың жүзі толыпты.

Иә, қып-қысқа мерзім. Бірақ, осы қысқа ғана уақыт ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әлеуметтік тұрмысы мен қордаланған мәселелерді шешуде елеулі істер тындырып үлгерді.

Осы арада сәл шегініс жасайық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына Үндеу жариялап, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдаған еді. Келесі күні ҚР Конституциясының 48-бабының 1-тармағы бойынша ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті болды. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімі Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті ретінде ел тарихында алтын әріп-термен жазылды.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті сол тұста Мемлекет басшысының өмірбаянына, тұлға болып қалыптасу кезеңіне, дипломатиядағы алғашқы қадамына және елдің тәуелсіздік алған жылдардағы қызметіне кеңінен тоқталып, «Ел тізгінін ұстауға лайық қайраткер» деп жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ендеше, текті әулеттен шыққан текті азаматтың өмірдерегіне қайта тоқталудың реті болмас.

Рас, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяны саяси жорамал тұрғысынан алғанда кез келген саяси қайраткер үшін мінсіз деп айтуға толықтай негіз бар.

Сайлауда, 9 маусым күні отандастарымыз өз таңдауын жасап, жеті үміткердің арасынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоқтағандары сондықтан болар. Сөйтіп, ел тізгінін ұстауға лайықты тұлға айқын жеңіске жетті. Бұл халықтың бірден-бір дұрыс таңдауы деп санаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы басқару саласында тәжірибесі мол, әлемге танылған дипломат. Мемлекет тізгінін қолына алғаннан бергі уақыттағы бастамалары да көңілге қуаныш ұялатады.

Тұла бойы тұнған зиялылық, ұстамдылық пен ұжданға бай, кісілік пен кішіліктің эталоны іспеттес қалыбымен сақталған Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тізгінін ұстауын «Qazaq» газетінің редакциясы да қазақстандықтармен бірге қуана құп көріп, «Ел тізгінін ұстауға лайық тұлға айқын жеңіске жетті» деп және жазды.

Рас, дәл қазіргідей елдік мұраттар, ұлттық ұстын, халықтық қалып сынға түсіп тұрған кезеңде, сыртқы күштердің әсерімен жалау ұстаған жалған ұраншылар бұқараның қолтығына су бүркіп, ұлт ойы мен санасын «ары итеріп, бері жығып» жататын сәттерде ел-жұртқа дұрыс жол сілтеп, болашақты болжай отырып, қажет кезінде қалың қауымға дұрыс бағыт-бағдар беретін көшбасшы сайланғанына қуандық. Тәуелсіз мемлекетіміздің тағдырлы міндетін мойнына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл міндетті абыроймен атқарып, ел үміті мен сеніміне ие боларына бек сенеміз.

Мемлекет тізгінін қолына ұстаған осы жарты жылдың ішінде Қазақстан Президенті біраз істерді атқарып та үлгерді. Яғни, мемлекет басқара алатын қайраткер ретінде өзін көрсете білді.

Көпшіліктің есінде болса, жаңа Президентіміз сайлауалды платформасында уақыт сұранысына сай орын алып отырған ұлттың өмір сүру қабілетін қамтамасыз ететін – сабақтастық, әділдік, өркендеу деп аталатын үш ұстанымға негіздеген болатын.  Сондай-ақ, Өзінің саяси тұғырнамасында бес мәселеге ерекше тоқталған еді. Атап айтсақ, біріншіден, елдің тұрмыс жағдайының дамуын қамтамасыз ететін Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, бес институттық реформа мен өзге де стратегиялық құжаттарда көрсетілген даму мен өрістеудің жолдарын жүзеге  асыруға  ден  қоятынын;  екіншіден,  күн тәртібіндегі өткір әлеуметтік проблемаларды шешуге мұрындық болатынын; үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын ин-вестициялар тартып, іскерлік белсенділікті арттыратын орта қалыптастыратынын; төртіншіден, қоғамдағы ынтымақ-бірлікті сақтай отырып, әр азаматтың құқығын қорғауға күш салатынын; бесіншіден, Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауды Өзінің басты мақсаты етіп ұстанатынын халыққа жеткізген еді. Ұлт үшін, ұрпақ үшін көтерген осынау бастамасы бүгінде шетінен жүзеге асып келеді.

Әлемдік дипломатияның үлкен мектебінен өткен Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі мен ісі үйлескен тұлға екендігі оның Қазақ елінің көшін оң жолға бастар он түрлі бағытты белгілеуі де дәлел бола алады. Жұртшылықты құрғақ уәдемен, цифрлармен алдаусыратуға болмайтынын, нақты нәтиже беретін іргелі істермен ғана қоғам бүтіндігін қамтамасыз етуге болатынын айтқан салмақты ойлары көпшіліктің көңілінен шығып, ашық ұсыныстар мен тапсырмалар шегеленген еді. Соның бірі – қоғамды саяси трансформациялау процесі. Бұл сөздің астарына үңілсек, «трансформациялау» дегеніміз – саяси және экономикалық реформаларды қалай жүзеге асырсақ, ұлтымызға тән «Рухани жаңғыру» аясында тап солай өрісін кеңейту керек деп, бастысы – мұндай әлеуеті зор күрделі міндеттер тек биліктің ғана емес, халықтың да қолдауымен жүзеге асатынын ашық айтып еді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге жаққан сүйкімді бір іргелі ісі – қоғам мен билік арасындағы диалогты орнықтыру болды. Мұны Президентіміз былайша  түсіндіріп  өтеді: «Мұндай диалог құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз! Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады».

Расында, Қоғамдық кеңес құрылды, оның құрамына жастар да тартылды. Тап қазіргі таңда аталмыш қоғам білек сыбана жұмыс атқаруда. Бұл да болса қоғам мен билік арасын жақындатуға, жалғауға үлкен септігін тигізері сөзсіз.   

«Халқымызды толғандыратын барлық мәселе бізге белгілі» деген Президентіміз әп дегеннен-ақ жұртшылықтың көкейіндегі кредит мәселесіне назар аударып, тұрмысы төмен азаматтардың банкке берешегін мемлекет есебінен өтеу – бір реттік акцияны жүзеге асырды. Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар түрлі себеппен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алынған несиелік міндеттемелерін орындай алмағандардың тізімі жасалып, сол тізім бойынша мемлекет тарапынан кредиттер өтеліп жатыр.

Президентімізге қатысты мына жайтты айтпай кетуге әсте болмас. Үстіміздегі жылдың 24 маусымында орын алған Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы төтенше жағдай бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Міне, осы сәтте зардап шеккен арыстықтардың қасынан Президентіміздің өзі табылып, бір күндік жалақысын аударып, қаланы аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен арнайы барып кездесті, мұң-зарын тыңдады, халыққа қажетті көмектің барлығын көрсетті. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Президенттің бақылауында болған Арыс аяғынан нық тұрды, есін жинады.

Мемлекет басшысы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жасады. Жолдауда айтылған реформаларды іске асыруға үш жылда қанша қаражаттың жұмсалатыны да нақты көрсетілді. Жолдауда берілген тапсырмалардың салмағы да маңыздырақ. Әсіресе, бүгінде кеңінен орын алып отырған әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтарға, басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін ескертеді. 

Жолдаудағы шағын және орта бизнес саласындағы компаниялардың табысқа салынатын салықтан үш жыл мерзімге дейін босатылатыны да осы саланың иелерін зор қуанышқа бөледі. Ал, жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға (баспана сатып алуға немесе білім алуға) мүмкіндік берілетіні тіптен зор көмек болғаны жасырын емес.

Жолдауда айтылған үш жыл мерзім аралығында қандай мақсатқа қаржы бөлінген дегенге келсек, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға 2,8 трлн теңге бөлінсе, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау  көрсетуге  250  млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуына 90 млрд теңге, кезекте тұрған тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін шешуге 240 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Президентіміз Жолдаудағы бұл саяси реформалардың бәрі де кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты қарастырылып жүзеге асатынын айтады. 

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның жаңа Президенті елге қызмет ету мен ел тізгінін ұстауды қатар меңгерген тұлға екендігін осындай айтулы істерімен көрсетуде, көрсете де бермек.

Иә, бір-біріне қырғи қабақ болған қазіргі заманда беделді  басшы  болмаса,  ол  да қауіпті. Әлемдік саясаттың біз білмейтін өз заңдары бар. Сыйлы, сөзі өтімді әлемдік саясаткер, экономиканың механизмін жақсы түсініп қана қоймай, нақты өсімге әкелудің жолын білетін менеджер, заң шығаруда тәжірибелі маман, елдің сыртқы және  ішкі  саясатын сезіне алатын білімді қайраткер –  біз таныған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Махмұт НӘЛІБАЕВ

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия Генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-патриоттық Қорының Төрағасы, «Qazaq» газетінің құрылтайшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here