Халқының көптігіне қарамастан азық-түлік қорына бай Үндістан XVIII ғасырға дейін ешқашан жаппай аштыққа ұшыраған емес. Әрине, құрғақшылық салдарынан егін шықпай қалған кездер болды. Дегенмен, елдің сол кездегі басшылары төтенше жағдайдың алдын алуға сақадай-сай дайын отыратын. Өйткені, Ұлы моғолдар әулеті азық-түлік арқылы алынатын салықтың бір бөлігін қоймаларға сақтауға беретін. Бұл қоймалар жергілікті патшалықтың әр аймағында шашыранды орналасып, азық-түлік қорының рөлін атқаратын. Ал, ағылшындардың бұл аймаққа иелік етуі жағдайды күрт өзгертті. Осылайша Үндістанды отарлаған ағылшындардың ашкөздігі бірнеше рет ұлы аштыққа алып келді.
Оқырманға түсінікті болуы үшін бұл жерде тарихқа сәл шегініс жасауға тура келеді. Ұлы моғолдар империясы – Үндістан аумағында өмір сүрген ірі мемлекет (1526-1858). Дели сұлтандығы ыдырағаннан кейін құрылған. Негізін Әмір Темір әулетінен шыққан Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр қалады. Бабыр мен оның ұрпақтары Моғолстаннан шыққандықтан үнділіктер (мухгал) мен еуропалықтарға «Ұлы моғолдар» деген атпен белгілі болды. Ұлы моғолдар империясының құрамына кірген жерлер – субтарға (өлкелерге) бөлінді. Субтардың билеушілері сұлтанның вассалдары болып есептелді. Бабыр ұрпақтары ислам дінінің үстемдігін қалыптастыруға күш салып, басқаруды орталықтандыру және үнді раджалары мен көпестерін өз жағына тарту жолымен мемлекетті күшейтуге тырысты. Осылайша олар Үндістанның қайта гүлденуіне қолайлы жағдай туғызды. Сауда өркендеп, қалалар гүлденді.
Иә, ерекше қарқынмен дамыған бұл елге сырттан көз тіккендер көбейе бастады. Әсіресе, британ басқыншылары алып империяны әлсіретуге күш салды. Аймаққа еуропалық сауда капиталының ене бастауы (ағылшындардың отарлауға бағытталған «Ост-Үндістан» компаниясы, – ред.) ішкі және сыртқы сауданың өсуіне әсер етті. Бұл өз кезегінде жат жерліктердің, нақты айтқанда, ағылшындардың Үндістанды экононмикалық жағынан отарлай бастауына жол ашты. Жергілікті халықтың жағдайы нашарлап, өсімқорлық күшейді. Өсімқорлар шаруаларға жоғары пайызға қарыз ақша беріп, кіріптарлыққа түсірді. Тұрмыстың нашарлауы жергілікті халықтың наразылығын күшейтті. Жеке аймақтарда Ұлы моғолдар үстемдігі мен жергілікті шонжарларға қарсы халық көтерілістері басталды. Ұлы моғолдар Рохилкхандтағы, Бенгалия мен Декандағы биліктерінен айырылды. Ұлы моғол империясының әлсіреуін моратхи билеушілері пайдаланып кетті. Олар моғолдар билеген аудандардан алым-салық алып отыруға рұқсат беретін жарлыққа ие болды. Ұлы моғол империясындағы тақ үшін үздіксіз таластар ағылшындарға соғыссыз Үндістанды жаулап алуға қолайлы жағдай туғызды. Осылайша гүлденген Бенгалия аймағы «Ост-Үндістан» компаниясына, яғни Британияға тәуелді болып қалды. Содан ағылшындар феодалдық соғыстан зардап шекпеген, барша Үндістанды керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырған, 25 миллион халқы бар бай да гүлденген өлкеге ие болды.
Үндістанда стратегиялық азық көзі ретінде ежелден күріш қолданылады. Әсіресе, елдің солтүстік-шығыс аймақтарында. Ұлы моғол империясының тұсында осындай қоймалардың бірі – Ганг өзенінің бойындағы Британияның иелігіне өткен Бенгалияда орналасты.
Бенгалия жеріне шыбық қадасаң, көктеп шыға келеді. Оның үстіне бұл жерде егін жылына үш мәрте жиналады: аман – қыста, аус – күзде, боро – көктемде. Міне, нағыз жұмақ жер! Өкінішке қарай, басқыншы британдықтардың кезінде бұл жұмақ кейін тозақ жерге айналды.
Үнді-Ганг жазықтығында ауыл шаруашылығының негізі – ауыспалы егіс тәсілімен күріш және бидай дақылдарын өсіру. Сонымен бірге, жүгері, мақта да өсіріледі. Егістіктерге жаңбыр суының негізгі көзі – оңтүстік-батыс муссондар, ол жалпы ауыл шаруашылығын сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеді. Гималай тауларынан ағатын көптеген өзендер суармалы егіншіліктің негізі болып табылады. Ұлы моғол империясының тұсында Үнді-Ганг жазықтығының ауыл шаруашылығы тұрғындарын азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етті. Бірақ, «Ост-Үндістан» компаниясының сорақы саясатының нәтижесінде бұл жағдай кері кетті.
Бірінші кезекте жаңа қожайындар жаңа набобқа (Шығыс Үндістан өлкелерін басқаратын қызмет, – ред.) кеңесші тағайындады, ол экономикаға қатысты барлық мәселелерді шешіп отырды. Кейінірек компания делилік императордан жер өнімдерін алуға рұқсат алды. Компанияның басты қызығушылығы нан болды, анығырақ айтқанда, күріш еді. Содан жергілікті саудагерлерге ішкі саудамен айналысуға тыйым салынды. Оны бақылау үшін ағылшындар ішкі кеден орнатты.
Сауда ауқымын былай сипаттауға болады: Бенгалияның бір бөлігі полковник Клайвтің меншігіне өтті. Ол оны бірден компанияға беріп, рентаға 223 мың рупий алды. Бұл – 2,5 тонна күміс! Бір жылда!
Шаруалар үшін салық төлемі бұрынғыша қала берді. Олар Ұлы моғол империясының кезіндегідей астықтың қойнауларға кетіп жататынына сенімді еді. Ал, «Ост-Үндістан» компаниясы астықты экспортқа шығаруына байланысты қоймаларға азық қорын жөнелтуді тоқтатты.
Сонымен қатар, ағылшындық экспорт нарығы ашылды. Осы уақытта жеңіл өнеркәсіп қарқынды дами бастады. Шетелдік маталар Үндістан нарығында қаптап кетті. Соның салдарынан жібек өндіретін жергілікті фабрикалар тақырға отырды.
Бенгалия нарықтық экономикаға көшті. Ал, ағылшындар көрші Қытаймен сауда қатынасын орнатып, шайға құмарлана бастады. Алайда басты мәселе мынада: аспан асты еліне ағылшындардың тауары қажет емес еді. Тауар ақысына олар тек күміс сұрады. Қытайдың сұрағанын басқыншы британдықтар беріп жүрді. Ұлы моғол империясының байлығы ондаған жылдар бойы Қиыр Шығысқа кетті.
Бұнымен тоқтамаған Лондон жаңа тауар ойлап тапты, ол – апиын. Оны Үндістанда өсірді. Ол шайдан да қымбат еді. Содан кезінде Қиыр Шығысқа кеткен күміс кері ағылды. Дәстүрлі ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың жартысы күріш, бидай егуді қойып, апиын көкнәрін өсіре бастады.
1769 жылы дәстүрлі муссондық жауын жаумады. Онсыз да аз егін қурап кетті. Елде астық жетіспеушілігі қатты сезілді. Одан да қиналмай шығуға болатын еді. Бірақ, ағылшындардың Ұлы моғол империясының кезіндегі астық қоймаларының көзін құртқандығы жығылғанға жұдырық болды.
Муссон аралығында жауын жаумаған кезде, жағдай одан да қиындап кетті. Екі жылда тек екі мәрте ғана аздаған жауын жауды. Дегенмен, құрғақшылық жерді жарып шыққан өсімдік атаулының барлығын қуратып жіберді.
Билік адамдарға көмек беруге тырысқанымен, мемлекетте азық қоры жоқ еді. Ал, ағылшын шенеуніктерінің бақылауындағы азық-түлік қоры бар дүкендер оны халыққа үстеме бағамен сатып жатты. Нанды басқа аймақтардан әкелуге тура келді. Бірақ, бұл да күрделі мәселенің түйінін тарқата алмады. Нәтижесінде 1769-1773 жылдары ұлы аштық болды. Ұлы аштықтан 7 миллион бенгалдық қырылды. Бұл халықтың үштен бірі еді.
10 жылдан кейін ұлы аштық тағы қайталанды. Бұл жолы қаптаған зиянкестер егіннің жартысынан көбін жойды. Аштық Бомбей, Мадрас және Джамму аймағына жайылды. Британдық Үндістан тарихында бұл «Ұлы аштық» деген атпен қалды.
Содан бері Үндістанда аштық әрбір 15-20 жылда қайталанып тұрды. Әр кез сайын 0,5 миллион адам қырылды. Соған қарамастан 1947 жылға дейін Үндістан Британияның тәжіндегі маржан болды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ақшасы жақсы, өзі жаман Үндістанды Ұлыбритания 1947 жылға дейін биледі. Ал Ұлы моғол империясының тұсында гүлденген Бенгалия сол жылы дініне байланысты екіге бөлінді. Индуизмді ұстанатындар Үндістанға (Батыс Бенгалия штаты), ал мұсылмандар Шығыс Пәкістанның (1971 жылдан бері Бангладеш Халық Республикасы) құрамына өтті.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы