«Forbes» журналының мәліметіне сенсек, атақты португал футболшысы Cristiano Ronaldo-ның табысы 900 млн долларға жақындапты. 123 жылдық тарихы бар итальяндық «Ювентус» клубының футболшысы жылына 115 млн доллардан артық табыс табатынын ескерсек, биылғы маусымда миллиардерлердің қатарына қосылады. Дегенмен, әлемді жайлаған коронавирус аты аңызға айналған футболшының да табысына кері әсер етеді. Өйткені, Қытайдан бастау алған коронавирустан Италия экономикасының тығырыққа тірелгенін ешкім жоққа шығара алмайды. «Оба уақытындағы той» (Пушкин) сияқты болмауы үшін «Ювентус» футболшылары үш ай бойы қыруар айлықтарының 40%-ын індеттен зардап шеккендерге аударады. Солардың арасында Cristiano Ronaldo да бар.
Cristiano Ronaldo былтырғы сұхбаттарының бірінде: «Мен ешқашан ақшаның соңынан қуған емеспін. Бар мақсатым – футбол тарихында есімімді қалдыру», – деп айтыпты.
Дегенмен, 35 жастағы португалдың есімі қазірдің өзінде футбол тарихында алтын әріптермен жазылды. Футболшыда атақ та, байлық та бар. Ал, 20 жылға жетер-жетпес уақытта бір футболмен миллиардер атануға бола ма? Футболшының табыс көздері қандай? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейді.
Әрине, біреудің ақшасын санау әдепсіздік екені рас. Дегенмен, кедей отбасынан шыққан футболшының қалай табысқа кенелгені оқырманға қызық болса керек.
Аты аңызға айналған футболшының үш табыс көзі бар: футбол, жарнама/маркетинг және бизнес. Бір қызығы, қазір футбол Ronaldo-ның басты табыс көзі саналмайды.
Португал футболшысы көзге көрінетін табысты 2002 жылы таба бастады. Сол жылы лиссабондық «Спортинг» клубында үлкен футболдағы алғашқы қадамын жасады. 17 жастағы футболшының бірден жолы болды. Бір жылдан кейін кәмелеттік жасқа толған футболшы бастауын сонау 1878 жылдан алатын ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубына ауысты. Атақты клубта алты жыл бойы тәжірибе жинап, атағы жер жаратын футболшы болып қалыптасты. Есесіне, табысы ай сайын артып отырды. 2009 жылы «Манчестер Юнайтед» клубынан испандық «Реал Мадрид» футболшыны 80 млн фунт стерлингке сатып алды. 2009-2013 жылдары футбол тарихындағы ең қымбат футболшы атанды. 2018 жылы футболшы 112 млн евроға «Ювентус» сапына өтті.
Бүгінде итальяндық клубтан жылына 35 млн евро жалақы алады. Яғни, айына алатын жалақысы – 2,92 млн евро. Бұған әр жеңіс пен соғылған әр гол үшін төленетін бонустарды және қосыңыз.
Cristiano Ronaldo-ның екінші табыс көзі – жарнама мен маркетинг. «Cristiano Ronaldo» есімі бұрыннан «CR7» сауда белгісімен танылған қымбат бренд. Байлығының басым бөлігін осы әлемге әйгілі атының арқасында тапты. Онымен келісімшартқа отыруға асыққан компаниялар көп. Сарапшылар ондай компанияларды санап та үлгермейді. Бір анығы, 2016 жылдың өзінде жарнама мен маркетингтен 82 млн евро табысқа кенеліпті. Сол жылы Cristiano Ronaldo американдық атақты «Nike» компаниясымен ақтық демі таусылғанша күшін жоймайтын келісімшартқа отырған үшінші спортшы атанды. Футболшының алдында баскетболшылар Леброн Джеймс пен Майкл Джордан ғана осындай құрметке ие болған-ды. «Nike» компаниясы жылына футболшының жеке есепшотына өмірінің соңына дейін 23 млн евро аударып тұрады. Мұндай келісімшарт итальяндық бренд «Armani»-мен де бар. Олар жылына 1 млн евро төлейді. Ал, «CR7» сауда белгісі арқылы футболшы жылына табысын 10 млн евроға дейін арттырып отырады.
Футболшының әлеуметтік желідегі табысы да қомақты. Одан жылына 50 млн евро табыс табады. Cristiano Ronaldo-ның Instagram парақшасына 210,6 млн (әлемдегі ең үлкен көрсеткіш), Twitter парақшасына 83,5 млн адам тіркелген. Яғни, футболшының екі әлеуметтік желідегі оқырманы 300 млн-ға жетуге аз қалды. Сондағы бір жарнамалық жазбасы 1 млн евроға дейін жетеді.
Мықты футболшы мықты кәсіпкерге де айналған. Мадрид (Испания), Лиссабон, Фуншал (Португалия), Монте-Карло (Монако) қалаларында қонақ үй желісі бар. Атақты футболшының қонақ үйіне түнеуге келетіндердің де қатары аз емес. Демек, бұл да футболшы үшін табысты сала.
Қорыта айтқанда, қазір Cristiano Ronaldo жылына 115 млн евро табыс табады. Осылайша, биыл футболшы әлемдегі төрт миллиардер спортшының бірі болады. Cristiano Ronaldo-ға дейін «Forbes» тізіміне 44 жастағы америкалық гольфшы Тайгер Вудс (1,8 млрд), 43 жастағы америкалық боксшы Флойд Мейвезер (1 млрд) және 57 жастағы америкалық баскетболшы Майкл Джордан (1 млрд) енген.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы
[…] https://qazaq1913.com/2020/04/17/cristiano-ronaldo-ajly-pen-bajly/ […]