Дүниежүзілік туризм ұйымының соңғы жариялаған мәліметіне сенсек, 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жетті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық көрсеткіш. Сөйтіп, туризм саласы былтыр 8,9 трлн доллар пайдаға кенеліп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10,3%-ын құрады. Әлемнің 330 млн адамы бұл саладан нәпақасын тапты.
Туристер үшін тартымды елдердің көшін Франция, Испания, АҚШ, Қытай және Италия бастап тұр. Ал, экономикасы туризмге тәуелді елдердің бестігіне Макао, Сейшель аралдары, Мальдив, Сент-Китс және Невис, Гренада сияқты халқы 650 мыңға да жетпейтін шағын елдер енеді. Бұл елдер бюджетінің 60%-дан астамы туризмнен құралады. Жалпы ішкі өнімінің ауыз толтырып айтарлықтай бөлігі туризмнен құралатын елдердің қатарында Ямайка (34,1%), Грузия (33,7%), Тайланд (21,6%), Испания (14,6%), Түркия (12,1%), Италия (13,2%) елдері де бар. Өкінішке қарай, COVID-19 індеті қазірдің өзінде туризм саласын тұралатып тастады. Содан жоғарыда аталған елдердің экономикасына биылғы жылы орасан зор шығын келеді.
Осы мамыр айында коронавирустан туындаған мәселелер оңтайлы шешімін таппаса, туризм саласының жағдайы қиындай түседі. Дүниежүзілік туризм ұйымы бүгінде бұл салада еңбек ететін 100 млн адамның жұмысынан айырылғанын есептеді. Ағымдағы жылдың төрт айында туристік сала жоспарланған 2,7 трлн доллардан қағылды. Яғни, жазда туристік маусым қалыпқа келгеннің өзінде аталған саланың көрсеткіші бірнеше жылға кері кетеді.
Рас, пандемияға байланысты әлемде алыс-беріс, барыс-келіс тоқтады. Әуе қатынасының тоқтағанына да бірнеше айдың жүзі болды. Бұл уақытта Мысыр (Египет), БАӘ, Тайланд, Индонезия, Мальдив сияқты өмірі қар жаумайтын елдерде турзим саласы қыза түсетін-ді. Дегенмен, бүгінде аталған елдердің жағажайлары мен қонақ үйлері қаңырап бос қалды. Жыл басынан бері ондаған елдің туризм саласы қып-қызыл шығынға батты. Туристік фирмалардың біразы банкроттықтың алдында тұр.
Коронавирустың беті бері қарамаса да, кейбір елдердің нартәуекелге бармақ ойы бар. Экономикасы туризмге тәуелді елдер алдағы маусымда туристерді қабылдауға дайындықты бастап та кетті.
Былтыр әлемдегі туристердің 51%-ы Еуропа елдеріне қыдырып барған. 743 млн адам Франция, Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде қонақта болған.
Наурыз айында Еуропалық Одақтың 26 мемлекеті Шенген келісіміне қарамастан 27 жылдан кейін шекараларын жапты. Сәуір айының ортасында Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еурокеңестің төрағасы Шарль Мишель COVID-19 індетіне қатысты қабылданған жол картасы аясында 453 млн халқы бар Еуропалық Одақ елдерінің бір-бірімен шекарасы қайта ашылатынын мәлімдеді. Мамыр айының ортасында Еуропалық Одақ елдерінің арасындағы байланыстың коронавирус жағдайындағы жаңа талабы қабылданады. Осылайша, бір-біріне жақын орналасқан поляктар Германияға, немістер Францияға, француздар Италияға бұрынғыдай күнделікті жұмысқа барып-келуге мүмкіндік алады. Ал, шетелдік туристердің «Шенген» визасын алу тәртібі өзгере ме, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
Берлин одақтас елдермен шекарасын жаздың басында ашады. Бірақ, Еуропалық Одаққа енетін 27 елдің тұрғындары ғана неміс жеріне аяқ басады. Украина, Беларусь, Молдова сияқты басқа еуропалық елдердің азаматтары жұмысқа да, қонаққа да әзірге бара алмайды. Германияның есігі әлемнің туристеріне күзде ғана ашылады. Былтыр немістер 39,4 млн шетелдік қонақты қабылдады. Биылғы көрсеткіш екі есеге кемитіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен, экономикасы мықты Берлин бұл салаға қолдау көрсетуден қашпайды.
Германияға қарағанда 10,7 млн халқы бар Грекияның экономикалық жағдайы аса қиындайды. Өйткені, ел бюджетінің төрттен бірі туризмнен құралады. Былтыр 33 млн туристің таңдауы Грекияға түсті. Еңбекке жарамды халықтың 16%-ы осы салада еңбек етеді. Яғни, жазға дейін туристерді тарту мәселесі шешілмесе, жүз мыңдаған адам жұмыссыз қалып, бюджеттің көлемі 25%-ға бір-ақ қысқарады. Экономиканы одан ары тығырыққа тіремеу үшін гректер 27 сәуірден бастап шектеулерді ала бастады. Алдағы маусымда шекара толығымен ашылып, қонақ үйлер мен туристік нысандар жұмысын жандандырады. Алайда, басқа елдердің қашан шекарасын ашып, әуе қатынасын қалыпқа келтіретіні белгісіз.
Жалпы ішкі өнімінің 13,2%-ы туризмнен құралатын Италияда былтыр 64,6 млн адам қонақта болды. Өкінішке қарай, коронавирусқа байланысты биыл Пизан мұнарасы, Колизей амфитеатры туристердің көз қуанышына айнала алмайды. Мәдениет министрі Дарио Франческини 2020 жылы елде халықаралық туризмнің болмайтынын ресми мәлімдеді. Италия ағымдағы жылдың соңында ғана өзге елдерге шекарасын ашады. Римнің бұл ұстанымы түсінікті де. Өйткені, шекара ашылған күннің өзінде 210 мыңдай адам індет жұқтырып, 30 мыңдай адам опат болған елге ешбір елдің билігі өз азаматтарын жібермейді. Сөйтіп, Италия биыл ішкі туризмді ғана қанағат тұтады. Атақты мұражайлар 18 мамырдан бастап есіктерін айқара ашады.
Коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға жайғасқан Испания да ішкі туризммен шектеледі. Маусымның ортасында туризм саласы жанданады. Дегенмен, шетелдік туристерді биыл қабылдамайды. Сөйтіп, былтыр 83,8 млн туристерді қабылдаған Испания экономикасы жаздық маусымда 90 млрд евро, ал желтоқсанға қарай барлығы 124 млрд евро пайдадан қағылады.
Германия, Италия, Испанияға қарағанда Франция биылғы жылы ондаған млн шетелдік туристерден айырылғысы жоқ. Әрине, соңғы жылдары туристерді қабылдауда көш бастап жүрген Францияны түсінуге де болады. 90,2 млн шетелдік былтыр француз жеріне табан тіреді. Ел бюджетіне түскен табыс та қомақты. Осыны ескерген 42 жастағы президент Эмманюэль Макрон қыркүйекке дейін шекараны ашуға барын салатындарын айтты. Елдің туристік қауымдастығы да тамыздан бастап туристерді қабылдауға тас-түйін дайын отыр. Неге десеңіз, тамызда 117 жылдық тарихы бар атақты «Тур де Франс» веложарысы өтеді.
Еуропалық елдердің арасынан Хорватия ғана келесі айда туристерді қабылдауға ниет білдірді. Елде карантиннің мерзімі кеше аяқталды. Туризм министрі Гарри Каппеллидің айтуынша, маусымнан бастап барлық елдердің туристерін қабылдайды. Бюджетінің 25%-ын туристік сала құрайтын Хорватияның шекарасын ашудан басқа амалы да жоқ. 4 млн халқы бар еуропалық шағын ел былтыр 15 млн туристі құшақ жая қарсы алды.
Еуропадан кейінгі туристердің үлесі немесе 25%-ы Азия елдеріне тиесілі. Былтыр құрлықтағы туристердің саны 364 млн адамға жетті. Туристерге тартымды елдердің алғашқы ондығында Азия құрлығынан Қытай (67,5 млн), Түркия (52,5 млн), Тайланд (39,7 млн) елдері бар. Мысыр (Египет), Индонезия, БАӘ, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты азиялық елдер де туристердің санымен мақтана алады. Грузия (33,7%), Камбоджа (32,8%), Кипр (21,9%), Тайланд (21,6%), Иордания (19,2%), Ливан (19,1%) елдерінің экономикасы да туризмнен түсетін табысқа тәуелді.
Азия елдерінің арасынан Мальдив аралдары ресми түрде туризм саласына тосқауыл қойған жоқ. 27 қонақ үй туристерді қабылдап жатыр. Ал, Түркия мамырдың соңында, БАӘ маусымның ортасында, Кипр шілдеде, Қытай тамызда, Израиль жаздың соңында, Тайланд күзге дейін шетелдік туристерге шекарасын ашпақ. Соңғысы қазірдің өзінде 24 млн туристен айырылғанын мәлімдеді.
Африка құрлығына баратын туристердің саны Еуропа, Азия, Солтүстік Америка мен Латын Америкасына қарағанда әлдеқайда аз. Былтыр құрлықта 72 млн адам қонақта болған. Соның басым бөлігі Мысыр мен Марокко елдеріне тиесілі.
100 млн халқы бар Мысыр былтыр 10 млн шетелдік туристі қабылдапты. Бұл салада 2,5 млн адам еңбек етеді. Былтыр ел бюджетінің 11,9%-ы туризм саласынан құралды. Бүгінде Каир шетелдік туристердің келуіне рұқсат беруге дайындалып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, Каир мұндай қадамға осы айдың соңында бармақ.
Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметінше, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 5,7%-ды құрайды. Бұл көрсеткішпен еліміз әлемде 175 елдің арасында 141-ші орында тұр. Өкінішке қарай, Қазақстан туристік әлеуетін толықтай пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан шетелдіктер арасында біздің елге сұраныс айтарлықтай көп емес. Ішкі туризм де жоғары көрсеткішпен мақтана алмайды.
Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, 2018 жылы сыртқа 10,3 млн билет сатылған, соның басым бөлігі Ресей (4,6 млн) мен Қырғызстанға (2,7 млн) тиесілі. Сол жылы қазақстандықтардың 319 мыңы Түркия, 227 мыңы Қытай, 117 мыңы БАӘ, 50 мыңы Мысыр, 50 мыңы Германия, 50 мыңы Тайланд, 30 мыңы Оңтүстік Корея, 30 мыңы Грузия елдерін таңдаған. Осылайша, қазақстандықтардың ақшасы сыртқы туризмге жұмсалды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Еліміздің туризм саласын дамытсақ, әлем елдеріне төл мәдениетімізді, қайталанбас табиғатымызды насихаттауға қол жеткіземіз. Біріншіден, бұл – елді насихаттаудың төте жолы, екіншіден, бұл – ел қазынасын толтыратын табысты сала. Осыны жақсы түсінген әлемнің бірқатар елдері туризмді мықтап қолға алған. Мәселен, жоғарыда жазғанымыздай, 2019 жылы туристердің саны 1,5 млрд адамға жетті. Былтыр Франция 93,2 млн, Испания 82,8 млн, АҚШ 82,2 млн, Қытай 62,9 млн, Италия 62,1 млн, Түркия 45,8 млн, Мексика 41,4 млн, Германия 38,9 млн, Тайланд 38,3 млн туристерді құшақ жая қарсы алды. Демек, бұл елдердің туризмнен қыруар қаржыға кенеліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал, барша әлем халықтары өз мәдениетін, тарихын, табиғатын туризм арқылы насихаттап, экономикасын көтеріп жатқанда, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар Қазақстанның көштен қалғаны әбестік болар. Сондықтан турзимді дамытуды қолға алуды қазірден бастау керек.
Міне, коронавирус жағдайында да бірқатар елдер тығырықтан шығар жолды қарастырып жатыр. Сөйтіп, туризмнен түсер толайым табыстан биылғы жылы да айырылғысы келмейтіндерін байқатты.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы