Болашаққа салынған инвестиция: 27 жылдағы «Болашақ» стипендиясының қайтарымы қандай?

0
6415
Нұргүл Сихаева – Ұлттық биотехнология орталығының аға ғылыми қызметкері, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері.

Биыл күзде мыңдаған қазақстандық жастарға сапалы білім, үлкен мүмкіндік берген «Болашақ» халықаралық стипендиясына 27 жыл толады. Бұл жылдар тарлан тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, тапшы кадрларды әзірлеудегі түйіткілдерді шешуде елеулі үлес қосқанын ешкім жоққа шығармайды.

Рас, азаттық алған жылдары Қазақстанның аяғына нық тұрып кетуіне білімді, білікті мамандар ауадай қажет болды. Содан инвестиция алдымен білімге керек екенін жақсы түсінген Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы елдегі экономикалық ахуалдың нашарлығына қарамастан «Болашақ» халықаралық стипендиясының негізін қалады. Сөйтіп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардағы алмағайып кезеңінде келешек қамына кіріскен мемлекет өзінің білімді жастарын Оксфорд, Кембридж сияқты әлемнің ең үздік университеттерінде тегін оқытты.

Елбасы «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығында сол күндерді былайша еске алып еді: «Бұдан 20 жыл бұрын, тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті, ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен мамандар болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді».

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасының алғашқы 187 стипендиатын шетелге оқуға шығарып салды. Бағдарлама аясында осы 27 жылда 14 мыңдай стипендия тағайындалды. Бүгінде қолына диплом алғандардың саны 10 мыңнан асты. Басым бөлігін магистранттар құрайды. Олардың саны – 5 727. Түлектердің 54%-ы гуманитарлық және әлеуметтік салаларда білім алған. Дегенмен, Елбасының ұсынысынан кейін инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық беріле бастады. 2019 жылы бұл мамандық бойынша 1 119 стипендиат шетелге оқуға аттанды.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Болашақтың» жаңашылдықтары мен стипендиаттарына тоқталады.

ФРАНЦИЯДА МАМАНДАНҒАН БИОТЕХНОЛОГ

Нұргүл Сихаева – Ұлттық биотехнология орталығының аға ғылыми қызметкері, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Биотехнолог Ақтөбе облысында мұғалімдердің шаңырағында дүниеге келді. Ұядан көрген тәрбиесі жас қызды білімге құштар еткен. Сол құштарлығының арқасында мектеп қабырғасында жүргенде биология пәнінен олимпиадалар мен ғылыми жобаларда бірнеше рет топты жарған. Қол жеткізген жетістіктері ризашылыққа бөлеп қана қоймай, болашағын бағдарлауға да әсерін берген.

«Бала күнімде дәрігер, дәлірек айтқанда, хирург болуды армандайтынмын. Бірақ, «науқасты дертінен айықтыра алмаймын ба» деген қорқыныш болды. Дәрігер болу үлкен батылдықты қажет етеді. Содан биотехнология мамандығын таңдап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа түстім. Сол жерде өз мансабымды ғылыммен байланыстырғым келетінімді түсіндім. Арманыма қол жеткізу үшін төртінші курстан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында магистратураға түсуге дайындық жұмыстарын бастадым», – деп өткен күнді еске алды Нұргүл Сихаева.

Мақсаты айқын, талабы мықты кейіпкеріміз көп кешікпей «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Сөйтіп, оқитын оқу орны мен баратын елін айқындап алды. Таңдауы Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия ұлттық политехникалық институтына түсті.

Нұргүл Сихаеваның ғылыми-зерттеу жұмысы тамақ өнімдерінің нанотоксикологиясымен байланысты болды. Институттың ғылыми орталығынан тағлымдамадан өткен ол білімін шыңдап, тәжірибелік жұмыстың қыр-сырына терең бойлады. Негізінен, Францияда тағлымдамадан өту ақылы. Сондықтан да, қажетті тәжірибеден өту үшін мамандармен сұхбаттасудан немесе конкурстан сүрінбей өтуіңіз міндетті.

«Мен институт қалашағында тұрдым. Онда қажетті жағдай жасалған. Мәселен, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қоры болды. Оқуға, өмір сүруге барлық мүмкіндік қарастырылған. Институт асханасынан тегін тамақтанамыз. Бұған кететін шығынның бір бөлігін мемлекет төледі. Магистратураны бітірген соң, Қазақстанға оралып, Ұлттық биотехнология орталығында жұмыс істей бастадым. Диссертациямды қорғадым. Қазір PhD докторымын», – дейді Ұлттық биотехнология орталығының аға ғылыми қызметкері.

Нұргүл Сихаева – популяциялық генетика және адам геномын зерттеуші. Яғни, медициналық биотехнологияның маманы.

«Отыздан астам ғылыми еңбектің авторымын. Web of Science (ғылыми зерттеулердің нәтижесі жарияланатын журнал) мәліметтері бойынша менде төртке тең хирш индексі (ғылыми метрикалық көрсеткіш) бар. 2017 жылғы дарынды жас ғалымдарға арналған шәкіртақы иегерімін. Мен сүйікті ісімді өз Отанымның игілігі үшін істеудемін. Отаным өз кезегінде менің білім алуыма инвестиция салды. Осы орайда қазақстандық жастарға кеңес бергім келеді: әрекет етіңіз, бәрі өз қолыңызда», – деп ағынан жарылды ғалым.

«Болашақ» түлегі осы уақытқа дейін отыздан астам ғылыми еңбектерін жариялап үлгергенін жоғарыда айттық. Оның ішінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде белсенді қолданып жатқан әдістемелері де бар. Сонымен қатар, биотехнолог генетикалық сынақтарды әзірлеуде мол тәжірибеге ие. Популяция генетикасы және адам геномын зерттеу саласында тіс қаққан маман. Кейіпкеріміз докторлық диссертациясын қазақ халқында кездесетін метаболикалық аурулардың тұқым қуалау себептерін зерттеуге арнаған.

ИЗРАИЛЬДЕ ОҚЫҒАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІ

Иә, түсінген адамға «Болашақ» халықаралық стипендиясының жастарға беретін мүмкіндігі мол. Мемлекет берген сондай мүмкіндікті пайдаланғанның бірі – Нұрбек Сәулен. Кейіпкеріміз «Болашақ» бағдарламасының арқасында Израильдегі ірі мемлекеттік ауруханадағы Ихилов-Сураски атындағы медициналық орталықта білім алды.

Жоғары санатты балалар хирургы 1981 жылы  Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясын аяқтаған. Тағлымдамадан өткеннен кейін 2007 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасында педиатр-хирург болған.

«Жұмыс барысында көптеген аурулармен кездестім. Кейіннен ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдадым. Осы уақыт ішінде президенттік шәкіртақы алуды армандадым. Бірақ, мұның оңай шаруа емес екендігін жақсы түсіндім. Жайдан-жай оны маған ешкім бермейтін еді. Ол үшін біраз нәрсе үйреніп, көп ізденіп, жан-жақты білім алуым керек болды. Себебі, әрбір стипендия иегеріне зор үміт артылған. Оқуды бітірген соң, алған біліміңізді өз еліңіздегі белгілі бір саланы дамыту үшін кәдеге жарата алатыныңызға сенімді болуыңыз қажет», – дейді педиатр-хирург.

Өз мақсатына жету үшін Нұрбек Сәулен бір жылға жуық тер төкті. Күндіз науқастарды емдеп, ота жасаса, түнде кірпік қақпай кітаптар оқумен болған. 2014 жылы ол «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Израильдегі оқу орнын таңдады. Әлемде озық медицинасымен танылған оқу орнына қазақ баласының құмартуы заңды нәрсе. Өйткені, ол емдеу тәжірибесінде медицинаға жаңа технологиялар енгізген заманауи медицинадағы көшбасшы саналады.

«Менің ойымша, әрбір дәрігер Израильдің озық медицинасын мойындайды. III-IV дәрежелі онкологиялық аурулар кезінде жалпы әрі рецидивсіз өмір сүруге қатысты көрсеткіш 93%-ды құрайды. Бұл іс жүзінде аурудан құлан таза айығудың көрсеткіші», – дейді  балалар хирургы.

Израильдегі тағлымдама барысында Нұрбек Сәулен лимфатикалық мальформация, гемангиома диагнозы қойылған науқастардың жазылғандарын байқаған. Сондай-ақ, ол бірнеше диагностика әдістерін зерттеген. Тіпті, жүрекке тікелей массаж жасап та көрген.

«Лапароскопияны зерттеумен айналыстым. Бұл эндоскопиялық хирургия деп аталады. Яғни, камера кіндік аймағындағы кішігірім тесік арқылы енгізіледі. Камера бізге органдардың жұмысын, ондағы өзгерістерді бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы бүйрек пен бауырды қалай ауыстыратынын көрдім. Мен үшін жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеу үлкен тәжірибе болды. Мәселен, бір күні мылтық оғынан жарақаттанған 45 жастағы ер адам ауруханаға түсті. Сол кезде алғаш рет олардың торакотомияны, яғни кеуде қуысын ашып, жүрекке тікелей массаж жасайтындарын көрдім. Мен мұны жасадым. Өйткені, ойлануға, қобалжуға уақыт болмады. Тез арада әрекет етіп пациенттің өмірін құтқаруым керек еді. Соның нәтижесінде ол науқасты өлімнен арашалап қалдық», – деп еске алды «Болашақтың» түлегі.

Нұрбек Сәуленнің өмірлік басты ұраны – білім дамудың қозғаушы күші.  Бүгінде ол Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының аспиранты.

«Бала күнімде дәрігер болуды армандайтынмын. Емшілік қанымызда бар десе болады. Аталарым халық емшілері болған. Әкем әскери хирург болды. Бірақ, мен балалар хирургиясын таңдадым. Жалпы, дәрігерлік – өмір бойы оқып, үйренетін мамандық. Сондықтан қазір аспирантпын. Менің ғылыми жұмысым балалардағы гемангиомаларды емдеу нәтижелерін талдауға негізделген. Зерттеу нысанына 2016-2019 жылдар аралығында №2 қалалық балалар ауруханасында гемангиомамен жатқан 656 бала кірді. Келесі жылы дипломдық жұмысымды қорғаймын», – деді жоғары санаттағы балалар хирургі.

Жоғарғы санатты балалар хирургінің жетістіктерінің бірі – балалар  хирургиясында минималды инвазивті араласуды енгізуі. Жаңа бастамасы үшін ол Чернобль АЭС-нің орденімен марапатталған.

«БОЛАШАҚТЫҢ» БАҒЫТТАРЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

«Болашақ» бағдарламасы өз тарихының ширек ғасырында дамудың бірнеше сатыларын бастан өткерді. Бағдарламаның талаптары мен негізгі бағыттары ұлттық экономиканың қажеттіліктерін, мемлекет саясатының басым бағыттарын ескере отырып, үздіксіз жетілдірілді.

Әрине, алғашқы жылдары қиындықтар мен қателіктердің орын алғаны шындық. «Болашақ» бағдарламасы өз жұмысын бастаған сәтте бірнеше қиындықтарға тап болды. Мәселен, стипендиат иегерлерін отанына қайтару механизмі болған жоқ. Бағдарламамен оқуға кеткен кейбір жастардың шетелде қалып қойғандығы рас. Мемлекет оларға барлық жағдайды жасағанына қарамастан, бітіруші түлектер шетелде өмір сүруге шешім қабылдап жатты. Өз кезінде бұл мәселе қоғамдық резонанс тудырған да болатын. Басылым беттерінде де аз жазылған жоқ. «Болашақ» бағдарламасын сынаушылардың қарасын көбейткен де осы жәйт еді.

Уақыт өте келе бағдарламаны ұйымдастырушылар өз қателіктерінен сабақ алды. 2005 жылы бағдарлама түлектерін елге қайтару міндеттемесін күшейтетін шарттық база бекітілді. Артынша адам капиталын инвестициялаудың қайтарымын қамтамасыз ететін міндетті кепіл заттық рәсімді енгізу бойынша шаралар қабылданды. Стипендия иегерлерінің оқуы мен жұмысқа орналасу барысын бақылауға алу үшін арнайы штат құрылды. Содан бері Халықаралық бағдарламалар орталығы – «Болашақ» бағдарламасының бірыңғай әкімшілігіне айналды.

Бағдарламаны үздіксіз жетілдірудің арқасында біршама табысқа қол жетті. Қазақстан жастары АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Ресей сынды елдермен қатар, Еуропа мен Азияның үздік 70 оқу орнында білім алуға мүмкіндік алды. Нарық тілімен айтқанда, еліміз интеллектуалдық элитаға сапалы ресурстарын жібере бастады. Яғни, үздік жастарды іріктеп қана алатын болды. Стипендия иегерлерінің  (IELTS деңгейі 5.5) шет тілдерін білуге қойылатын талаптары мен дипломның орташа балына (GPA 3.3) қойылатын талаптар ұлғайтылды. Сондай-ақ, шәкіртақы тағайындауға үміткерлерді іріктеу тәртібіне де өзгеріс енгізілді. Байқау – алты кезеңнен тұрады. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атану әркімге бұйыра бермейді. Біріншіден, бағдарлама Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана арналған. Екіншіден, конкурстық іріктеу үміткерлердің жоғары дайындығын талап етеді. Стипендия иегерлері шет тілін жақсы меңгеріп, үлгерімі жоғары болған жағдайда ғана әлемдік деңгейдегі біліммен сусындай алады. Сондай-ақ, бұдан өзге де талаптар бар. Соның бірі – оқуын аяқтағаннан кейін елге оралып, Қазақстанда бес жыл қызмет ету.

Жұмыс істеу барысы туралы сөз қозғаған соң, бағдарламаның жаңа бағыты жайында айтпай кетуге болмайды. Түлектерді елде жұмыспен қамту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ұқсас «Орталық аймақ» бағдарламасы енгізілді. Өңірдегі жұмыссыздықты азайту үшін түлектің жұмыс істеу мерзімі нәбәрі үш жылды құрайды. Дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ мамандардың жағдайы ескерілген. ХБО-да жұмыс іздеушілерге көмек көрсететін  «Түлектерді жұмысқа орналастыру» бөлімі қызмет көрсетеді.

Болашақтықтардың есебінде қолданбалы сипаттағы жүздеген ғылыми зерттеулер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инженерия саласындағы жүзден аса ірі әлеуметтік жобалар бар. Екі мыңнан астам жүрекке ота жасалды. 1 700-ден астам халықаралық стандарттарға сай емдеу алгоритмдері енгізілді. Түлектердің әрбірінің өзіндік жетістіктері бар. Олардың көпшілігі кәсіби түрде іске асырылды және экономиканың нақты секторы мен әлеуметтік саланың дамуына үлес қосуда.

27 жылдың ішінде «Болашақ» бағдарламасы мыңдаған қазақстандықтарға әлемді тануға, жетекші елдердің озық технологияларын зерделеуге, сөйтіп білімдерін өз Отанына беруге жол ашты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ғылым мен білімге инвестиция салатын мемлекеттің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Тек үміт артқан түлектеріміздің бес жылдық парызынан құтылған соң, шетелге кетуіне жол бермеу мәселесі тұр. Болашақта «Болашақтағы» бұл мәселе де оң шешімін табатыны даусыз. Ал, «ерім дейтін ел болса, елім дейтін ер» қашанда табылады. Оған жоғарыдағы кейіпкерлер дәлел бола алады.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here