Қылмыскерге айналған туристер

0
3195

Әр елдің салты басқа. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны тағы бар. Өзге елге саяхаттағанды жаныңыз сүйетін болса, құлағыңызды түріңіз, бұл мақаладан сабақ алмасқа болмайды. Бұл күнде елдер арасында туризм де, жол қатынасы да жақсы жолға қойылған. Туристік агенттікпен байланыс орнатып, қалтаңыз көтерсе болғаны, дүниенің әр қиырын аралауға еш кедергі жоқ. Тек өзге елге сапарға шықпас бұрын сол елдің салтынан, мәдениетінен, ең бастысы заңынан хабар алғаныңыз жөн. Әйтпесе, турист болып барып, тағдыры тәлкекке түскендер жетерлік. «Саяхаттаймын» деп сан соққан, «тамашалаймын» деп теперіш көрген көп тағдырды өзімізше топшылап, бүгін соның бірнешеуіне тоқталып, мың қауіптің алдын алуға ықпал етпекпіз.

Ризана Нафикті қолдауға арналған шеру. Коломбо, Шри-Ланка. 2011 жыл

Ресейлік биолог-ғалым Антон Голышевтің Үндістанға жасаған саяхаты жергілікті тұрғынның берген сыйының нәтижесінде сәтсіздікке ұшырады. Петербор университетінің химия факультетін үздік аяқтаған жігіт ғылыми іспен шұғылдану әрі саяхаттау үшін Үндістанға аттанады. Ғалымға алғашқыда бәрі керемет әсер қалдырғанын сол кездегі жазбаларынан аңғаруға болады. Каджухаро қаласына табан тіреген Антон кішігірім қонақ үйге аялдайды. Туристке әу бастан қабырғаға ілінген тоқылған құс ұялары қатты ұнайды. Бұндай бұйымдар бұл елде маңызға ие қолөнерден саналады. Жігіт бұл затты кәде ретінде өзімен алып кеткісі келетіндігін айтады. Қонақ үй иесі де «жомарт» жан болса керек, құс ұяларын петерборлық оқымыстыға сыйға тартады.

Елге қайтар уақыт таяғанда ғалымның басында үлкен мәселе туындайды. Әуежайдағы тексеріс кезінде әлгі ұяда екі әскери оқтың болғандығы анықталып, Голышев төбесінен жай түскендей күйде болады. Бұл іс қасақана жасалды ма, әлде шынымен «оқтарды құстар ұяға әкеліп жасырды» ма, бұл жағы белгісіз.

Үндістан «террорист» деп тапқан туристің бостандығы үшін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі араласып, ресейлікті ақтап шықты. Үш ай абақтыдан кейін 27 жастағы аспирант туған еліне оралды. Бұл 2017 жылы болған жағдай.

Хош, жол түсіп өзге елге бара қалсаңыз, біреу «қонақжайлық» танытып сый ұсынса, естелік деп есіңіз шығып, сөмкеңізге сүңгітуге асықпаңыз. Тапқаныңыз «террорист» атандырып, алған сыйыңыздың желкеңізден шықпасына кім кепіл?!

Түрмеге тоғытылған ресейлік блогер Дмитрий Климов. Кисуму, Кения. 2019 жыл

Осыдан бір жыл бұрын екі ресейлік блогер Уганда, Танзания, Зимбабве сияқты Африканың 10 елін араламақ болып қара құрлыққа аттанады. Туристер екінші күні Кенияның түрмесінен бір-ақ шығады. Блогерлер сапарларының алғашқы күні еріктілердің басы қосылған «Содействие» христиандық ұйымында қонақта болады. Сол кезде кениялық полицейлер ресейліктерді қамауға алады. Өйткені, Кения заңы бойынша арнайы рұқсатсыз ерікті қызметін атқаруға болмайды. Бұл заңды бұзғандар не үш жыл түрмеде отырады, не әрқайсысы 5 мың доллардан айыппұл төлейді. Африканы араламақ болған ресейліктер айыппұл төлеп, елдеріне қайтты.

Сырт елде бейберекет суретке түсу де қауіпті. Әсіресе, Тай елінің дәм-тұзы тартатын болса, өте абай болғаныңыз жөн. Тропикалық табиғатымен танымал бұл аймақта тәртіп қатал. Тіпті, «балықтарды азықтандырамын» деп азабын тартуыңыз мүмкін. Осындай жағдай ресейлік туристердің бірінің басынан өткен. Корал рифте балықтарға жем шашпақ болған саяхатшы 3 мың доллар айыппұл төлеуге немесе бір жыл мерзімге абақты жазасын өтеуге мәжбүр болған.

Тағы бір оқиға монахтың туған күні қарсаңында орын алған. Алаңдағы патшаның ескерткішімен суретке түскені үшін голландық туристке «монахты қорлады» деген айып тағылып, бақандай 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Туристің «қылмысы» – бір қолымен монахтың ескерткішін құшақтап тұрғандай кейіп жасаған.

Өзге елге туристік мақсатта барып, түрмеге тоғытылған тағдырлар көп. Туристерге құшақ жайғанымен, қалт кетсе аямайтын елдердің тізімін Солтүстік Корея (КХДР) бастап тұр. Оған «Qazaq» газетінің өткен санында жарияланған Солтүстік Кореяның түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған америкалық студент Отто Уормбирдің тәлкекке түскен тағдыры дәлел. Ким Чен Ын елінен кейін Тайланд, Германия, Сауд Арабиясы сияқты елдер бұл тізімді толықтырады.

2013 жылы Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілген Шри-Ланка азаматшасы жайындағы хабарлар әлемнің әр бұрышында жарыса жазылып жатты. Елге турист ретінде кіріп, тұрақтап қалған 17 жасар қыз күнкөріс үшін бала күтушісі болып жұмыс істеген. Британдық The Daily Telegraph газетінде жарияланған мақала авторының зерттеуінше, Сауд Арабиясына Шри-Ланкадан барған Ризана Нафик «өзі қарап жүрген төрт жасар сәбиді оның анасымен ұрысып қалған соң, тұншықтырып өлтіргені үшін» 2007 жылы өлім жазасына кесілген. Ол кезде 17 жастағы Ризана «жас сәби шөлмектен тамақтанып отырғанда қақалып өлді» деген уәж айтқан.
Шри-Ланка үкіметі өзінің отандасына байланысты үкімге қарсылық білдірген. Халықаралық ұйымдар қылмыскерге рақымшылық жасау туралы өтініш жасағанымен, Сауд Арабиясының Ішкі істер министрі бұрынғы үкімінен бас тартпаған.

Болған іске Шри-Ланкадағы белсенділер «құн төлеп, қорғай алмады» деп өз үкіметін айыптады. Басылымның баяндауынша, үкім Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі сот шешімін бекіткен соң бір сағаттың ішінде Эр-Риядтың жанындағы Дауадми қаласының түрмесінде орындалған.

Ал, Германия абақтысы онда жабылған шетелдіктердің қарасы ең жоғары деңгейге жеткендігімен жаға ұстатты. Бұл ақпаратты аталмыш елдің әділет министрлігі мәлімдеді. Берлин мен Гамбург қалаларындағы түрмелерде жазасын өтеушілердің 50%-дан көбі өзге елдің азаматтары. Олардың ішінде туристер де, босқындар да бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әркім-ақ өз елінің патриоты. Әркім-ақ өз Отанын сүйеді. Кей елдер арасындағы халықаралық қатынастардың қалыпқа түспеуінен Уинстон Черчилль айтпақшы, «сен Отаныңды қорғағаныңмен, Отан сені қорғай алмайтын» сәттер болады. Дегенмен, әр мемлекеттің басты құндылығы –адам, адам тағдыры. Мұны ескеру қажет.

Шетелге саяхаттау, тәжірибе алмасу – заманның талабы. Көзі ашық халық өзге елге қыдырып, жан жақты дамығысы келеді. Айыбы жоқ, тек абай болғаныңыз абзал. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді біздің дана халқымыз қалай дөп басып айтқан…

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here