Мен Кеңеспен бұдан 30 жыл бұрын шамасында таныстым. Жолдасымыз академик, бала дәрігері Камал Ормантаевтың мерей тойының ақылдасу шайында бірінші рет көрдім. Сол ақылдасу шай дегенді бірінші ойлап тапқан да осы Кеңес болатын.
Кенжекең келіп «Камалдың жақында мерей тойы болады, соны өткізу жөнінде Кеңес деген жігіт ақыл шайға шақырды» деген. Барғаным сол еді бір қап-қара сұрыңсыз жігіт алдымнан шығып қарсы алды да, «Әй қатын, мен сені білмеймін, бірақ байыңды жақсы көремін» дегені.
Ондай сөзді бұрын естіп көрмегенмін, оның үстіне басымнан мен де сөз асырмайтын мінезім бар еді. Бірақ, соның өткірлігіне сүйсіндім бе, әлде тосын сөзге тосылдым ба, әйтеуір «оны уақыт көрсетер» дегеннен артық сөз қайтара алмадым.
Міне, осылай басталған біздің таныстығымыз жақсы достыққа, туыстан артық сыйластыққа айналды. Кеңесті білген сайын оның өзі қара болса да, ішкі аппақ ақжарқын адал адамдығы, азаматтығы мол жарқын жігіт ретінде таныдым. Қазақта «Тікен гүлін қорғайды, ара балын қорғайды, жаман малын қорғайды, жақсы арын қорғайды» деген мақал бар. Ал, Кеңес арлы жігіт, табысты да жігіт. Бірақ, тапқанын астына басып, жейтін қорқау емес, шашып жейтін, барын жолдастары мен туыстарымен, жоқ-жітік, жетім-жесірлермен бөлісіп жүреді.
Азаматтардың басына іс түссе, солардың жанынан табылады, қолдан келсе, бар көмегін аямай жүретін азамат. «Дүниеде жоғын іздемеген, жоғалтқанын сағынбаған жұмыр басты пендеден қатерлі де қауіпті адам жоқ» деген. Ал, Кеңес атасын іздеп, еліне мешіт салып, көше бергізіп, өзінің де, елдің де жоғын жоқтап жүрген азамат. Адамдардың қамын ойлаған бұл саналылығы, заманның қалпынан тыс қалмаған бұл даналығы деп айтқым келеді.
Совет заманында да бір қазанның құлағын ұстаған, ал мына заманда да ақыл парасатын іске қосып, табыстың көзін тауып, көп кісіге көмектесіп, халықтың қалаулысы, елдің елеулісі бола білген Кеңесті «іскер дана Кеңес» дегім келеді.
Өзінің тентек мінезі өзіне жарасып тұрады. Жұрт ісін теріс деп түсінбейді, қайта көп сызылғаннан шаршап, сондай жарқын мінезді сағынып тұрамыз.
Беріде Қоғабай Сәрсекеев деген жазушы қатты ауырып, Америкадан келді. Оны ұшақтан қарсы алып, нәселкемен алып келеміз. Бәріміз не айтып, не істерімізді білмей, қабағымыз түсіп, көзде жас үйірілген. Біздің жабырқаған түрімізді көріп ол қиналғандай болды. Сол кезде досы әрі екеуі қалжыңдасып, ойнайтын құрдасы Кеңес: «Ей Қоғабай, бұл не жатыс? Бізге еркелеп жатырсың ба? Бәріміз келгенде шалжимай тұрсайшы», – дегені. Не күлерімізді, не жыларымызды білмей теріс айналдық, көзіміздегі жас та жиылды. Қоғаш досының қалжыңын қабыл алғандай бар күшін жинап, езуін тартып күлімсіреп жатыр. Бізде қуанып езу тартқан болдық. Ауруы жеңілдегендей болды. Бәрімізді бір қара түнектен шығарғандай болды.
Кеңес арғындарға жиен, шешесі арғын қызы. Сондықтан «арғындардың бәріне жиенмін» деп қалжыңдап жүреді.
Бірде бір үлкен кісі қайтыс болып, басы-қасында Кенжекең (Кенжеғали Сағадиев) жүрді, ол үлкен кісі болған соң арты той деп те қоямыз. Дегенмен, өлімнің аты өлім ғой, бәріміз отырғанбыз.
Кеңес тұрып «Ей арғындар» деді, «бұл не бүлдіргелі тұр» деп қалдық. Ол болса «Ей арғындар, сендер өлгеннен кейін жақсы шығарып салсын десеңдер, Кенжекең тірі тұрғанда өліп алыңдар» дегені. Оған не дейміз? Ашуланамыз ба? Біразы күліп алды.
Осы мінезі өзіне жарасымды әрі шындықты айтады. Ал, оны басқа біреу айтса жұрт қабылдамас еді. Ол айтса ешкім ренжімейді, оның мінезін жақсы білгендіктен бе, әйтеуір ол ортаға келсе, ортаның гүлі секілді өзіне назарын аударып алады. Біздің ортамызда Кеңес болмаса, ол қайда деп іздеп отырамыз. Қалай десек те, оны халқы, елі сүйетін азамат. Көпшілдігі, қолының ашықтығы, жөн таба білетіндігі, кісі басына қиындық түскенде көмек қолын созатын азаматтығы, адам басындағы жақсы қасиеттің бәрі сенің бойыңнан табылады.
Айналайын Кеңес, сенімен ағайындас болып араласқаныма Құдайға рахмет айтамын. Өмірдің ұзақ болуының бір көрсеткіші жақсы адаммен жанасу. Мүмкін мұнша өмір сүруіміздің себебінің бірі жақсы адамдармен көңілді өмір сүргеніміз болар.
Марқұм Кенжекең сені қатты өз інісіндей сыйлайтын еді, сенің торқалы тойыңа ол басқаша айтар ма еді, кім білсін, оған шамасы келмей ауырды, дүниеден озды.
Өте сұлу ақылды Гүлназың бар. Алтын асықтай балаларың бар, солардың қызығын қызықтап, біраз өмір сүруіңе тілектеспін.
Нағытай Әбітайқызы