Коронадағдарыс: Әлемдік экономика локдауннан «нокдаунға» түсе ме?

0
4706

Осы жазда коронавирус жұқтырғандар саны азайғанда экономикалық сарапшылар ағымдағы жылдың үшінші, төртінші тоқсанында іскерлік белсенділік қалыпты арнасына түсетініне сенім артты. Дегенмен, үшінші тоқсанда сарапшылардың сеніміне селкеу түскендей болды. Локдауннан кейін әлемдік экономика аяққа тұрып кете алмады. Бұл жағдай осы төртінші тоқсанда да қайталанатын түрі бар. Өйткені, қазірдің өзінде Еуропа елдерін коронавирус қайта әбігерге салып, кәрі құрлыққа көктемдегі карантиндік шектеулер орала бастады. Сонда әлемдік экономика екінші локдауннан «нокдаунға» түсе ме? Сарапшылар болжамы қандай? Кәсіпкерліктің тынысы тарылып, жаппай жұмыссыздық орын ала ма? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдарға жауап іздейді.

ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕГІ ЕЛДЕРДІҢ ЭКОНОМИКАСЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛЕ МЕ?

Коронавирус пандемиясына дейін де әлемнің бірқатар елі экономикалық қиындықты басынан өткеріп жатқаны жасырын емес еді. Себебі, жекелеген елдердің экономикасы 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан әлі де айығып кетпеген-ді. Ал, бастауын Қытайдың Ухань қаласынан алған коронавирус бұл елдердің экономикасына кезекті соққы берді. Алысқа бармай-ақ посткеңестік кеңістіктегі елдердің экономикасын алайық. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Әзербайжан сияқты шикізатқа бай елдер өз кәсіпкерлеріне азды-көпті қолдау көрсетіп жатқанда, Украина, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан кәсіпкерлері мұндай мемлекеттік қолдаудан сырт қалды. Яғни, кәсіпкерлер «өз қотырын өзі қасыды». Көбі банкротқа ұшырады. Содан жұмыссыздық белең алды, салық түсімдері азайды. Шағын кәсіпкерлік бюджетінің тірегі саналатын елдердің экономикасы шатқаяқтады.

Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан елдеріндегі қазіргі саяси жағдайлар «жығылғанға жұдырық» болады. Мәселен, ежелден қазақпен төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас елге тоқталайық.

«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген де бар. Құдай қосқан көрші ел екеніміз тағы рас. Сондықтан Алатаудың арғы жағында болып жатқан жағдайларға бейжай қарай алмаймыз. Парламент сайлауынан кейінгі Қырғызстандағы дүрбеленді бәріңіз естіп, көріп отырсыздар. Екі революцияны бастан өткерген елдегі саяси ахуалға тоқталмай-ақ қояйық. Одан да дүрбелеңнен кейінгі, коронавирус кезіндегі экономикалық жағдайына қысқаша шолу жасайық.

Коронавирус пандемиясының салдарынан 2020 жылдың алғашқы 6 айында Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,1%-ға, экспорт көлемі 25%-ға, импорт түсімі 15%-ға төмендеді. Сонымен қатар, ел экономикасы еңбек мигранттарының да ақшасына тәуелді. Пандемияға байланысты Ресей, Қазақстанда күнін көріп жүрген қырғыздардың көбі жұмыссыз қалды. Бұрынғыдай туған еліндегі туыстарына ақша аударымдарын жасауға мүмкіндіктері болған жоқ. Содан еңбек мигранттарының ақша аударымдары биыл 25%-ға азайды. Яғни, ел бюджетіне осындай көлемде аз қаржы түсті. Мұндай жағдай Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Молдова, Украина елдерінде де байқалады. Ал, Қырғызстандағы қазіргі дүрбелең, мемлекеттік мекемелерді қирату, кәсіпкерлік нысандарын тонау, шетелдік инвесторлардың жұмысына кедергі келтіру онсыз да экономикасы әлсіз елді тығырыққа тірейді. Демек, көрші елдегі осы қарқын сақталатын болса, жылдың соңында қырғыз экономикасын дефолт күтіп тұр.

Балтық елдері, Ресей мен Қазақстанда пандемия кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, пайызы аз несиелер, субсидиялар беріліп келеді. Көбінде салық төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Мұның бәрі кәсіпкерлердің тығырыққа тірелмеуіне көмектеседі.

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ҚАЛАЙ ҚҰЛДЫРАЙДЫ?

Жаздағы іскерлік белсенділіктің сәл артуы әлемдік экономиканы «өлім аузынан» алып қалғандай болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) дерегінше, осы жазда әлемдік ЖІӨ 4,5%-ға төмендеген. Ал, оның алдында бұл көрсеткіш 6%-ға дейін төмендейтіні болжанған болатын. Бірақ, жыл соңында ЖІӨ көрсеткіші жақсаратын елдердің қатары саусақпен санарлық қана. Сондай елдің бірі – Қытай.

Коронавируспен алғашқы болып бетпе-бет кездескен Қытай тығырықтан да бірінші шықты. Мықтының аты – қашанда мықты. Оған талас жоқ. Экономикалық көрсеткіштері кері кетпеді. Ал, ең төменгі экономикалық көрсеткіштерді Үндістан, Мексика және Оңтүстік Африка Республикасы көрсетеді. Бұл елдердің экономикасы коронавирустан ең көп зардап шекті.

OECD өкілдерінің мұндай болжамы негізсіз емес. Біріншіден, 2020 жылдың екінші тоқсанында бір жылмен салыстырғанда әлемдік өндіріс көлемі 10%-ға төмендеді. Коронавирус енді етек алған бірінші тоқсанның өзінде әлемдегі сауда-саттық 15%-ға құлдырады. Бұдан кәсіпкерлік нысандары банкротқа ұшырағаны айтпаса да түсінікті.

БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясында (UNCTAD) коронавирустың бірінші толқынынан әлемдік ЖІӨ-нің 4,5%-ға төмендеуі Бразилия, Үндістан мен Мексика экономикасын шатқаяқтатып жібергені айтылды. Аталған конференцияда биыл әлемдегі сауда-саттық көрсеткіші 20%-ға, шетелдік инвестиция 40%-ға, ақша аударымдары 100 млрд долларға төмендейтіні болжанды. Қазіргі қарқын сақталатын болса, экономикалық сарапшылардың бұл болжамдары шындыққа айналады.

Коронавирус пандемиясы алдымен туризм саласын тығырыққа тіреді. Демек, табысы осы салаға тәуелді елдердің бюджетінде үлкен тесік пайда болады. ЖІӨ-нің басым бөлігі туризмнен құралатын елдердің көшін Мальдив, Грузия, Камбоджа, Албания, Хорватия, Тайланд, Грекия сияқты елдер бастайды. Яғни, бұл елдер қаржы тапшылығымен бетпе-бет келеді.

Бәрінен бұрын ең төменгі экономикалық көрсеткіштерді Латын Америка елдері көрсетеді. 650 млн халық мекендейтін 33 елдің жағдайы қиындай түседі. Бұл елдер 7,3% табысынан айырылады. Ал, экономикалық өсімге Шығыс Азия елдері ғана қол жеткізеді. Қытай экономикасы 1,3%-ға артады.

ДАМУШЫ ЕЛДЕРДЕ 500 МЛН АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛАДЫ

Коронавирус пандемиясы алдымен дамушы елдердің экономикасына өз салқынын тигізеді. UNCTAD есебінше, биыл дамушы елдерде 500 млн адам жұмысынан айырылып, жұмыссыздар «армиясын» толықтырады. Бұл елдерде көлеңкелі экономика алдыға шыққан. Ең өкініштісі, салықтан жалтаратын бұл кәсіпкерлер, ондағы жұмысшылар мемлекеттік қолдауға ие бола алмайды.

Жарайды, мемлекеттің ресми жұмыс істемеген өз азаматтарына мемлекеттік қолдау көрсетуге ниеті бар делік. Дегенмен, жергілікті билік бұл жақсы ниеттерін іске асыра алмайды. Бұған қаржы тапшылығы қолбайлау болады. Өйткені, көбінде бюджет тапшылығы қазірдің өзінде қатты сезіліп жатыр. Ел қазынасында ақша жоқ. UNCTAD биыл дамушы елдердің қазынасына кемінде 2-3 трлн доллар кем түсетінін болжады. Дүниежүзілік банк сияқты қаржылық ұйымдар олардың көбіне қарыз бермейді. Себебі, бұрынғы берешектері бастан асады. Сөйтіп, денсаулық, білім сияқты салаларды толыққанды қаражатпен қамтамасыз ете алмай, бюджет шығындарын қысқартудан басқа амалы қалмайды.

Дамушы елдерді былай қойғанда аузын айға білеген Батыс елдерінде де қаржы тапшылығы орын алады. Экономикалық сарапшылардың пікірінше, жыл соңына дейін АҚШ-та 57%, Ұлыбританияда 43% өндіріс ошақтары банкротқа ұшырайды.

Осындай факторлардың кері әсерінен биылғы жылы әлемдегі 90-120 млн адам өлместің күнін көріп отырғандардың қатарын толықтырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Коронавирус пандемиясы барлық елдің экономикасын тұралатты. Көзге көрінбейтін жауды жеңетін вакцинаны да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі бекіткен жоқ. Демек, адамзат жақын арада коронавирусты тізе бүктіре алмайды. Ал, алыс-беріс, барыс-келіс тоқтағанда экономиканы бір қалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Әлемдік экономика ай сайын құлдырай береді. Халықтың әл-ауқаты төмендейді. Жұмыссыздар саны еселеп артады. Келесі жылға арналған экономикалық болжамдар да көңіл көншітпейді. Коронавирус ешқайда кетпейді. Қайта-қайта карантин енгізіле береді. Содан 2021 жылы әлемдік экономика кемінде 7 трлн доллардан қағылады. Бұл экономикалық сарапшылардың оптимистік болжамы. Пессимистік болжам дәл келсе, әлемдік экономика локдауннан «нокдаунға» түсуі ғажап емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, экономикалық сарапшы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here