Француз Республикасының Ұлттық экономика және статистика институтының мәліметіне сенсек, ел халқының 12%-ын шетелдіктер құрайды. Яғни, француз жерінде 8,2 млн мигрант бар. Тіпті, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Өйткені, жарқын болашағын Франциямен байланыстыратын шетелдіктер көп. Мәселен, өткен жылы Францияның миграция қызметіне 132 мың шетелдік елде тұруға өтініш берген. Олардың басым бөлігі Ауғанстан, Гвинея, Грузия, Албания елдерінің азаматтары. Дегенмен, ел билігі 36 мың адамның ғана өтінішін қанағаттандырған. Ал, былтыр заңды бұзған 23 мың мигрантты еліне кері қайтарған.
РЕСЕЙДЕ ТУДЫ, ФРАНЦИЯДА ӨЛДІ
Рас, Франциядан пана тапқан мигранттар жергілікті тұрғындардың өмір салтына үйренісіп кете алмай жатады. Олар өзге елде өздерінің бұрынғы өмірлік ұстанымдарымен өмір сүреді. Мұсылманы бар, католигі мен протестанты бар, бәрі «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» бола алмайды. Содан адамның құқығын шектемейтін Француз Республикасының мультикультурализм саясаты өздеріне қарсы оқ болып атылды. Соның айқын дәлелі – 16 қазанда Париж түбіндегі Конфлан-Сен-Онорин қаласында болған қайғылы жағдай.
16 қазан күні Париж түбіндегі Конфлан-Сен-Онорин қаласында жан түршігерлік оқиға орын алды. 18 жастағы жігіт мұғалімнің басын кесіп алып, оның суретін Twitter-ге жариялаған және «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Теріс жолдың бастаушысы Макрон, мен Мұхаммед пайғамбарды қорлаған сенің иттеріңнің бірінің басын кестім!» деп жазба қалдырған. Көп ұзамай қылмыскердің өзі полиция қолынан қаза тапқан. Ол – 18 жастағы этникалық шешен Абдулах Анзоров. Мигрант отбасынан шыққан. Мәскеудің тумасы, соңғы 12 жылда Францияда тұрған.
Мәселенің мәнісіне тоқталайық. Франция билігінің мәліметінше, қаза тапқан мұғалім – тарих және география пәнінен сабақ беретін 47 жастағы Самуэль Пати дейтін азамат. Марқұм қаза табарының алдында, 5 қазанда 4 сынып оқушыларымен бірге сөз бостандығын талқылап жатып мысал ретінде «Charlie Hebdo» саяси-сатиралық журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен. Содан мұсылман оқушы мен оның ата-анасы мұғалімнің сабақ беру тәсіліне қарсылық білдірген. Сондай-ақ, мектеп басшылығынан мұғалімді жұмыстан шығаруын талап еткен. Бірақ, демократиялық елде мұсылман ата-ананың талабы негізсіз саналған. Сөйтіп, кішкентай қаладан үлкен дау шықты. Ал, дау екі азаматтың өлімімен аяқталды.
МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫ КЕЛЕМЕЖДЕУ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНА ЖАТА МА?
Әрине, «дау аяқталды» деп кесіп айтуға тағы болмайды. Өйткені, дау енді басталды. Мысалы, Франция президенті Эммануэль Макрон бұл оқиғаны «Исламистік террор шабуылы» деп атады. Ал, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қылмыскердің ұлтына ден қоймауға шақырып, «жергілікті билік француздарды мұсылмандарға қарсы арандатып отыр» деп айыптады.
«Франция қоғамы демократияны жүгенсіздікпен, ислам құндылықтарына қарсы адам төзгісіз демонстрациямен шатастырады. Мұндай әрекеттерді «арандату емес» деуге ауыз бармайды. «Charlie Hebdo» журналының жариялағаны әлемдегі көп мұсылманның ызасын тудырғаны есімізде. Салдарынан редакцияға шабуыл жасалып, көп адам қаза тапты» деп жазды өзінің Telegram каналында Рамзан Қадыров.
Рас, 50 жылдық тарихы бар «Charlie Hebdo» саяси-сатиралық журналы алғаш 2012 жылы Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялады. Бұл әлемдегі барша мұсылманның наразылығын тудырғаны айтпаса да түсінікті. Журнал редакциясына бірнеше рет шабуыл жасалған. Ал, 2015 жылы 7 қаңтарда ағайынды Саид және Шериф Куашилер журналдың кеңсесіне шабуыл жасап, 12 адам опат болды. Арасында журналдың бас редакторы да бар.
«Жығылған жұдырыққа тоймас» дегендей, француз журналы сол қайғылы жағдайдан кейін де карикатураны бірнеше рет жариялады. Кезектісі өткен айда тағы жарық көрді. Бұл Франция халқының 8%-ын құрайтын мұсылмандардың ашу-ызасын туғызды. Тіпті, 25 қыркүйекте «Charlie Hebdo» журналының бұрынғы кеңсесіне шабуыл жасалып, кемінде төрт адам жарақаттанды.
Осы тұста француз қоғамы екіге бөлінеді. Алғашқылары үшін сатиралық журналда Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялаудың еш әбестігі жоқ. Бұл – сөз бостандығы. Ал, ол үшін адам өлтіру ақтап алуға келмейтін қылмыс. Кейінгілері үшін Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялау – әлемдегі 1,8 млрд мұсылманның бетіне түкірумен бірдей.
Алғашқылары 18 қазанда шеруге шықты. Олар «жаман үйді қонағы билейтінін» ашық айтып, Франция билігінен мигранттар мәселесін шешуді талап етті.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Дегенмен, әңгімедегі Дайрабай – бүгінгі тақырыпқа арқау болған қылмыскер де, Дәкеңнің көк сиыры – басы шабылған мұғалімнің сөз бостандығы туралы мысалы да емес. Мәселе жұрт ойлағаннан да күрделі. Француз қоғамындағы бұл үрдіс жалғаса беретін болса, адам шығыны да, ұлттар арасындағы алауыздық та тоқтамайды. Өйткені, ауыр қылмыстарды Африкадан, Азиядан кеше келген мигранттар ғана емес, француздармен бірге өскендер де жасап жатыр. Ал, 16 қазандағы жаңа қылмыс француз қоғамындағы ескі мәселенің бетін қайта ашты.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, саяси шолушы