Опера өнерінің шыңын бағындырған әнші

0
5341

Менің өнер жолында жүрген жақын достарымның бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, өзіміз «Қостанайдың Шәмшісі» атап кеткен Қалибек Деріпсалдин елордамыз Нұр-Сұлтанда тұрған бауыры, опера және балет театрының жетекші әншісі Сүндет Байғожин туралы үнемі айтып жүретін. Осынау аты ерте шыққан жерлесіміздің ән өнеріндегі даңқы мен абыройы бізге жеткелі де қашан. Кейін ол туралы зерттеп білсек, өзі Қостанай облысындағы Арқалық қаласының тумасы екен. Сондықтан да оның шығармашылық табыстары жөнінде кейінгі жастарға әңгімелеп бергенді жөн көрдім.

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫ – РОЗА

Өз басым жоғарыда аты-жөніне тоқталып кеткен Қалекеңнің сүйікті қарындасы Розаны да жақсы білемін. Ол ғұмырын ұстаздыққа арнаған қазақтың аяулы қыздарының бірегейі. Елімізде ерекше дауысымен дараланған Сүндет ініміздің бойындағы әншілік қабілетті ең алғаш байқаған да осы кісі-тін.

Жоғарыдағы Роза апасы балаларға ән пәнінен дәріс беріпті. Ұстаз әрдайым, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бойында дарыны бар жас талаптыларды қолдап, олардың үлкен сахналардан көрінуіне қамқорлық жасап жүретін. Ол бірде Сүндеттің ән айтқан сәтін бақылап отырып: «Мына бала қабілетін ұштай білсе, одан түбі біртуар дарын иесі шығады. Тек онымен тұрақты жұмыс істеп, оны одан әрі ұштай білу керек», – деген түйінге келеді. Содан оның репертуарына мән береді.

Бұл уақытта ағасы Қалибек өзінің жүректі тербетер әсем әндерімен халыққа танылып қалған кезі еді. Сондықтан шәкіртіне оның киелі Торғай жөніндегі әдемі туындыларын орындатады. Сөйтіп, әлгі патриоттық әндерімен үлкен сахналардан көріне бастайды.

Кейін Сүндет әкесінің қызмет бабына байланысты уақытша басқа жаққа қоныс аударып, мектепті бітірер жылы аталған шаһарға қайта көшіп келеді. Осындағы түрлі деңгейдегі концерттерді ұйымдастыруға атсалысып, өзі ұйымдастырушылық және әншілік қырларымен де дараланады.

Қайсы адамның болсын бойындағы асыл қасиеттер жас кезінде қалыптасады. Ол ұлтымыздың қарапайым ғана шаңырағында тәрбиеленді. Әкесі Әбдірахман ағамыз, негізі, қазіргі Қостанай облысындағы Амангелді ауданының Байғабыл деп аталатын елді мекеннің азаматы. Бұл шаңырақтағы ұлдардың кенжесі Сүндет болатын. Үйдің берекесін келтіріп отырған Бәтима апамыз отағасы екеуі балаларынан үлкен үміт күтті. Ол перзенттерінің кішісі болса да ата-анасының сенімін ақтауға талпынғаны байқалады.

Жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін Сүндет еңбекке араласып, мынау өмірде бақыт та, қуаныш та, табыс та тек қана еңбекпен келетіндігін тым ерте сезінді. Айналасындағы кісілер де Әбдірахманның сүйікті ұлының келешегі жарқын болатындығына күмән келтірмеді.

ӘНШІЛІК ӨНЕРІН ШЫҢДАУМЕН БОЛДЫ

Қазақ халқы мәдениет қайраткері, кезінде Арқалық қаласындағы мұражайда басшы және басқа да өнерге тікелей қатысты лауазымды әрі жауапты қызмет атқарған Жұмағали Өмірбековті жақсы біледі. Талантты бір көргеннен танитын абыз ағамыз Сүндетті өзінің туған баласындай жақсы көріп, қамқорлыққа алды. Жұмекең көп ойланып, сол кездегі шаһар басшысына барып, қабілетті бозбаланы астанаға оқуға жіберу жөнінде ұсыныс жасады. Ол бастапқыда дайындық курсына қабылданды. Сондағы кафедра меңгерушісі Роза Тіленшиева секілді талғампаз әрі мәдениетімізді көтеруге атсалысқан тілектес жандардың ықыласына бөленді.

Дарынды жігіт Қазақ ұлттық өнер университетіне түскен соң жеке орындаушы мамандығын таңдады. Ұнатқан кәсібі – вокалға ерекше назар аударды. Мұнда да ұстаздан жолы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, жоғары оқу орнында оған талай талапты жастарға қанат бітірген Қанат Әбдіқадіров есімді тұлға дәріс берді. Оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік сабақ беру әдіс-тәсілі болатын.

Сүндет секілді келешегі айқын бозбалалардан қолдан келгенін аямайтын. Уақытты босқа жібермей, шәкірттерінің бойындағы табиғи дарынды ашуға барын салатын. Әрине, көп нәрсе білім алып жатқан жастарға да әбден байланысты. Сүндет көптің бірі болған жоқ. Ұстазының әрбір дәрісінен тағылым алып, қабілетін жетілдіруге ұмтылды.

Жылдар жылжып өте берді. Кешегі Арқалықтан келген жас жігіт үздіксіз ізденістің нәтижесінде қалаған мамандығын терең меңгерді. Адамгершілігі мол тәлімгерінің сыныбынан көптеген дарындар түлеп ұшты. Бұлардың қатарында кейін Вена консерваториясының профессоры болып отырған Наталья Мизюк, Шаляпин байқауының Бас жүлдесін жеңіп алған Айжан Арыстанова, Италияда білім алған Бауыржан Әндіржанов секілді талантты жастарды атасақ та жеткілікті.

Бір өкініштісі, бұл айтулы тұлға да бақилық болып кетті. Алайда, оның Сүндет секілді өзінен тағылым алған шәкірттері оны ешқашан да ұмытпайды. Әрдайым сағынышпен еске алып жүреді.

Жалпы, Сүндеттің бойындағы жарқын талант студент кезінде де барынша жарқырап көрінді. Сол шақтың өзінде-ақ ол опера театрында хорда жұмыс істеді. Осындағы хордың жетекшісі Ержан Дәуітовтен көп жайды көңілге түйді. Небәрі 17 жастағы бұған «Біржан-Сарадағы» Қожағұлдың партиясы сеніп тапсырылды.

Бір тоқтала кетер жай, сонау бір жылдары КСРО Халық әртісі, атақты әншіміз Ермек Серкебаевтың өзі де осы Қожағұлдың партиясымен бастағаны көпке белгілі. Міне, біздің жерлесіміздің де өнердегі жолы осылай басталды. 

22 ЖАСЫНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛДЫ

Сонымен, Сүндет Байғожиннің өткен өміріне үңілсек, жастығына қарамастан, талай республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанғанын білеміз. Өзінің сахнадағы сыр-сымбаты, орындау мәнерімен дараланған ініміз осы кезге дейін талай әріптестеріне арман болған асуларды бағындырып үлгірді. Бұл орайда халықаралық «Шабыт», Нұрғиса Тілендиев, Тоти Даль Монте (Италия), Бибігүл Төлегенова атындағы байқаулардың лауреаты екендігін атап өткеніміз өте орынды болар. Ол небәрі 26 жасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Дегенмен, оның Италиядағы Тоти Даль Монте атындағы опера әншілерінің байқауынан Бас жүлдемен оралуы біздің еліміз үшін үлкен табыс еді. Өйткені, мұндай жеңіске бұрын-соңды қазақ азаматы қол жеткізбеген болатын. Тағы бір ерекше тоқталарлық жай, ол осы айтулы жүлдені жеңіп алған кезінде небәрі 22 жаста ғана болатын. 

ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ

Жастай отбасында алған тәлім-тәрбиенің де ықпалы болар, ол ешқашан да қол жеткенге тоқмейілсіп, шеберлігін шыңдауды тоқтатқан емес. Қайта әрбір байқау оған қанат бітіріп, биікке жетеледі. Содан кейін қазақ халқының бұлбұлы, КСРО Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауында әлемнің жеті елінен келген 40 әншінің арасында тағы да топ жарды.

Әрине, мұның бәрі де Сүндет бауырымыздың есімін әлемге танытты. Оның талантын көптеген біртуар тұлғалар мойындады әрі қолдау көрсетті. Солардың санатында қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Құл-Мұхаммед те бар. Сондай-ақ, ол қазақтың ардақты қызы, сан қырлы дарын иесі Дариға Назарбаевамен Парижде үлкен сахнада өнер көрсетті. Талантты жігіттің орындаушылық қабілетін атақты отандық композиторлар да мойындады.

Бұл орайда елімізде талай құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерімен жүректерді жаулаған Төлеген Мұхамеджановтың бұған «Менің қалам» секілді туындыларын орындауға беруін де ерекше тілге тиек еткеніміз абзал. Композитор мен дара дауысты әншінің арасындағы шығармашылық байланыс өз жемісін берді.   

Осы мақаланы жазу барысында Сүндет Әбдірахманұлы Байғожин жайлы деректер мен дәйектерге назар аударып, біраз жайға қанықтым. Оның нағыз кәсіби әнші екендігін дәлелдейтін туындылардың арасында шетелдік, көршілес Ресейдің және қазақтың классикалық опералық шығармалары бар.

Әрине, олардың бәрін тізіп шығу да мүмкін емес. Дегенмен, оның жанына жақын партиялар мен арияларды атап өткеніміз жөн болар. Мысалы, Сүндеттің айрықша вокалдық деңгейін танытқан В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан граф Альмавива ариясын, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигаро ариясын, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегин ариясын орындады. Сондай-ақ, Ж.Бизенің «Кармен» операсы мұның өмірінде ерекше орын алады. Ал, ұлтымыздың біртуар перзенті Ахмет Жұбановтың «Абай» және Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» туындыларындағы Абай мен Бекежан бейнелерінің ол үшін жөні бөлек. Бұдан басқа да репертуарын байыта түскен шығармалар жеткілікті. Олардың бәрін де кезінде талғампаз қандастарымыз үлкен сахнадан көріп, жан дүниелерін рухани жағынан байытты.

Сүндет бауырымыз өзінің өмір жолында қазақтың атын шығарған, яғни елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарындағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі болды. Содан соң ол Астана Опера театрының жетекші опера әншісі атанып, әлемнің көптеген елдеріне сапар шекті.

Өзгелерінің бәрін айтпағанда, үстіміздегі жылы қаңтар айында Италияда ән салып, Қазақстанның абыройы мен беделін барынша асқақтатты. Қазақ халқының да өзі секілді қайталанбас перзенттері аз емес екендігін қалың жұртшылық алдында әбден дәлелдеді. Сөйтіп, өзінің операда нағыз бабында әрі шеберліктің шыңында екендігін жарқырата көрсетті.

Ол ғұмырында талай мәдениетіміз бен өнерімізде есімдері алтын әріптермен жазылған көрнекті тұлғалармен жүздесіп, олардың ұлағатты сөздерін естіді. Орындаған шығармаларынан ләззат алды. Ермек Серкебаев ағасы секілді әнші атануды армандады.

АСЫЛ АРМАН АСҚАРЫНДА 

Опера жанры өте күрделі. Оны орындау да өзі секілді орындаушылардан қажырлы еңбекті, шыдамдылық пен төзімділікті, біліктілік пен зерделілікті, айрықша дауысты қажет ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Арманының шырқау биігіне көтерілген ініміз осыдан біраз жыл бұрын «Үздік опера солисті» атанды. Бұл марапатты оған Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр майталманы Асанәлі Әшімов салтанатты түрде тапсырған болатын. Бұл оның өміріндегі ең айшықты кезеңдердің бірі екендігі даусыз.

Оның жадында жоғары оқу орнында жүргенде шеберлікке баулыған ардақты ұстазы Қанат ағасы мұның бойындағы шығармашылық мүмкіндікке сенгендіктен: «Сүндет, сенің дауысыңның қабілеті жетерлік. Тек біраз еңбектенуің керек. Сонда ғана ерекше үн шығады», – деген екен.

Сол ұлағатты сөз мұның көкірегінде сақталған. Тәлімгерінің аса бір жанашырлықпен айтқан пікірін әлі күнге дейін бойтұмардай сақтап келеді. Жаңа туындыларды таңдаған кезінде үнемі басшылыққа алып отырады.

Біздіңше, нағыз еңбекқор болып, қалаған кәсібіңнің шыңына көтеріліп, талғампаз жандардың ыстық ықыласына бөленсең, атақ-абырой, даңқ дегендердің өзі сені іздеп табады. Бұған Сүндет Әбдірахманұлының жүріп өткен жолы – айқын да нақты дәлел.

Шығармашылық жетістіктері және мәдениетіміз бен өнерімізге сіңірген еңбегі үшін ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл жоғары мәртебелі атақ «Абай» операсын аса шеберлікпен орындауына байланысты берілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен небәрі 26 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, осыдан төрт жыл бұрын ТМД халықаралық парламент ассамблеясының «ТМД мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін» алтын медалі табысталды. Оның алдында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанған болатын.

Мұның ғұмырында 2017 жылдың да алар орны айрықша. Өйткені, Президенттің Жарлығымен кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Бұл марапаттар кейіпкеріміздің мәртебесін көтеріп, халық алдындағы беделі мен абыройын асқақтатты.

Өткен кезеңдерде ол дүниежүзінің көптеген елдерінде гастрольдік сапарларда болып, өнердегі өзіндік қолтаңбасы әбден қалыптасқан аса талантты опера әншісі екендігін көрсете білді.

Сүндет бауырымыз өнердегі көрнекті тұлға болумен қатар, отбасында да ардақты әке, сүйікті жар, қамқор ұл, адамгершілік қасиеті жоғары азамат. Осы азамат деген сөздің астарында терең мағына жатқан жоқ па?!

Өмірлік серігі Айша да мәдениет саласында жұмыс істейді. Жер шоқтығы Көкшетау өңірінің қызы. Мамандығы – концертмейстер. Магистратуралық білімі бар. Әріптестерінің арасында өте сыйлы.

Ерлі-зайыптылардың ынтымағы жарасқан шаңырағында Фатима есімді алтын асықтай бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Ең бастысы, екеуі мәдениет саласының мамандары болғандықтан, бір-бірін жете түсініседі, үнемі сахнаға шығарда қолдап, демеп отырады.

Үстіміздегі жыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламасын жүзеге асыруды өзінің басты парызы санайтын әлемге танымал әнші үшін есте қаларлықтай болды. Ол күзде талай өнер тарландарының қасиетті қара шаңырағы Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясына директор болып тағайындалды.

Әрдайым «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы берік ұстанатын ол жаңа лауазымына білек сыбана кірісті. Ұжыммен танысып, қазақ мәдениетін көтеруді биік меже етіп қойды.

«Маған облыс басшысы мен мәдениет басқармасы үлкен сенім артып, жауапты қызметке бекітті. Ендігі алдыма қойған мақсатым – сол талап биігінен көріну. Әрине, ол үшін де уақыт керек. Алайда, осы кезге дейін жинақтаған бай тәжірибем мен білім-білігімді елімнің жарқын болашағы үшін арнайтыным даусыз. Халық денсаулығы – бәрінен де қымбат. Мынау әлемді жайлаған дерт те артта қалар. Ең бастысы, қиын шақта бір-біріміздің жанымыздан табылып, жанашырлық, мейірімділік пен қайырымдылық көрсеткеніміз жөн. Филармониядағы әріптестерім де өздерінің алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыруға барын сала береді. Өз басым, опера әншісі ретінде шығармашылығымды жалғастыра беремін», – деді ол бізбен болған әңгіме кезінде.

Оның қызмет бөлмесінде отырып, көрнекті өнер майталманының өткен өмірі, алған асулары, мәдениетімізді өркендету жолындағы тың ой-пікірлері, туған жер мен ел алдындағы перзенттік парызы хақындағы әңгімелерін естідік.

Филармонияның жаңа басшысының өзіндік айтары мол парасат иесі екендігіне көзім әбден жетті. Осы уақытқа дейін әлемді шарлап, талай мемлекеттердің үлкен сахналарында өнер көрсеткен ініміздің қарапайым мінезі, ешкімге ұқсамайтын тұжырым-толғаныстары өзімді тәнті еткенін жасырмаймын.

Ол басқаратын ұжым әртістері алдағы уақытта да көптеген биіктерді бағындырып, қазақ елі мен жұртын өзге жұртқа таныта беруіне тілектеспіз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ, Қазақстанның Құрметті журалисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here