Екпе дәрі ме, әлде қару ма?

0
3346

Коронавирус індеті жаһандық экономикаға ғана емес, сондай-ақ әлемдегі барлық мемлекеттер мен мызғымас саяси режимдер үшін де күрделі сынақ, күтпеген соққы болды. Дертке дауа, індетке тосқауыл қоятын вакцинаны табу һәм оны жаппай қолдану бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда әлеуеті жоғары, медицинасы дамыған мемлекеттер жасаған бірнеше вакцина клиникалық сынақтан өтіп, оған алдын-ала миллиардтаған доза көлемінде тапсырыстар түсіп те үлгерді. Десе де, екпе тақырыбы соңғы кезде саясиланып, алпауыт елдер арасында бәсекеге айналып барады. Кейбір мемлекеттер оны халықты індеттен сақтандыру мен биліктің беделін көтеру мақсатында пайдаланса, енді біреулер вакцина арқылы ішкі саяси позициясын күшейтіп, жаңа одақтастар қатарын арттыруға құмбыл. Коронавирус вакцинасы әлемдік саясатқа қаншалықты әсер етеді? Екпе дертке дауа бола ма, әлде…

«ДАУДЫҢ БАСЫ…»

2020 жыл – адамзаттың жылнамасына қатерлі уақыт ретінде жазылып, тарих қойнауына аумалы-төкпелі кезең ретінде еніп бара жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында пайда болған белгісіз дерт жаһан жұртшылығының өмірін түбегейлі өзгертіп, әлемнің астаң-кестеңін шығаратынын сол уақытта ешкімнің қаперіне кірген де жоқ. Десе де, белгісіз вирус аз ғана мерзім аралығында миллиондаған жанның өмірін қиып, елдердің экономикасына үлкен соққы болып тиді. Шекаралар жабылды, қатаң карантин енгізілді. Адамзат «сақтансаң – сақтаймын» қағидасына көшті.

Уханьнан шыққан дерт айналасы бір-екі айдың көлемінде әлемнің түкпір-түкпіріне таралып үлгерді. Тажалға тосқауыл қою мақсатында һәм аты жаман аурудың беталысын бағамдаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын таралуын халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай ретінде қабылдап, 11 наурызда белгісіз дертті пандемия деп атады. Бұл – жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуының белгісі еді.

Дертке дауа, емге дәру, тажалға тосқауыл қою мақсатында әлемнің іргелі дәрі-дәрмек өндіретін компаниялары мен ғылыми зерттеу орталықтары қауіпті вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге қызу кірісе бастады. Осы орайда айта кетейік, қандай да бір екпені тауып, оны сынақтан өткізу үшін кемінде бір, ары кеткенде ондаған жылдар қажет. Сан мыңдаған вакцинаның ішінде тек 10 пайызы ғана клиникалық сынақтан сәтті өтіп, кәдеге асыруға жарайды. Десе де, бүгінде мамандар дерттің таралу жылдамдығын ескере отырып, коронавирусқа қарсы вакцинаны тезірек әзірлеу қамында. Қазіргі күнде әлемде COVID-19-ға қарсы 190-нан астам екпе клиникалық сынақтан өткізілуде.

«Қазіргі күнде әлемде COVID-19-ға қарсы 190-нан астам екпе клиникалық сынақтан өткізілуде»

Оның ішінде 10 вакцина қорытынды кезеңіндегі сынақта. Яғни, бүгіндері аталған нұсқалардың балаларға, қарттар мен дімкәс адамдар үшін қауіпсіздігі мен тиімділігі егжей-тегжейлі сарапталуда. Мамандардың пайымдауынша, осы вакциналардың біреуі дертке дауа болуы мүмкін.

Аталған 10 екпенің төртеуі Қытайда жасалған. Бұл тарапта аурудың ошағы саналған «аспан асты елі» алда келеді. Ал, үш вакцина америкалық Novavax, Moderna және Pfizer компанияларының еншісінде. Сонымен қатар, бүгіндері Ұлыбританияның AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университеті ұсынған әзірлеме, Ресейдің Н.Ф. Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында дайындалған нұсқа және бельгиялық Janssen Pharmaceutical Companies ұсынған вакцина қорытынды сынақтан өтуде.

Америкалық биотехнологиялық қордың негізін қалаушы Брэд Лонкар екпе төңірегіндегі Қытайдың әрекетін сынға алып, қалыптасқан жайтқа «Вакцинаны шығару тұрғысындағы бұл елдегі жанталас кезіндегі космосты игеру тұрғысындағы АҚШ пен Кеңестер Одағы арасындағы жарысқа ұқсайды. Бұл тайталас «суық соғысқа» пара-пар» деп баға беріпті. Оның айтуынша, Қытай билігі үшін  вакцина – керенау мақтаныш ғана емес, бұл ел азаматтарын қорғау жолындағы маңызды қадам және әлем алдындағы өз беделін арттырудың бірден-бір жолы.

Жасаған екпесі сәтті сынақтан өткен жағдайда компания немесе қандай да бір ұйым ғана пайдаға кенелмейді. Сондай-ақ, мемлекет те әлемдегі өз ықпалын кеңейтеді және адамзат алдында зор жауапкершілікке ие болады.

«Жасаған екпесі сәтті сынақтан өткен жағдайда компания немесе қандай да бір ұйым ғана пайдаға кенелмейді. Сондай-ақ мемлекет те әлемдегі өз ықпалын кеңейтеді және адамзат алдында зор жауапкершілікке ие болады»

Сан сынақтан сәтті өткен жағдайда оның қаншасын өзге мемлекеттерге беру керек? Нешеуін өз елінің кәдесіне жаратқан жөн? Оны басқалармен бөлісуде қандай принциптер алға тартылады? Қайтарымына не талап етіледі? Осы тақілеттес жауабы қиын сауалдарға мемлекеттің имиджі мен елдің жуық жылдардағы геосаяси ықпалы жауап беретін сыңайлы. Бір бұл ғана емес, дертке дауа болатын екпе мемлекеттер арасындағы жаңа әріптестік пен ынтымақтастыққа жол ашуы мүмкін.

ВАКЦИНА ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БӘСЕКЕ

Екпе төңірегіндегі нақты шешімге қарамастан АҚШ билігі Novavax, Pfizer, Moderna, Johnson&Johnson және Sanofi сынды әлемнің дәрі-дәрмек өндірісі бойынша көшбасшы компанияларымен вакцина сатып алу бойынша келісімге келді. Саны да айтарлықтай көп. 100 млн екпе шамасында. Ал, AstraZeneca компаниясымен уағдаласқан вакцинаның мөлшері 300 млн доза көлемінде. Сонымен қатар, биылғы маусым айында Құрама Штаттар коронавирус індетіне шалдыққандарды емдейтін ремдесивир дәрісінің әлемдік қорының барлығын сатып алды.

Азаматтарының саулығына алаңдайтын тек АҚШ ғана емес, індетке қарсы екпенің мол қорын алған мемлекеттің бірі – Ұлыбритания. Ағылшындар фармацевтика саласындағы көшбасшы өндірушілерден жалпы саны 340 млн доза көлемінде екпе сатып алу туралы уағдаласты. Еуропалық Одақ та 600 млн дана екпеге тапсырыс беріп үлгерді. Бүгінде «кәрі құрлық» мемлекеттері өзге де өндірушілермен келіссөздер жүргізуде. Ал, Жапония Pfizer және AstraZeneca сынды компаниялардың 120 млн дана екпесін алуға уәде берді және өзге де ұйымдармен байланыс орнатуда. Вакцина қорын жасақтауда Австралия да алдыңғы қатарда келеді. Сондай-ақ, Индонезия, Бразилия, Үндістан және Вьетнам секілді халқы көп мемлекеттер де бүгінде дәрі-дәрмек өндіруші әлемдік ұйымдармен екіжақты келіссөздер жасап, миллиондаған доза көлеміндегі екпеге тапсырыс беріп үлгерді.

Биліктің мұндай қадамға баруының себебі де жоқ емес. Пандемияның әсері тек экономиканың құлдырауына ғана әсер еткен жоқ. Карантиндік шектеулер мен миллиондаған адамдардың жұмыссыз қалуы өз кезегінде үкіметтің абыройына орасан зор нұқсан келтіріп, беделінің түсуіне ықпал етті. Екінші толқынның алдын алу яки жіберілген кемшіліктерді қайталамау мақсатындағы жанталас деп түсіндіреді бұл әрекетті сарапшылар.

ЕКПЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ДИПЛОМАТИЯ

Індетке қарсы екпе мен препараттар дипломатиялық қарым-қатынастың басты құралына айналған сыңайлы. Бұлай деп тәпсірлеуіміздің себебі де жоқ емес. Бүгінде дәрі-дәрмек өндірісі өркендеген мемлекеттің бәсі басым. Өзгелерден. Әсіресе, Қытайдың «айы оңынан туып» тұр. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин БҰҰ-ның 75 сессиясында жасаған мәлімдемесі бұлай деп пайымдауымызға айқын дәлел бола алады.

«Қытайда сынақтан өтіп жатқан COVID-19-ға қарсы вакцина сәтті аяқталса, ол жаһан жұртшылығы үшін үлкен ізгі іс болады. Бұл екпе бағасы жағынан да, қолайлылығы тұрғысынан да дамушы елдерге біздің ел тарапынан жасалған оңтайлы көмегі», – деді Си Цзиньпин.

Ресми Бейжің Африка мемлекеттері ең бірінші болып қытайлық вакцинаны тегін алатынын мәлімдеді. Қытайдың африкалықтарға жасаған қамқорлығы мұнымен шектелмеген. Пандемия кезінде «аспан асты елі» ыстық құрлықтағы мемлекеттерге миллиондаған дана қорғаныш құралдары мен тест сынамаларын жіберген болатын. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы ондаған жылдар көлемінде Қытай Африка елдерінің тұралаған экономикасына қыруар қаржы құйып келеді. Әсіресе, қытайлық инвесторлардың қызығушылығы пайдалы қазбалар мен өзге де шикізаттарға ауып отыр.

Африкадан бөлек, Қытай өзі өндірген екпелерімен Филиппин, Камбоджа, Лаос, Мьянма, Таиланд, Вьетнам сияқты Азия елдерін толықтай қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Бұл тарапта Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Перу, Марокко, Түркия, Бангладеш, Бразилия, Индонезия да бар. 

Қытай билігі Латын Америкасы мен Кариб бассейні аймағындағы елдерге вакцинаны сатып алу үшін миллиард доллар көлемінде несие беруге дайын екенін жеткізді.

Мамандардың пайымдауынша, коронавирус – соңғы пандемия емес. Осы сияқты індеттер алдағы уақытта көбейе бермек. Сәйкесінше дәрі-дәрмек өндіретін компанияларға деген қажеттілік те арта түспек. Алдағы уақытта фармакологиялық кәсіпорындар басты саяси құралға айналуы ғажап емес.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕКПЕ ДЕРТКЕ ДАУА БОЛА МА?

Қазақстандық ғалымдар да коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп, екі рет сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, үшінші кезеңі алдағы қаңтарда басталады.  Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 31 шілдеде қазақстандық инактивтелген «QazCovid-in» вакцинасын клиникалық сынақтарға жіберілген кандидаттық екпелер тізіміне енгізген болатын. Оны дайындаған жеті маман қауіпсіздік мақсатында екпені алғашқылардың бірі болып өздеріне салды. Талдау нәтижесі бойынша бәрінің ағзасында вирусқа антидене түзілген.

«Қазақстандық ғалымдар да коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп, екі рет сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, үшінші кезеңі алдағы қаңтарда басталады»

Сала мамандары үшінші рет сынақтан өткізу барысында 3 мыңға жуық еріктіге коронавирусқа қарсы отандық екпені салуды көздеп отыр. Егер барлығы сәтті жүзеге асырылса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетке қарсы қазақстандық екпені тіркеуден өткізуі тиіс. Кейіннен вакцина шығарылып, ол адамдарға жаппай егіле бастамақ. Бүгінде Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жанынан вакцина шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Зауыт жылына 60 млн доза вакцина шығаруға қауқарлы. Осы арқылы ішкі нарықты қамтып қана қоймай, екпе экспортқа да шығарылмақ. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес бойынша жиында елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары барын да мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында «Спутник V» вакцинасы туралы да келісім бар. Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» екпесін және оксфордтық вакциналар сатып алынуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Қазақстандағы ахуал осындай.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here